Бір емес, төрт ғасырға сөзің кетті…
«Аспанда Ай мен Күн, төменде жер, арасында адамзат барда», Бұқар жырау ҚАЛҚАМАНҰЛЫНЫҢ есім-сойы өшпейді. Өзі айтпақшы, «ғалымның хаты да, жақсының аты да» Алаш ұранды қазақтың Бұқары! Алаш ақылы мен ойының, ерлігі мен елдігінің, ізгілігі мен махаббатының, осыларға суғарылған ұлы рухының алтын арқауындай. Үш жарым ғасыр өтті, Бұқар мұрасы әлі өміршең. Неге? Ақыл, ойы, сөйлеген сөзі, істеген ісімен. Бұдан былай да маңызы арта береді. Өйткені, жырау өсиеті – адамзат ақыл-ойының тұма бастауындай. Әу баста адам болып туған екенсің, адам болып өту – парызың. Адамдық пен ел болудың алғышарты, озық үлгісі де осы «Көмекей әулиеңізде» тұр. Осындай өнегелі тұлғаның мерейтойын дүркіретіп өткізбесе, елдігімізге сын болар еді. Алла алқап, аруақ жебегені шығар, баба тойы абыроймен биік деңгейде өтті. Елдіктің ерен тойы деп тарқасты ел.
Қарағанды облысына қарасты Бұқар жырау ауданындағы Керней ауылы мен Бабай ауылының арасына салқар көш құлады бұл күні (18 тамыз 2018 жыл). Туғанына 350 жыл толып жатқан әулиенің өзі айтпақшы, «бас аяғы бай болып, бәсеке дәурен сүрген жұрттың» салтанатты көші. Әуелі Ботақара кентіндегі баба ескерткішіне гүл шоқтары қойылып, Далба тауының бауырындағы Бұқар кесенесіне тәуап етіліп, құран оқылды. Онда Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов, сырттан келген басқа да қонақтар қатысты. Той жырау рухына тағзым етуден басталды.
Көліктен түскен беттегі алғашқы болжамымыз бойынша тігілген үй саны жүзге жуықтайды-ау дестік. Халық саны қисапсыз көп. Көліктердің өзі иін тіресіп кетті. Үсті-үстіне келіп жатыр. Астана, Алматы, Маңғыстау, Кереку (Павлодар), күллі қазақ даласынан бар қонақтар. Ығы-жығы. Жастар әр жерде алтыбақан теуіп жатса, мына жерде балалар асық ойнап жатыр. Ана жерде балуандар күресі басталса, әрідегі бәйге алаңы жағында жігіттер аударыспақта күш сынап, көкпар тартуда. Жақсы мен жайсаң, мырза мен паң, бай мен кедей – бәрі осында. Бұқардай ұлттың ұлы рухын ұлықтауға жиылып отыр.
Аспан астындағы алып сахна, алды толған халық, сеңдей сығылысады. Жүргізуші жұптың амандық-саулық сөзінен соң сахнада қысқа ғана көрініс қойылды. Бұқардан ақыл сұраған Абылай хан, Қабанбай, Бөгенбай батырлар арасындағы кеңес. «Алыстан орыс, қытай ауыр салмақ, Жақыннан тыншытпайтын қалың қалмақ. Артында – ор, алдында – көр, жан-жағы жау, Дағдарған Алаш енді қайда бармақ?» (Мағжан). Осындай алмағайып заманда жол тауып, жөн сілтеген Бұқар жырау бейнесі сомдалған шағын қойылымнан кейін Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Құттықтау хатын ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Наушақызы Әбдіхалықова оқыды:
«Қымбатты отандастар!
Баршаңызды тарихымызда өшпес із қалдырған абыз бабамыз Бұқар жырау Қалқаманұлының туғанына 350 жыл толуы құрметіне арналған мерейтой салтанатының ашылуымен құттықтаймын!
Бұқар жырау – халық тағдыры таразыға түскен қиын-қыстау жылдарда уәжді сөзімен де, ерлікті дәріптеген отты жырларымен де елді ұйытып, халқымызды өз басшысының төңірегіне тығыз топтасуға, ата мекенімізді жатжерлік басқыншылардан қорғауға үнін қоса білген үлкен қайраткер тұлға.
