Қалдырып бара жатыр қайран өмір…
Айжарық АБЫЛҚАСЫМ
Қуаныш биігі
Үйім менің үрпиіп биіктеді,
Көңілдің көсілді бір киіктері.
Қуаныш жақсы екен ғой кір түспеген
Көк аспанды көрсеткен иіп бері.
Сен соған сенесің бе, төбедемін,
Төбеден төгілсе екен көп өлеңім.
Ақ аспан, Ата топырақ, ақкөңіл жұрт,
Өтеуіне айтшы, өмір не беремін?!
Ә, онда жыр берейін шашуыңа,
Бір жарат арманыңның асуына.
Өрекпіп тұрмын мен де шіркін, өмір,
Ақ жауын келмейді ғой жасыруға!
Қабырғам көтерілді түсімдегі,
Қуаныш қанаттанып ішімдегі.
Әлі мен осы үйімде өлең жазам,
Достың да болса егер түсінгені.
Биікте тұрмын міне, төбем менің,
Дариға-ай осы екен ғой көгерген күн.
Тәтті өмір қашықтыққа қалқытса бір,
Тірліктің көп көріп ем төмендерін.
Өз үйім – өз ойымдай еңсем еді,
Еңселі армандарға ел сенеді.
Соншама сыздап кеткен сағыныштар,
Дәл қазір дүниемдей теңселеді.
Қаққанда қараша үйден арман қанат,
Қапталда болмаса екен төнген қабақ.
Әлі мен бұл биіктен той жасаймын,
Тұрайын бірақ соған жерден қарап.
Өмір өтіп барады
Өмір өтіп барады өңі сынық,
Дірдектейді көктемнің көгі шығып.
Қажеті жоқ қинайды бір сағыныш
Қарсы алдымнан қапыда теріс ұрып.
Самалым-ау, жанымда басылмаған,
Арудайсың мойныма асылмаған.
Құмырсқадай ізі жоқ үркек жылдар
Ұзап кеттің, ұғынықсыз осың маған.
Құстарым-ау, қимастық аралы бар,
Отырайын ой бағып, оралыңдар!
Ұйымаған ұйқысыз көп түндерім
Айтыңдаршы, осы не обалы бар?!
Себелеген нөсерді сезеді өлең,
Қазір сұрын өмірдің өзге көрем.
Қызғалдағын құшақтап менің құрбым,
Қарап тұрған секілді терезеден…
Әй, құдай-ай әлі де қаласыңдар,
Кел, бері сәби көңілім, тоңасыңдар!
Біріңді-бірің қуып жел күндерім,
Қай жаққа менен қашып барасыңдар?!
Өмір кетіп барады жылы жаққа,
Отырмын ойымдағы жылып отқа.
Толқындары тулаған беу, көңілім,
Әкелші, әл беретін суың жоқ па?
Өмір өтіп барады бұл көшемен,
Тыңдамайды тағдырлар, тілдесер ем.
Ағалық та жақсы екен жалғыз атты,
Кел, өмір көңілің болса, мінгесе бер!
Қайтайық дала көріп
Жүр, Гүлбараш, қайтайық дала көріп,
Қыр жаққа бара жатқан шанаға еріп.
Өмірдің өкпесі де қалар бәлкім,
Қайтеміз көңілдерге ала беріп.
Көр, менің кер даламды керілген кең,
Туғаннан ту ұстатып төрін берген.
Ұрпағы осы өлкенің өмір болған,
Өзіңдей кеше түскен келіндермен.
Көр, менің көкше жерім мынау жатқан,
Шиыр маң, ши мұртына қырау қатқан.
Базынасын тыңдасаң бауыр жердің,
Жазыласың дертіңнен тымауратқан.
Ақ дала аңдағанға әл береді,
Ең керегі – көңілге жел келеді.
Қарашы ақ шилері ақ жамылған
Әдемі жас келіндей сәнденеді.
Шеңгелі қоңырауын соғып қалып,
Айтады жанға жақын әлденені.
Құсы бар құсалықтан ада жаны,
Қимас бір құрбыңдай-ау қарағаны.
Қалдырып бара жатыр қайран өмір,
Қайырылмас көп іздерін даладағы.
Әйтеуір, осы тұсты ерек көрем,
Жылдарда жылап жүрдім жел өппеген.
Ызғырық – ықыласы ғой ықылымнан
Тұс-тұстан түзде жүрсем өбектеген.
Қайтайық қалдырып сан мұңды құрығыр, Әрине, аздап бүгін күн бұлыңғыр. Гүлбараш, жүр даламды көрсетейін, Сан тамыр соқпағымен кіндігім бір.
Бір сұлуға
Ырғақты жүрісің-ай, ырқымды алған,
Қызынып қыран көңіл қылқынды арман.
Керіліп кеуде тұсы алға қарай,
Қос мықын қозғалады былқылдаған.
Тұрғандай тар суатқа киіктер кеп,
Қанымды мың құмырсқа ұйытты өрлеп.
Қос көжек жасырынған қоңыр танау,
Тор көзді тырсиып тұр қиық көйлек.
Қалайша бір қарамай тұрады адам,
Ақ анар алқынады құламаған.
Дүние көтеріліп, басылады,
Деміне дертті арудың шыдамаған.
О, көктем әлі толық көгермеген,
Ерке елік әлденеге елеңдеген.
Есуас екі көздің құртын жеп тұр,
Арасы омыраудың тереңдеген.
Не деген нәркез қимыл, икем еді,
Нәресте қозғалыстан би келеді.
Атылған асау мінез ақ сазандай,
Ақ сандар үркіп қана үйкеледі.
Көз кетті көгенделіп балтырыңда,
Балтырыңда батты ойлар бал шырынға.
Ақ періште артында із қалдырып,
Тәңірдің тербеледі толқынында!
Қолаң шаш құлап кетіп жұмсақ қана,
Сұлулық – сұлап түскен бір сәт ғана.
Жұпары жақын маңды мас қылады,
Толқындар тыным таппай бұл шақта да.
Леп қандай, қымыз қайрат шамалы ұрған,
Аққандай ақша бұлттар қабағыңнан.
Көрсетші, көлеңкесіз көңіліңді,
Көтеріп бір тартайын шарабыңнан!
Сүйкімді мұнша ғалам сәл демігіп,
Тербетті тұмшалаған пердені ұрып.
Білмедім дүние түгел үнсіз қалды,
Көздерің көксеңгірдей төңкеріліп.
Кірпігің үркек құстай жыпылықтап,
Қастарың қиылады ұмтылып қап.
Ақмаржан тістеріңді көрсетеді,
Екі ерін езу тартсаң жыртылып қап.
Үніңнен үлбіреген тым жағымды,
Тіліңнен түсінемін түп жағыңды.
Қалдырып барасың ғой жұмбақ ару,
Ұйқысыз жүрегімде ырғағыңды.
Ақмаңдай дидарыңда күн сүрінген,
Жуынып дәл осылай жүрші нұрмен!
Сұрықсыз дүниелер суға қанып,
Көктесін қу көңілдер бүршігіңнен!
О, тоба қас сұлулық барсың ба әлі,
Бақыттың кеудемдегі баршындары!
Біз жаққа жыл құсындай бір соға кет,
Кірлеген көкірекке болсын дәрі.
Жанымнан жоғалтпаспын осы күнді,
Осы гүлді ойлармен өсіруді.
Бара ғой, мен білмейтін бағытыңа,
Сұрамай-ақ қояйын есіміңді.
Білмедім ертең келер басқа күнді,
Аялап өтсін тағдыр жас жаныңды.
Сұлулық жақсы екен ғой тығылмаған,
Толтырып алып қалдым тостағымды…
Жас ақынға
Ей, жас ақын, мен саған кезек берем,
Кеше мен де аға алдын кесе өтпегем!
Күні-түн мазаланған кеудеңдегі,
Құрметте, өлең – құсты безектеген!
Біреудің бөленсең де алғысына,
Біреудің қалып жүрме қарғысына.
Суымен жүректердің қоректенген,
Сатқындық жасай көрме сол құсыңа!
Дүр етсін, көргенде өмір түрін үйрек,
Қалғанда қара түнде қиын күй кеп.
Жас ақын, жылап жатқан шақтарда да,
Құсыңа жүрегіңнің тілін үйрет!
Мінезге наркескенді қайрамаса
Болмайды биігіңде байрақ аса.
Сол құсың өз кеудеңде ұя салып,
Ұят қой, өзге бақта сайрамаса!
Ақыл бер, ақ құсыңа арға малып
Әнге қанып , әлденсін таңға қалып.
Көзінде бір сұлудың жыпылықтап,
Құшақта ғұмыр кешсін таңданарлық!
Ақындар ақын емес ұсақтаған,
Дүние – мал ешкімге әлі тұсатпаған!
Сатқындық жасай көрме, Құс – өзің ғой,
Менің де бір құсым бар құшақтаған…
Көрінбей кеттің
Құстарды көрсем құса боп қалам күнде мен,
Несі кетер екен, жеткізсе сәлем шын менен.
Енді ұқтым жаным қос қанат менде болмапты,
Бәсе, сол екен жетпеуші-ақ еді бірдемем.
Ойлағам сені іздейін деп барлық тұстардан,
Бағынбай кетті сабырға соңы күшті арман.
Ажары қайтқан жаз айы қандай көңілсіз,
Жеп жатыр ішті бір сәби сезім тіс жарған.
Қай жақта жүрсің, айтпады құрығыр самал да,
Ақ жауын неге қатыгез болған әманда?
Сен осы жаным жүрсің бе көріп бұлттарды,
Жап-жақын барып жүретін саған, маған да.
Лайсаң көше өзгертіп алды өз өңін,
Өртеніп тұр ғой, өлеңмен бірге өзегім.
Білдірмей мынау тұрғанмен мылқау дүние,
Өмірде жүрсің сен мені күтіп, сеземін.
Көрінбей кеттің көшкіннің мынау ішінен,
Жүрмісің әлде болмайтын тірлік ісімен.
Махаббат суы төгіліп жатыр көзімнен,
Жүрек қой тентек, жуынып жатқан, түсінем.
Көрінбей кеттің жылдарды тіпті еншілеп,
Қызық бір уақыт ойлантып қойды көрші кеп.
Сыздайды дүние сары-ала жолды сапырып,
Тамшылап жатыр күйдіріп жанды сан шүмек… Кімге айтам енді өзіңді ертіп келші деп.
Таң алды
Қыс жақындап келеді бізге қарай,
Сынық ажар кеткендей қыз қарамай.
Көктем келіп тығылған жүрегімнің
Жұлып кетіп бір несі сыздағаны-ай!
Қадалды қара қанжар қабырғадан,
Қоюланып ырғалды тамырда қан.
Ұзақ түннің әйнекте ұйқысы ұйып,
Үңірейіп көрінді өмір маған.
Оянар ма, шынымен таң болар ма,
Сүйрейді бірдемені арман алға.
Шатыры шағын үйдің шатырлайды
Қара жел қайдағысын толғағанда.
Кейіс шақ, кермек татым қалды ауызда
Қара түн ұқсап тұр-ау жалмауызға.
Қалдері қалай болып жатыр екен,
Екі торғай жүр еді ауламызда.
Алакөл, сен де тұрып келесің бе,
Ойпыр-ай, оңайлықпен өлесің бе?!
Көктемге дейін көрпе қымтанып ал,
Қалыпты мұз жанарың көп есімде…
Жарайды, біз үйренген гүріл шығар,
Дүбір шығар Ебінің жынын сынар.
Сендерге деген менде перзенттік,
О, оян жаңа күндік сүйінші бар!
Құстарым, самға қане, күш келгенде,
Жасыма, өмір жаттау түс бергенге.
Борандар арасынан қарсы алайық,
Таныс қой қаны туыс қыс сендерге.
О,нәлет үңірейген үрейіңнің,
Күректі әкел, Гүлбараш күрейін бір!
Қырқа жақтан бозамық ұлғайады,
Таң жетті ме, сыртқа білейін жүр!