Қара өліммен» күрескен қазақ қызы
Күлжахан ӘМІРБЕКОВА,
обаға қарсы күрескен
алғашқы қазақ қызы:
Күлжахан Әмірбекова – Алматы облысы Балқаш ауданының Бақанас обаға қарсы күрес бөлімшесін 35 жыл басқарған алғашқы қазақ қызы. «Қара өлім» деп те аталатын аса қауіпті індетпен ұзақ уақыт аянбай күресу денсаулығына кері әсерін тигізбей қоймапты. Әйтсе де, күні кеше ғана сексеннің сеңгіріне шыққан қарияның санасы ояу, сезімі сергек. Мерзімді басылымдарды үзбей оқиды. Абайдың барлық өлеңін жатқа біледі.
– Күлжахан апа, өзіңіз бірталай жыл басқарған Бақанас обаға қарсы күрес бөлімшесі қай кезде құрылды?
–1948 жылы Балқаш ауданы Көкөзек аулының халқы шетінен қырыла бастайды. Неден өліп жатқандарын ешкім білмейді. Содан Мәскеуден мамандар келіп тексеріп, осында сексеуілдің арасында жүретін құм тышқандарының обамен ауыратынын, яғни бұл жер – обаның табиғи ошағы екенін анықтайды. Шұғыл шаралар қолға алынады. Алайда обаны тоқтатпақ болып келген дәрігерлердің бәрі ауру жұқтырып, қайтыс болады. Сол уақытта КСРО-ны басқарып тұрған И.В.Сталин: «Халқы аз, құмды, шағын жер екен. Тікұшақпен төбесінен ұшып өтіп, жанармай шашып, өртеп жіберу керек. Әйтпесе оба жан-жаққа тарап кетеді», – дейді. Сонда Николай Николаевич Жуков-Вережников дейтін мәскеулік микробиолог-иммунолог ғалым азаматтық һәм батылдық танытып, Сталиннен өзін сонда жіберуін сұрайды. Өрттей өршіп тұрған обаны тоқтатқан – міне, осы кісі. Өкініштісі, ерлікпен пара-пар бұл ісі жайлы өте аз жазылады. Өзім кейін Бақанас өлкетану мұражайына суретін қойдырттым.
Әлгінде айтқан жағдайдан кейін, 1950 жылы 1 қаңтарда Бақанас обаға қарсы күрес бөлімшесі ашылады.
– Оба індетіне қарсы күрескен алғашқы қазақ қызы екеніңізді көптің бірі білсе, бірі білмейді. Осынау қиын да қауіпті еңбек жолыңыз қалай басталған еді?
–Мен 1938 жылы Қытай жерінде дүниеге келдім. Атам Кәрібай зұлмат жылдары қуғын-сүргінге ұшырағасын әкем 1932 жылы бауырларымен Қытайға өтіп кеткен. 1943 жылы соғыс жүріп жатқанда елге оралады. Алайда басшылар кезінде Қытайға өтіп кеткені үшін туған өлкесі Нарынқолда қалдырмай, Еңбекшіқазақ ауданына жер аударады. Әкем 1946 жылы, анам 1951 жылы қайтыс болды. Жетім қалған маған анамның құрбысы, Күләйім дейтін көрші апа қамқор болды. Балалық шағым Еңбекшіқазақ ауданының Қайрат деген ауылында өтті. Осындағы төртжылдық мектепте, әрі қарай Ақшидегі жетіжылдық мектеп-интернатта оқыдым. Сосын Қаракемердегі онжылдық мектеп-интернатты «өте жақсы» бағамен аяқтап, 1958 жылы Алматыдағы Қазақ Мемлекеттік медициналық институтының санитарлық-гигиеналық факультетіне оқуға түстім. 1964 жылы оқу орнын бітіріп, сол жылдың тамыз айында Қазақ КСР Денсаулық сақтау министрлігінің жолдамасымен Мәскеуден басқарылатын Бақанас обаға қарсы күрес бөлімшесіне жіберілдім. Дәрігер-бактериолог болу үшін алты ай маманданудан өту керек екен. 1964 жылдың 1 қыркүйегінен 1965 жылдың наурызына дейін Алматыдағы Ортаазиялық ғылыми зерттеу Обаға қарсы күрес институтында қосымша білім алдым. Бақанасқа оралғасын басшылық мені Талдықорған облысы Ақсу ауданындағы «Люкқұм» эпидотрядының бастығы қызметімен екі жарым айға қырға іссапарға жіберді. Келсем, басшылық мені 1965 жылдың 12 маусымынан бөлімшенің бастығы етіп тағайындап қойыпты. Менен бұрын, менің кезімде болған бастықтар да, дәрігерлер де тек орыс ұлтынан және ер-азаматтар еді. Өйткені бөлімшеміз жартылай әскери тәртіппен жұмыс істейтін. Мен келгесін бұрынғы бөлімше бастығы Н.Куница мен бакзертхана меңгерушісі Г.Куница басқа жаққа ауысып кетіп қалды. Бақанас сияқты жол да, су да, жарық та, газ да, телефон да жоқ жерге қандай дәрігер тұрақтасын? Мұнда штат бойынша 60 адам жұмыс істейді екен. Оның 4-еуі – дәрігер, 4-еуі – зоолог. Сол 60 адамның үшеуі ғана қазақ. Қалғандары – неміс және орыс ұлтының өкілдері. Мен төртінші қазақ және оба дертімен күрескен алғашқы қазақ қызы болдым. Бөлімше бастығы ғана емес, бакзертхана меңгерушісі де, дәрігер-бактериолог та болып жұмыс істеуіме тура келді. Себебі жаңадан қабылданған екі дәрігер Иркутскіге мамандануға жіберілді. Сонымен бөлімшені 35 жыл басқарып, 1998 жылы зейнетке шықтым.
– Әлі де аяғынан қаз тұра қоймаған бөлімшенің жұмысын бір ізге салу, басқару жас қыз үшін қиынға соқпады ма?
– Ол кезде ауылдың тұрғын үйлері де, зертхана да, өзге ғимараттар да ескі болатын. Жол жоқ болғасын құрылыс материалдарын жеткізудің өзі қиын. Сол себепті ғимараттардың барлығы ескі ағаштар мен саман кірпіштен салынған. Зертхананың төбесінен ұдайы су тамшылап тұрады. Бактериялық бокс өте шағын бөлмеде (3х3) орналасқан. Онда 37 градуста қызып тұрған төрт термостатпен жұмыс істейміз. Әрқайсының астында екі-екіден керосин шам үздіксіз жанып тұрады. Аядай ғана бокста 8 керосин шамның көк түтініне обаның микробын өлтіретін лизол дейтін дезинфекциялық құралдың иісі қосылып, адам төзгісіз жағдай қалыптасатын. Амал жоқ, сол бөлмеде 7-8 сағат жұмыс істеуге тура келетін. Өйткені басқа дәрігер-бактериолог жоқ. Тексеретін материал өте көп. Оның үстіне, сол материалдардан күніне обаның 10-15 микробы табылатын. Әрі қарайғы шаруа тіптен көп. Күндіз терезеден түсетін жарықпен бәріне үлгеруге тырысатынбыз. Оның үстіне, су да, электр жарығы да, газ да жоқ болғандықтан барлық жұмыс қолмен істеледі (сексеуіл тасу, көмір түсіру, от жағу т.б.). Ауылда кешкі сағат 8-ден түнгі 12-ге дейін движокпен жарық беретін. Соны пайдаланып, кешке әкімшілік жұмыстармен айналысатынбыз. Тынымсыз да қажырлы еңбектің арқасында бөлімшеміздің материалдық жағдайын да, қызметкерлердің тұрмыс жағдайын да бірте-бірте жақсартып алдық. Сосын білім деңгейі жоғары, білікті мамандар шоғырланған біздің бөлімше өзі деңгейлес бөлімшелер арасында «үлгі» деп ерекше аталатын.
– Өзіңіз басқарған 35 жылдың ішінде обаға шалдыққандар болды ма?
– 1948-1949 жылдары Балқаш ауданындағы талайдың өмірін жалмаған оба қырғынынан кейін 1989 жылы осы індетке тағы бір адам шалдықты. Бұл жердегі оба ошағы өте қауіпті, ауру тез таралатынына қарамастан жергілікті тұрғындардың қауіпсіздігін сақтап-ақ келген едік. Әр жылдың 5 мамырынан бастап қырда 12 зоотоп құрылып, онда 120-ға жуық адам жұмыс істейтін. Топ мүшелері Балқаш, Күрті аудандарының аймағын түгел тексеретін. Жұмыс қолы жетіспейтіндіктен Талдықорған, Текелі қалаларынан, Бақанас аулынан жұмыссыз жүрген адамдарды жұмысқа алатынбыз. Сондай тышқан аулаушылардың бірі – Текелі қаласынан келген 53 жастағы Сорокин деген кісі 31 мамыр күні түстен кейін өкпе обасына шалдығу қаупімен өзіміздің «МИ-2» тікұшағымен Бақанасқа жеткізілді. Әуежайдан жеке көлігімізбен бөлімшеге әкелді. Оба диагнозы клиникалық белгілеріне қарамастан бактериологиялық анализден оба микробы табылғаннан кейін ғана қойылады. Диагноз 1 маусым күні түнгі сағат 3-те қойылды. Оның үстіне, Сорокин бұрын туберкулезбен ауырыпты, өкпесі өте әлсіз. Дереу жеке бокста өкпе обасынан емдеуге кірістік. Ал оның маңында болған 23 адамның бәрі изоляторға жатқызылып, профилактикалық ем қабылдауға кірісті. Олар – науқаспен бірге жұмыс істегендер, оны тікұшақпен Бақанасқа жеткізген ұшқыштар, әуежайдан бөлімшеге әкелген көлік жүргізушісі, қақпаны ашып, ішке кіргізген күзетші, емдеуші дәрігерлер, көлік аулаға кіргенде сол жерде болған, жүргізушімен сөйлескен, Талдықорғаннан келген басшылар. Таңертең сағат 7-де облысқа, ҚазКСР Денсаулық сақтау министрлігіне хабарладық. Сөйтіп, ауданда төтенше жағдай жарияланып, індетке қарсы комиссия құрылды. Мен өкпе обасы ауруы ошағының бастығы болып тағайындалдым. Аудан көлемінде мұнда адамдардың белгілі мақсатсыз кіріп-шығуына шектеу қойылды. Бұл іс милиция бөліміне жүктелді. Тиісті қызметкерлердің өз жұмысына, берілген тапсырмаларға ерекше жауапкершілікпен қарап, оларды мүлтіксіз орындауларының арқасында обаны ауыздықтадық. Сорокиннің құлан таза айығуы өте сирек кездесетін жағдай болды. Ол кезде өкпе обасына шалдыққан адам тірі қалмайтын. Оның үстіне, науқаспен бетпе-бет жолығып, араласқан 23 адамның бірде-біреуі ауырмай аман қалды. Сорокин әбден жазылып, оба микробынан толық тазарғасын бір айға созылған карантин аяқталды. Сосын Сорокинді аудандық ауруханаға жатқызып, он күндей ағзасын қуаттандыратын ем-дом жасап, үйіне қайтардық. Бұл біз үшін ғана емес, еліміз үшін де үлкен жеңіспен тең болды.
– Кейін Сорокинді көре алдыңыз ба?
– Өзім көрген жоқпын, бірақ кейін 2-3 рет бөлімшеге келіп, менің фамилиямды атап, қайта-қайта алғысын айтып кетіпті. «Сап-сау», – дейді сонда көргендер.
– Аса қатерлі індетпен сан жылдар талмай күресу денсаулығыңызға әсер етпей қоймады ма?
– Мен 37 жасымда инсульт алғанмын. Сосын қан қысымым жиі көтеріледі. Отыз бес жыл әлгінде айтып өткен лизол дейтін өте күшті, иісімен дем алғанда зиянды заттары сыртқа шықпай, ағзада жинала беретін дезинфекциялық құралмен жұмыс істедім. Соның салдарынан пневмосклероз ауруына шалдықтым. Ұстамалы сәттерде ауа жетпей тұншығып қаламын. Балаларым 2-3 ай сайын ауруханаға жатқызып, емдетіп тұрады. Ал менімен бірге жұмыс істеген ер дәрігерлердің көбінің өкпесін лизол жеп қойып, ерте қайтыс болды.
– Осындай жанкешті еңбегіңіз, нәтижелі еңбегіңіз жоғарғы басшылық тарапынан қалай бағаланды?
– Сорокинді емдеп жазғаннан кейін, сол жылдың күзінде Мәскеуден комиссия келіп, мені Социалистік Еңбек Ері атағына ұсынатын боп кеткен. Өйткені өкпе обасына шалдыққан науқасты КСРО бойынша емдеп жазған біз ғана болатынбыз. 1990 жылы қайта құру басталған соң, Мәскеумен арамыз үзіліп қалды. Бөлімшеміз Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігінің қарамағына көшті. Содан бәрі аяқсыз қалды. Өз әкімшілігіміз мені Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері атағына екі рет ұсынған, екеуінде де бермеді. Ондай атақ алу үшін өндіріс нәтижесі керек екен. Мен жоғары нәтижемен мақтанатындай диқан не фабрика-зауыт жұмысшысы емеспін. Бізде адамдардың еңбегін осылай санмен бағалайтыны өкінішті. Алайда ешкімге өкпем жоқ, өзге атақтарым жетерлік. Мен – өмірде де, еңбекте де бағы жанған адаммын.
Сұхбаттасқан
Мәдина СЕРІКҚЫЗЫ