Тілеужан және оның «Шығыс Түркістан қазақтары әдебиетінің тарихы»
28.08.2015
3046
0
123152_259802896_________________Өмірден қарапайым қоңыр мінезінен айнымай өткен, бірақ та қай кезде де ұлт мүддесі үшін үн-түнсіз аянбай қызмет еткен Тілеужан Сақалов­тың кешегі Кеңес одағы мен Қытай сынды екі ірі империяның қырғи-қабақ болып, тіресіп тұрған тұсында «Шығыс түркістан қазақ­тары әдебие­тінің тарихы» деген тақы­рып­та диссертация жазуы ерлікке бара-бар жұмыс болатын. оған атақты бейсекең­нің– бейсенбай кенжебаев­тың жетекшілік етуі жайдан-жай емес еді. алайда, бұл ғылыми жұмыс саяси-әлеу­мет­тік мәселелер­ге байланысты қорғал­май қалыпты. осыдан біраз бұрын тілеужан сақалов­тың жеке мұрағаты­нан қазақ­тың аса көрнекті ғалымы рахманқұл бердібай­дың осы ғылыми жұмысқа жазған алғы сөзі табылған болатын. біз оны газет оқыр­ман­­дарына ықшамдап ұсынуды жөн көрдік.
1983 жылы жазда, қасымда ақындар Марфуға Айтхожина мен Нүкеш Бәдіғұлов бар, Жазушылар ода­ғы­ның шығарма­шылық іссапарымен На­рын­қол ауданына барғанбыз. Сол жолы біз­ді аудандық партия комитетінің идеология бөлімінің меңгерушісі Жақан Әбішбаев пен әдебиет зерттеуші Тілеужан Сақалов бастап жүрді. Нарынқол, Текес, Қақпақ, Қайнар, Сарыжаз, Қарасаз ауылдарында оқырмандармен кездесулер өткіздік. Байынқол, Нарынқол, Текес, Шал­көде жайлауларының аса сұлу, кө­рікті жерлерін көрдік. Сол сапарда бірге жүр­ген Тілеу­жан Қазақстан ғалымдары мен ақын-жазушыларының шығар­ма­ла­рын да, осы шекаралы өңірдегі ел мен жер­дің арғы-бергі тарихын да жақсы біле­тіндігін танытты. Ол Көдек, Таңжарық, Шар­ғын ақын өлеңдерін жатқа айтып, «Таң­жарық пен Қойдым», «Таңжарық пен Нү­р­ила», «Шарғын мен Асылхан», «Біржан мен Сара», «Әсет пен Ырысжан», «Жамбыл мен Айкүміс» айтыстарын домбыраға қо­сып орындады. Тілеужаннан мен осы жо­лы Қызай тайпасы және Алтайдағы Абақ Керей еліндегі «Қонақ алу» салттары жайындағы әңгімелерді жазып алдым.
Тілеужан Сақалов өз бетімен тиянақты бі­лім жинаған, ізденімпаз, еңбекқор, өнер­лі азамат екен. Сондықтан оның «Шы­ғыс Түркістан қазақтары әдебиетінің тарихы» деген диссертациялық еңбегіне жетекші болуға келісім бердім.
Сақалов Тілеужан Смағұлұлы 1930 жы­лы 15 маусымда қазіргі Райымбек ау­даны, Қақпақ ауылында дүниеге ке­леді. Әкесі Смағұл 1931 жылы Қытай же­ріне қоныс аударғандықтан, оған жат жер­дің ауасы мен суы бұйырады. Ол 1939 жы­лы Ақдала деген жерде екі жыл қазақ­ша оқыған соң, соңынан сондағы бастауыш орыс мектебін бітіреді. 1946 жылы біздің елімізбен іргелес Үш Аймақтағы Құл­жа Ұлттар гимназиясын, 1948-50 жыл­дары сондағы орта дәрежелі мамандар дайындау Білім жұртын озат оқып тә­мамдайды да, өзі оқыған Білім жұртына мұғалімдікке қалады. Содан соң өлкеде шығатын «Шыңжаң» оқу-ағартуы» журналына бас редакторлыққа шақырылады.
