СЕРКЕ СӨЗДІҢ САРДАРЫ
Биыл Алматыдағы «Астана Медиа Пресс» баспасынан ҚР Президентінің бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы сыйлығының лауреаты, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының иегері, Қазақстан Журналистер академиясының академигі, саяси ғылымдар кандидаты, профессор, қазақ баспасөзінің көрнекті ұйымдастырушыларының бірі – Жұмабек Омарұлы Кенжалинге арналған «Серке сөздің сардары» атты 416 беттік естелік-жинақ жарық көрді. Оны құрастырған – Марат Тоқашбаев.
«Егемен Қазақстан» газеті мен республикалық «Білім және еңбек» журналында шыңдалған Ж.Кенжалин «Халық кеңесі», «Ақиқат», «Қазақ әдебиеті», «Ана тілі» басылымдарында басшылық қызметтер атқарды. Он шақты басылымның басын қосқан «Қазақ газеттері» ЖШС-нің Бас директоры, төрағасы болды. Оның қаламынан «Желкілдеп өскен құрақтай», «Шындықты шырақ етіп ұстаңыз», «Ұлт рухын ұлықтаған ұрпақпыз», «Саяси менеджмент және баспасөздің жұртшылықпен байланыс мәселелері», «Ер Жәуке мінбегенмен алтын таққа», «Қалам қанаты», «Елжандылық мұраты және баспасөз беделі» сияқты публицистикалық, ғылыми, деректі зерттеу кітаптары дүниеге келді.
***
Күні кеше ғана сияқты еді екеуміздің танысып, табысқанымыз. 70-ші жылдардың соңы ғой. Алматыдағы «Баспасөз үйінде» таңертең бір есіктен аңқылдай кіріп, кешке сол есіктен жарқылдай шығып жүрдік емес пе?! Сен онда – «Социалистік Қазақстанда» өндірістік тәжірибеден өтуші студентсің, ал мен – «Лениншіл жаста» тілшімін. 80-ші жылдардың ортасында қол ұстасып Дүниежүзі жастарының ХІІ фестивалі өтетін Мәскеуге аттанғанымыз ше?! Әлемнің 111 елінен келген делегация өкілдерінен пікір алып, Алматыдағы қос редакцияға күн сайын бет беріп отыру оңай емес-ті. Үдеден шығу үшін бір ай бойы сен де, мен де жанұшыра еңбектеніп, Қызыл алаң мен Лужники арасында зыр жүгіргеніміз естен кетер ме?! Сондай ақ тер, көк тер жүрісте шетқақпай көрген кезіміз де аз емес. Осыған күйініп: «Қараңызшы, Жәке?! Кім не десе о десін, анау Моңғолия журналистері бізден он есе бақытты-ау, ә! Қалай болғанда да жеке ел деген аты бар емес пе?», – дегеніңді қалай ұмытайын. Ол кезде Тәуелсіздік ұғымы жоқ. Жеке ел деген сөзді қолданатынбыз. Азаттықтың сондай ақ таңы арайлап атқанда қандай қуандық, шіркін! Сөйтіп, сен де, мен де егемен елдің ең алғашқы басылымдарының бірі – «Халық кеңесінде» тізе қосып еңбек еттік. Қоғамдық-саяси журнал – «Ақиқатта» да екеуміздің жақсы, жарқын ізіміз қалды.
Жанболат АУПБАЙ
– Ереке, – деді Жүкең (Жұмабек Кенжалин) өзіне жарасты сол бір сыпайылық мінезімен, – газетті компьютерлендіруіміз қажет. Қазіргі заман сұранысы солай. (Ол кезде «Қазақ әдебиеті» газетінің Бас редакторы болатын).
– Ол үшін не істеуіміз керек?
– Мен бар деген мекемелерге барасың, сөйлес деген адамдармен сөйлесесің.
– Олар мені қабылдай қояр ма екен?
– Тіл табысу – өзіңе сын. Қайткенде де қаржы тауып, газетті компьютерлендіруіміз – міндет. Кешіксек, өзгелерге күлкі боламыз.
– Министрліктен бөлінетін ақша қайда?
– Онда бұл мәселеге тиесілі қаржы қарастырылмаған.
– Жақсы, шама келгенше жұмыс істеуге тырысайық.
– Шаманы келтіру керек.
Сонымен іске кірісіп кеттік. Алғашқы кездесуді даңқы дүркіреп тұрған Алматыдағы Сейфуллин – Әйтеке би көшелері қиылысындағы «Сарыарқа» корпорациясының президенті Еркін ағамыздан бастадық. Түр-тұлғасы Д.Қонаевтан аумай қалған ақсақал екен, ұлтжандылығы мен қазақылығын бірден танытты. Жылы қабылдап, тілегімді қанағаттандырды.
Еркін ЖАППАСҰЛЫ
Министрліктің «Үркер» сыйлығына орай ұйымдастырған іс-шарасы бір себептермен дәл белгіленген уақытында басталған жоқ. Сол күні, шақырылған жерге бір минут кешікпей баратын көкеммен асықпай сөйлесудің орайы келе қалды. Біраз уақыттан бері бір-бірімізді көрмеген екеуміз шер тарқатысып, жағдай сұрасып, өткен-кеткенді еске түсіріп, асықпай ұзақ сөйлестік. Әңгіме барысында ол ұлы үйленетін болған соң алпыс жылдығын өткізуге байланысты шаруаларды кейінге қалдыра тұруға тура келгенін айтты. Көңілімізде әлі талай айтылмай қалған сыр толып қалған екеуміз бір-бірімізбен қимай қоштастық. Бірнеше күннен кейін Жұмабек көкемнің кенеттен дүние салғаны туралы суық хабарды естіп, төбемнен жай түскендей есеңгіреп қалдым. Маңдайыма сыймай кеткен, қайран көкем-ай!
Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