«Жарнама» аман болсын…
Өріс ЯШҮКІРҚЫЗЫ
Сіздер қалай емделесіздер осы? Мысалы мен, ауырып, бар жиған-тергенімді сол дәрігерлерге жиып-теріп беріп жүрсем де оңған емеспін. Сіздер де сөйтіп жүрген шығарсыздар. Бекер. Одан да телеарнадағы жарнамаға қараңыздар, Жаныңа керектің бәрі осында.
Біздің денсаулық сақтау саласында бірде көл, бірде шөл ғой. Көлдей дейтінім – тегін қызметтері бар. Жоқ емес. Бірақ брактары көп. Ақылы қызметтері де жақсы. Бірақ, мұнда да не то… Ал, жарнамаға қараңыздаршы. Айналып кетейін, мұнда бәрі бар ғой. Менің жанымды осы жарнама алып қалып жүр. Ауыра қалсам дереу жарнамаға қараймын. Құдай-ау, басың ба, бүйрегің бе, бауырың ба, жүрегің бе, аяқ-қол, тізең бе, дене мүшеңнің қай жері ауырады, сол жердің дәрісін «ала қой» деп тұрғаны. Дәрігерге барудың қажеті қанша? Олар сені жүгіртпейтін жерге жүгіртеді. Мысалы, учаскелік дәрігерге көріну үшін бір күн бұрын міндетті түрде тіркелу керек. Тіркелетін орында алдындағы шұбыртпа кезектен өту тұр. Мұнда тұратындар кімдер? Кілең кәрі-құртаңдар, мүгедектер, зейнеткерлер, сосын студент-жастар. Осында кезекте тұрып-ақ, сөз жоқ ауруыңа ауру қосып аласың. Коммунизмге сәл жете алмай қалған азаматтармыз ғой. Қарапайым мәдениеттің қағидасы қолға бет орамал алып жүруді де біле ме, екенбіз біз, десейші?!.
Жөтелгің келді ме, қасыңдағы кісіге «зияным тиеді-ау» деп ойламайды. Саған тура қарап тұрып, өкпесі жыртылардай «Қаққ! ы ..ық! Қа- қақ!! Қиқ!» – деп түкірігін өзі шала жұтып, тұншығып жатқаны. Түшкіргісі келсе де сондай. Мұрны жыбырлап, көзіне жас ала «Әһ!..-ӘҺ!.. Әп!-пт- тшу!» – деп түшкіре салады. Еш қысылмайды. Ауруыңа ауру қосып, сен де көзің қызарып, түшкіріп тұрғаның…
Өліп-талып жеткен дәрігер кабинетінің алды тағы кезек. Кешегі тіркеу алдында кезекте тұрған мүсәпірлерді қайта көресің. Кезек күтуден қалжыраған қарттар кейде жүрегі қысылып, сол жерде талып та жатады.
Осыдан соң жаның қысылғанда «ең болмаса кезек күтпейсің ғой» деп ақылы қызмет көрсететін медициналық орталықтарға баруға мәжбүрсің. Тек қалтаң қалың болса, болғаны.
Ақылы болған соң көрсетілетін қызмет соған сай болуы керек емес пе. Дәрігердің алдына бару үшін жаз болсын, қыс болсын аяғыңа құны 40 теңгелік бақила киюің керек. Оны босағадан сатып аласың. Ауруыңның түріне қарай қабылдайтын дәрігер жоғары санаттағы дәрігер болса, жоғары төлем кемінде 6500 теңге. Ауру қабырғаңа батып тұрған соң бұл төлемге келісесің. «Еще не все» дейді ғой орыстар. Шимайлап жазылған жеті-сегіз қағазды қолыңа ұстатады.
– Мына анализдерді тапсырып келесіз. Содан соң барып ем басталады.
– Бүгін іше тұруға дәрі жазып бермейсіз бе, аяғымды әрең басып тұрмын, – дейсің сен бейшара хәліңді көрсетіп… Дәрігер бойыңа, киген киімің мен жалпы сықпытыңа бажайлап қарап алады да:
– Сіз қай заманның адамысыз? Анализдеріңіз анықталмай қалай ем-дом жасалады?!
– Мына жүректі қайтем?
– Сіздің жүрегіңіз ауырып тұрған жоқ. Оның себеп-салдары мүлде басқа ауруда. Сондықтан мына анализді тездетіп тапсырыңыз.
Шимайланған қағаздағы тапсырылатын анализдің түрлеріне миың жетпейді. Лейкоцит, эритроцит, гемоглобин, гематокрит, тромбоцит, тромбокрит, нейтрофил, лимфоцит, моноцит, зозинофил, базофил, мочевина, креатина, холестерин, билирубин, глюкоза, натрий, калий, кальций, белок, кетон, альфа-амилаз, фосфат т.б толып жатыр. Бұл да ақылы. Қаныңдағы бүкіл химиялық затты тексеру оңай ма. Мұның төлемі 25-30 мың теңгені көрсетеді.
Жан керек пе, анализдерді тапсырасыз. Дәрігерлер соны біліп отыр емес пе. Қолыңа шимайланған анализдің нәтижесі дәрігерге екінші рет қайтара кіруің сәл арзан – 4500 теңге.
Барлық анализдерді қарап отырып, былай дейді дәрігер:
– Жүйке ауруының дәрігеріне қаралу керек сізге. Ол кісі Сізге өз ем-домын жазып береді.
– Айналайын, жүйкем тыныш. Оған шағымым жоқ.
Менікі жүрек ауруы ғой…
– Қазіргі бүкіл ауру жүйкемен байланысты. Осыны адамдарға қанша айтсаң да түсінбейді.
– Енді бүгін іше тұруға дәрі жазып бермейсіз бе?
– Жүйке дәрігері қарап, анализ жасайды. Содан соң барып… Ол тағы да бірнәрсе шимайлайды. Шимайлаған қағазды қолыңа беріп:
– Мына қағазды жүйке ауруының дәрігеріне бересіз.
Осы кезде әрмен қарай жүруге шамаң жетпей, емхана дәлізіндегі орындыққа сылқ ете қаласың.
Дәрігердің есіктерін жағалағанға бір апта өтті. Ал, ақша болса судай ағып жатыр. Қабылдап жатқан ем-дом әлі жоқ. Жүрегің атқылап ол тұр. Міне, тып-тыныш жатқан жүйкең осы жерде барып қозғалады.
Жүйкенің дәрігері жоғары санаттағы дәрігер болса қабылдауы тағы да 6500 теңге. Жаннан аяйтын ешнәрсе болмай қалады. «Қойшы, бастадым ғой ақыры тексерілейін» деп кабинеттің есігін ашып, рұқсат сұрап ішке кіресің. Онда отырған жас келіншек пе, қыз ба ұялы телефонымен сөйлесіп отырады. Көңіл-күйі жақсы. Аржағындағы сөйлесіп отырған адам бір жерге шақырып отырса керек, бұл:
– Машинамен… Дәрігердің жарымсыз ақшасына кім машина ала алады?, – дейді. «Аһа, дейсің сен мұны тыңдап отырып, әр аурудан бір қабылдағанда 6500 теңгеден күніге кассаға қанша ақша түсіп жатыр»?.. Нөпір ауру – мынау. Оны кім алады, сендер алмай! Ойыңды дәрігер қыз бөледі. Қолында кішкене балғасы.
Тізеңе соғады, білегіңе соғады. Көзді қарайды. Жоғары-төмен, оң жаққа, сол жаққа, қиғаш. Бітті. Шимай қағазды бұл қыз да жаза бастайды. Сөйтеді де оны ұсынып жатып:
– Сізге көз дәрігеріне қаралу керек.
– Айналайын-ау, Сіздерге не болған? Менің тіпті көзім ауырмайды ғой. Ақылы емхана дегенің бір-біріне әдейі сілтеме жасай ма осы?… Жүрегім ауырып еді, жүйкеге жіберді, жүйке мынау, көзге жіберіп отырсыз. Не деген пәле бұл!? Екінші апта жүрмін сүйегімді сүйретіп…
– Сіз ашуланбаңыз. Тексерілмесеңіз өзіңіз білесіз. Ол сіздің шаруа. Көзіңіз ауырады. И все.. Сенің бәй-жәйіңе қарайтын дәрігер жоқ, қайта өзіңе ашуланып, тағы бірнәрсені шимайлады.
– Бүгін іше тұруға дәрі жазып бермейсіз бе?
– Көз дәрігерінің заключениесінен кейін берем. Мынаны көз дәрігеріне бересіз. Басқа сөзге келмей, тілдей қағазды ұсынады.
Жүйке дәрігерінен шығып тұрып, жындыханаға түсіп кете жаздайсың. Өз-өзіңді сабырға шақырғың келеді. Болмайды. Жолай дәріханаға соғасың да ешкімнің нұсқауынсыз, жаныңды тыныштандыратын дәріні алып, сол жерде-ақ таңдайға атып ұрасың.
Ертеңіне көз дәрігеріне жорық басталады. Қабылдауы үшін тағы да 4500 теңге. Қолымдағы қағаз бір бума.
Кірдің. Отырдың. Алдыңда аппарат. Дәрігер аппартқа көзіңді былай салады, олай салады. Салып отырып айтады:
– Сізде көздің қысымы жоғары… Зобпен ауырған жоқ па едіңіз?
Тағы бір дәрігерге сілтей ме деп қорқып:
– Жо-жоқ! Құдай сақтасын. Ол қандай ауру еді? – дейсің.Ол үндемейді. Бірақ шимай қағазды ол да жаза бастайды.
– Сізге бәрібір де, эндокринологқа тексерілу қажет…
Тағы да ақша төлеп эндикринолог дәрігерге келесіз.
– Иә. Сіз де аздап зоб бар сияқты. Сіз УЗИ-ға түсесіз. Зоб тексертетін аппарат пәлен деген диагностикалық орталықта бар. Соған алдын ала жазылып, тексерілген нәтижені алып келесіз…
Мен сияқты қан қысымы жоғары адам, әй, мұндай шөре-шөрені көтере қояр ма екен? Іштегі ашуды қалай басу керек. Арақ ішетін адам болсам, бір бөтелкесін қопарар едім. Дірілдеген күйі далаға шығамын. «Қап, мыналарды-ай, ә! Әй, неге үйде отыра бермедім. Үш аптадан бері емсіз де жүрдім ғой…Өлгенім жоқ.
Жан керек пе жылжисың.
Диагностикалық Орталыққа барып, аппаратына түстім. Ол қызметке де пәлен мың теңге кетті.
Бұдан соң эндикринологқа, одан соң, көз дәрігеріне, жүйке дәрігеріне, жүрек дәрігеріне қайыра сапар шегілді. Қайта барғанда да қабылдау үшін әрқайсысына 3500 теңгеден төленді. Қорытынды емді берген жүректің дәрігері былай деді:
– Айттым ғой мен сізге, жүрегіңіз мүлде ауырмайды. Барлық ауру жүйкеде. Остреохондроз бар. Көзіңіз де нашар. Аздап зоб бар.. Әзірге мына емді бір ай бойына, екінші емді жарты ай, үшінші емді тағы жарты ай, содан соң жарты жылдан кейін қайта келесіз…
«УҺ!» – дедім мен де. – Енді ешқандай емхананың да есігін ашпаспын». Міне, осылай, сөзімде тұрып келем. Емханаға содан бері барған емеспін. Ешкімге баруға да кеңес бермеймін. Одан да жарнама жақсы.
«Айналайын жарнама, жаным менің» деп отырам. Біреуінен жазылмасам, екіншісін алам. Сиқыры бар ма, алмасыңа қоймайды ғой. Миыңа құяды-ау келіп. Ең бастысы жүйке тоздырмайсың. Және бар ғой, не деген керемет десейші. Бір дәрің тоқсан тоғыз ауруға ем ғой. Сенбей көр. Өзің жақсы көретін жұлдыздар, әртістер, әншілер мен актерлер, қысқасы «мен мынаумын» деген өнер падишалары бәрі қажет деген дәрілерді майын тамызып, насихаттап тұрған жоқ па.
Ендеше, «Жарнама» аман болсын!