Жақұтында жүректің сөз маржаны

Ақын Нұртай Ерназар жырларын оқығанда қаламгердің ежелгі қара өлең дәстүрін берік сақтай отырып, өлең өлкесінде соны соқпақ, ерекше із қалдырғанын аңғарамыз. Ақын өлеңдері қарапайым болып көрінгенмен, іште қайнаған от сезімдер шарпысына құрылғандай әсер береді. Ақын-ғұмыр өтті, артында қағазға түскен қазына қалды. Жыр иесінің мынау соқтықпалы-соқпақсыз өмір құбылыстарын жырлауда қандай суреткерлік шеберлік, нендей көркемдік шешімдерге барғанын сараптау – бізге парыз.
Жаратушым, жаманнан сақтандырдың,
Нәпсі-сайтан жолыма қақпан құрдың.
Жақсы менен жаманды айырмаған,
Өмірімді несіне мақтан қылдым?
Жүрегіме жарығын жаққан жырдың,
Ел сенімін қалайша ақтап жүрмін?
Өтеуіне не берем өмір бойы,
Тас төбемнен сорғалап аққан нұрдың?! –
деп басталады Нұртай ақынның «Пендешілік» атты өлеңі. Мұнда ақын жақсы мен жаманды айыра алмауды ғана емес, жақсыны – жақсы, жаманды –жаман деп бағзы бабаларша кесіп айта алмай, аяғына жем түскен атша кібіртіктеп, шындыққа немқұрайлы қарайтын бойкүйездікті сынап отыр. Жақсы менен жаманды айырмаған тірліктің не сәні бар деген өткір сұрақ кімді болса да бейжай қалдырмайды.
Келесі шумақта ой күткендегіден әлдеқайда асып түскен. «Жүрегіме жарық берген жырдың өтеуіне не бермекпін?» дейді ақын жаны шамырқана шарқ ұрып. Расында, жүректерге сәуле берер өлең-сөздің құдіретін түсіне алып жүрміз бе? Ақынның ой-сезімі шарықтай түседі. «Тас төбемнен өмір бойы сорғалап аққан нұрдың өтеуіне не берем?» дейді ақын тағы бір ақиқаттың шетін шығарып. Рас-ау, бақсақ, біз тас төбемізден төгілген нұрлы жарыққа белшемізден қарыздар екенбіз! Мұны Нұртай ақынның өлеңдегі ой жаңашылдығы десек те болады.
Сайран салған үстінде мақпал қырдың,
Патша көңіл, құларсың тақтан бір күн.
Ақтарылып айтатын күн келер деп,
Жақұттарын жүректің сақтап жүрмін.
Ар-иманмен суарылмаған, жақсылықпен негізделмеген құнсыз тірліктен адамның патша көңілі бір құлайтынын сезімтал ақын дөп басады. Тауып айтады, Абай боп ақтарыла, ағынан жарыла айтады. Бұдан да ашық айтар күн келер деп, «Жақұттарын жүректің сақтап жүрмін» дегені қандай керемет! Мұндай, дарынды ақындарға тән әдеби-көркемдік олжалар Нұртай Ерназардың поэзиясына асқан көрік береді. Жалпы, өлеңді мақсатты түрде әсірелеу, буын, бунақ, көркемдік тәсілдерге реформа жасау – Нұртай ақында жоқтың қасы. Сол бір тұнық жырлауда жан сүйінер шынайылық бары оның ақындық қадір-қасиетін арттыра түскен. «Нәпсісі мен иманы араласқан өмірімді несіне мақтан қылдым?» деп аяқталады осы өлең. Нәпсі мен иман атты бір-біріне мүлдем қарама-қайшы ұғымдарды қатар қою – психологиялық параллелизмнің күшімен адамның бүкіл болмысын тоқ ұрғандай теңселтіп жібереді. Ақын қашан да қарапайым адамның байқамағанын бүкіл ділімен түйсінеді. Нәпсі мен иманның басы бір қазанға сыймайды. Бірақ, өкінішке қарай, күнделікті тірлікте екі аяқты пенденің бар тірлігі – сол екеуін мидай араластыруда екен! Сондай өмірді несіне мақтан етем дейді шыншыл, әділетшіл ақын жүрегі.
