БАЙЗАҚ БАТЫР КЕСЕНЕСІ 100 КИЕЛІ НЫСАН ТІЗІМІНЕ ЕНДІ
«Қазақстанның жалпыұлттық киелі орындары» жобасы тағы бір тарихи нысанмен толықты. Еліміздегі тарихи-мәдени ескерткіштердің бірі – Байзақ батыр кесенесі аталған жоба аясында Қазақстанның 100 киелі нысанының тізіміне қосылды.
Киелі Әулиеата өңіріндегі халықты отырықшыландыруға көп күш жұмсаған Байзақ Мәмбетұлы Қоқан хандығы мен Ресей империясына қарсы ұлт-азаттық көтерілісті ұйымдастырушы ретінде тарихта қалған кесек тұлға. Байзақ Мәмбетұлы датқа Қоқан отаршыларының айтқанына көнбей, қазақтардың мүддесін қорғай отырып, тәуелсіз саясат жүргізуге ұмтылады. Отаршыларға қарсы күресте Кенесары Қасымұлының сенімді серігі ретінде әйгілі болады.
Тарихи нысанға инфрақұрылым тартылып, туристік аймаққа айналдыру бағытында бірқатар жұмыстар қолға алынып жатыр. Сондай-ақ, кесене маңын жарықтандырып, айналасын қоршау жұмыстары да жүргізілді.