ҮШ КІТАП ТА МЕН ҮШІН ЖАҢА
Мен соңғы уақытта бірінен-соң бірін үш кітап оқыдым. Кітап дегенде қандай десеңізші… Олар – М.Мағауинің «Қыпшақ аруы», Т.Әбдіктің «Парасат майданы» және даңқты жазушы М.Әуезовтің «Абай жолы». Соңғыны алдыңғы екеуінен әлдеқашан бұрын бала кезде оқығанмын ғой. Демек, қайталап оқыдым. Қайталап оқуымның себебі көп. Ең бастысы есейген көңілмен оқығым келді. Ауылда сексенге қараған бір қарияның «Абай жолын» енді ғана оқып-біліп жүргенін естіп едім. Бірақ, таңғалғаным жоқ. Ал, менің білгенім – «Абай жолы» оқыған сайын тотықұстай түрленіп, сан қырынан ашылады екен. Мен жақында оқыған кітаптарым деп, қайталап оқыған кітаптарымды айтып отырмын. Қалай қабыл аласыздар, оны өздеріңіз білерсіздер? Себебі, қайталап оқудың сыры мол. Бір сөзбен айтқанда, Әуезовтің әйгілі эпопеясында қазақ халқының көркем тарихы оның ұлы тұлғасы, дана ақыны Абайдың тағдырымен тамырлас баяндалады. Ұлы жазушының өзгеше көркем шешен тіліне, сөз саптасына назар аудара, ойлана оқуға болады. Сонда жазушы сөздерінің терең мағынасы танылады. Дана Абайдың өмір-тағдырын, басқа да кейіпкерлерінің тағдырын, қазақ даласының табиғатын, халқымыздың өткен өмір-салтындағы артықшылығы мен кемшілігін алақандағыдай көріп, алуан сезім-күйлерді өзің бастан кешкендей халде боласың! Оқыңыз, қайталап оқыңыз, өкінбейсіз. Бұл ұлы суреткер Мұхтар Әуезов қаламының құдіреті болса керек. (Айтылар пікір көп, талдаудан аулақпын. Себебі, аталмыш эпопея кәсіби мамандар, сыншылар тарапынан көп зерттелгені даусыз.). Ал, М.Мағауиннің «Қыпшақ аруы» уақыт сұранысына сай жазушы дарыны тудырған бірегей туынды екені анық. Алмағайып заманның құбылысы өнер адамдарының тағдырын тәлкек еткісі келгенмен, өнер өзінің биігінен табылады. Мүсінші қыпшақ аруы Айсұлудың мүсінін ғана жасап қоймайды, сол ұлы әйел бейнесі арқылы ұлы қыпшақ тарихын тасқа қашайды. Бұл біртуар, көрнекті жазушы Мағауиннің «Қыпшақ аруы» романын жазудағы басты кредосы болды деп ойлаймын. Жазушының бұл романды жазудағы еңбегі алапат, орасан зор. Қыпшақ ұлысының бүкіл тарихын зерделеп, зерттеген еңбегі ұшан-теңіз. Сондықтан да ұлы туынды деген пікірдемін. Роман сюжетін беру тәсілдері ерекше, кейіпкер тілінде жасанды шешендік жоқ, кімге де түсінікті тілмен өріліп, оқырманға оқшау ой тастай сөйлейді. Романды қалай жазатынын, қаламгерлік, пендеуи қасиеттерін өзі оқырманмен бөлісіп отырады. Мұндай тәсіл оқырман көңіліне тез орнығатыны рас.
Енді, Т. Әбдіктің «Парасат майданын» аз-кем сөз етейік. Шынында, «Парасат майданы» парасатты оқырманға арналған шығарма екені белгілі. Әдеби қауым өз пікірін білдіргенін білеміз. Парасат майданы қазіргі қоғамға керек, әсіресе білім қуған жастар, іс басындағы шенділер оқыса деймін. Бұл кітапты оқыған да, оқымаған да арманда деп бір сөзбен қайырғым келеді. «Парасат майданы» – алмағайып заманда тағдырдың тегершігінде шыр айналған қарапайым адамның шындық іздеген жан арпалысын барынша көркем, барынша шынайы, психологизм тәсілдерімен терең таныта суреттеген шығарма. Жақсылық пен жамандықтың, ғадауат пен махаббаттың күресі бітіспес күрес, сөйтіп өмір жалғаса береді деген қорытындыны ұғасың. Адамның екі көзі бір-біріне жау болғанмен, бір адамның бойында жақсы-жаман қасиеттер болғанмен, жүректе ізгілік оты өшпеуге тиіс. Жазушы кейіпкерлерінің мінез-құлықтары, іс-әрекеті арқылы тазалық, пәктік сезімдерінің құндылығын дәріптейді. Олардың бұл күнде азайып бара жатқанына налиды. Осының бәрін шебер жазушы құрғақ баяндаумен емес, кейіпкерлерінің ішкі әлемін, жан құбылыстарын, сезім иірімдерін, ым-ишараттарын терең танытып, суреткерлік шеберлікпен қиюын келтіреді. Сондықтан да оқырман кітаптан бас алмай, қомағайлана оқиды. Әрі сол шығарма кейіпкерлерінің бейнесінен өзін де, өзгені де көріп, танып, парасат майданының ортасында жүргендей болады. Парасат майданын ашып, өз-өзіне хат жазып жүрген басты кейіпкеріміздің өзі, сол майданда шейіт болды… Өзің ойлан, өзің тап шешуін, оқырман дегенді меңзейді автор. Міне, қызық, оқыңыз… оқи түсіңіз… Мен бар-жоғы қайталап оқыған едім… Аталған үш кітап та мен үшін жаңа кітап сияқтанды…
Раушан ӘБДІҚҰЛОВА,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің профессоры
ПІКІРЛЕР1