Нені жырласа да ақ адал жүрекпен ақтарылатын Нұртай Ерназар шығармашылығының басым бөлігі – еңсесі көтерілмей, еңбегі жанбай келе жатқан ел жайына арналған. Солай болуы – ешкімді таңғалдырмаса керек. Тәуелсіздік алып, бөркімізді аспанға атқанымызбен, ел күткен даму жолы тым ұзап кеткен жоқ па? Өз көзімен күнде көріп жүрген шындықты ақынның шамырқана жырламасқа хақы жоқ. Ақын өзінің «Біздің ел» атты өлеңінде тәуелсіздіктің алғашқы онжылдықтарындағы ел жайын былайша толғайды:
Тас-талан боп кетті ме тәуелділік?
Ызыңдайды санамда әуен-күдік.
Мұртымызды сөйлейміз көкке шаншып,
Атымызды жатыр деп әлем біліп.
Маңырайды көңілде бір ешкі – үміт,
Қорқауларға дауысы тұр естіліп.
Кедей – кербез,
Жоқ – жомарт жағаласып,
Болашағын жатқандай үлестіріп.
Тәуелсіздіктен кейінгі отыз жылдың тірлік-тынысын жырламаған ақын жоқ шығар. Алайда Нұртай ақынның шамырқануы елден ерек дер едім. Ақын тәуелсіздіктің тәтті дәміне сенген халық үмітін әлсіздеу ешкі – үмітке теңейді де, оның әлсіз маңыраған үнін қорқаулар естіп тұр дейді. Бұл – шеберлік! Жан-жағымыздағы алып империяларға төтеп бере алатын рух күшін іздейді ақын. Кедейіміз – кербез, жоғымыз – жомарт бола берсек, болашағымыздан айырыламыз деген болжал ойды да Нұртай ақын астармен, меңзеумен жеткізе білген. Өлең былайша аяқталады:
Ішек-қарнын шұбатып жылқымыздың,
Аярлықпен жеп жатыр түлкі, құзғын.
Ыржиямыз өтірік тоқ секілді,
Қасіреті сорғалап күлкіміздің.
Шығарына сенбейді жан-жымысқың,
Мас болады буына хан күмістің
Бостандығын тұмар ғып тағып алып,
Жатқан елміз жүзінде нән қылыштың.
Бұл жерде ақын егер ақыл-біліммен, көреген білгірлікпен ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетпейтін даналық танытпасақ, күлкімізден қасірет сорғалап, өткір қылыш төніп тұрғандай қауіп-қатерде қала беретінімізді ескертіп, болашаққа арыз жазып қалдырғандай болады. Жүздеген жылдардан соң азаттыққа әзер жеткен халқымыздың үміт пен күдік араласқан, даму мен қалу тайталасқан ақиқат күйін бұлайша суреттеу – Нұртайдың толық қалыптасқан ақын екенін байқатады.
Нұртай Ерназардың ешкім жазбаған, ешкімнің шығармасына ұқсамайтын «Теңге туралы жыр» деген өлеңі бар. Әншейіндегі көріп тұрса да көрмегендей, біліп тұрса да білмегендей немкеттілік ақын жанынан аулақ.
Әсіресе бұл ұлт, халық мүддесі атты күретамырға келгенде…
Қасіреттен, қара көзім, мөлтеңде,
Қасиеттен жұрдай болды төл теңге.
Әркімдердің табанына басылып,
Бір теңгелік жатыр
жолда шашылып.
Халық байып, кеткен бе ел көркейіп,
Ешкім оны алар емес еңкейіп.
Көше кезіп жүретұғын аш кілең,
Қарамайды оған, тіпті, маскүнем.
Дүкен барып, базар барып білдің бе,
Бір теңгеге не келеді бұл күнде?
Керегі жоқ кедейге де, байға да,
Қу темірге айналған-ау жай ғана.
Адамшылық – жұрттың
шектен аспауы,
Бір теңгелер – мың теңгелер
бастауы.
Кілең нөлден не шығады, расында,
Бір деген сан тұрмаған соң басында!
Бір теңгедей дөңгелейді ай, күнің,
Бір теңгеден құралады байлығың.
Бұл жерде ақын төл теңгеміздің құнсыздануын, бір теңгенің сол үшін де аянышты күйге түсуін ғана тілге тиек етіп отырған жоқ. Ақын «бір теңгеден дөңгелейді ай, күнің» деп, ел абыройының асқақтауына, мемлекетіміздің көркеюіне сол бір теңгедей болсын адал еңбек ет деп, маңдай термен келетін еңбек жемісінің үлесі маңызды екеніне назар аудартқан. Бір теңгеге аз еңбек жұмсалған шығар, алайда сол аз еңбектің де обал-сауабы бар, аз еңбектен мол еңбек жемісі құралады деген ойды аңғартқан.
Бақыт туралы өлеңінен Нұртай ақынның өмірге деген шынайы көзқарасын көреміз, ақындық болмысын тани түсеміз.
Ақ қайыңдар бүршік атып,
Жұпар жұтты көмейім.
Сәл аялдай тұршы бақыт,
Келбетіңді көрейін.
Бақыт қуман салғырттаумын,
Ал арманың әсем сенің.
Қозы бұлт боп, саулық таудың,
Жібітпедім тас емшегін.
Қылма, достым, көп келемеж,
Маржан тізіп, қазғам жақұт.
Аз да емес, көп те емес,
Маңдайыма жазған бақыт.
Біз осы бір кішігірім талдауымызда белгілі ақын Нұртай Ерназардың «маржан тізіп, жақұт қазған» жырларының бір үзігін оқырман назарына ұсынып, көркемдік-танымдық сілтеме жасадық. Нұртай ақын дін, иман тақырыбында өлеңдер жазды. Көптеген танымал әндерге сөз жазды. Алайда ақын ежелгі дала жырауларының өшпес дәстүрімен, ел қамын жеген қайраткер ақын тұлғасын өз бойында ерекше бір адалдықпен сақтап қалды.
Қобалжиды көңілім халқым жүдеп,
Шаттығы жоқ өмірдің салқын жүрек.
Алатаудың ерітер мұз бен қарын,
Алдымыздан соқпайды алтын күрек.
Ой-қарағай, тауға өрлеп тамырлаған,
Өрнегіне таңғалып таныр ғалам.
Талантымды тербетіп тал бесікте,
Тура көзбен қарайды Тәңір маған.
Нұртай сөз баққан, сезім қуалаған ақын емес, көбіне ой баққан ақын. Ақындықты саудаға салмаған, кітаптарына ешқашан жарнама жасамаған, өзіне сеніп кеткен ақын. Сондықтан да болар, «Тәңір де оның көзіне тура қарайды».
Ақын өзінің жүріп өткен жолының, күллі өмірінің мағынасын былайша түйіп айтқан:
Бір күн ерте,
Бір күн кеш өмірің сөнер,
Өшпесіне сөзіңнің көңілің сенер.
Қара өлеңнің өлесің құшағында,
Құмар қылып қойған соң Тәңірім – шебер.
Бұл – өлеңге, өнерге адалдық. Шын өнердің өлмейтіндігі жөнінде көп айтылған, айтыла да беретін ақиқат қазанында қайнаған айшықты сөздің жаңасы. Шын ақынның парызы – көне жолдың шаңын шығарып, жаттанды болған қағидаларды тықпалай беру емес, айтар ойды, сырлы сезімді, тұңғиық түйсікті әлі ешкім естімеген соны серпінде беру. Хас өнерге тән осынау өлшемдерге құрылған ақын Нұртай Ерназардың өлең-жырлары туған халқымен бірге жасай бермек.
Бақытжан РАЙЫС,
ақын, зерттеуші, халықаралық
«Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты