Басқан ізі күлкі еді…
(Оспанхан ағамен болған бір сәт)
1984 жылы Оспанхан аға ер жасы елуге толды. Өзім қызмет етіп жүрген «Қазақстан Пионері» (Қазіргі «Ұлан») газетіне қал-қадірімше осы мерейтойға арнап мақала жазды. Ол «Шенеу сөздің шебері» деп аталатын. Материал жарық көрген соң Ос-ағаммен «хабарласқанмын. Ол кісі телефоннан өзінің гүрілдеген даусымен: «Әй, ит-шошқа, сол газетіңнің бір данасын алып қойғын», – деген болатын. Мен бір данасын жеке алып тартпаға салып қойған едім…
Арада оншақты күн өтіп кетті. Бір күні ағам телефон шалды. «Әй, ит-шошқа, мен қазір бара жатырмын. Ешқайда кетіп қалмағын», – деді де, телефон трубкасын қоя салды. Оспанхан аға өзінің жақсы көретін інілерін еркелетіп «ит-шошқа» дейтін.
Ол кісінің «ит-шошқасы» бізге «айналайын» дегенмен пара-пар… Бұл сөзді барынша риза көңілмен, ешбір зілсіз айтатын да қоятын. Әрі ол өзіне жарасып тұрушы еді…
Көп кешікпей Ос-ағамның келе жатқан белгісі білінді. Гүрілдеген үні, төңірегіндегілерге тастаған әзіл-оспағы бірге еріп келе жатыр. Жасында семейлік жазушы ағамыз Ахмет Жүнісов бар. Амандық-саулықтан соң, Оспанхан аға маған қарап:
– Әлгі газетіңді бергін, – деді.
Мен столдың тартпасын ақтарып кеттім. Қырсық болғанда әлгі салып қойған нөмірім бірден табыла қоймады. Сәлден соң қағаздардың арасына бүктетіліп түсіп кеткен сол нөмірді алып шықтым. Қалай түсіп кеткенін ұға алмаймын, әрі Ос-ағамнан қысылып тұрмын. Мен ыңғайсызданып:
– Ос-аға, мына газетім қағаздардың арасын түсіп бүктеліп… нетіп қапты… – дедім. Қайран Ос-ағаң саспайды:
– Онда тұрған не бар, әкел умаждалып қалса, үйге апарып үтіктеп аламын! – деді. Біз ду күлдік.
Газетті бір шолып қарап шықты да, екі бүктеп қалтасына салып алды. Сонан соң маған:
– Ал енді бізді «иттен шығарып жібергін», – деді. Мен екі ағамды ертіп алтыншы қабаттың лифтісіне келдім. Лифті де тез келе қоймады. Оспанхан аға қарап тұрмай тағы да:
– Әй, енді мына шифонеріңді тезірек ашсаңшы, – дейді. Біз еріксіз тағы күлеміз. Расында күнде мініп жүрген осы лифтінің бір қарағанда шифонерге ұқсайтынын біз аңғармаған екенбіз.
«Шифонер» келді. Ос-ағам маған:
– Әй, ит-шошқа, сен менен әлі де құтыла алмайсың. Жүр мына жазғаныңды «жуып» беремін», – дейді. Көңілін жықпай, жұмысты қалдырып, ағаға ілесемін. Есік алдына шыққан соң:
– Сендер білесіңдер ме, – дейді Оспанхан аға. – Ақшасы бар алдымен жүреді! – деді де, екі қолды екі қалтасына тығып алдыма түсіп жүріп кетті.
Мұндай да ақ көйлек – көңілді адам баласы болады-ау! Осындай жомарт жүректі, таза көңілді жандар енді туар ма екен? Білмеймін. Ол кісінің басқан ізі күлкі болатын. Табиғи күлкі…
Бейсебай Кірісбайұлы.