Осы орында ол 1958 жылға дейін қыз­мет істейді. Т.Сақалов осы кезеңде Оқу-ағарту министрлігінің қызмет бабындағы іссапарларымен өлкенің қазақтар мекендеген Іле, Алтай, Тарбағатай, Үрімжі, Құм­ыл аймақтарын түгелге жуық аралайды. Қазақ мектептерінің, оның мұғалім­де­рінің, оқулықтарының, бағдарлама­ла­рының, тіл тағдырының, мәдениетінің, әде­биетінің, ғылыми-саяси терминология­сы­ның мәселелерін шешу істеріне араласады. Қазақ мектептерінің проблемалары, ұлттық тілдің қалай дамуы мәсе­ле­лері бойынша қазақ автономиялық облы­сының орталығы Құлжада теория­лық, прак­тикалық конференцияларда баяндама жасайды. Еш нәрседен жүрегі әлі шайыла қоймаған албырт ағартушы, жур­налист Шыңжаң қазақтарының оқуын да, мәдениетін де, терминологиясын да, мек­тебін де Қазақстан үлгісінен алшақ­тат­пауды жақтаған ой-пікірлерін ауызша да айтады, мерзімді басылымдарда да жазады. Мұның бәрі әпербақан шолақ бел­сен­ділердің мүддесіне ұнамай, Шың­жаң­ның алдыңғы қатарлы көрнекті, ұлтжанды зиялылары сияқты осы кезде Тілеужан Сақалов та «ұлтшыл», «оңшыл» деген жалалы сынға ұшырайды, жауапты жұмысы­нан алынып, дүнген ауылының коммунасына қара жұмысқа жіберіледі. Жігерлі, күш-қуатты жас жігіт тоған қазу, шөп шабу, орақ ору секілді жұмыстарға мойымай, нағыз шынайы еңбеккер екенін дә­лелдеп шығады. Тілі бөтен дүнген аза­маттарының ділі түзу екен. Коммуна парт­комы Тілеужанға мақтаулы мі­нездеме береді, мерзімінен бұрын мұны жіберген мекемесіне қайтарады. Оқу-ағарту министрлігі енді Тілеужанды өз қарауындағы Оқу-құралдары баспасына редакторлыққа жібереді. Сол қызметте жүргенде әкесі Смағұл қария­ның кеңес азаматтығы паспортының себебімен ту­ған елге қайтуға рұқсат алады. Бұл – 1961 жылдың жазы еді.
Тілеужан 31 жасында өмірінің өмірінің екін­ші дәуірін кіндік қаны төгілген Нарын­қол өңірінде мұғалімдіктен бастайды. Ке­шікпей ҚазМУ-дің филология факуль­тетіне сырттай оқуға түседі, оны 1968 жылы ойдағыдай бітіреді.
Сақалов Тілеужан өмірінің көбі На­рынқолда ағартушылықпен өтеді. Әуе­лінде мұғалім, соңынан көп жыл аудандық оқу бөлімінде инспектор, Нарынқол орта мектебінде оқу ісінің меңгерушісі, Бер­дібек Соқпақбаев атындағы гимназияда мұғалім болады. Өнерлі жастарды іріктеп, аудан орталығында айтыс ақындарының мектебін ашады. 1990 жылдан өмірінің соңына дейін аудандық «Қазақ тілі» қо­ғамының және ақсақалдар алқасының тө­рағасы болады. Қазақстан Халықтар Дос­тығы Ассамблеясының мүшесі ретінде де ол үлкен мінбелерден өз ой-пікірлерін айтып, ұсыныстарын енгізеді, тіл туралы заңы­мызды жетілдіру жайындағы ойларын газет бетінде де жазды.
Өмірінің ең соңғы сәтінде барлық қол­жазбасын аманаттаған ескі досы, әрі әріп­тесі Естеу Түсіпбектің көрсетуінше Са­қалов Тілеужанның ғылыми, әдеби шы­­ғармашылығы мынадай төрт саланы қам­тиды екен.
1. Қытай қазақтарының тарихы мен әде­биеті;
2. Өзі шығарған айтыстары мен өлең­дері;
3. Ел аузынан жинаған ақын, жырау, ше­шендер, батырлар, жер тарихы, ел та­ри­хы, т.б. жөніндегі өлеңдер, жырлар, дас­­тандар, айтыстар, аңыздар;
4. Өзінің өмір жолдары, ата-бабалары, дос-дұшпандары, ұстаздары, замандас­тары туралы күнделік-естелік жазбалар.
Т.Сақаловтың «Шығыс Түркістан қа­зақ­­тары әдебиетінің тарихы» атты ғы­лы­ми-зерттеуі алғашқы ғылыми жетек­ші­сі, профессор Б.Кенжебаевтың ма­­құл­дауы­мен үлкен үш бөлімде жос­парланған. Оның екі бөлімі 1968-1972 жылдары то­лық жазылып бітіпті. Кейбір үзінділері «Біз­дің Отан» ел аралық газеттерінде жа­рияланған. Тілеужанның Көдек, Шарғын, Таңжарық туралы қысқа мақалалары Нарынқол аудандық «Советтік шекара», Алматы облыстық «Жетісу» және респуб­ли­калық «Лениншіл жас» газеттерінде ба­сылған. Бірақ басы бірігіп жарияланған емес. Жұмыс Бейсекеңнің тірі кезінде то­лық аяқталып бітпеген, ғұлама дүние сал­ғаннан кейін толастап қалған.
Автордың зерттеуінен жазған кіріспе­сін­де: «Материал тапшылығына ұшырап, Үрімжі, Құлжа, Шәуешек, Алтай, Бейжің архивтерін, ондағы кітапхана қорларын ақ­таруға мүмкіндігіміз болмады» деп өкінетіндей-ақ бар. Материал тапшылығы зерттеудің, әсіресе соңғы «1945-1960 жыл­дар әдебиетінің өкілдері» деген бө­лімінде ерекше көзге шалынады.
Еңбектің бірінші бөлімінде Тілеужан «Ай­қап» журналының әр жылғы сандарын­да Қытай қазақтары жөнінде жазылған ма­териалдарды жүйелі пайдаланған. Атап айтқанда, К.Ғ.Қарасбай, Айдархан Еңсин, Мұхамедсәлім, Көшімов (Тарба­ға­тайдан), Ғабдулла Жиенбай, Молдағали Бектурин (Құлжадан) тәрізді жергілікті тіл­шілердің, шетел саяхатшыларының жаз­ғандарын тірек еткен. Мұның бәрі бұ­ған дейін зерттеушілер назарына іліге қоймаған маңызды, тың деректер.
Зерттеудің бір тарауы Қазақстандағы бас­пасөз бен әдебиеттің Шығыс Түркістан Оқу-ағартуына, мәдениетіне әсер-ық­па­лына арналады. Тілеужан бұл тарауда 1920, 1930-1940 жылдары біздің елдің ба­рлық дерлік мерзімді басылымдары Шың­жаңға там-тұмдап болса да, үзбей ба­рып тұрғанын, Қазақстанда оқып қайт­қан зиялылардың кейбірі Міржақыптың «Оян, қазағын», Ахметтің «40 мысалын» жыр­лап жүргенін, Бейімбеттің «Шұғасын» сах­нада қойғанын, Сәкеннің «Айшасының» қол­дан-қолға көшірмемен таратылып оқыл­ғанын айтады. Сондай-ақ, 1940 жыл­­дан бастап Алматыда «Қазақ елі» де­ген журналдың қазақша, ұйғырша екі тіл­­де ай сайын таратылғанын, сонда жа­рия­ланған Абай, Жамбыл, Иса Бай­зақ­ов, Сә­бит Мұқанов, Мұхтар Әуезов, т.б. шы­ғармаларының тәрбиелік те көркемдік әсері мол болғанын тұжырымдайды.
