ТУРА БИДІҢ ТҰЛҒАСЫ ҚАНДАЙ БОЛМАҚ?..
06.08.2018
1454
0

«Заңның үстемдігін қамтамасыз ету» Елбасы ұсынған 100 нақты қадамның екінші бөлімі. Бұл бөлімдегі көп қадам еліміздегі сот жүйесін дамыту жайында болғаны белгілі. Осыған орай, жоғары Сот төрағасы Жақып Асанов «Сот жүйесін дамытудың жеті түйінін» ұсынған еді. Дер кезінде көтерілген сот саласындағы «жеті түйін» /семь камень/ ең актуальді, ең қажетті мәселелер деп ойлаймын. Онсыз алға жылжу, ескексіз қайықпен жүзгендей әсер қалдырады.


Демек, қазіргі кездегі ең басты сұ­рақ, негізгі мәселе – ол бидің тұл­ғасы. Ол қандай болмақ керек?
Меніңше, қазіргі заманның Биі­не қойылатын талаптар немесе оның негізгі белгілері (критерия) тө­мендегідей болса деген ұсы­ны­сым бар.
«Мінсіз судья» – біріншіден, жан-жақты білімді, мәдениетті, па­расатты болуы керек;
Екіншіден, дөрекі, тәкаппар, мен­мен болмауы керек, ал төраға ретінде, ұйымдастыру қабілеті, адам­дармен тіл табысуы жоғары деңгейде болуы қажет. Қара­ма­ғын­дағы адамдарды алаламай, жік-жікке бөлмей, оларға бірдей, тең қарауы керек;
Үшіншіден, өмірлік те, кәсіби де мол тәжірибесі бар, жақсы мен жа­манның ара жігін ажырата бі­летін, ары таза, адамгершілігі мол, әділетті шешім қабылдауға жаны құш­тар, жоғары тұрған лауазым ие­лері мен басқа да адамдардың заңсыздыққа басқызатын қоқан-лоқы әрекеттерінен қорықпай, қайсарлық танытатын тұлға болуы қажет.
Өйткені, судьялық қызмет – құ­қықтық-демократиялық елде, қатаң заң негізінде дұрыс та әділ билік айтуды талап ететін, әрі ол жөнінде соңғы нүкте қоятын, заң са­ласындағы ең шоқтығы биік, жауап­кершілігі өте жоғары, мәр­те­бесі бөлек мемлекеттік лауазым.
Төртіншіден, Билер /болашақ су­дьялар/ қазақтың тілін, әде­бие­тін, тарихын, әдет-ғұрпын, мәде­ние­тін білетін, яғни, бір сөзбен айт­қанда, рухты, намысты, иман­ды азамат, әрі мемлекеттік тілде еркін сөйлеп, сауатты жаза алатын, жан-жақты ойлайтын, өзіндік пі­кірі бар болуы шарт.
Бесіншіден, үміткермен бірге қыз­меттес болған, оны адами, кә­сіби жағынан жақсы білетін екі-үш беделді азаматтар мен заңгер­лер немесе тікелей басшылары жаз­баша мінездеме /рекоменда­ция, кепілдік/ берсе және де соны­сына олар белгілі бір дәрежеде мо­­ральдық және қызметтік тұр­ғы­дан жауапты болса.
Алтыншыдан, Би болғысы ке­ле­тіндер бұқаралық ақпарат құ­рал­дарында, әрі жеке тексерулер арқылы сұрыпталып, сынақтан тұрақ­ты өтіп тұрса.
Жетіншіден, Би болуға ұмтыл­ған адамға ең бірінші шарт – оның таза болуы. Тазалығы болмаған адам, мейлі білімді, мейлі ақылды, кім болса, ол болсын, ешкімге опа бермейді.
Абай хакім:
«Махаббатпен жа­рат­қан адамзатты,
Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.
Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп,
Және хақ жолы осы деп әділетті». – дейді.
Осыны данышпан Абай үш сүю, яғни имани гүл деп атаған екен.
Демек, бұдан шығатын қоры­тын­ды – әділеттілік жоқ жерде бәрі бекершілік. Сондықтан басты мәселе әділеттілікте жатыр. Яғни, әр судьяда әділетке деген махаббат болуы керек. Ал әділеттілік кадрды дұрыс таңдаудан басталады. «Теңіз­дің суы тамшыдан» дейді қа­зақ атамыз.
Алаштың көсемі Әлихан Бө­кей­хан: «Биді кім болса содан қо­рық­пайтындай, біреудің бетінің қызылына немесе біреудің жақсы жағасына қарамайтындай жағдай­ға қою шарт» деген екен.
Ертедегі билеріміз «тура биде ту­ған жоқ, туғанды биде иман жоқ» демеп пе еді? Себебі «елге бай құт емес, би құт» деген қа­зақ­тың ойшылдары. Демек, елдің баға жетпес байлығы – ол әділ билер.
Ғұламалардың осы айтқан­да­ры­нан судьялардың қоғамдағы, мем­лекеттегі алатын орны мен әлеу­меттік жағдайының қандай дә­режеде болуы керектігі айқын кө­рініп тұрған  жоқ па?
«Сот төрелігін әділ атқарудағы же­ті түйін, яғни жеті бағдардың не­гізгі фундаменті, басты тұғыры – «Мінсіз судья» мен «Үлгілі сот». Егер осы екі бағыт, екі бағдар дұ­рыс болса, қалған «сот төрелігін ат­қарудағы бес түйін де» осылар­дың тікелей жалғасы, әрі осылар­дың негізінде өрбиді демекпін.
Үлгілі соттың ұжымында мораль­дық психологиялық климат, сот қызметкерлерінің өзара қарым-қа­тынасы, адами сыйластығы жо­ғарғы деңгейде болатыны бел­гілі.
Судьялардың ішкі тәуелсіз­дігі­не кедергі келтіретін нәрсе қор­қақ­тық, жағымпаздық пен жалтақ­тық. Төрағаның айтқаны дұрыс бол­маса да соны бұлжытпай орын­дау.
«Қорқақ адам пасық келеді», – деген хакім Абай. Ал пасық адам кез келген пасық іске ұялмай бара береді.
Сондықтан судья шындыққа, әділдікке келгенде мінезді болуы ке­рек. Мінезсіз судья – ол әділет­тің қас жауы деп есептеймін. Қан­дай білімді болса да ондай адамды судьялық қызметтің маңайына жо­латпау керек.
Дүние сотын алдағанымен, Ар со­тын, Алла сотын алдау, одан қа­шып құтылу мүмкін еместігі әр су­дьяның қаперінде болса игі, өйт­кені ең Жоғарғы сот – ол Ар со­ты екенін түйсінгені жөн.
30 мықты елдің қатарына жету үшін, болашақ судьяларды осы ай­тылған негізде таңдап, тәр­бие­леуіміз керек деп ойлаймын.
«Жеті түйіннің» алғашқысы әді­леттілік, содан кейінгілері су­дья­ның жауапкершілігі мен тәуел­сіздігі деп аталуы бекер емес.

С.СӘКЕНОВ,
Алматы облыстық сотының қыл­мыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір