АЛТАЙ ІНЖУ МАРЖАНЫ
Елбасы Н.Назарбаев алға қойған Ұлт жоспары – бес институционалды реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадамның бірі – қазақстандықтардың біртектілігін нығайту жолында өңірлік-мәдени туристік кластерді дамытуды қолға алу. Қазақстанның туристік саласын дамытудың 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасында «Алтай інжулері» өңірлік – мәдени туризм кластері де бар. «Алтай інжулері» бүгінде тек қазақстандық туристерді ғана емес, шетелдік саяхатшыларды да қызықтырып отыр. Осы орайда біз Шығыс Қазақстан облысындағы туристік аймақтардың сипатына қысқаша тоқталуды жөн санадық.
Шығыс-Қазақстан облысы – ғажайып табиғатымен таңқалдыратын әдемі облыстардың бірі. Онда табиғи ландшафтық зоналар өте көп және бұл аймақ өзінің радон суларымен атақты.
Шығыс Қазақстан экономиканың барлық салаларында инвестиция тартуға, іскерлік қарым-қатынас орнатуға қолайлы мекен.
Қазақстанның 2023 жылға дейінгі туристік саланы дамыту концепциясында қойылған мақсаттың бірі – Шығыс-Қазақстан облысының солтүстік және шығыс аймағын қамтитын «Алтай інжулері» туристік кластері.
Аймақтың аумағы елдегі облыстардың ішінен үшінші орынға ие. Ол Қазақстанның 10%-ын, Қазақстанның жалпы аумағының (283,3 мың. шаршы. км) құрайды, ҚХР және РФ мен шектеседі. ШҚО-ның аумағына Ұлыбритания тұтас, екі Греция, үш Португалия, төрт Ирландия немесе Бельгия сыйып кетер еді. Оның табиғи ресурсы сан алуан, республика бойынша есептегенде облыс аумағында қорғасын қоры 24%, мырыш қоры 41%, мыс қоры 45% – құрайды.
Табиғи-климаттық тұрғыдан да ШҚО өте ерекше. Облыс аумағынан саз далалы, шөл далалы және таулы ландшафтты кезіктіресіз. Аймақтың солтүстік және шығыс бөлігін батыс, орталық және шығыс Алтайдың тау бөктері мен жоталары алып жатыр. Онда түсті металдар мен бағалы және сирек кездесетін металдардың мол қоры бар. Алтай тауы оңтүстікке қарай Сауыр-Тарбағатай жотасымен шектелетін Зайсан шұңқырына жалғасады. Орталығынан Қалба жоталарын көруге болады.
Облыс туристерді орналасатыру орындары бойынша бірінші орынға ие, онда тәулігіне 27 713 адамды орналастыра алатын 509 орын бар.
Облыс орталығы Өскеменге Астана, Алматы, Қарағанды, Зайсан, Мәскеу, Новосібір қалаларына қатынайтын ішкі және халықаралық рейстердің әуекөліктері қонады.
Климаты мен табиғатының қолайлылығы мұнда туризмнің барлық саласын дамытуға мүмкіндік береді.
Тау-шаңғы туризмі
Шығыс Қазақстан облысында өзге аймақтарға қарағанда қар ұзақ жатады. Аймақтағы қысқы туристік кезең алты айға созылады. Тау шаңғы туризміне Глубокий, Зырян аудандары мен Риддер қаласының табиғаты өте қолайлы. Мұнда «Нұртау», «Алтай Альпі», «Эдельвейс», «Шығыс белдеу», «РиддерХют», «Вертикал», «Бүркіт» атты жеті тау шаңғы базалары бар. Оның жалпы ұзындығы 70-80 шақырымды құрайды
Экологиялық туризм
«WWF Living Planet» Халықаралық ұйымының анықтауы бойынша Алтайдың Қазақстандық бөлігі өзінің ландшафты мен биологиялық ерекшелігіне сай 200 экологиялық аймақ қатарына кіреді. Экологиялық туризмді дамытуға қолайлы аймақтар: Қатон-Қарағай мен Күршім ауданы, Риддер қаласы.
Облыстағы қорғауға алынған табиғи қорық аумағы 1 723 072 га алып жатыр. Оның ең ірілері:
– Қатон-Қарағай ұлттық паркі (643,5 мың га);
– «Семей Орманы» Мемлекеттік орман қорығы (662,2 мың га);
– Марқакөл табиғи қорығы (75,1 мың га);
– Батыс Алтай қорығы (56,1 мың га);
Әлемнің ең әдемі жерлерінің қатарына кіретін Қатон-Қарағай ұлттық паркі ЮНЕСКО тізіміне енген.
Облыстағы орман көлемі 11,9% аумақты алып жатыр. Оның көп бөлігі Алтай тауының жоталары. Облыста өсімдіктің 3500 түрі бар, оның 38-і дәрілік шөптер.
Экологиялық туризмнің бір түрі – аңшылық пен балық аулау. Аймақта жануардың 489 түрі, балықтың 37 түрі бар.
Емдік-медициналық туризм
Облыс туризмін дамытудағы негізгі бағыт осы медициналық туризмді дамытуға бағытталған. Аймақта 18 патнымен емдеу-сауықтыру орны бар, оның 12-сі Қатон-Қарағай, 3-і Зырян, 1-і Көкпекті мен Ұлан ауданында. Өскемен қаласының өзінде де емдеу-сауықтыру орны бар.
2017 жылы облыс аймағындағы 10 өзен мен су көздеріне физика-химиялық зерттеу жүргізіліп, су құрамы анықталып, бальнеологиялық қорытынды жасалды. Алакөлдің емдік қасиеті ғылыми түрде дәлелденді.
Зерттеу қорытындысы Алакөлдің шығыс жағалауындағы су құрамында пайдалы элементтердің 27 түрін анықтады.
Мәдени-танымдық туризм
Қатон-Қарағай ауданы өзінің тұмса табиғатымен ғана емес, археологиялық ескерткіштерімен де танымал. Оның ең үлкені Қазақстанда баламасы жоқ Берел қорғаны.
Қорған Қатон-Қарағай ауданында теңіз деңгейінен 1200 метр биіктікте орналасқан.
1998-99 жылдары Берел ауылында белгілі археолог Зейнолла Самашевтің жетекшілігімен француз археологтарымен бірлескен экспедиция өтті. Экспедиция қорытындысында ең ірі №11 Берел қорғаны ашылды.
2016 жылы туристерді тарту мақсатында ашық аспан астында музей құрылып, «Патшалар аңғары» қорымына шыны саркофаг қойылды. Облыстың (Қатон-Қарағай ауданындағы – Берел, Зайсандағы – Шілікті, Ұландағы – Аблайкит, Абай ауданындағы – Қырықүңгір, Тарбағатайдағы – Елеке сазы) бес ауданында жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары осы аймақты көргісі келетін туристердің санын едәуір арттырды.
Жағажай туризмі
Бұл туризм бойынша Алакөл, Бұқтырма су қоймасы және Сібе көлдері жағалауына суға шомылу науқанында жарты миллионға жуық адам келеді. Қазақстандағы жер беті су қорының 40% -ы осы Шығыс Қазақстан облысында. Аймақта 2000 көл (оның 18-і ірі), 1200 өзен (оның 20-сының ұзындығы 100 шақырымнан асады) бар.