Оның өткір де отты жырларының төркінінде қазақтың біртұтас ұлт, қуатты ел болуын аңсаған ұлы арманы жатты. Жыраудың тарихи тұлғасы, өмірі мен шығармалары бүгінгі ұрпақ үшін қаншалықты қымбат та қастерлі болса, келешекте де солай болып қала беретіні сөзсіз.
Біз – ұлы бабамыз арман еткен біртұтас ұлт, қуатты мемлекет болуды жүзеге асырған бақытты ұрпақпыз. Сондықтан Бұқар жырау мұра еткен ел тағдыры, ұлт бірлігі мәселесі халқымыз үшін әрдайым өзекті болып қала береді. Бүгінгі үлкен салтанат та осындай игі мақсат орайында өткізіліп отыр.
Мен мерейтой іс-шараларының барынша мазмұнды да, ғибратты өтуіне тілектеспін.
Ұлы бабамыздың арманы болған бүгінгі Тәуелсіз еліміз мәңгі жасай берсін!» делінген Елбасы хатына Гүлшара Наушақызы өзінің де жүрекжарды лебізін жалғады: «Өркениетті ел өз тарихымен, мәдениетімен, тұлғаларымен белгілі болады деп әрдайым айтып жүр. Сондай тұлғалардың бірі – Бұқар жырау. Бұқар жырау өзінің отыз сегіз толғауымен, бір мың екі жүзден астам жолдан тұратын шығармаларын ұрпаққа қалдырып кетті. Екіншіден, жаңа осында көрініс тапқандай, саңлақ саясаткер, елді тұрақтылыққа, бірлікке шақырған үлкен тұлға. Соңында бізге қалдырған мұрасы Мәңгілік Ел болып қалуымызға үлкен ықпал етеді».
Иә, мұндай мәңгі өлмес сөз қалдырған тұлғалардың өсиетін үлгі тұтқан ел де мәңгі өмір сүруі тиіс. Болашақ ұрпақ баба толғауларын байыптап өссе, жарады», – деді.
Мемлекеттік хатшыдан соң сөз ұштаған облыс әкімі Ерлан Қошанов: «Жай ғана той емес, бұл – ұлы той. Күллі қазақ даласына ортақ той. Ұлы адамдардың арманы да ұлы болады. Бұқар жырау кесенесінде екі ауыз сөз жазылған. «Ел иесі құт болса, Халқы ала болмайды» деген. Иә, бабамыз елінің азаттығы мен бірлігін, тұтастығын аңсап өтті. Бүгін біз баба тілектері орындалған, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған бейбіт заманда өмір сүрудеміз. Біз Бұқарды тек ақын, жырау ретінде ғана қабылдамауымыз керек. Ол хандар заманында Парламенттің, Сыртқы істер министрлігінің функциясын атқарған. Дана тұлға, көреген көсем. Біз кемеңгерге арналған осындай шаралар арқылы жастарды отаншылдыққа тәрбиелейміз. Елбасының бастамасымен Тәуелсіз Қазақстан алдына үлкен мақсат қойып келеді. «Мәңгілік Ел» деген. Соған бастайтын алтын арқау да Бұқар толғауларында болса керек. Той құтты болсын!», – деді.
Ұлы рухқа, ұлттың арына айналған кемеңгердің тойына келіп, баяндама жасап, сөз сөйлеген белгілі адамдар жетерлік. Күн ыси бастады. Көрермен жұрттың дегбірі кетіп, көлеңке іздеп киіз үйлерге тарап кететіндей көрініп еді. Мыңдаған адам тапжылмай отырып сол білімділер сөзін тыңдады.
Бұқар Бұқар болғалы қайда? Тұлғалық қыры ашылып болған жоқ. Жырау мұралары, ақыл-ойы тіршілік тоқтамай өшпейтін болса, оның атын дәріптеп, бағасын беру де сонша уақыт толастамайды. «Бұл тойдың Бұқар жырауға қажеті жоқ. Ол кісі заманында әлемді дүбірлетіп өтті. Ендігі жерде той ұрпақтарға қажет. Не үшін керек? Қателеспеу үшін керек. Қазақтың жауы кеше де болған, қазір де бар, ертең де болады. Сондықтан, сақтық керек. Сол сақтық философиясын бізге осы Бұқар бабамыз қалдырып кеткен. Кеше ғана 125 жылдығы тойланған Сұлтанмахмұт Торайғыров: «Ілгері басқан ұлттың тарихи қателігін ілгерілейін деп тұрған ел, мемлекет қайталаса, отқа түскен көбелекпен бірдей» деді. Бұқар жырау жер мен ел егіз дейді. Жер мен ел егіз болғанда ғана берекесі кіріп, мәңгілік ел болады» деді академик Ғарифолла Есім.
Парламент мәжілісінің депутаты, әнші Бекболат Тілеуханов болса, «Бірінші тілек тілеңіз, Бір Аллаға жазбасқа» деп бастады Бұқар. «Екінші тілек тілеңіз, Әзәзіл, пасық, залымның, Тіліне еріп, азбасқа» деді. Осы нәрсе өзінің актуалділігін жойды ма? Жоқ, жойған жоқ. Ғаламторды қараңыз, елдікке ши жүгірткен пасық, залым қашан да болған. Әр нәрсенің қадірін білмеу деген қашаннан адамзатпен бірге жасап келеді. Осыны ақыл қылып айтты, тыңдамасақ – бізге сын. «Үшінші тілек тілеңіз, Үшкілсіз көйлек кимеске» деп, өміршеңдікке ұмтылуды айтты. «Төртінші тілек тілеңіз, Төрде төсек тартып жатпасқа» деді. Дүниеде масылдықтан жаман нәрсе жоқ. Жәрдемақымен күн көріп, елге масыл болғаннан гөрі, бір тамшы болсын еліңе, жеріңе пайда келтіруді айтты. Бұқара мен биліктің арасын байланыстырған ұлы көпірдің қызметін атқарды. Бұқар атқарған қызмет әрдайым жадымызда болуы тиіс. Бұқара мен билік арасы жараспаса, елдік ешқашан ұзаққа бармақ емес. Сондықтан, баба тойына біз қымыз ішіп, қарын сипауға келген жоқпыз. Осы сөздерді үлгі тұтуға келдік, ағайын» деп, Бекболат Қанайұлы Бұқардың бір толғауын қайырғанда, ел арқаланып сала берді.
Маңғыстау облыстық мәслихатының хатшысы Серікбай Тұрымов Маңғыстау жұртының сәлемін ала келіпті. Керекуден делегация келіп, үй тігіпті. Жыраудың ұрпағы, шежіреші, «Алтынторы шежіресі» кітабының авторы Ғалымтай Бақтиярұлы сөз сөйледі.
Осыншама ұлағатты тыңдап төрде маңдайлары жарқырап, қазақтың батырлары мен ақындары отырды. Түркіден шыққан тұңғыш ғарышкер, халық қаһарманы Тоқтар Әубәкіров, ақындар – Несіпбек Айтұлы, Ғалым Жайлыбай, Жүрсін Ерман, Серік Ақсұңқарұлы, Бауыржан Жақып, қазақ көсемсөзінің көшбасшылары Нұртөре Жүсіп, Шәмшиддин Пәттеев, жыршы Алмас Алматов, тағы басқа қасқалар мен жайсаңдар жүр. Ақын, айтыстың ақтаңгері Аманжол Әлтаевтың арнауына ел тына қалып, құлақ тосқандай еді. Ортаға Сержан Мұсайын, Дәуренбек Әркенов, Дулат Ақанов, Медет Осатай сынды әншілер шығып, қазақтың классикалық әндерін шырқады. Белгілі айтыскер Дидар Қамиев Бұқар жырау толғауын жыршылық сарында нақыштады. Қазақ эстрада жұлдыздарын Роза Рымбаева бастап келіпті. Тәжікстанның «Хайрулло Дадобоев» фольклорлық ансамблі, Тәттімбет атындағы қазақ ұлттық аспаптарының академиялық оркестрі, сондай-ақ, Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің әншілері мен Қарағанды облысының барлық аудандарынан келген әртістер өнерлерін ел алдында көрсетті. Бұл уақта балуандар күресі, асық ойыны, көкпар, аударыспақ та қызып жатты.
Сүмбіле туғаннан кейін сарша тамыздағы ауа-райы құбылып сала беруші еді ғой. Жоқ, бұл жолы Табиғат-Ананың өзі баба рухына ұрпақтары көрсеткен ұлы құрметтің салтанатына ықыласы ауып, тамылжып тұрды. Басты көрермен де, басты тыңдарман да – Табиғат-Ананың өзі.
Нұра ауданы тіккен ақ шаңқан үйдің ауласында қазақ батыры Тоқтар Әубәкіровке ұшыраса кеткенбіз. Елімен етене жүретін қалпын сақтаған Алаш қыраны бұқара халық ортасында жүр. Тойдан алған әсерімен бөлісіп:
– Соңғы бірнеше жылда ұлы тұлғаларға шынайы құрмет көрсете білген Қарағандының даңқы аспандап тұр. Өткен жылы Қаз дауысты Қазыбек бабаның, биыл Бұқар жырау мерейтойын өткіздік. Заманы бір, тағдырлары тамырлас тұлғалар болғанымен екі той бір-біріне мүлде ұқсамайтын мазмұнда өтті. Екеуі де жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Ел азаматтарына, облыс басшыларына ризашылығымды білдіремін. Қазыбек би – өз бабам, Бұқар жырау – нағашым (күлді). Сондықтан, мен де тойдың қонағы болып, төрде отырмай, қызмет жасауға тиіспін. Бұл тойдың ырду-дырдуы емес, мазмұны – маңызды, ұлағаты – өміршең. Жастар ерекше рухтанып жүр. Мен соны көріп қуанып тұрмын, – деді.
Түс ауа қазақ күресінен ақтық сында белдесті балуандар. 66 келі салмақ дәрежесінде бас жүлдеге Абылайхан Шаратов пен Қазыбек Қабдығали таласты. Абылайхан дзюдодан ұлттық құраманың сапында. Әлемдік додаларда елдің атын шығарып жүрген балуан. Қарсыласы Қазыбек те осал емес екен. Екеуі де Бұқар жырау ауданынан, боз кілем үстінде әдемі өнер көрсетті. Бірін-бірі ала алмай, біраз арбасты. Белдесудің орта тұсына келгенде, Абылайхан Қазыбекті бір жақ жауырынымен қырынан түсіріп, жарты жеңіске жетті. Сөйтіп, сәл ғана басым түскен Абылай жеңіс тұғырынан көрініп, автокөлік («Тойота Камри-55») мінді. Қазыбек Қабдығали, Заңғар Марат болса, ІІ, ІІІ орынды жеңіп алды.
Ал, 90 келі салмақта қазақ күресінен сынға түскендер арасынан ІІІ орын Мейрамбек Жаңабайға, ІІ орын Аян Құрманбайға, бірінші орын Ерқанат Молдағұловқа бұйырды. Қарсылас шыдатпаған Ерқанат балуан да шетелдік автокөлік тізгіндеп қайтты.
Түскі астан соң күрестің ақтық сынын тамашалап болған ел бірден той ауылдан атшабар алаңға жөңкілді. Жазбаның бас жағында қозыкөш жерде дегенбіз. Бұл уақытта аударыспақ, көкпардан жеңімпаздар анықталғанды. Асық ойыны орталықта жалғасып жатқан. Көкпардан бас жүлдені Абай ауданының командасы жеңіп алды. Ұлттық ат спортының бұл түрінен ІІ орын Бұқар жырау ауданына, ІІІ орын Шет ауданына тиді. Жеңімпаз команда мен жүлдегерлер ақшалай сыйлықтарға ие болды. Көкпардың бас жүлдесі – 500 мың теңге. Ал, аударыспақтан нұралық азамат Жанболат Тайжанов жеңімпаз деп танылды.
21 шақырым қашықтықты еңсерген топ бәйгеге 20 ат шапты. Дәмелі деген жүйріктер Астана, Алматы, Қырғызстан, Ресейден келіпті. Атам қазақ намысты қолдан берген бе, салымыз суға кеткен жоқ. Бәйгенің бәрі елде қалды. Топ бәйгеде қарағандылық Нұрлан Зейнуллиннің сәйгүлігі үшінші болып өтті. Алматылық Әлинұр Назарбаевтың жүйрігі екінші өтіп, иесіне квадрацикл мінгізді. Бірінші келген тұлпар иесі, Алматы облысы, Талғар ауданының азаматы Мейірхан Бұлғыновқа Астанадан бір бөлмелі пәтер кілті табысталды. «Ат мұратқа жеткізеді» деген сөз маңызын жоймапты әлі.
31 шақырымға ұзаған Аламанға 27 ат шапты. Ауыздықпен алысқан тұлпарлар шеңберді он рет айналды. Мәреге үш ат бір-бірімен құйрық шайнасып, құйысқан тістестіріп өте шыққанда, даланы қиқу кернеп кетті. Сөйтіп, аламаннан қара үзіп келген қарағандылық Нұрлыбек Мұхамедияровтың тұлпары иесіне «Тойота-Прадо» автокөлігінің тізгінін ұстатты. Екінші өткен Бұқар жырау ауданының тұлпары. Иесі – Серік Түлкібаев. Алматылық Мейірхан Бұлғыновтың бағы үстем, аламанда да бәйгелі болып, аты үшінші келді. 31 шақырымға жөнелген 27 аттың бес-алтауы ғана шауып өтті он айналымды. Атқұмар азаматтың көбінің көкейінде Қостанайдың бараны қалды. Айтпақшы, асық атудан үшінші орын – Әділхан Төлегеновке (Бұқар жырау), екінші орын – Нұрсұлтан Кәкеновке (Шет ауданы), бірінші орын – Айсұлтан Боранбайға (Шет ауданы) бұйырды. Ойыншылар 2003 жылы туған балалардан басталып таңдалыпты.
Кернейдің керегесін рух кернеп, түндігін мерекелік отшашу желпіді. Ымырт үйіріле басталған гала-концерт дүбірі мүлгіген даланы сергектік құшағына алып кеткен. Далба мен Баян арасы тұтасып кеткен. Той дүбірі Ертісті ендей өтіп, Алтай асып бара жатты.
Ақиқатын айтқанда, Бұқардың тойы шын мәніндегі бұқара тойы болды. Ұйымдастыру деңгейінің жоғарылығы мен меймандар ықыласынан осыны таныдық. Ұлы той, ұлан-асыр асын Бұқарекеңнің өзімен аяқтауға тура келеді: «Іңкәрілер алшаңдап, Ас пен тойға келген жұрттың» қызығы тарқамасын!
Ерсін МҰСАБЕК,
Жәнібек ӘЛИМАН
Қарағанды
Бауыржан ЖАҚЫП
Бір емес төрт ғасырға даңқың жетті
Көрініп тұрушы еді жұтаң далам,
Бұл күнде осынау жерге құт орнаған,
Бір емес, төрт ғасырға сөзің кетті,
Атыңнан айналайын, Бұқар бабам.
Бір кезде Абылайдың сүйеуі едің,
Көмекей әулиесің, киелі едің,
Домбыра-далам болса, күмбірлеген
Сен оның сол заманғы тиегі едің.
Түбіне батырса да қалың айдын,
Толқындар болып күнде жамыраймын.
Бірі еді Бұқар бабам сөзіменен,
Ақ туын көтерген хан Абылайдың.
Әр үйге Бұқар баба баптап қонған,
Ал егер ашуланса, аптап болған.
Бір ауыз сөзіменен бар қазақты
Орыспен шатасудан сақтап қалған.
Жібекті жүн етеді түте алмаған
Адамды айуан етер күте алмаған.
Өмірдің бәрін көріп біліп кетті,
Атыңнан айналайын, Бұқар бабам.
Атыңды асыл баба ән етейін,
Болашақ гүлденетін дән етейін.
Өмірдің мағынасын түсіндіріп,
Сөз болып сөйлеп берші, көмекейім.
Қашанда сүйенетін кием едің,
Тайқымас домбырамның тиегі едің.
Аумалы-төкпелі бір заман болса
Сен едің алдымдағы сүйенерім.
Көрініп тұрушы еді жұтаң далам,
Бұл күнде осынау жерге құт орнаған,
Бір емес төрт ғасырға сөзің кетті,
Атыңнан айналайын, Бұқар бабам.