Өмірге қайта келсем де, өнерді таңдаушы едім
Қадырғали КӨБЕНТАЙ:
Қадырғали Көбентай – композитор, театр және кино актері, әнші. ҚР Мәдениет қайраткері. Әңгімелесе қалсаңыз, құдды шыңырау құдықтан бал татыған су ішкендей боласыз. Қазақы қалжыңның түбін түсіреді, арғы-бергі тарихты қотарып, өнердің жілік майын шағады. Тұла бойы тұнған талант – Тарбағатайдың қойнауындағы Ақшәулі ауылының перзенті.
– Қадырғали, әңгімені туып-өскен өлкеден, балалықтан бастасақ…
– Мен шығысқа, оның ішінде туған өлкем Аягөзге жылына бір рет міндетті түрде келем. Тасбұлақта дүниеге келсем де, балалығым, жастығым Аягөз ауданының Ақшәулі ауылында өтті. Ұзына бойы 186 шақырымға созылып, жолында Таскескен, Қарақол, Шолпан ауылдарын басып, Сағаттың көліне құятын Қарақол өзенінің ең басында суының тұнығын жалдап, тереңін бойлап өстім. Барлық ауыл балаларындай тайға мініп, асау үйреттім. Марқұм Жұмағали ағамның «Сары қасқа» атты тұлпары сол тұста бәйгенің алдын бермейтін. Сонымен бәйгеге шабатынмын. Алыс-жақынға даңқы кеткен сәйгүлік еді ол…
Бірінші сыныпқа «Әліппені» судыратып, буынға бөлмей оқып бардым. Үшінші сыныпта Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар» романын толық оқып тастадым. Бұзық, төбелесқор болдым. Сөйте тұра, ең ауыр дейтін математика, химия, физика, биология сабақтарын сүйіп оқыдым. Сосын, біздің ауылда арғы-бергі тарихтың, ескі аңыз-әфсаналардың майын тамызып айтатын көнекөз қариялар көп болды. Әсіресе, бойы екі метрге жуық, алақандары күректей Әпербақан деген ақсақалды тыңдау бір ғанибет еді. Солардың әңгімесіне қанығып өскеннен бе, үздік оқушы атандым. Химиядан сабақ берген Камал апай, математик Бақыт апай, қазақ әдебиетінен дәріс оқыған Айшағи апайларға, т.б. ұстаздарыма алғысым шексіз. Әкем Нұрғожа совхоздың малын бақты. Ата-анамыз жыл бойы малда. Біз интернатта жатып оқыдық. Интернат мені ерте есейтті. 13 жасымда шылым шегіп, 15 жасымда ащы судың дәмін таттым. Сол пәлекеттің өзі қу төбелестің кесірі. Секман деген жоғары сыныптың баласы мені бір шешен баламен жекпе-жекке шығарды. Сол тұста ауылымызда орыс, неміс, украин, шешен, татар ұлтының өкілдері көп тұратын. Әлгінде айттым ғой, төбелеске әбден машықтанып алғам. Шешен баланы жеңіп, марқайып тұрғанымда: «Жеңгенің үшін мынаны тартып жібер!» деп көк мойынды ұсынды…
– Ал, енді таптаурын болған сұрақты қояйын: өнерге қалай келдіңіз?
– Ақшәуліде өнерлі жігіттер көп болды. Бейісхан Бекбаев, Мақсұтхан Диқанбаев сынды ағалар салған әндер маған керемет әсер ететін. Домбыраға қызыққанмен, шерте алмаймын. Соны үйрену үшін музыка пәнінен беретін Бейісхан Бекбаевқа бардым… Сенерсіз, сенбессіз, үш айдан соң совхоз оркестрінде бас домбырашы атандым. Ол кісі қазір 70-тен асты, күйлі-қуатты. Әсет Найманбайұлының ел естімеген әндерін білетін адам. Ал, Мақсұтхан Диқанбаев жеті ішекті гитарамен ән салады. Сол кездің өзінде ол кісілерді «Тамаша» ойын-сауық отауына шақырып, телеарнадан көрсетіп жататын. Сол ағаларыма еріп, көрші ауылдарда талай концерт қойдық. Мен де домбырамен, гитарамен ән салам. Арасында спектакльден шағын роль береді. Осылайша, өнердің тереңіне бойладым да кеттім.
– Өмірде есте мәңгі қалатын бір оқиғалар болады ғой. Есіңізде жатталып қалған сондай жайттар бар ма?
– Оқушы кезімізде ауыл клубында Алматыдан келген ақын-жазушылармен кездесу болды. Сахнаға көлденең қойылған ұзын үстел басына жайғасқан қаламгерлерге оқушылар ауызша, жазбаша сұрақтар қойып, олар ақтарыла жауап беріп жатты. Көбінікі «Бүгінгі әдебиетке көзқарасыңыз қалай?», «Өзіңіздің шығармашылығыңыз туралы айтыңызшы» сынды жаттанды сауалдар. Қонақтардың ең шетінде қара көзілдірік киген жас жігіт те отырған. Оған ешкім сұрақ қоймады. Тек кездесу соңына қарай бір қағазды оқыған жүргізуші: «Әй, Марат, мынау саған келген екен!» деп, әлгі жігітке қарай шиырып жіберді. Ол көзілдірігін шешіп, хатты дауыстап оқыды: «Сіздің өміріңіздегі есте қалар ең қызықты оқиға?» Тамағын бір кенеп алған көзілдірікті қоңыр дауыспен сөйлеп кетті: «Мен осы Шығыстың Алтай жағының қазағымын. Оқушы кезімізде көрші ауылға кино деген нәрсе келіпті деп естідік. Бәріміздің басымызға келген алғашқы ой «Кино» деген не? «Ол үлкен жаңалық!» деді балалардың бірі. Бірақ, қандай жаңалық екенін айта алмады. Енді бірі «Бәлкім, ұшатын нәрсе шығар» десе, екіншісі оның «алапат соғыс», «төбелес» екенін айтады. Тіпті, оның өзіміз күнде ойнап жүрген ләңгі екенін айтып, даурыққандар да бар. Қызығушылықта шек бар ма? Ақыры, сол «құбыжықты» көруге көрші ауылға аттандық. Қорқа-қорқа, кібіртіктеп ауылға да кірдік. Жым-жырт. Клуб маңы да тым-тырыс. Бірімізді-біріміз итере, «Сен жүр», «Сен баста!» деп есікке таядық. Ең кішісі болған соң ба, жоқ, киноға деген аңсарым елден ерек пе, ең алдында келе жатқан мені жанымдағылар итеріп кіргізіп жіберіп, есікті сыртынан жаба қойды. Шегінерге жол жоқ, тура алдымда бір адам маған мылтығын кезеніп тұр. Тыпырлап, бар күшіммен есікті ашпақ болам, ашылмайды. Мылтық кезенген адам әне атады, міне атады дегенде есік те ашылды, мен де ұмтылдым, мылтық та атылды! Бір емес, бірнеше рет тарсылдатып атты. Басымды көлегейлеп, бұқпантайлап жүгіріп келем. Соңыма қуғыншылар түскен болуы керек, топырлаған дыбыс күшейіп кетті. Өкпем өшіп, дәрменім құрығанда қарасам, «қуғыншылар» өзіммен бірге келген достарым екен. Ауылдың шетіне шығып кетіппіз. «Уһ» дедік. Міне, менің есімде қалған ең қызықты оқиғам, киномен алашқы таныстығым» деді қара көзілдірікті жігіт. Оның сол кезде-ақ танымал бола бастаған Марат Қабанбаев екенін кейін білдім. Жас жазушының әсерлі әңгімесінен менің әдебиетке деген көзқарасым өзгерді. Сол күннен бастап жазушы болуды армандадым. Бұрын да кітаптан бас алмаушы ем, енді әр сөзге мән бере оқитын болдым. Сымдай тартылған офицер болуды да, әртіс болуды да армандаған кездер болған. Алдың толы арман, мақсат! Қайсысын таңдасаң да өз еркің. Алайда, әке-шешем әртіс болғанымды қаламады. Көбінің айтатыны «Әртіс деген оңбаған халық, оларда отбасы деген болмайды. Тұрақсыз!» Осының бәріне қарамастан арман мені жетелеп Т.Жүргенов атындағы өнер институтына әкелді…
– Өнерге келгеніңізге өкінетін сияқтысыз…
– Өнерге келгеніме еш өкінбеймін десем, сенбессің. Рас, еш өкінбеймін. Өмірге қайта келсем де өнерді таңдайтыныма сеніңіз. Негізі, мүйізі қарағайдай, атақ пен абыройдың бәрін алған аға-апаларым да өнер жолында аз жапа шеккен жоқ. Өзіңді аямайтын, елге қадірің көп бола бермейтін мамандық қой… Шындығында өнер – әлі де зерттелмей жатқан үлкен ғылым. Бір кездерде ғылым жолына түсіп, зерттеп те көрдім…
Сонымен, емтиханды ойдағыдай тапсырып, өнер институтына түстім. Әдебиетті сүйетінімнің арқасында шығармадан жақсы баға алдым. Оны тексергеннің бірі – белгілі жазушы Оралхан Бөкей институтқа арнайы келіп, мені тауып алып сөйлесті. Шығармамның тамаша екенін, өнерді емес, жазушылықты таңдағаным жөн екенін айтты. Қазір ойласам, әртіс боламын деген арман маған тіпті, Оралханды да тыңдатпапты ғой!
– Шығарманы қай тақырыпқа жазып едіңіздер?
«Мен өнер жолын неге таңдадым?» деген тақырыпқа жазғанбыз. Кейін Оралхан аға бізге дәріс оқыды. Өмірден өтерінен бұрын ол кісімен соңғы сөйлескендердің бірі мен болдым. Үндістанға ұшпақшы екен. Екеуміз баққа барып, әңгімелесіп отырып, сыра іштік. «Қадырғали, сен өмірде көп қызбалыққа салынасың, сабырлы болу керек. Әр ісіңді ойланып-толғанып барып атқар». Ол кезде сөздің байыбына үңілдім дей алмаймын. Қазір бәрін түсіндік қой…
Сөйтіп, өнер институтында Асқар Тоқпанов, Хадиша Бөкеева, Нұрмұхан Жантөрин, Тұңғышбай Жаманқұловтардан дәріс алдым. Әскерге кетуіме байланысты оқуды үзуге тура келді. Әскерден келген соң да сабаққа келе қоймай, сол тұста түсіріліп жатқан «Бейбарыс сұлтан» фильмінде алдымен суретшінің, кейін оператордың ассисенті болдым. Нұрмұхан Жантөрин де, Тұңғышбай Жаманқұлов та әртістік оқуды қайта жалғастыруымды құп көрмеді. Нұрмұхан аға түсірілім кезіндегі үзілісте «Әй, ұл, бері кел!» деп шақырып алады да: «отыр!» деп жанындағы орындықты нұсқайды. Сосын саптама етігінің оң жақ қонышынан «Апшерон» коньягын алып, бірер ұрттап, сол жағынан «Қазақстан» темекісін алып тұтатады. Ойлы көзін сығырайта бір нүктеге қадай отырып: «Менің жүрегім ауруға ұшыраған қазір, ұлым! Айтқан тілімді алмасаң, сен де сондай жүрек ауруымен ауыратын боласың. Өнер жолы азабы бір басыңа жетіп артылатын жол. Бұл оқуды оқығанның, өнердің соңына түскеннің бәрінің де құшар кебі осы болмақ. Сондықтан аулақ жүр!» деуші еді марқұм. Тұңғышбай аға да: «Мыналар әлі боқмұрын, түктің иісі танауларына бармайды. Сен біршама өмір көріп келген азаматсың. Ойлан! Қиындығы мен азабы мол өнерді таңдарда әлі де ойлан, бауырым!» дейтін. Асыл ағалардың жанашырлығын, ақылын енді түсініп жүрмін ғой.
– Ештеңеге қарамастан оқуыңызды қайта жалғастырдыңыз…
– Иә, екінші курста жүргенде-ақ, әйгілі әкемтеатрға, Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрға штатқа қабылдандым. Сол тұста көптеген өнер саңлақтарымен бірге сахнаға шықтым. Марқұм Құдайберген Сұлтанбаев, Уәйіс Сұлтанғазин, Мейірман Нұрекеев, Тоқсын Құлыбеков, қазір көзі тірі Бауыржан Ибрагимовтармен партнер болдық. «Бауыржан-шоуды» құрыстық. Иә, өнер жолы ауыр жол. Ағаларымның айтқаны айдай келді! Бір рет инсульт та алдым. Жүрек ауру, көңіл жарымжан… Ал, өнерде бағымды ашқан әйгілі режиссер Асқар Тоқпанов. Студент кезде сабақты жайына қалдырып, гастрольге шығып кетіп жүрдік. Бір күні ұстазым Тұңғышбай Жаманқұлов сабаққа қатыспай жүрген біздерге қатты ренжіп, ауыр-ауыр сөздер айтты. Сосын бізді оқудан шығаратынын, тек бір сынақтан сүрінбей өтсек қана қалатынымызды жеткізді. «Ол жерде әйгілі Асқар Тоқпановтың өзі болады. Егер ол кісі кімнің ойынына көңілі толмаса институтпен қош айтысады», – деді. Айтқан күні концертте мен Мұқағали болып, сөзіне жазылған Әбиірбек Тінәлінің «Фариза, Фаризажан» әнін айттым. Әнге қол соққан жұрт шуылдап кетті. Кенет Асқар аға таяғын шошаң еткізіп, «Стоп!» деді. Сосын мені «Бері келші!» деп саусағымен ымдап шақырды. Менде зәре жоқ. Ол кісі ұнатпаған адамын таяқпен салып қалады деп естігенбіз. Гитарамды артыма жасырыңқырап, таяй бердім. (Өйткені, гитарам қымбат, ұрса сынбасын, деген ой еді). «Атың кім?» «Қадырғали». «Әкеңнің аты кім?» «Нұрғожа» дедім жасқаншақтап. Ол кісі маңдайымнан сүйіп, өнерде жолым болуын тілеп батасын берді. Сондықтан мен өнерде бағымды ашқан Ас-ағаң деймін.
– Есенқұл Жақыпбектің «Біздер, біздер – патшадан да паңдармыз, Біздер, біздер – біреулерге арманбыз» деп басталатын өлеңіне тамаша ән жаздыңыз. Жалпы, сіз актерсіз бе, әншісіз бе, композиторсыз ба? Суретті де жақсы салады екенсіз.
– Иә, бұл әнді ұстазым Тұңғышбай Жаманқұлов айтады. Сол кісіге болмай жүріп орындаттым. Өйткені, әннің ішкі жан дүниесін, өнер адамының ішкі бұлқынысын, таланты мен тағдырын осы әнмен көрсеткім келді. Негізі, композиторлығым мен әншілігім маңызды өзім үшін.
– Сізді гитараны қазақша сайратты, теріс бұрау енгізді дейді. Осы қаншалықты рас?
– Арманымның бірі – гитараны қазақша «сөйлету» еді, сол орындалған сыңайлы. Гитараға таза қазақы үйлесім енгізсем деуші ем. Марқұм, белгілі әнші Келденбай Өлмесековпен ақылдаса отырып, Ершат Қайырханмен бірге іске асырдық. Негізі, гитараға қазақы үйлесім ендіруге кеңестік кезеңде рұқсат берілмейді екен. Қазір де гитараға дәстүрлі, қазақы реңк беру ісі ақсап тұрған. Шүкір, мақсатымызға жеттік деуге негіз бар. Ершат бауырым – өзімнің ұстазым Бейісхан Бекбаевтың ұлы. Өте талантты жігіт. Ән де, күй де шығарады. Белгілі күйші Секен Тұрысбековке арнаған «Секен» деген күйін естісеңіз, дарынын бағалар едіңіз. Секен ағаның өзі тыңдап, қатты риза болып, Ершатқа батасын берген. Жалпы, маңайымдағы адамның бәрі өнерден құралақан емес. Сүйікті жарым Рәбиға Аманжолова да 1990 жылы «Қыз сыны» байқауының жүлдегері болды. Аса білімді, эрудицияның адамы. 17 жасында-ақ әлем әдебиетін оқып тауысқан, «Турандот ханшайым» пьесасын қазақшалаған адам.
– Бірнеше көркем фильмге де түсіпсіз…
– Иә, «Отызға келген қалыңдық» атты толық метражды комедияда басты рольдегі қыздың ағасын сомдадым. «Қазақ елі» атты көп сериялы тарихи фильмде парсы саудагері болдым. «Сырты бүтін» деген телехикаяға, т.б. көптеген телехикаяларға түстім. Қазір де екі фильмге түсіп жатырмын.
– Қадеке, көп рақмет! Өнеріңіз өрге жүзсін!
– Өзіңізге де рақмет!
Сұхбаттасқан
Берікхан ТАЙЖІГІТ