Мәңгілік сағыныш
31.08.2018
1792
0

Шәрбану БЕЙСЕНОВА


(әңгіме)

Ақжамалдың жастыққа басын қойып, қисайғаны сол еді, жотасына ыз­ғырық жел тигендей, шілдеде де­не­сі тоңазып, өзін жайсыз сезінгені. Соң­­ғы уақытта оған осындай бір атау­сыз ауру тап келіп, дегбірін қа­шы­­рып-ақ жүр. Әлдеқайдан бір ыз­­ғар­лы үскірік соққандай уілдейді де тұрады, уілдейді де тұрады, содан өне­бойы қалтырайды келіп. Ол көр­песімен иығын, желкесін қымтап кө­­ріп еді, сонда да күздің қара суы­ғын­­дай жел ызғары басылмады. Бас жағындағы қатар жатқан екінші жас­­тықты арқасына тиянақтап қойып, соған сүйенбекші еді, ол құр­ғыр да әрі жылжып кетіп, тіреу бо­лып жа­рыт­­пады. Жауырыны қай­та ашылып, жел бұрынғысынан ек­піндей соқ­қан­дай өнебойы одан бе­тер қалтырай жө­нелді. Ақжамал көр­песін қымтаған үс­тіне қымта­нып, жастықты қанша ны­ғарлап сүйену­ге тырысқанымен еш нәтиже шықпады, оның тірек бол­ғаны ша­малы еді. Жотасы мұздап, де­несі қал­тырап, ендігі жерде ұй­қы­ның да мәнісі қашқандай.
Ары-бері аунақшып, зықысы шық­қан Ақжамалдың көңілін қа­мық­­ты­ра, бір ащы ойдың санасында оқыс қы­лаң бергені. Сол ой басына қайдан ға­на келе қалды екен десең­ші?! «Шір­кін», – деп ойлаған еді ол сол сәтте ер­­­кінен тыс. Арқасын ті­реу­ге әлдене жет­пей тұрғанын анық ұғынған ме­зет­те: «Арқасын жер қозғалса да қыңқ етпестей берік тіреу­ге тірегендей маң­ғаз күйеу­лері­не тіреп алып жа­та­тын әйелдерде де арманы бар ма екен?» – деген әзәзіл ой еді ол.
Осы ойдан кейін тоңған жотасы ға­на емес, ішіне де үскірік кіріп кет­кендей одан бетер дірілдеп, қал­ты­рай бас­тады. Ол өзінің қаншама жылдан бер­гі серігі – жалғыздығын бүгін шын сезіне түскендей. Оны сездірген жотасының тоңғаны ғана емес, іштей қалтырап, жігерінің де жасығаны еді. Көңілі бұзылып, бор­дай үгіліп бара жат­ты. Есіне небір көңілі қалған, қор­ланған, жалғызды­ғын әлде­кім­дер­дің бетіне басқан, ба­сын­ған сәт­тері түсіп, төменшік­теп-ақ қалды.
Дегенмен, Ақжамал жігерлі әйел еді. Өзінің себепсізден себепсіз бо­сай бас­тағанына бір жағы ызасы ке­ліп, тіс­теніп алды. Көңілін бекіт­пек­ке, әл­гі ойды бойына дарытпас­тан қуып шы­ғуға, өшіруге тырысты. Басын кө­теріп отырды. Өзімен-өзі іштей ар­палысып отырып, төсегінің бас жа­ғындағы түнде жағатын шы­рағ­­дан­ды қалтыраған қолымен жа­ғып қой­ды. Бөлме ішіне нәзік сар­ғыш сәуле та­рады. Айналасы жұмсақ нұрға бө­лен­гендей, көңіліне бір жай­лылық әкел­гендей еді. Бірақ ол да жұбаныш бо­ла алмады.
Ол жастық астында жататын қам­­шысын қолына алып: «Саған енді ар­қаңды тіреп жататын күйеу ке­рек бол­ды ма? Оны қайдан із­дейін? Жап-жас кезінде-ақ жұмақ­тан орын қал­май қалатындай бір түнде асығыс ат­танып кеткен күйеу­ді қайдан іздеп та­байын? О дүниеде жұмақтың бары рас болса, жер бетіндегі тозаққа мені қал­дырып, өзі сонда хор қыздарымен қолтықтасып жүр­ген шығар», – деп, қам­шымен жо­нарқасын аяусыз осып-осып жі­берді. Кейде әзәзіл ой­лар осылай әрі-бері алып қашқанда, не стол б­асында қадалып отырып, жұ­мыс істей алмағанда оның өзін-өзі осылай аяусыз қамшылап алатын әдеті бар еді. Бұған да еті үйреніп кет­­кен бе, әлде қолы батпады ма, бойына қам­шы пәлендей дарыма­ған­дай. Шір­кін, дыз етіп ауырмады ғой. Мұ­ны мазақтағандай уілдеген ыз­ғар қай­та үдей түсіп, шамына ти­ген­дей. Со­ған ызасы келген Ақжа­мал көрпе үс­тінде көсіліп жатқан аяғын қам­шымен тартып-тартып жі­берді.
Аяқтың терісі жұқа бола ма, әлде еті қашқан ба, қамшы тура сүйегіне барып жеткендей, солқылдатып ала жө­нелді. Қамшының ізі демде бал­ты­рында білеуленіп, көгеріп шыға кел­­ді. Ақжамалдың бағанадан бергі бітеу жарадай сыздаған жан жара­сы­на енді тәнінің ауырғаны қосылып, аяғы сыр­қырағанда көзінен жасы ыршып кетті. Ол жанының ауырға­ны­на емес, өзінің бүгінгі күйіне қор­­ланғандай еді. Ағыл-тегіл жыла­ды. Ойына не түс­педі десеңші? Ақжа­малда тағы бір ой дерті бар еді. Ол әлдеқандай ойла­ғаны жүзеге ас­паса, сәтсіздікке кезік­се, соның бә­рін күйеуінің жоқтығы­нан көруші еді. Бүгін де бойының тоң­ғанын содан көріп отырғаны. Ар­қасын күйеуі­нің бауырына тіреп жат­са, бұлай тоңбас па еді?
Күйеуі барда күні бойғы тыным­сыз жұмыстан босап, төсекке бас қой­ған кезде Ақжамал қатты ерке­леу­­ші еді. Күйеуінің онашадағы өзі­не ын­тазар сәтінде жорта бұлда­нып, «Ана­­ны алып берші», «Мына­ны ки­гім келеді», «Анда апар», «Мын­да апар», – деп уәдесін алғысы келіп, ерке қылық көрсетуші-ақ еді. Күйеуі марқұм: «Тілек айтатын кезді тапқан екенсің!» деп күлетін. «Ма­құл, бәрін әперемін» деп уәдесін де беретін. Артынша ұмытып кететін еді ғой са­базың. Күйеуінің құша­ғын­да ерке­леп жатып ұйықтайтын, таңе­ретең күйеуі­нің құшағында еркелеп ояна­тын кезін сағынған еді. Ол әр әйелдің табиғи тілегі болар. Сол бір кез қайта оралып келер ме еді шір­кін?!
Ойына не түспеді десеңізші? Жал­ғыздықтың зарын тартатындай Ақ­жамал кімнен кем еді? Әйелдік ба­­ғы неге ерте қайтты екен?
Ол қырықтан аса-ақ ерінен қал­са да тістеніп, намысқа тырысып қан­­­ша­ма жылын сыр бермей, жал­ғыз­­дық­та өткеріп келеді. Ендігі жал­ғыз­сы­рауына жол болсын…
Ол тізесін бүгіп, аяғын бауырына алып, балтырын сипап отырып, егі­ліп ұзақ жылады.
Кенет сықыр етіп есік ашылып, бі­реудің сұлбасы көрінді. Жас перде­ле­ген көзіне кіріп келе жатқан жан­ның түрі анық көрінбесе де күйеуін шырамытқандай болды.
Ақжамал: «Астапыралла, бис­мил­­лаһи-бисмиллаһи» – деп іштей күбір­леп дұға қайыра бастады.
– Апа, неге жылап отырсың? – деп, ол құшақтай алғанда атасынан ау­май қалған үлкен немересі Айған екенін білді.
– Аяғым ауырып отыр, – деді ұял­­­ға­нынан.
– Апа, не болды? Төсектен құлап қалдың ба? Әлде аяғыңды бірдеңеге соғып алдың ба? Балтырың неге кө­геріп кеткен? – деп, отыра қалып, мұ­ның аяғын сипай бастады: — Әб­ден тоңып қалыпты ғой, – деп, бас жа­ғын­да­ғы тумбадан қыздырғыш жақ­па май алып жаға бастады. Аяғын әбден май­лады:
– Жылы шұлығың қайда, кигі­зейін, – дейді елжіреп. Ақжамал: «Се­­нен садаға ғана кетейін» – деп не­­мересін айналып-толғана бас­та­ды.
– Шұлығың қайда деймін?
– Көрпенің аяқ жағын көтеріп қа­ра­шы.
Айған әжесінің жылы шұлығын тауып кигізіп, көрпесін қымтап жап­ты.
– Апа, табаныңа ыстық су қойып берейін. Оның ыдысы қайда?
– Бас жағымды қарашы.
Айған әжесінің жастығын аудар­ды. Өзі жорта бұрқылдап, кейіген бо­лып сөйлеп жүр:
– Апа, деймін! Сенің төсегіңнің бас-аяғы қоймаға айналып кеткен бе өзі? Не болса соның бәрін жинай беріп­сің ғой.
– Керек нәрсемнің бәрі қолым же­­те­тін жерде болсын дегенім ғой.
– Мына қамшы неге керек? Ол мұн­да неғып жатыр?
– Тиіспе! Керегі болған соң жа­тыр да. Қамшы тұрған жерге шайтан жо­­ламайды. Мен онымен жын-шай­тан­­ды қуамын…
– Апа, ондайды айтпашы, мен қор­­қа­мын.
– Қорықпа, шайтан періштелер­ге жоламайды… Аулақ қашады. Ке­ре­гіңді тап­тың ба?
– Таптым, таптым…
– Айғанжан, сен әуелі маған, ана киім-кешек тұратын қуықтай қуыс­тағы жоғарғы сөреден түбіт шәлімді алып берші, – деді. Бір жылап алған соң Ақжамалдың санасы шайдай ашыл­ған, ойы тұнық еді. Ол жота­сы­на керек емді енді дәл тапқандай.
– Апа деймін! Өзіңнің бойың ала­са, керек затыңды неге жоғарғы сөреге тас­тай­сың? Оған менің де бойым жет­пей­ді екен…
Немересі бұрқылдап, әжесіне кейіп-ақ жүр.
– Әй, өзің ұрысқақ болып кет­кен­сің бе? Ана орындықты апарып қойып, соған шығып ал!
– А-ха! Сенің мына толған қо­рап­­тарыңның үстіне орындықты қалай қояды екенмін?
– Қалай қойсаң, солай қой! Тек құ­лап қалмай, маған шәлімді тауып берші…
– Апа, мына сөре толған қалта ғой. Шәлің қайсысында екенін қай­дан білемін?
– Ашып, қара. Қолыңды сұғып, тек­сер. Түбіт шәліні танисың ғой…
– Неге алысқа тығып тастаған­сың?..
– Жаз шықты ғой. Әзірге қажеті бол­мас деп, әрірек тастай салып едім. Керек боларын қайдан бі­лейін?!
– Таптым, таптым… – Немере­сі­нің дауысы жарқын-жарқын шық­ты.
– Тапсаң, орындықтан құлап қал­­май, байқап түс.
Айған апасының шәлісін әкеліп, иығына айқара бүркеп жауып берді:
– Апа, мен ас үйге барып, ыстық су алып келейін. Сосын саған бір күш­ті дәрі әкеліп беремін. Ол ауыр­ған жеріңді жылдам жазып жібереді, – деп, аяғы-аяғына жұқпай ас үйге кетті.
Ақжамал бұл қыз түн ортасына дейін айкезбеленіп, неге ұйықтамай жүр екен деп ойлап қалды. Түбіт шәлі­сін жамылған соң жотасына үздіксіз со­ғып тұратын үскірік жел сәл басыл­ғандай. «Е-е-е, мұның емі түбіт шәлі екен ғой», – деп ойлаған ол бас жағын­дағы сөреден жүйкені тыныштандыра­тын дәрінің бір талын, ұйқы шақыра­тын дәрінің бір талын бір ұрттам сумен ішіп алды.
Қайтып келген немересі ыстық су тол­тырылған резеңке торсықты таба­ны­на қойып, көрпесін қымтап жауып әуре болып жүр. Әжесі одан неге ұйық­т­амай жүргенін сұрап еді, ол тура жауап­тан жалтарып:
– Мен бағана бір қарағанда сенің бөл­меңде жарық жоқ болатын. Ал, жаңа қарасам, есігіңнің астын­дағы саңылау­дан жарық түсіп тұр. Мен сенің ауырып қал­ғаныңды со­дан білдім. Әкемді оя­тып, дәрігер ша­қыртайын ба? – деп, та­­­қылдап ба­рады.
– Қой, ойбай. Әкеңді оята көр­ме. Дем алсын. Бағана: «Ертең үлкен жи­на­лысым бар, тынығайын», – де­генін ес­тімеп пе едің? Ал, сен өзің не­ге ұйық­та­май жүрсің, айтшы ма­ған. Мені күзе­тіп отырсың ба?
– Апа, мен Штаттан қоңырау то­сып жүрмін – деді немересі моп-мо­мақан үнімен. Ол биыл сол алыс жақ­тан оқу бітіріп келген. Ақ­жа­мал­дан маза кетті.
– Ол жақта кім қалып еді?
– Ол жақта Ақерке бар ғой…
– Әй, әкеңнің саған кешкі тоғыз-оннан кейін ешкімге телефон соғып, мазасын алма дейтінін ұмыт­қан­сың ба? Түн ортасында ол неғыл­ған қоңырау, – деп бәйек болды әжесі.
– Апа, білмейтін нәрсеңді айт­па­­саң­шы. Бізде түн болғанымен Штат­та қа­зір күндіз. Айырма – он екі сағат. Ақер­ке сабақтан шыққан соң телефон со­ғамын деген, соны то­сып жүрмін.
Ақеркенің атын естіген әжесі­нің дауысы жұмсарып:
– Е-е-е! Ақерке болса сөйлесе ғой, – деп, демде көңілі жайланып, жай­дарылана қалды. Ақерке күйеуі­нің жас кезінен бергі досы­ның неме­ресі еді. Онымен сөйлеспе деп қалай айтсың?!
Өтірік айтқан жеріңде көп тұр­ма де­гендей:
– Апа, ал жатып ұйықта. Мына дә­­ріні жұтып қоймай, тандайыңа са­лып сорып жат, сонда тез ұйық­тай­сың, – деп, дөңгелек бір үлкен дә­­ріні аузына тосты. – Егер тағы ауыр­саң, шамыңды жағып қой. Мен қарап жатамын, – деп, бұның бас жағындағы шамды сөндіріп, не­ме­рісі тез шығып кетті. Есікті әдейге жар­тылай ашық қалдырды. Ақжа­мал:
– Әй, дәу де болса, әлгі қу қыз ма­ған өтірік айтты-ау, – деп ойлады. – Өткенде ғана сұрағанында Ақерке Еуропаның бір қаласында оқиды де­ген сияқты еді. Ал енді, түн ішінде ол қалайша Штатта бола қалды, – деп секем алған ойы сан-саққа жүгі­реді.
Штаттан телефон соғатын Ақер­­­ке болмаса, онда кім? Ақжа­мал­дың көкірігінде бір жорамал бас көтерді. Шынын айтқысы келме­геніне қара­ғанда, шамасы жігіттен телефон то­­сып жүр ме екен? Осы ой басына келгенде-ақ оның жүрегі елжіреп, өкпе-бауыры езілгендей күй кешті. «Қарағым-ай! Сенің де қылтиып қыз болып, бой жетіп қал­ғаның ба? Сенің де аңсарлы жы­лы лебіз күтетін жасқа жеткенің бе?» – деп, қолқа-жүрегімен, бар жұ­лын-жүйкесімен емі­рене, ел­жіреп ұзақ отырды.
Ақжамал өзінің күйзелісінен тез сері­гіп, бой жетіп келе жатқан не­мерелерін ойлап:
– Япыр-ай менің әлгі бір жыла­ға­­ным асылық болды-ау! Менікі не­нің азабы? Баяғыда бақилық бол­ған күйеуді енді іздегенім, қай сас­қа­ным?! Тәңірім-ай, менің әлгі бір оқыс ойларымды кешіріп, жа­рыл­қай көр! Жасаған ием, жылаған мен-ақ жылап өтейін. Мына қар­ғаларым­ның мен құрбаны-ақ бо­лайын. Тәңі­рім, мына желкілдеп өсіп келе жат­қан немерелірімді жылата көрме. Қо­сақтарымен қоса ағарта гөр! Не­мерелерімнің ман­дай­ларына өз­дерінің қадіріне же­тетін адал жар жа­за гөр! Жандарына сүйеніш бо­латын сенімді қосақ бұйыр­та гөр! – деп ұзақ тілеу тілеп, дұға оқыды. Ақ­жамалда қазір одан басқа ой да, тілеу де қалмаған бола­тын.
– Қарақтарым-ай, сендер жы­ла­май жүрсеңдер болды, менде одан бас­қа қандай арман, тілек бол­сын?! – деп барлық болмы­сы­мен тілеу ті­леп көп отырды.
Жотасынан уілдеп соққан жел ба­ғана басылған. Бірақ көңілі алаң. Немерелерін ойлағанда байыз тап­пай кетіп еді. Бірте-бірте сабырға ке­ліп, қобалжыған көңілі орнына түс­­кендей. Біреу телефон соғады екен деп сонша уайымға түскені несі?!
Бойы жылынған соң өзінің іш­кен дәрісінен бе, әлде немере­сі­нің дәрісінен бе, маужырап, ұйқы мен­дей бастаған соң жастыққа қисай­ған. Самайына қарай қос тамшы сыр­ғанап бара жатты. Ол өксікті өкі­ніш жасы емес, немерелерінің ба­қытын тілеген тілеуқор көздің жа­сы еді.
Осы күннен кейін Ақжамалдың иығынан түбіт шәлісі қысы-жазы, күндіз-түні түспейтін болған. Екі жас­тың біріне келмей, әйелдік бар­ша аңсарын, арманын көкірегінде тұн­шықтырған ол қарттыққа ерте бой ұсынып бара жатты…
Күндіз-түні күбірлеп, ерні жы­быр­лап, немерелерінің тілеуін тілеп жүргені…
Оны көргенде былайғы жұрт: «Әлгі, күбірлеп жүретін Ақжамал кем­пір – ші…» – деп сөйлейтін болған…

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір