Жазушылар одағы жапон әншісінен хат алды
Астананың 20 жылдық мерейлі мерекесіне орай, Астанадағы Ұлттық Академиялық кітапхананың шақыртуымен Хиросимада тұратын әйгілі жапон әншісі келіп, қазақ композиторы Т.Мұхамеджанов пен ақын Ұ.Есдәулеттің төл туындысы «Заман-ай» әнін орындаған болатын.
Осы мерекелік шара барысында Астананың Орталық кітапханасы әнші мен зиялы қауымның басын қосып, ән авторларымен жүздестірген еді.
Бұл басқосуды Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының Төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет пен қоғам қайраткері Сейдахмет Құттықадам жүргізген болатын. Кездесуге Жапонияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Итиро Кавабата, Словакияның Төтенше және Өкілетті Елшісі Петер Юза және Қазақстанның зиялы қауым өкілдері қатысып, сөз сөйледі.
Мерекелік шарада жапон әншісі «Заман-ай» әнін жылап тұрып шырқап, елді толғантқан болатын. Кездесу барысында да жан тебірентерлік әңгімесімен елді сүйсінткен әнші Риёко Мичида жақында Қазақстан Жазушылар одағына хат жолдады.
«Құрметті Ұлықбек Есдәулет мырза!
Қазақстанда маған көрсеткен ықыласыңыз бен жылы қабылдауыңыз үшін сізге үлкен алғысымды білдіремін.
«Заман-ай» әнін Қазақстанда орындау мен үшін өте маңызды әрі үлкен тәжірибе болды. Бұл ән – Қазақстан халқының ғана емес, Жапония халқының да жүрегіне ұя салған ән. Атом бомбасы мен ядролық сынақ зардабын тартқан Жапония мен Қазақстанның қасіреті, расымен ортақ. «Заман-ай» сол қасіретті жылдардың әлдиіндей әсерге бөлейді.
Осы жылдың 6 тамызында Хиросимада атом бомбасы тасталған азалы күнге 73 жыл толады. Менің қызымның үлкен атасы атом бомбасынан зардап шеккен адам. Күллі адамзаттың қасіретіне айналған мұндай қателік болашақта қайталанбас үшін, балаларға осы оқиғалар туралы көбірек айтуымыз керек деп ойламын.
Сондықтан, мен “Seed of Peace” («Бейбітшілік ұрпағы») ұйымының өкілі ретінде, бейбітшілік пен ынтымақтастықтың маңыздылығы туралы әндерден тұратын CD дискілер жасау және оны кеңінен насихаттау жобасын іске асыруға шешім қабылдадым.
Осы CD дискінің ішіне «Заман-ай» әнін де қосқым келеді. Альбомдағы барлық әндер менің жеке орындауымда болғандықтан, «Заман-ай» әні алдыңғы тізімде тұруы тиіс деген қорытындыға келдім.
CD дискіні жасау үшін, ән авторлары, яғни сіздердің рұқсаттарыңызды алуым қажет екенін жақсы білемін.
Құрметті Ұлықбек Есдәулет мырза!
Бейбітшілік пен ынтымақтастықтың маңыздылығы туралы әндерден тұратын алғашқы альбомымды құрастыру үшін «Заман-ай» әнін пайдалануға рұқсатыңызды бересіз бе?
Ғафу өтіне отырып, Төлеген Мұхамеджанов мырзаға да осы өтінішім туралы хабар жіберуіңізді сұраймын. Өкінішке орай, менде ол кісінің байланыс нөмірі де, поштасы да жоқ.
Қазақ халқының жүрегінен туған «Заман-ай» әнін Хиросима тұрғындарынан бастап, бүкіл Жапония халқының тыңдағанын шын жүректен тілеймін.
P.S. Сондай-ақ, авторлық құқық сақтау үшін «JASRAC» атты Жапонияның авторлық ұйымына да сұрау саламын.
Тағы да көрісуге жазсын!
Рақмет!
Құрметпен, әнші Мичида Риёко