Бір кемедегі төрт кісі
17.08.2018
1237
0

 

Халдун ТАНЕР


Халдун ТАНЕР – түрік жазушысы. 1915 жылы Стамбул қаласында дүниеге келіп 1986 осы қалада көз жұмды. Қаламгерлік жолын алғаш түрік театрларына пьеса жазудан бастаған. Журналист әрі лектор.
Әкесі Ахмед Салах, соңғы осман парламентінің мүшесі, жазумен шұғылданып, лекциялар оқып елдегі зиялылардың тәуелсіздігін қолдаған. Халдун әкесінен бес жасында қалып, шешесі мен атасының қолында өскен.
Гейдельберг университетінің саяси ғылымдар факультетін 1938 жылы бітірген.
1950 жылы Стамбул университетінің әдебиет факультетін бітірген. 1950-54 жылдары Өнер университетінің тарихы курсында ассисент болып, сабақ берген.
Ең алғашқы әңгімесі 1946 жылы «Yedigün» журналында «Töhmet» («Бақай есеп») деген атпен жарияланған.
1955 – 1957 жылдары Вена қаласындағы театр академиясында оқып, қаладағы кей театрларда режиссердің ассисенті болған.
1957 жылы Туркияға оралып, Стамбулдағы журналистика университетінде әдебиет мен өнер тарихын, Анкарадағы Тіл әдебиет университетінде театр тарихын оқыған.


Палубадағы сығырайған аспа шамның мұңлы жарығында төрт кісі – ақсары келіншек, үстінен шикі еттің иісі мүңкіген қасапшы, жалтыр бас профессор және ау­зына трубка тістеген жас жігіт тұр.
Төртеуі де жолаушылар кемесі­нің соңғысынан кешігіп қалып, мына шала ұйқылы капитанның айт­қан бағасына келісіп, зама­тын­да бес-бес лирадан санап беріп ке­меге мінген-ді.
Шағын кеме теңіздің түнерген суын қақ жара тартып келеді. Ақ­сары келіншек аяғын айқас­тырып қойып, темекісінің түтінін аса бір кербездікпен түнгі салқын ауаға будақтата таратып келеді. Құбақан жігіттің екі көзі келіншектің дөң­ге­ленген тізесінде, ал есінен мана­ғы бардағы қыздың жұп-жұмыр бөксесі шығар емес.
Профессордың бар ойы трам­вай­да оқыған мақалада. Ал ше­міш­ке шағып отырған қасапшы саудагер жіберген соңғы есеп қа­ға­зын есінен шығарар емес. «Жа­райды, қара малды жүз елуден есеп­тесін делік, ал ана мәліш қойды немене деп жүз сексеннен жазған, ол иттің баласы?»
Түнгі аспанда жұлдыз жоқ, теңіз толқынды еді. Кеме бүйіріне соққан күшті толқындардың серпіні ара-кідік орындық бөстек­теріне дейін жетіп су жан-жаққа шашырайды. Кеме қазір Моланы мен Қаламышты артқа тастап, Адаларға қарай бет түзеген.
Ақсары келіншек тоңған болу керек, кенет орнынан тұрып, жел желпіп көтерген етегін жиып, каю­таға бет алды. Ішке кірген бойда басы айналып қоя берді. Жанар­май мен қызған темірдің иісі ара­ла­сып, қолқаны қабады. Келіншек дереу бір терезені аша сала алдына отыра кетті. Тағы бір темекі тұ­татып, түтінін сыртқа үрледі.
Чамлыжаның арғы жағынан екі зенит жарығы қап-қара ас­пан­ды тінткілеп, оңды-солды тіл­гілей­ді. Бірі оңнан, екіншісі солдан шығып, екеуі бір жерде тоқайласқанда пайда болатын көз тартар сәулелер тоғысын тама­шалау, расымен, ерекше әсерлі еді.
Ақсары келіншек сол сәуле­лер­ге сүйсіне қарап отырған, кенет бірнеше жылтырақ қоңыз секілді бірдеңе ұшып келіп теңізге түсті. Артынша тағы бірі, оның артынан екіншісі, үшіншісі осылай біріне бірі ілескен жылтырақтар толассыз жалғаса берді. Келіншек бір сәтке айналаны ұмытып, әлгі бірін-бірі қуалаған ғажайып қоңыздардың түнерген теңіз суына сіңіп, бір-бірлеп жоқ болып жатқанын көз алмай тамашалады. Аяқ астынан ойына әлгіндегі балқыған темір иісі сап ете түсіп, орнынан ұшып тұрды. Капитан каютасына кіретін есіктің саңылауынан шұбалып шыққан түтінді көргенде иманы ұшқан келіншек есіктің тұтқасына жармаса бере бет шарпыған ыстық түтіннің қақ ортасында қаратер болған капитан мен жұмысшы матростың бүкшеңдеп бірдеңемен арпалысып жатқандарын көрді. Есі кіресілі-шығасылы еді… Аздан соң өз-өзіне келген бойда «Ойбай, өрт… Көмекке!.. Өрт!» деп далаға атып шықты.
Жанұшырған дауыс палуба­ның үстін бір демде жау шапқандай қылды. Келіншек капитан каю­тасының есігін ашып кеткендіктен палубаны көк түтін басты.
Үрейленген қасапшы өзі отыр­ған бөстекті қапсырып құшақтап алған, ал профессор кемедегі жал­ғыз құтқару құралын мойнына асып үлгірген-ді.
Ақсары келіншек енді абдырап тұрып трубкасын түсіріп алған жас жігітке ұмтылды:
– Құтқарыңыз мені… Құт­қа­рыңыз­шы, мен жүзе алмаймын – деді жалбарына. Тұла бойын биле­ген үрейді жеңе алмай, аңта­ры­лып тұрған бозбала діріл аралас дауыспен
– Мен де білмейім – деп, жау­ап берді. Әйтсе де, аздап білетін. Өзін былайша жарты сағат болса да су бетінде ұстайтындай… Тек жал­ғыз басын ғана… Келіншек одан күдерін үзіп, қасапшыдан үміт­тенген. Сөйтсе, ол екі қолын көкке жайып:
– Мына қатерден аман қал­сам, дін жолына үш қой садақа берем – деп, Жаратқанға жалба­рынып тұр.
Бәрінен де профессордың халі өте мүшкіл-ді. Алайда ол өзін нағыз батыл адам санайтын. Тіпті сол күнгі сабақта Сократтың өм­ір­ге қалай мұрын шүйіре қараға­нын түсіндіргенде, қызды-қыз­ды­мен өзінің де Сократ тәрізді аж­ал­ды күлімсіреп қарсы ала алатынын айтып, осы сөзіне сту­денттерін де, өзін де иландырған.
Келіншек енді шелекпенен су алып бара жатқан жұмысшы матростың жүн басқан кеудесін қапсыра құшты:
– Құдай үшін, тастамаңыз мені, тастай көрмеңізші, өтінем.
Төрт кісі осылайша абдырасып жатқанда алдыңғы жақтан капи­танның қатқыл даусы естілді:
– Тоқтатыңдар, түге!.. Не бол­ды сонша? Кемені төңкеремі­сіңдер.
Тым қатты шыққанымен дау­сында көңілге демеу болар бірдеңе бар секілді. Әлде… Әлде өртті сөндірді ме екен? Иә, сөндір­ген­дері анық шамасы. Әйтпесе, капи­тан­ның бұларға уақыт бөлуге мұршасы болар ма, ал ана көмек­шісі шелекте қалған суды қайтадан теңізге төгер ме?
Капитан әлі бұрқылдап жүр:
– Бұлар өзі қандай адамдар, тәйірі?
Профессор капитанның үні­нен қауіптің беті қайтқанын ұқты. Жағасын жөндеп, жөткірінді; «Не болды сонша әбігерге түсіп. Дұрыс қой, сәл сабыр етелік, ағайын» демек болды. Иә, енді болмағанда тап солай демекші еді. Абырой бол­ғанда мойнын бұғаудай боп қы­сып тұрған құтқару құралы айтқызбады.
Кеме аздап дырылдаңқырап тұрды да, қайтадан бабына келіп жүріп кетті. Өз орнына барған капи­тан сыры кетсе де, сыны кет­пеген кемесі мен байбаламшы жолаушыларын сыбай берді. Бірақ оған ешкім көңіл аударған жоқ. Ұрыссын, сөксін, тіпті, ұр­сын. Аман қалды ғой, әйтеуір.
Алдыңғы жақта жұмысшы матрос жеңімен маңдайдан аққан терін сүртіп тұр. Әлгі арпалыста капитанға қарағанда соған көп күш түскені анық.
Ширек сағаттан соң бәрі қал­пы­на келді. Теңіз бетімен ескен жел палубаның үстінен ащы түтін­мен бірге құдды өлім үрейін де қуалап әкеткендей.
Палубадағы сығырайған лам­па­ның мұңлы жарығында сол ма­нағы төрт кісі. Өзді өзімен бұйық­қан әлгіндегі төртеу.
Келіншек есін әжептәуір жи­ып үлгергендей. Қолының дірілі болмаса, тіпті, темекі де шегер ме еді. Жас жігіт трубкасын қайтадан тұтатқан, бірақ енді келіншектің тізесіне қарағысы жоқ.
Профессор үйде өзін күтіп отыр­ған бәкене бойлы, томпақ әй­елі мен бүйрек бет балаларын ел­жіреп, іші-бауыры езіліп ойға қалды.
Ал қасапшы болса, әлгіндегі өзі атаған садақа құрбандықтың санын үштен екіге азайта алмай ұжданымен арбасып әуре. Оны да дегеніне көндірді-ау. Тіпті, Бүйі­ка­даның жарықтары көрінісімен, құрбандық санын екіден бірге түсіріп үлгерді. Оны да Құрбан айт мейрамында шалатын болды.
Кемеден алғаш профессор түсті. Оның артынан құбақан жігіт қарғыды да, ойнақы самба әуенін ысқырып алыстай берді. Қасап­шы­ның аяқ-қолы жерге тиер емес, балаша секіріп заулай жөнелді.
Eң артта ақсары келіншек қал­ған. Толқи теңселіп тұрған кемеден айлаққа секіріп түсуге қорқасоқтай қарады ол. Оған көмектеспек болып қолын созған киімі алба-жұл­ба, бойынан тер сасыған жұ­мыс­шы матростың қолын ұстамау үшін ебедейсіз қимылмен жағалау­ға ырғып түсіп, паңдана басып ұзай берді.

Түрік тілінен аударған
Әміржан РЫСБАЕВ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір