Қазақтың Конан Дойлы және бүгінгі қазақ детективінің жай-күйі
Есімі ұлт жадындағы санаулы қаламгердің бірі – Кемел Тоқаевтың әдеби мұрасы мен мұрагерлері жайында салыстырмалы әдебиеттанушылық жосығында осы мақала туды. Салыстырмалы әдебиеттануда детективтің қас шебері – Конан Дойл деп саналады. Оған дейінгілердің бәрі осы жанрдың әдебиеттің жасыл бағында өркен жаюына мүмкіндік жасағандар ғана. Сондай-ақ…
Әлемдік әдебиеттануда кең ауқымда әм уақыт, кеңістік аясында белгілі бір жанрда қалам тартқандар арасында бірінші және екінші деген ұғым жоқ. Ал, ұлттық әдебиеттануда тар милеттік әсіре кеудемсоқтықтан осы бір көшбасшылық пен өкше басушылық басты орында тұрады. Қазақ прозасына детектив жанрын сыйлаған Кемел Тоқаевтың туғанына биыл 95 жыл. Осы орайда түркі әлемінде өзіндік өшпес із қалдырған ерекше тұлғаға қатысты марқұм, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Мәткерім Әкімжанов былай толғанады: «Мен өзімнің қаламгерлік ұзақ өмірімде талай-талай адамдар туралы мақалалар, очерктер, кітаптар жазған адаммын. Бірақ сонау бала кезімнен, дәлірек айтқанда 1953 жылдан бері білетін, талай жерде дәмдес болған осы бір абзал аға туралы бірде-бір рет қалам тартпаппын. Өмірдің ағысы солай болды ма, әлде өзімнің ықтиятсыздығымнан ба, ол жағын түсіне алмадым. Соның реті енді келгендей. Әңгіме көрнекті жазушы, ардақты азамат, жауынгер патриот Кемел Тоқаев туралы болғалы отыр…
Бұл кезде мен Кемекеңнің «Тасқын» және «Көмескі із» атты шытырман оқиғаларға толы повестерін оқып қойғанмын. Маған әсіресе оның алыстан орағытпай, шұбырынды шешендікке салынбай, қазақтың қарапайым тілімен баяндайтын ұтқыр ойлары, өткір диалогтары ұнаған. Оқиғаларды ойдан шығаратын жасанды тартыс дегеніңіз Кемекеңде мүлдем кездеспейтіні де есімде. Жас алшақтығынан болды ма, Кемекеңмен көп сырласқан емеспін. Ол маған қол жетпес құз секілді, аса айбынды көрінетін».
Иә, қазақ халық прозасындағы «Үш ұры» сияқты ертегілерде, ал, поэзияда тек Мәшһүр Жүсіптің рауәяттарында көрініс табатын еді. Әрі мұның бәрі болашақ қазақ детективінің атасын өмірге әкелуге негіз болды. Біз кеңестік дәуірдегі қаламгер туралы жазғандарды ауызға алмаймыз. Кемел Тоқаевтың Тәуелсіздік дәуіріндегі бағалануын тізбектей кетейік. Жалпы қазақ тұрмыстың таршылығынан, кітап бағасының қымбаттығынан әм ғаламтордың жалмырлығынан оқырман болудан қалып барады. Оларды қазақ кітабын оқуға ден қойғызатын детектив екенін осыдан он жыл бұрын, 2009 жылы «Айқын» газетінің 12 маусымдағы нөмірінде Төреғали Тәшенов көтерді.
«Керісінше, қазақ әдебиетінде бұрын да кенже қалып келген бұл жанр қазір де өгей баланың күйін кешіп отыр десек болады. Қылмыс тақырыбына жазылған қазақ жазушыларының дүниелері көбінесе күнделікті қара мақаланың көтеретін жүгінен аса алмай жататынын мойындауға тиіспіз. Ал негізінде, нарық заманы детектив жанрын бізде де жандандыруы тиіс емес пе еді? Ресейде болған 90-жылдардағы қылмыстық оқиғалар Қазақстанда болмап па?.. Әлде бұл жанрдың жүгін жеңіл санап, менсінбеушілік бар ма? Мүмкін, басқа да себептері бар шығар?..
Көпшілігіміз ойлайтындай, детектив жеңіл жанр емес. Тіпті, үлкен ғылыми дайындықты қажет етеді. Мәселен, Пушкиннің өлімін зерттеушілер ақынға қандай тапаншаның оғы тигенін, қай жақтан, қай кезде, қанша қашықтықтан атылғанын әлі күнге дейін математикалық дәлдікпен анықтап, өлшеп-пішіп, зерттеп келеді. Дәл осы сияқты қылмыс тақырыбын жазу үшін сіз сол саланың кәсіби мамандарынан кем білмеуіңіз қажет».
Иә, «Түнде атылған оқ», «Қастандық», «Арнаулы тапсырма», «Сарғабанда болған оқиға», «Таңбалы алтын» хикаяттарын, «Соңғы соққы», «Солдат алысқа кетті» және «Ұясынан безген құс» романдарын өмірге әкелген Кемел Тоқаев халық әдебиетіндегі детектив жанрының көшбасшысы атанды.
Бұл туралы Төреғали ағамыз жоғарыда аталған мақаласында: «Осы кісі біз айтып отырған жанрдың жүгін бірталай уақыт жалғыз өзі сүйреді. Кеңес заманында детектив жазатын осындай санаулы адамдар ғана КГБ-ның, тергеу орындарының рұқсатымен мұрағат ақтаруға қол жеткізе алатын. Мұның да детектив жанрының дамуына өзіндік әсері болғаны анық. Екінші жағынан алып қарасақ, өркениетті елдерде детектив жанрының дамып кетуі негізінде ол жақта ғасырлар бойы қала тіршілігінің үздіксіз қайнап жатуынан. Өзін-өзі өлтіру, маньяктар, жезөкшелер, ұры-қарылар өмірі – қала өркениетінің улы жемісі. Қазақ халқының қалаға шоғырлануы (урбанизация) енді-енді жүзеге асып келеді. Сондықтан, үлкен қалаларға тән психология бізге әлі сіңісіп болған жоқ. Мұның да біз айтып отырған жанрдың дамуына әсері бар, әрине. Үшіншіден, қазіргідей нарық заманында детектив жанрына баспалар тарапынан қызығушылық тумай болмайды».
Иә, дұрыс айтылған ой, бірақ, оқырман саны қара ормандай орыстан аз қазаққа осы саладағы әдебиеттің өтуі мен оқырманға жетуі үшін Ербол Бейілхан сияқты 40-ты орталаған детиктив тарландарына Кемел жеткен биікке жетуі үшін ел ағалары мен қалталы азаматтар тарапынан қолдау керек-ақ. Әрі біз айтып отырған прозашы інімізден бөлек, көзге түспегендер қаншама.
Дәл осы жайлы жазушы Базарбай Исаев былай дейді: «Қазақ детективі баспалар жанашырлық танытса ғана жанданады. Детектив шығарма өтімді тауар болса да, тендерден басқаға телміруді білмейтін біздегі баспаларға қазір шығарма емес, өтімді адам керек. Менің мәселен, осы жанрдағы шығармам басылмай «Жеті жарғы» баспасында жеті жыл жатты. 2002 жылы әрең шығардым. Қайта детектив шығармаға КСРО-ның кезінде баспалардың қызығушылығы зор еді. 1989 жылы менің «Өң мен түс» деген детектив кітабым отыз мың данамен шығып, бір жылдың ішінде тарап кеткен. Шетелдерде баспаның агенті жазушылармен сөйлесіп, қолында не барын сұрап отырады. Бізде ол жоқ, әйтпесе қазақта да осы жанрда жақсы жазып жүрген Сабыр Ұзақбаев, Алпамыс Бектұрғанов сынды жазушылар бар. Марқұм Табылды Кенжетаев осы детектив жанрының дамуына үлкен үлес қосты. Сондықтан, адамдар қызығып оқитын детектив шығармаларға баспалар бет бұрмай болмайды…».
Иә, бүтін бір жанрдың іргетасын қалап, кейінгі толқынға рухани көшбасшы мен әдеби бағдар болған Кемел Тоқаев қазақ баспагерлері тарапынан мүлдем ұмытылды десек, артық айтпаймыз.
Осы жанрдың құты қашуы мен кетеуі кетуін осыдан екі жыл бұрын «Қазақ әдебиеті» (29.04.2016) орынды көтерді. Негізінен бөріктілер сүйіп оқитын жанрға қатысты бұрымды қызымыз Әйгерім Әбдірайым «Қазақ детективінің дегбірі қашып тұр ма?» атты актуальды мақаласын жалпақ жұртқа жарық еткізді. «Детектив жанрының дамуына тек қана әдебиетшілер емес, қоғамның өзі ықпал етуі тиіс. Детектив жазамын деген жас жазушыларға демеу көрсетіп, бұл жанрға әдебиеттің толыққанды жанры деп қарау қажет», – деген парасатты байлам жасайды.
Соңынан жөнді әдеби тұяқтың ермеуі кеңестік дәуірде Кемелді де толғандырды. Ол жайында ішіне тартып, бауырым деп әдеби алақанымен басынан сипаған Мәткерім Әкімжанов біз жоғарыда сөз еткен естелігінде: «Кемекең дидарласа қалғанда оқиғалы жанрдың өте ауыр екендігін, шығарма негізінен болған оқиғаларға, бұлтартпас деректерге сүйеніп жазылатындығын, түптің түбінде оқушы қауым осы тарихи немесе деректі кітаптарды көбірек оқуға қарай ауатындығын жиі еске салатын», – деп еске алатыны бар.
Қазақ әдебиеттануында осы жанрға қатысты тамаша ойды: Қазақ детективiнiң кенже қалуын ұлтымыздың қалаға бертiнiректе келуiмен, ал далалық тұрмыста қылмыстың барымта мен қыз ұрлаудан өзге түрлерi болмағандығымен түсiндiргiсi келетiндер де бар. Және бұл сөздiң жаны да жоқ емес. Өйткенi, өзiне-өзi қол жұмсау, түбi маньяктыққа әкелiп соғатын психиканың бұзылуы iспеттi дерттер негiзiнен үлкен қалалардың тудырған кесапаттары екендiгi құпия емес. Дәлiрек айтқанда, өркениеттiң тудырған құбыжықтары деуiмiз орынды. Қазақ детективiнiң әлi балаңдау болып жатқандығының бiр сырын осындай себептермен де түсiндiруге, ұғындыруға болады. Бiрақ бұл қазақ детективi дамымауға, өспеуге тиiс деген сөз емес. Оның мықты болашағы бар екендiгiне күмәнiмiз жоқ. Детектив жанрының әлемдiк әдебиеттегi озық үлгiлерiнен үйрене отырып, өзiндiк дауысын танытатын кезi де алдағы күндердiң үлесiнде екендiгiне сенiмдiмiз. Бұл мақаламен бiздiң айтқымыз келгенi, детектив әдебиеттiң өгей баласы емес, өз баласы екендiгiн, оның белдi жанрларының қатарына жататындығын аңғарту едi. Қоғамның кеселi, көлеңке жақтары қылмысты iстер арқылы көрiнiс табатындығын ескерсек, сол дерттi анықтап беретiн тамыршы жанр осы детектив болса керек. Олай болса, оны менсiнбеуiмiз орынсыз», – деп орынды сөз еткен Әмірхан Балқыбек болды. Міне, осы оңды пікірден кейін детективке қатысты көптеген тұшымды зерделі мақалалар өмірге келе бастады. Солардың ішінде ең оңды ойды салыстырмалы әдебиеттанушылық аяда Бауыржан Берікұлы айтты. Және бауырымыз оған қарсылар мен жақтаушылардың ара жігін саралай отырып, толымды пікірді ғылыми ортаға паш ете алды. Өйткені, Кемел дегеніміз – Қазақ детективі, Қазақ детективі дегеніміз – Кемел. Артында өлмейтұғын сөз қалдырған бір жанрдың басы бүтін серкесі.
Бауыржан бауырымыз Әдебиет Порталының бес қаламгерге қойған сауалын алға тартып: «Неге ғылыми-фантастика, фэнтези, детектив жанрларына қазақтар қалам тартпайды? Болмаса осы жанрдағы кітаптар неге аударылмайды?». Жазушы Бексұлтан Нұржекеев: «Меніңше бұлар – болашағы жоқ жанрлар», – деп бір-ақ тартады. Ақын Абай Қалшабек те: «Қазақтың өз болмысы, өз табиғаты бар. Оған фантастиканың да, детективтің де қажеті шамалы деп ойлаймын. Мүмкін қателесетін шығармын», – деп дүдәмал жауап беріпті. Осылардың ішінде, әсіресе, әлемдік әдебиеттің майын ішкен дейтін, қазақ әдебиетінде өзіндік орыны бар қаламгер Дидар Амантайдың: «Детектив те жетісіп тұрған жоқ: қылмыстың ізіне, қылмыскердің соңына түскен агенттің сергелдең өмірі», – деген бағасын оқып не күлерімізді, не жыларымызды білмедік. Сонда Бальзактар, Шерлок Холмсты қалдырған Конан Дойльдер бекерге тер төккен екен-ау кейіпкерлерін сергелдеңге салып қойып? Басқаша қалай түсінеміз енді. «Ал, бiздiңше, осы детектив – керемет жанр. Достоевскийдiң романдарында да детектив элементтерi аз ұшыраспайтындығын ешкiм жоққа шығара алмайды. Газеттегi «Қылмысты iстер хроникасы» айдарымен берiлген кiшкентай ғана хабарды «Қылмыс пен жаза» секiлдi ғажайып психологиялық романға айналдыру – хас шеберлiктiң үлгiсi болса керек» (Ә.Балқыбек). Ендеше, осындай хас шеберлікті қажет ететін жанрды қаламгерлеріміз неге қабылдай алмай отыр?! Парадокс!
Біздің әдебиетте осындай Парадокстер жетіп артылады. Кемел шығармашылығын талдау, көркемдігін айту әдебиет тарихшыларының еншісіндегі дүние. Біздің айтпағымыз Кемел Тоқаев қазақ әдеби кеңістігінде өзіне лайықты мұрагер дайындай алды ма? Бар жоғы осыған жауап беріп, басқа жағын жылы жауып қою.
Марқұм Табылды Кенжетаев, Шойбек Орынбай, Базарбай Исаев, Сабыр Ұзақбаев, Алпамыс Бектұрғанов сынды жазушылар бар.
Шәкен Күмісбайұлы «Түңгі текетірес», Болат Бодаубай «Прокурордың ажалы» сынды көлемді туындыларымен қазақ детекивінің құрдымға кетпеуін қалаған болатын.
Детективтік әдебиет – шытырман оқиғалы қылмысты істерді ашуға құрылған шығарма. Детективтік әдебиет сюжеті жұмбақ қылмыс саларын логикалық пайымдаулар арқылы ашып көрсетуге арналады. Басты кейіпкер ретінде із кесуші заң қызметкерлері немесе тыңшы, барлаушылар мен қылмыскер алынып, алуан түрлі оқиғалар арқылы екі жақтың ашық та астыртын кақтығыстарынан соң қылмыс әшкереленеді. Детективтік әдебиеттің тууы американ жазушысы Э.По («Алтын қоңыз», «Мария Роженің сыры» (1842-1843, «Ұрланған хат», 1844), ағылшын жазушысы У.Коллинз («Ақ киімді әйел», «Киелі тас») есімдерімен байланысты. Әлемге әйгілі Шерлок Холмс образын жасаған А.К.Дойл шығармашылығы Детективтік әдебиетті жаңа белеске көтерді. Бұл үлгідегі әдебиеттің айтулы шеберлері — А.Кристи, Ж.Сименон, т.б.
Қазіргі таңда ұлттық әдебиетіміз детектив жанрындағы кітаптарға сусап отырған жайы бар. Алайда, қазақ әдебиетінде Қ.Тоқаев және Қ.Исабаевтар («Ажал құрсауында», «Коменданттың жазбалары») осы жанрда қалам тартты. Осындай прозадағы дарабоздардың бүгінгі мұрагерлері қазақ детективіне жаңа рух соны серпін береді деп сенейік.
Әбіл-Серік ӘЛІӘКБАР
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.