Бұл бөлімнің Көдек, Шарғын секілді ақын­дар мұрасын талдаған тараулары да тартымды жазылған.
Көдек – өмір жолы шытырман, өлеңі көркем, аса жүйрік ақын. Ол Кеңес өкі­метінің алғашқы жылдарында Қызыл ар­мия қатарында басмашыларға қарсы кү­ресушілер сапында болған. Кейін қу­даланып, шекара асқан. Ол жаққа бар­ғанында да әділетсіздіктің талай-талай сорақысын көрген. Қытай ұлықтары мен жергілікті озбырлардың ісі мен әрекетін былай сипаттаған.
Ақалақшы, зәңгісі болады екен,
Кедейге қатты кеткен жаны ашымай.
Кең қолтық қытай шекпен киеді екен,
Төрт елі жаға салып жағасына-ай.

Көкесі қан сорғыштың осында екен,
Жабысқан Сарытаудың сонасындай.
Семірген жуан қарын бұл жақта екен,
Серкенің мес қып сойған шанашындай.

Қарасам кедейінде сұр қалмапты,
Қыршаңқы бата оқырдың азасындай.
Сөлі кетіп, сүлдесі қалған екен,
Қайнатқан аткез шайдың самасындай.

Ал отызыншы жылдардың аштық апатына, қызыл қырғын зобалаңына шыдай алмай, қоныс аударған момын елдің жат босағадағы теңсіз, қақпай көрген қор тіршілігін:
Сипақтап қашқын байқұс әрең-ақ жүр,
Жылқының шыбын қонған жарасындай.
Үйі жоқ баспанасыз жүрген байқұс,
Қыстағы шыдамайды борасынға-ай.

Суырша жерді қазып кіріп апты,
Үйлері үш сиырдың қорасындай.
Томпайған төбесінде топырағы,
Кәдімгі Сембайдың моласындай, –  деп бейнелейді.

Көдектің «Сасанның ауылына бар­ғанда» деген өлеңінде дәуірдің әлеуметтік шындығы күшті жырланған. Шортанбай, Құлманбет, Албан Асан сарынындағы шы­ғармаларында да ақын тарихи және заманагөй өмір ағымдарына сипаттама береді.
Зерттеудің Шарғын ақын тарауы да тың­ғылықты. Шарғын – ат жалын тартып мін­ген шағында Қытай кетіп, онда мұ­ға­лім, мектеп мүдірі, инспектор, аудан­дық оқу бөлімінің меңгерушісі, аудандық әкім­нің жауапты хатшысы, облыстық, өлкелік га­зеттердің тілшісі секілді сан алуан қыз­меттер істеген. 1955 жылы шау тартқан ша­ғында ата мекеніне аман-сау қайта орал­ған. Шалкөдеде колхоздың мал­шы­ларға арналған Қызыл отауын ұстап, елі, жері, замана, еңбек, Шалкөде табиғаты, адамгершілік асыл қасиеттер тақыры­бына тартымды да көркем, жаңа туындылар жаратады. Тілеужан екеуі ағалы-інілідей сыйластықта болады. Жаңадан жазған өлең, дастан, айтыстарын екеуі бірге тал­дап, шығармашылық ынты­мақ­тас­тық­та болады.
Таңжарық Жолдыұлы – Шығыс Түркістан қазақтары әдебиетінде ерекше орын алатын, қытай билеушілерінің зорлық, қия­натын, түрме тамұғын жеріне жеткізе жырлаған аса дарынды ақын. Таңжарық Үрімжінің тас түрмесінде алты жыл азап­та­лады. Сан алуан жан қинаудың тірі куә­сі болады. Көзбен көрген қорлық-зор­лықтың, адам қинаудың сұмдық сойқанды айла-амалын қаз-қалпында өлеңге түсі­реді. Түрмеде жатып өлең, дастанды қол­ма-қол жазып та таратады, түрмелес тағ­­дырластарына ауызша шығарып та жат­татады, ашынған тұтқындар Таңжарық туындыларын ауызба-ауыз жаттап, кейін бүкіл өлкеге таратушы да болады. Оның түрме жендеттерін әшкерелеген өлеңдері татар ақыны Мұса Жәлелдің шығарма­ла­рымен үндес.
Таңжарық – қытай қазақтарының жа­ңа әдебиетін жасауға қаламымен де, қоғамдық іс-әрекетімен де бар күш-қай­ратын жұмсаған ірі тұлға. Ол әйгілі Сасан би ауылында, бақташы, жылқышы отбасында дүниеге келген, би балаларымен бірге бай жалдаған молдадан оқыған, сол замандағы аймақ орталығы Сүйдіннің Күресінде қазақ-қалмақ мектебінен қы­тайша да оқыған. Жиырмасыншы жыл­дар­дың бас кезінде, Сасан бидің ірі ман­сап иесі болған балаларының жәбіріне шыдамай, біздің елге қашып өтіп, На­рын­қол ауданындағы нағашыларын паналайды. Жәдитше де оқиды. Қойдым ақынмен Қарқарада айтысқаны да сол жылдары. 1925 жылы өз еліне оралғаннан кейін Са­сан би немересі, Дағытыдағы шекара кү­зетінің бастығы, Мақсұт Қуандайдың хат­шысы болады. Құлжа қаласындағы қа­зақ-қырғыз ұлттық ұйымының жұмы­сы­на, онда қазақша газет шығаруға бел­сене араласады. Осы кезде түрмеге жабылады. Ұлт-азаттық төңкерісі жеңісінің арқасында ғана түрмеден босанып келіп, қатыгез жазалау азабынан жабысқан аурумен дүние салады.
Зерттеуде Т.Сақалов бұл атақты ақын­ға жеке бөлім арнайды. Оның өзі 10 та­рауға бөлініп, Таңжарық өлеңдері тақы­рып­тық-идеялық, жанрлық сипатына қа­рай саяси-әлеуметтік лирика, көңіл-күйі лирикасы, сатиралық лирика, табиғат лирикасы, сүйіспеншілік лирикасы, арнау, толғау, айтыс, дастан деп топтастырылып талданады.
Біздің елімізде «Таңжарық Жолдыұ­лы­ның 1974 жылы «Жазушы» баспасынан «Ас­пан-Тау», 1992 жылы «Таңжарық Жол­дыұлы. Шығармалары» деген жинақ­тары басылып шықты. Солардың екеуінің де құрастырушыларының бірі, баспаға әзір­леушісі Тілеужан Сақалов болатын. Ол соң­ғы кітапта көлемді алғысөз жазған. Бұл еңбек Тілеужан зерттеуінің ең маңыз­ды, ең өзекті, ең ауқымды бөлімі. Мұнда ол Шығыс Түркістанның атақты классик ақы­нының өлеңдерін, дастандарын, ай­тыс­­тарын, жанрлық, тақырыптық, көр­кем­­дік ерекшелігін жан-жақты зерделеген.
Дегенмен, ертеректе екі империя қыр­ғиқабақ, алакөз кезінде, жабық есік жағ­дайында, ғылыми ойдың тұмыл­ды­рық­талуы тұсында жазылғандықтан, Т.Сақаловтың еңбегінен де кейбір шектеу­лілік байқалатын тәрізді. Оның бәріне қа­зіргі талғампаз оқырман түсіністікпен, кешіріммен қарар деп үміттенеміз.
Т.Сақаловтың бұл еңбегі әлі де болса толық зерттелуін күтіп тұрған Шығыс Түр­кістан қазақ әдебиетінің тарихын тануға өз тарапынан пайдалы болатынына се­не­міз.

Дайындаған Нартай СЕРІК.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір