«ӨМІРІМНІҢ ӨЛЕҢ БОЛДЫ ӘР КҮНІ»
24.08.2018
1715
0

(Ғалым Жайлыбайдың «Есіл ағады» кітабы жайлы толғау)

Саусағыңды бүгіп санасаң, қос қолдың саласына ғана сиятын қазіргі талантты ақын­дардың алқасында бас бармақтай боп Ғалым Жайлыбайдың тұратыны кәміл. Осыдан қы­рық үш жыл бұрын:
«Сөзімді деме құр мазақ,
Даңқымды сөйле көтере.
Сәкенін білген бұл қазақ,
Ғалымын білмей өте ме?!» – деп ірі тураған қар­шадай баланың сөзіне «боламын деу оңай ғой, болу қиын, болмайын деп біздерді жүр дей­сің бе?» (Жарасқан) деп көкіректері қарс айы­рылған Алматыдағы ағалары ақсия күлген шы­ғар, «ауылдың алтыауызымен» астанаға ке­ліп, Әбділдә Тәжібаевтай әкемізден бата алып үлгерген өз басым, ерден ердің қаупі бар, әжеп­тәуір қобалжып қалдым. Мынауың бір күні аспаннан аяғы салбырап түсіп, «қырады-ау» бәрімізді! Асырып айтса да, жасырмай айтуын қарашы! Сырттай сұрау салып, аттес­татын аман-сау алып, Жаңаарқаның жамалында жылқы соңында жүргенін білдім.
Білген соң жал-құйрықтың жөнін бастан,
Қолына құрық ұстап қорынбастан,
Тақырда тұяқ ізі толған қаққа,
Етпеттеп ернін малып, шөлін басқан, – ол тағ­дырдың тәлкегімен емес, жүректің қалауы­мен:
Тең өсіп қоңыр дала, қоңыр белмен,
Кеңесіп бекзаттармен, бегімдермен,
Енгенше екі отыздың ордасына,
Бұл бала бір адамдай өмір көрген, –
қалпымен қайнап-пісіп, кешіріңіз, «тойлап» та, «ішіп», арнасына жәйлап түсіп:
Жұлқынып, жалдап өтіп тар түбектен,
Жазықта жүйрік жыр боп дәрпі кеткен.
Жамиғи жұртта мұндай ақын бар ма,
Жеңімен жезді ысқылап алтын еткен, – күйі қара өлең кеңістігіне біржолата көшіп алды. Әри­не, бірді-екілі қылқұйрықты Алматыдағы Жа­расқан, Тынышбай сияқты ақын ағаларына со­ғымға беріп жібергенін есепке алмасақ, «Жеңіс­тің» завфермасына шығынсыз тап­сырған ардакүреңнің үйірі түсіне жиі кіретіні рас енді… Түсіне кіріп қана қойса жақсы ғой, тұ­қымың көбейгір тарландар Ғалым ақынның «Есіл ағады» кітабында:
«Құла даланың төсінен,
Құба бір күйді жалғадым.
Өлеңге қалай көшірем,
Арғымақтардың арманын?» –
(«Арғымақтар», 34-бет) дегізіп, сағынышын сар­ғайтады. Әлемде аумағы жөнінен тоғызын­шы орын алатын байсын байтағымыз үшін қазақ өрісін өзі іздеп табатын Қамбар Атаның әу­летіне қарыздар. Жылқы жоғалса, жұрт жо­ғалады. Көбіміз «Қазақстан бай өлке, оны игеру керек» деген Ульяновтың сөзіне уланып жүр­ген кезде Ғалым мұны терең түйсінген.
«Балалықтың қысқа болды ғұмыры,
Бүр жаратын кеудемдегі бүршік-ән.
Құлағымда арғымақтың дүбірі,
Қара түнге сіңіп барып тыншыған», («Бесін. Бет­пақдала», 74-бет) – деп езілген сұм жүрек ба­­балар тарихы көкмойынның тұяқ ізінде жат­қанын да сезеді.
«Өткен күннен айтады өлең дерек,
Өлең барда ойламан өлем бе деп.
Иман аға,
біз қашан төмендеп ек?
Көкмойынға үкілі көз сап тұрмын,
Мойнындағы тұмарын көрем бе деп» (158-бет).
Тұмарың не, Ғалым-ау? Бір томардың тү­бін­де әлдеқашан тозып қалған тұмарды емес, бү­гінгі қазақ құмарды ойлайды. Сүбесі сере қа­рыс соғымға жерік. Әйтпесе:
«Айдарынан жел еспей кекілдінің,
Еңку шалды еңіске екінді күн.
«Протонның» уынан енесі өлген –
Көлеңкеде жылайды жетім құлын» («Же­тім құлын», 39-бет) тағдыры талағымызды тарс айыр­мас па?! Шатынаған көзінде шатырлап аспан сынған ардакүреңнің көз жасын кім кө­ріпті? Сіз бен біз көптен көрген жоқпыз… Ға­лым көріпті. Жылаған жылқы… Қасірет қой бұл! Қанаңа сыймайтын! Сол қасіреттің қайдан туындағанын біріміз Қармақшыда, біріміз Жаңаар­қада дүниеге келген Ғалым екеумізден ар­тық ешкімнің білмейтініне бәс тіге аламын!
«Қайтейін, асығыс бәрі,
Жөн еді қашық ұшқаны.
Ресейдің құламаса екен,
Зымыран тасығыштары.
Арқам-ай,
арқаға батты,
Ауыл тұр шайқала…
жүдеп.
Құрдасым тартады арақты:
«Уды у қайтарады», – деп»… («Протон» құ­лаған жыл», 80-бет).
Әлқисса, Ғалым Жай­лы­байдың «Есіл ағады» жинағын, тіпті бар-ау, барлық кітаптарын жүрегің табаныңның басына аунап түскендей елжіреп оқисың, оқи оты­рып, бүтін ғұмырда басыңнан кешкен оқи­ға-сәттерді, санаңның саңылауынан сығалаған аяу­лы көріністерді, қимас кезеңдерді, мұңды ме­зеттерді, сүйегіңмен бірге кететін қайдағы қа­сірет-қайғыңды жадыңнан тағы бір жұптап өт­кізіп, өзіңе ораласың. Летаргиялық ұйқыға кет­кен бәз-баяғы бұла сезімдерің шырт оянып, бү­гінгі тоқмейіл тірлігіңнен жеріндіріп жібереді.
«Ақ нұрларға қарайды-ау шөлдеп пенде,
Мәңгіліктің бесігі тербеткенде.
Айтып кеткім келеді сол бір әнді,
Қайтып кеткім келеді сол көктемге». (44-бет).
Қайтып кетсең, қайда барар едің? Әрине, ауыл­ға, Құдайберген ағама! Электронды гүл­дерді көзбен иіскейтін, қызыл-жасыл жар­намалар жамылған қаладан, көше кезген пеп­силердің поп-рок-топ…. жоқ даңға­за­лары­нан мезі болғаным қаш-шан! Кетем ауылға! Тап қазір!
«Ескі гармонь маркасы «Қазан» деген,
Базарлы әуен төгетін, ажарлы өлең.
Құс тілімен Құдекең құйқылжытса,
Оянатын бар ауыл азанменен». (62-бет).
Сырнай сазын тыңдамағалы қай заман?! «Жүрек тербер самалды саз ағыны, қандай ғажап сол күннің тазалығы»! Әр ауылды әл­ди­леп тербететін құдай берген сырнайшы ағалар қай­да екен?
«Бозторғайдай шырылдап шырай берген,
Күнде асатын сол ырғақ құмай белден.
Балаларын ауылдың жиып кешке,
Гармонь созып қоятын Құдайберген» көке, бұл өмірде бармысың сен? Бар болсаң, бақ қуатты ғұмыр кеш, жоқ болсаң, пейіште нұ­рың шалқысын! Себебі:
«Жылдар қашып барады күнді ұрлаумен,
Сүмбілемен бір көшті сүмбіл дәурен.
Әр ауылға керек-ақ Құдайберген,
Сәл ескілеу және де бір-бір гармонь»… (63-бет).
Жол-жөнекей айта кетейін, «Ескі гармонь. Құдайберген» өлеңіндегі «Күнде асатын сол ырғақ құмай белден» деген жол төңірегінде әде­биет сыншысымен сөз таластырып қалға­ны­мыз бар. Ол айтады: «Құмай» италақаздан ту­ған жүйрік тазы, «құмай бел» ешбір әдеби троп өлшеміне сыймайды, ұйқас үшін бол­маса»… Менің уәжім мүлде бөлек: әдеби жанр­лар­да қолданған әр бір сөзге, поэтикалық ора­лымдарға, тіркестерге фотографиялық про­филь, анфас пішінінде қарау қате, әр бір сөз­дің пластикалық қасиеті, мінезі, түр-түсі, ке­рексе, көңіл-күйі болады және де олар ақын­ның түйсігімен ұштасып, сәт сайын түрленіп тұрады. Өлеңнің мазмұны-мәніне орай Сөздер ішкі инверсиялық қозғалысқа түсіп, тың «химиялық қосындыны» түзіп шығарады. Қа­зақта, «ине жұтқан иттей» деген фразео­ло­гия­лық тіркес бар, ал біздің Иран-Ғайып ағамыз «ит­ті жұтқан инедей» деп ол тіркеске тіпті бас­қа реңк берген. Алғашқысы ит, соңғысы ине туралы. Бауыржан Омарұлынша айтсақ, «бірі үреді, екіншісі кіреді». Ал, дауласып көр! Сол сияқты «құмай» бел» – көңілдің көкдөне­ні­мен қусаң да, қиялдың қаршығасымен құйыл­саң да жеткізбейтін қияндағы бала­лық­тың бұлдыр мекені. Әдеби дальтониктердің «құлағына – алтын сырға»…
Жалпы, Ғалым ақынның қай өлеңін оқы­саңыз да, шырайы бетіне шыққан шы­найы­лық­тың, тазалықтың, адалдықтың, кемел көркемдіктің, табиғи үйлесімділіктің жазира­сына жолығасыз. Бұл ретте сөз сүлейі айы­рық­ша форма, ерекше стиль іздеп, табанынан тау­сылмайды. Баяғыда біреу немістің ұлы ақы­ны Гетеден: «Стиліңіз керемет, жанрыңыз­дың ауқымы алапат, неткен ғажап! Айтыңыз­шы, осының сыры неде?» деп сұраса, абыр­жы­ған ақын: «Стиль дейсіз бе, ол не?» депті. Жал­пы, форма, стиль ұғымдарын қаламгердің бір басына телу – көңілге күмән қашырады. Ежелгі дәуірлерден бері бар дүниелер бұлар. Ше­­берлік десек, сөз басқа! Бұл – ақылға қона­д­ы.
«Заулатып заманалар зулағанда,
Аунатып қаратасты жыр қашаған» (30-бет) Ғалым Жайлыбайдың басты ұстанымы да осы – шеберлік. Не көрді, қалай көрді, нені се­зін­ді? Шеберліктің шарығына салып жібер­сең, жалт-жұлт еткен жауһардай жыр оқыр­манның олжасына, әдеби әлемнің әдібіне ай­налады. «Бұлақ басындағы бұлдырық», «Да­ланың өзендері», «Көңілдің нұры көк­темгі…», «Жалғыз бейіт», «Алатауға қарап…» өлең­дері көзіміздің азығы, сөзіміздің қазығы.
«Тірліктің төрі қайда, өрі қайда,
Көмескі тартпаса екен көңіл-айна.
Сүйікті ел,
сүйегіммен сенікі едім –
Биіктер батырмашы небір ойға…» – (79-бет) деп, ұшан даланың ұлтанын ұлтарып шыққан ақын қаламының ұшынан тамған сафари-жыр­лардың жөні бөлек. «Бұландының бұлтта­рына» оранып, «Аспантаудың аққуларына» арзу айтып, «Күзеудегі қараша үйде» қал­ты­раған лирикалық кейіпкер:
«Торықса жусан,
тобылғы,
Қараша келіп тоңған күз.
Өтпелі дейді өмірді
Күзеуге қонған сол жалғыз.

…Мәңгілік әнін салғыздың,
Тұнжырап түнде тұлдыр Ай.
Күзеуде қалған жалғыздың
Жары да болғай бір Құдай»… – деп пәндәуи тірлігіне тәуба айтып, келешек күндерге үмітін жалғайды. Жер майсаң, ел жайсаң, жаратылыс тіні үзілмесе, қыстаудың оты шайылмас, көк­теуге де көген тартатын күн алыс емес. Тек:
«Қоңыр күй кернеп жер-көкті,
Күмбірін дала тыңдады.
Қайран жаз қош деп ол кетті,
Қаздардың қанатындағы…» – (108-бет). Қош­тасып кеткен жаз ғана ма еді? Қоштасып үлгере алмағанымыз қаншама…
«Атың барда ел таны желіп жүріп» деген сөз, сірә, Ғалымға арналған-ау. Тізгін ұшында талай жердің дәмін татқан ол жол жоралғысын ұмытпайды, тойлап жүрсе де, ойлап жүреді, көңілге түйгенін көрікті жыр ғып түйдектетеді. «Баян аула», «Астанада, ақпанда», «Жасыбай көлі», «Қызыл іңір. Қызылжар», «Қараөткел жақ­қа қарадым» жырлары жағрапиялық ұғым­дар дәргейіндегі әсер емес, «бармаса, келмесе жат болатын ағайынның» аңсар-сезімін оя­тып, әуестігін әлдилейтін, өзің де түсініп, біліп болмайтын беймаза сағынышыңды қоздыра­тын дүр дүниелер.
«Көлдерімнің көңілін кім аулайды,
Тырналардың тізбегі тыраулайды.
Жасыбайдың жанарын жәудіретіп,
Баянауыл басынан күн аунайды» – (163-бет) деп тебірене жырлаған Ғалым енді алабағаннан асып өтіп, Ашғабатқа бір-ақ тартады. Жалпы, Түрікменстан, бағзыда Шоқан жансыз болып баратын Қашқария сияқты, жұмбағы жұтылған ел. Сәмбі талды саздың емес, көгілдір газдың үстінде отырған жұрттың сыртқы саясаты са­раңдау, ішін бермейді. Алыс-беріс, хабар-ошар алысуға ықыласы жоқ, ынтасы кем. Әріден есі­мізде қалғаны – Сапармұрад түрікмен­башы­ның сом балдақ кигізген саусағы… берісі – Ғүрбанғұлы сардардың мөлт қара шашы, қасы… Ит пен құсын, кешіріңіз, ақалтеке, ала­­байын абыздай ардақтаған Оғыздың сарқы­тына сырттай сұқтанбай, іші-бауырына кіріп, зерттеп-зерделеп көрсең ғой, шіркін! Алты Алаштың бір бұтағы қарсы бітсе де, қанына тартпай қоймас, ажарын ашар, құшағына басар… Соны сезгендей, Ғалым ақын сафари-сапарын түрікмен жерінде жалғастырады.
Рухани ұғымда «екі туып, бір қалған» түрік­меннің ұлы ақыны Нұрмұхамед Әндіәліптің 350 жылдық тойына ресми өкіл ретінде қатыса жүріп, көрген-баққанын, сезініп-түйсінгенін жыр ғып өреді, біз көрмегенді көреді.
«Зеренінде буырқанып, бұрқанып,
Тереңінде рух әні шырқалып,
Нұх пайғамбар заманынан бастау ап,
Күн нұрынан жаратылған бұл халық». (122-бет).
Мәссаған, алақандай елдің айбаты – ар­шы­ландай, қайраты – «құмда өскен сексеуіл­дей». «Рухнама» бекер жазылмаған екен… Мағ­жан көкем «күннен туған ғұнбыз» деп арғы­түркінің аруағын асырып айдынданса, аумағы Қазақстанның он төрт облысының біреуі­мен ғана теңдесетін Түрікменіңіз әріге шырқап, Нұх пайғамбар кемесінің желкенін ке­ріп тұр. Аңыздан ақиқат жасап алған азған­тай халықтың жаһандану дәуірінде қалтарыста қалмай, өзгелермен өрелес боп тұрғысы ке­летін тілегін ақын терең түсінген, сондықтан да барған елінің бәсін көтеріп отыр. Шағыл құмда шөліркеген сеңсең бөрікті ағайындардың алғы шақтан үміті зор. Сондықтан:
«Иманы – нұр, сапары – ұлы, салты – ұлы,
Жанарында найзағайдың жарқылы.
Шырағданын жағып қойған секілді,
Оғыз ханның орда тіккен алты ұлы». (122-бет).
деген жыр Ғалымдікі емес, түрікмендердің өз сөзі, ақын оны тек хатқа түсірген сияқты.
«Түрікмен саздарын» оқып отырып, саяси тұрғыда болмаса, Түрікменстанның тіпті де жабық, құпия ел емес екеніне көзің жетеді. Қадым заманнан кіндік Азияның бір ұстынын теңселтпей ұстап тұрған жекжатымыз, жазмы­шы жалғасқан жұрағатымыз. «Ашғабатта, жүргеніңді сездірмей басқа жақта, қарайтұғын жұрт көрдім қас-қабаққа». (123-бет).
Көне Үргенішіңіз кеңес өкіметінен бұрын біздің ата-бабамыз талай рет кіре тартып ба­рып-қайтқан жер. Маңғыстау мен Қарақалпақ­тың пысықтары әлі күнге дейін Ташауыздың «тесігінен» арзан бензин сатып алып, жырғап жүр. Енді не дейсің?… Рас, тәуелсіздігін қыз­ғыштай қорғаған, тірнектеп жиған жәді­гер­лерін жат көзіне түсірмейтін, тіпті сексеуілінің шыр­пысымен бөтенге тіс шұқуға рұқсат етпей­тін билік қай бір жылдары түрікмен қызына үйлену үшін, қалыңмалдан бөлек, мемлекет қазынасына 90 мың доллар салық төлеу жөнін­де пәрмен шығарып, әлемдік қауымдастық түгіл, іргедегі Адайларды да аң-таң қалдырған! Кейін бұл тиым алынып тасталғанмен, түре­кеңдердің ұлттық кодты сақтауға деген тілегі өзгерген жоқ. Осыны сезгендей біздің Ғалекең:
«Ташауызда талшыбықтай Гүлрайхан,
Жан сырымды сізге айтпаған,
кімге айтам?
Тереңінде тербететін текті қыз,
Жанарыма жарық сыйлап кеттіңіз…

… Көйлегіңді кестелеген қай шебер,
Қабақ шытсаң жұлдыз ағып, ай сөнер…
Уылжыдың, үлбіредің, Гүлрайхан,
Жетер енді,
Бүлдіремін, Гүлрайхан!» – (127-бет)
деп үздігеді. Үздікпей қайтсін, еркек қой, оның үстіне махаббаттың жыршысы болса…
Кезі жоқ гүлхан тойдан қапы қалған,
Қыдырып қызды ауылға хаты барған.
Күйекке ерте түскен көк қошқардай,
Қағынып, қаршадайдан қатын алған «бә­ле» бірдеңені, өзі айтқандай, «бүлдірмей» тұр­ғанда елге қайтайық деп, «Есіл ағадыны» онан әрі парақтай жөнелсең, бір қиырдан «Аммандағы Адайлар» аттан түсіріп алады:
«Тағдырымның бар шығар бір білгені,
Жырақтарда жылытты жырдың лебі.
Аммандағы Адайлар,
Үрдіндегі,
Жиі есіме түседі бұл күндері,
Іздеп келсе тойлар ем, шіркін, мені!» (137-бет).
Қайран, қара көз қазағым-ай. Үргеніш пен Ташауызда, Красноводскіде қандасқа андас бо­лып жүр ме десем, итарқасы Иорданияға да ирек қамшылап жеткен екенсің ғой! Қара ба­сың­ды қайттап емес, тағдырдың тәлкегімен… Ақынға сенсек, Аммандағы алты қазақтың атажұртын іздеп келетіні рас, ал, «Өр Алтай мен Тәңіртаудың арасындағы» бауырларымды қайтемін?! Құрып кеткір «Керзон сызығының» арғы жағында амалсыз қалған ағайын, Тарба­ғатайдың туырылған төскейі, Сайрамкөлдің сабаты, Шәкүртінің шалғыны, Сарсүмбенің саздағы, Үліңгір, Шіңгіл, Қанас сулары түсіңе кір­мей ме, оқырман? Арғы беттен жалаңаяқ, жылтыр иық қашып келіп, өмір бойы «үш әріптің» көзқиығында байланған, бүгінде жет­пісті алқымдап қалса да Жайыртауын жыр­лау­дан жалықпаған Жәркен ағамды тәуелсіздік толғауымен жұбата аларсың ба? Алтайдың күнгей бетіндегі ел туралы айтсаң, әлдеқашан алматылық боп кеткен бала-шағасының, не­ме­­­релерінің ортасында, қысылмай-қымты­рыл­май-ақ, кірпігінен қара өзен саулатып, ағыл-тегіл еңірер еді сол ағам. Әрине, Арқада туған, арғы бетте ағайыны түгіл, алты аласы, бес бересі жоқ Ғалымның да қосыла боз­да­ғанын көргенім бар. Қазақ үшін. «Он бесінші об­лыс» үшін! «Көштің ізі» қай-қайдағы қа­сіретіңді қоздатады.
«Халық едік жаралған кенен, ерен,
Күн сығалап рухыма керегеден.
Өр Алтайдың өркеші бұлт жетпеген,
Жасырасың сырыңды неге менен?

Көштің ізі…
кетпейді ешбірі естен,
Атойлаған, алысқан, кескілескен…
Кермек тартып кеудемде асыл бұлақ,
Ғасыр жылап келеді көшке ілескен…» (173-бет).
Иә, көштің ізі тұтас ұлттың оннан бірін құ­райтын қасиетті мекенге жетелеп алып барады. Онда тағдырдың тезіне көнген қалың қазақ ғана емес, «Мәңгілік Ел» мұрагерінің ар­ғы тарихы жатыр. Қазір қытайлар мектеп­терінде оқытып жүрген Тань империясының саяси жағрапиясының бастауында кім тұр­ғанын білесіз бе? Ұлы мәртебелі Таң қаған! Қытайды уысында ұстаған түркі ханы! Мұны олар біледі, бірақ, жағрапияны айтқанмен, биог­рафияны айтпайды. Айтпаса, айтпай-ақ қойсын, оны Ғалым айтады:
«Бабаңа бұл тұрақ, жұрт –
Құлын мүсін, құба бел.
Қазақ деген – бір-ақ жұрт,
Қазақ деген – бір-ақ ел.

Жаңғырады жадымда,
Тәңіртаудың құсы көк.
Ұлы қорған маңында,
Ғұн жылқысы кісінеп». (171-бет).
Жә, Ұлы қорғанның түбінде көкке шап­шып, кісінеп тұрған ғұн жылқысының мүрдесі тұтас, бұзылмаған күйінде Алтайдың теріскей бетіндегі Берелден табылды. Қара тастың астынан қанын сорғалатып қазып алғанбыз. Енді бері жақындайық, Сарсүмбеге, Қара­кө­пірге…
«Боздайды ботасы өлген ғасыр-інген,
Сен менің алшы түскен асығым ба ең!
Сұлтаным ұлтан болған сонау жылы,
Зуқаның бұл көпірге басын ілген.

… Айт енді, маған бүгін қозға сырды!
Білемін Рухым өлмей, тозбасымды.
Зуқаның басы ілінген Қаракөпір,
Мен сенен іздеп келдім өз басымды». (179-бет).
Шығыс Түркістан өлкесіндегі ұлт-азаттық күресінің байрағын желбіреткен Оспан батыр бастаған баһадүрлердің қатарында жанын пида еткен Зуқа батырдың тәлкекті тағдыры – хал­қымыз басынан кешкен нәубет кезеңдердің тра­гедиясы. Ана жақта Оспанды асып, Таң­жарықты түрмеге қамап, әнші Әсеттің өңешін алмаспен тілгілеп, жайсаңдар мен жақсыларды көзінен тізіп жаһаннамға аттандырып жат­қанда, жауыздықта шекара бола ма, қазақ даласында алаштың арыстарын лек-легімен атып, асып, итжеккенге айдатып, жер жұтты­рып жіберді емес пе? Егер Ғалым іздеп жүрген Бастарды теріп алып, Қасірет Мұнарасын тұрғызса, Ақсақ Темір салдырған мұнарадан әл­деқайда биік болар ма еді?! «Алаң да алаң, алаң күн, көңіл көгін түреді, жүрегі бар адам­ның ауырады жүрегі…» (170-бет). Үзіліп қалған үрімбұтақтың шерін қозғаған бұл топтама туралы басқа айтарымыз жоқ, өйткені қасірет­ке түсінік жүрмейді…
Шығармашылығын қаныға оқысаңыз, Ғалым ақынның қай туындысынан да судай нәзік, нудай жұмсақ, қызыл іңірдей мұңды бояуларды аңғарар едіңіз.
«Бабалардың бұл жерде көші қалған,
Жанып-сөнген шырақтай осы жалған.
Бауырына сол қырдың төмпешік боп,
Абыз кеуде арыстар көшіп алған» («Арап қыры», 33-бет), немесе:
«Туған жердің төсіне тұмар қадап,
Өсірсем бе деп едім шығанға бақ.
Түн баласы түс көрем түрлі-түрлі,
Құс көремін және де сыңар қанат» («Түс кө­ре­мін» 72-бет). «Бұлақ басындағы бұлды­рық», «Жеделхат», «Есениннің кітабы», «Жал­ғыз уыс топырақ», «Қос қараған» жүректің тү­бінде қатталған мұңыңды ерітіп, жаныңды қояр­ға жер таппай, төрт қабырғаға сыймай, кө­шеге атып шықсаң:
«Бақ тілегін сарқып алған,
тойын да,
Ақ тілегін артып алған мойынға,
Қап арқалап бара жатыр бала қыз,
Алматының «Арбатының» бойында». (168-бет). Жас кезімде орыстың тағдырлы ақыны Н.Заболоцкийдің «Кескінсіз қыз» деген өлеңін оқып, өзегім өртене қайғырғанмын. Көріксіз қыз күйеуге тие алмай қалады-ау, тисе де, байы­нан күнде таяқ жейтін шығар деп. Ал, Ға­лымның «Қап арқалап бара жатқан қыз ба­ла­сы» қанмайдансыз қоғамның «Герникасы». Мен бұл балақанды Майндағы Франкфуртте, Түркиядағы Копадокияда, тіпті Ханты-Мансыдағы Югра көшесінен де көргенмін. Бірақ, «жетімі мен жесірін жылатпаған» елде бұл көрініс соншалықты ауыр соғады екен.
«Көңілдерге көктем сыйлар күй керек,
Кімге айтарсың:
«Көріктіме тиме», – деп.
Көк базарға бара жатыр көркем қыз,
Көне күрте, ескі етігін сүйрелеп». Құдай-ай… құлыным-ай… саған не дейін?! Өлтірдің ғой! Тірідей өлтірдің! Біз Томирис пен Зари­наны, Зере мен Ұлпанды, Әлия мен Мәншүкті, Мә­риям мен Фаризаны жырға қосып, «қазақ қыздарына қайран қалып» жүрсек:
«Қалтырап гүл…
Қалады ма қырмызы,
Жарқырап бір жанады ма жұлдызы?
Қап арқалап бара жатыр көшеде,
Алашымның арыс туар бір қызы». (168-бет). Ал, енді бұған не дейсің, өзі өткен көпірін өртеп кеткен қатыбас ағалар, мейрамханаға мың долларды ойланбай тастап, жыртық иін жамағайынын көргенде жиырыла қалатын безбүйрек бизнесмен бауырлар, сайлау десе, сақалын саудалап, өңешін созып өзеурейтін, сайлаудан кейін өкпесі қара қазандай боп, теріс қарап тоңқайып жататын партиялар?… «Жын-ғасырдың жүгін жеңілдетсем деп, қап арқалап бара жатқан қыз бала» сіздердің боталарыңыз емес пе? Өттерің жарылса да, айтарым осы!
…О-о-о, «Есіл ағадының» екпіндеп үйіріл­ген қарсы ағысына енді келдік. Олар – «Қара орамал», «Тамакөшкен», «Жалғыз қарағай», «Киікқашқан», «Ақ сиса» реквием-дастандары. Бірден айтып қояйын, қазақ халқының өткен-кеткен тарихындағы «ақтаңдақтарды», бүгін көзімізбен көріп, көңілімізбен түйсінген таби­ғи залал-зардаптарды жанын қаза суреттеген ақынның қасірет-намаларын тінте талдап, сарыла саралап, идеологиялық-тарихи, та­ным­дық-психологиялық мазмұн-мәнін жар­намалап көрсету мүмкін емес. Қиын, аса қиын! Қаламың жүрмейді, қабырғаң күйрейді, бойың­ды… ашу-ыза, кек билейді! Нәубат жыл­да­ры нақақтан мерт болған саяси құрбандар­дың аруағы мазалайды, аман-сау жүргеніңе арланасың ба, қалай?… «Тамакөшкен» – аштан өлген ағайынның азасы, бағышталған дұғасы.
«Айтқалы бүтін сөзін ендігінің,
Қолыма қалам алдым енді бүгін.
Азаптың аңызағы аңыратты,
Қазақтың желді күнін, шерлі күнін». (218-бет). Қайтсін-ай, ақынға бұл поэманы жазу да оңай болмапты. Аштығы бар, қастығы бар зұл­мат заманда, басқалар бастарын өздері теріп алар, 2,5 миллион қазақ жер жастаныпты. Соның салдарынан біз бүгін 20 миллионға кеміп отырмыз! Шая+ «н» (Голощекин) жетті ғой түбімізге, бұтағы қырқылмаған бір қазақты таба алмайсың бүгін.
«Отыз екінің» ойраны «Отыз жетіге» ойыс­қанда мүлде күйзеліп кетесің. «Қара орамал» көз алдыңда көлбеңдеп тұрып алады, осы поэ­маны неге оқыдым екен деп, сүйегің сыздап, жүрегің мұздап, жүйкең тозады. Жауыздыққа карғыс-лағнет айтасың!
«Кешіріңіз, жан аға,
ақ аналар,
Сағаналар сөйлесін, бағаналар.
Жиырмасыншы ғасырдың басындағы
Қарағанды лагері – қара орамал.
…Сол жылды айтсам, тартады сол қабағым,
Зорланамын, батқандай сорға қалың.
Оты бардың оқимын ойлы хатын,
Тотылардың естимін тордағы әнін» (195-бет). Қазақ даласы қан сасығанымен тұрмай, кейін Аблинга, Хатынь, Саласпилс қасіретіне «өне­ге» болған «зұлматлагтерге» айналыпты. Сұм саясат арыстардың қара басын жұтып қана қоймай, бала-шаға, бегімдеріне дейін қапасқа қамап, азапқа салып, Қазақстанды генети­калық геноцидтің алаңдары еткен. «Қарлаг», «Алжир», «Долинка» түрмелерінің қаңқасын өз басым әдейі барып көргенмін. Қайта алмай қалам ба деп қорыққам… «О, ант атқан, ант атқан, осал жерін ерлердің қалай ғана дәл тапқан!» деген Қадыр ағамның өлең жолдарын ішімнен кемсеңдеп қайталап тұрсам… мына баланың (Ғалымды айтам) жұбатудың орнына одан әрі боздатып жібергенін көрмеймісің?!
«Ғазауатқа кезігіп ғасыл қайық,
Қырдан асып кеткелі – ғасыр ғайып.
Аза бойды қаза ғып Ана біткен,
Аңырайды «Алжирде» шашын жайып» («Қыз жылаған», 200-бет). Аналардың зарына балалардың шырылы ұласқан бұл қай заман?
«Көкті кезіп кеткен кезде жыр құсым,
Мен олардың танып алғам түр-түсін.
«Мамочкино моласынан» естимін,
Сақ-сақ еткен сәбилердің күлкісін.

…Қол бұлғаңдар!
Сол сапарға ермеймін,
Саны келіп, саны кеткен мендейдің.
Сай-сүйегім сырқырайды жыласам, –
Енді қайтып бұл маңайға келмеймін»… (205-бет).
Жә, жетер! Мен де келмеймін бұл маңға, кел­мек түгілі, «Қара орамалдың» тігісін жазып, табиғатын ашуға төзімім жетер емес бұдан әрі…
Жалпы, Ғалым Жайлыбайдың поэмалары ар­хивтік материалдарға көз жасын, жүрек қа­нын, сезім селін құйған, өткенге бүгіннің сана­сымен баға берген, заң тілімен айтсақ, сұм­пайы саясаттың «сот үкімдеріне» аппеля­ция­лық қатаң талаптар жолдаған деректі дү­ниелер. «Киікқашқан» да, «Ақ сиса» да солай, тұтас тетралогияның тараулары.
«Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні» – қазақтың аяулы ақыны Ғалым Жайлыбайдың «Есіл ағады» кітабы қазіргі ұлттық әдебиеті­міздің құндылықтарының қатарына қосылған толымды туынды, бәйгеден маңдайы жарқы­рап келетін ардакүреңнің тұқымы.
«Көз алдымда көктем боп тұрған елес,
Назға мені бөлеңдер,
Сазға мені –
Ақ қағазға жазғаным жыр ғана емес,
Жаратқанның маңдайға жазғаны еді» (152-бет) – дейді Ғалым дос ағынан жарылып. Жарат­қан жар болсын саған!

ШаҺизада ӘБДІКӘРІМОВ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір