«ДЕБЮТТЕН» ҚАНАТ ҚАҚҚАНДАР
Жуырда Алматы қаласындағы «Арман» кинотеатрында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ-ның «Дебют» шығармашылық-өндірістік бірлестігі түсірген 2017 жылғы қысқаметражды фильмдердің арнайы көрсетілімі өтті.
«Шырғалаң»
Көрсетілім аясында Берік Жахановтың «Асан», Жандос Еспенбетовтің «Шырғалаң» / «Жұт», Ален Рахметалиевтің «Соңғы мұғалім», Арман Баймұратовтың «Өзгеріс» және Венера Қайыржанованың «Тығылмақ» атты туындылары көрермен назарына ұсынылды.
Бұған дейін «Еркек» қысқаметрлі фильмімен бірқатар Халықаралық және Республикалық кинофестивальдердің жүлдегері атанып, режиссерлік біліктілігін дәлелдеп үлгерген Берік Жахановтың «Асан» атты кезекті туындысы «Роуд-муви» жанрында түсірілген. Демек, фильмдегі оқиға жол үстінде өрбиді.
Фильм режиссері бала кезінде отбасын тастап кеткен әкесінің қазасы жайлы хабар алған жасөспірімнің ішіндегі өкпе, ыза, сағыныш, қайғы, сүйіспеншілік сезімдерінің өзара арпалысуын кино тілі арқылы суреттеп, кейіпкердің катарсисқа жету жолын өң мен түстің, өткен мен бүгіннің алмасуы арқылы әсерлі жеткізген. Ал, кеңістікті ұтымды пайдаланып, кейіпкер жан дүниесіне камера көзі арқылы үңілген оператор Шерхан Таңсықбаев пландар мен ракурстарды үйлесімді алмастырып фильмнің мазмұнын дыбыстық қатардың көмегінсіз аша түскен. Сондай-ақ, сәтті таңдалған Азат Жұмаділ, Ұлан Нүсіпәлі, Лиза Серікова, Рүстем Жанаманов сынды актерлер, өз рольдерін шынайы сомдап шықты.
Бұл фильм арқылы кәсіби біліктілігін дәлелдеген дарынды режиссердің келесі жұмысы толықметрлі болады деп үміттенеміз.
Көрермен назарына ұсынылған кезекті туынды бір үзім нан мен бір жұтым суға зар болған дала қазағының қасіретін экран арқылы жеткізген Жандос Еспенбетовтің «Шырғалаңы». Тарихи жанрда түсірілген бұл туынды өткен ғасырдың 30-шы жылдары ел басына төнген нәубет – ашаршылық жайында. Халықтың қасіреті мен заман келбетін таспалаған фильм толығымен қара-ақ түсте түсірілген. Идеясы мен көркемдік шешімі ұтымды болғанына қарамастан, фильмдегі пафосқа толы актерлық ойын, нанымсыз жасалған грим, кейіпкерлер үстіндегі костюмдер фильмді кинодан алыстатып, театрға жақындатып жіберді. Сондықтан режиссердің әлі де болса біліктілігін арттырып, ізденгені жөн болар…
«Соңғы мұғалім»
Ален Рахметалиевтің «Соңғы мұғалім» атты фильмі де өзекті тақырыптардың біріне арналған. Мұғалім мен оқушы арасындағы ізеттілік пен сыйластықтың жойылып, трансформацияға ұшырағанын көрсетеді. Режиссер өз фильмі арқылы бүгінгі күннің «білімді болмасаң да, білекті бол» деген ұстанымын көрсеткісі келген. Фильм идеялық, драматургиялық, актерлық ойын тұрғысынан ортаңқол туынды ғана болып қалған. Шикі тұстары көп.
Режиссер Арман Баймұратовтың «Өзгеріс» атты қысқаметрлі фильмі үлкен қаладағы төрт қабырғаға қамалған қарттың бір күнін баяндайды. Үйдің іші ыс болып кетеді деп бауырсақ пісіруден бас тартып, мұражайдағыдай әсем заттарға қарап риза болатын жұбайын түсінбейтін ол кең жазық далада еркін жүретін көшпендінің өмірін аңсайды. Жанды дауыста ән тыңдап, табиғатпен үндестікте өмір сүруді армандайды. Шыдамы таусылған қарт күндердің күні барлығына қолын бір сілтеп, өз өмірін өзгертуге бел буады.
Детальдарға көп мән берген фильмдегі пландар мен кадр композициясы, жоғарыдан төмен алынған ракурстардың ұтымдылығы, түстердің үйлесімділігі оқиға атмосферасын жіті сезінуге жетелеп, мазмұнын тереңдете түскен. Тамырымыздан ажырап, салт-дәстүрімізді ұмыта бастаған бүгінгі қоғамды бірлік пен достыққа, мейірім мен ынтымаққа шақырып, жүрегіңе жылылық сыйлайтын мұндай фильмдердің ауадай қажет екендігі хақ.
«Тығылмақ»
Ал, Венера Кайыржанованың «Тығылмақ» фильмі араққа салынған әкесінің кесірінен жоқшылық көріп өскен Аружан есімді қыз жайлы. Ол қатыгез өмірден тығылуға болатынына сенді…
Бүгінгі қоғамның дертіне айналған ішімдік мәселесі мен оның зардабы жайлы фильмдер жоқ емес. Десек те, режиссер Венера Қайыржанова аталған тақырыпқа жаңа көзқараспен, қыз баланың көзімен қарауға талпыныс жасаған. Бұл шешім қазақ экранында көптен көрінбей кеткен кейіпкер – қыз баланы қайта оралтты.
Жас баламен жұмыс істеу, оны экранда шынайы ойната білу екінің бірінің қолынан келе бермейтін шаруа. Осы ретте экран алдында отырған көрермен қауымның шынайы жанашырлығын тудырып, көзайымына айналған Сұлтана Бектасованың нанымды ойыны актер тарапынан да, режиссер тарапынан да жоғары бағаға әбден лайық.
Фильмнің идеясы өзекті, көтерген тақырыбы да ауқымды. Драматургиялық тұрғыдан да (тартыс, сюжет, композиция, т.б.) фильм заңдылықтарына сай. Таңдалған дыбыстық қатар да туындының атмосферасын тереңдете түскен. Алайда, анасы мен әкесінің өзара ұрыс-керістері мен ішімдік ішіп отыратын сахналарын кино тілінде маңызы бар детальдар мен символдар арқылы жеткізген абзал болар еді. Себебі, сахнадағы қойылымдарға тән көріністер фильмді тым созып, кино тіліне аса мән бермейтін телехикая дәрежесіне түсіріп жіберген.
«Шырғалаң»
Көрсетілімнен кейін Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ-ы «Дебют» шығармашылық-өндірістік бірлестігінің жетекшісі Анар Қашағанова мен аталған бірлестіктің көркемдік жетекшісі Дәрежан Өмірбаевтың, жас режиссерлердің қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті.
Бірлестік жетекшісі Анар Қашағанова көрсетілімнің басты мақсаты – жас режиссерлердің жұмыстарын қолдау әрі ынталандыру, өскелең кинематографистердің дебюттік фильмдеріне қызығушылық арттыру екенін айтты.
– «Дебют» шығармашылық-өндірістік бірлестігі жыл сайын еліміздегі кинематография саласын бірқатар жаңа есімдермен толықтырып жүр. Біздің бірлестікте түсірілген қысқаметражды фильмдер халықаралық кинофестивальдерде лайықты бағасын алып, марапаттарға қол жеткізіп жатыр. Мысалы, «Асан» және «Тығылмақ» фильмдері мамырдың 8-і мен 19-ы аралығында Францияда өткен Халықаралық Канн кинофестивалінің Short Film Corner бағдарламасы аясында көрсетілді. «Тығылмақ» фильмі жақында ғана өткен «Еуразия» және «Ертіс синема» кинофестивальдерінде де бақ сынады, – деді Анар Қашағанова.
Сондай-ақ, мәдени іс-шара барысында сценарийлер байқауының биылғы жеңімпаздар тізімі жарияланды.
Байқауға 80-нен астам өтініш түсіп, іріктеу комиссиясы оның 10-ын таңдап алған. Нәтижесінде Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ-ы «Дебют» шығармашылық-өндірістік бірлестігі төменде көрсетілген он қысқаметражды фильмдердің авторларымен келісім жасасты:
«Статусы: бос емес» (реж. Мәди Балжанов), «Жұлдыздар» (реж. Бексұлтан Әнуаров), «Пайдасыз жаратылыстар» (реж. Жәнібек Мұртазин), «Домбыра» (реж. Рамазан Халиолла), «Жюль Верн туралы емес» («Сары көйлек», реж. Талғат Әбішев), «Муза» (реж. Арман Қайыржан), «Қос ағаш» (реж. Рахымжан Қалдыгөз), «Тиын» (реж. Мұрат Есжан), «Тамыз» (реж. Жандос Кұсайынов) және «Тыныштық әні» (реж. Бағлан Кұдайберлиев).
Дана ӘМІРБЕКОВА,
кинотанушы, М.Әуезов атындағы
Әдебиет және өнер институтының
ғылыми қызметкері