ҚАЙСАР АҚЫН ХАНБИБІ
Сонау кеңестік кезең дәуірлеп тұрған жылдарда Шымкентте институт бітірген соң, өз айтуынша, тұңғыш рет Алматыға арман жетегінде келген орта бойлы, қара торы талдырмаш қыз осы жолдар авторына жолығып, өзін Сарыағаштан едім деп таныстырды. Өлең жазатынын, белгілі ақындармен танысқысы келетінін айтты. Кішіпейіл, әдепті, ұяң, тәрбиелі отбасынан шыққаны бірден аңғарылатын оған қаладан уақытша тұратын үй керек-ті. Бойжеткенге қонақүй қол емес еді, дереу (Төлегеннің әйелі) Үрнисаға (жұмыс орнына) телефон соғып, мән-жайды түсіндірдім. «Болды, келсін, жұмыстан кейін үйге ертіп барамын, қанша күн тұрса да өз еркі», – деді ол сөзге келмей (өзім де солай боларына сенген едім).
Сарыағаштық қыздың аты-жөні Ханбибі Есенқараева екен. «Әкем мұғалім» деді. Менің мақалаларымды «Мәдениет және тұрмыс» журналынан оқып, сырттай біледі екен. Жылы қарсы алып, білгенімше жөн-жоба көрсетіп жүрдім. Екі күннің бірінде маған соғып, қай ақынмен жолығып, қай редакцияға барғанын айтады. Бәрі есте жоқ, Қадыр, Тұманбайдан бастап, Сағи, Марфуға, Күләш Ахметова, Фариза сынды біраз ақынға өлеңдерін көрсетсе керек. Енді өз басым ақын болмағасын ба, әлде, жұмысбастылық па, өлеңдерін оқи қоймасам керек. Оным, қоңылтақсу емес, талабы тас жаратыны байқалып, бірдеңе шығатынын сезгендіктен, асықпауды жөн көргендіктен болу керек (солай). Содан нақты не қойып, не тындырғанын қайдам, әйтеуір, жолыққан адамдардың бәріне риза боп, көңілді қайтатыны жадымда. «Бір ақын руымды сұрады, айтып ем. «Ойбай, оны менен басқаға айтпа» деді, неге өйтеді?» – дегені де есте. «Біреулерде сондай сырқат бар, кейін білесің», – дедім. «Бірақ, ол жұқпалы дерт, өзің шалдықпа» деу ойыма келмепті.
Ұзамай Шымкентке қайтып кетті. Газет-журналдарда өлеңдері жарияланып, таныла бастады. Жиі-жиі телефон соғып, аман-саулық білісіп тұрды, облыстық халық творчествосы үйінде методист боп орналасты. Сол орында ұзақтау істеді. Оған білдірмесем де, шіркін-ай, осындай жігерлі жасты басқа бір қызметке неге пайдаланбайды екен деп, облпарткомда нұсқаушы боп істейтін Молдабеков, Рүстемов дейтін таныстарыма айтып жүрдім. Қатардағы қызметкер олардың қолынан не келе қойсын, әйтеуір, тілектестігім үзілмеді. Шымкентке жол түскенде телефонмен хабарласып, кейде оған мұрша жетпеген кездер де болды. Бір жолы барып, тағы да атүсті хабарласқанымда: «Аға, неге телефонда сөйлесуден аспайсыз, үйге кеп, жолдасыммен танысып, балаларды көріп кетсеңіз қайтеді?» – деген соң, уақыт тауып, жарқосағы Дүрдіқылышпен, балаларымен дидарласудың сәті түсті. Ол кездерде Ханбибінің өлең кітаптары шығып, кеңірек танылған шағы. Дүрдіқылыш інім де қара жаяу емес, домбырашы, күйші, композиторлығы бар өнерлі, көзі ашық, аңқылдаған ақжарқын жігіт екен. Біршама әңгімелесіп, ризалықпен қоштасқанбыз.
Міне, сол Ханбибі бүгінде алты алашқа белгілі ақын, қоғам қайраткері, ұлтжанды, халқының жанашыры, қорғаны, дарынды, қайсар қыздарының бірі. Сөзге ермейді, өсек-аяңға сенбейді, ғайбатқа бармайды. Біреулер сондай екен деп, пендешілікке ерік бермейді.
Сол алғаш таныс-біліс болған уақыттан бері жиі ұшыраспасақ та, оқта-текте көрісіп, хал-жағдай сұрасамыз. Оны қайдам, менің ықлас-пейлім сол баяғыдай, ниет қылаусыз. Осы жолы әр салада қыруар еңбек етіп жүрген Ханбибі жөнінде тұңғыш рет азын-аулақ лебіз білдіруімнің себебі де жоқ емес. Қандай десеңіз, міне, былай.
Институт бітірген бойда Алматыға келіп (бірінші) мені тапқан, ұзақ жыл «елеусіздеу» қызмет атқарған Ханбибі ақтаңгер ақындығымен бірге, бәрібір, өмірден үлкен қайраткер ретінде де орнын тауып, құзырлы қызметтер атқарды: облыстық мәдениет департаментін басқарып, филармонияда директор, музейге жетекші, т.б. дегендей. Осы күндерде қазақтың арғы-бергі қасіретті кезеңдеріне қатысты ойдан-қырдан айғақтар жинап, бір орталықта сақтап, сол қызметін белсенді түрде жалғастыруда. Оны «Қ.Ә» газетінде шыққан сұхбатында жан-жақты баяндапты. Оның бұл тірлігін бұған дейін де біршама білгенмен, газетте айтылғандардан жан-жақты қанығып, бәрекелде, осы бағыттан танба, табысты бола бер, халыққа, болашаққа аса қажет іс тындырып жүр екенсің деп алғыстар болдық. Енді ше? Бізге солай деп айту (айта салу) оңай болғанмен, Ханбибінің қандай-қандай машақатты бастан кешіріп, күн-түн демей сабылып және төгілген тер текке кетпей, қыруар еңбегінің ақталып, нәтижелі болғанын ауызға алуды неге көпсінеміз? Бұл жерде шетпұшпақтап айтып отырмыз. Нар көтере алмас ауыр жүкті арқалап жүрген нәзік жанды ақын-ананың осынау еңбегін бағалауға сөз жетпес еді. Және бұларды Ханбибі өзін көтермелеу не көзге түсу үшін емес, керісінше, ойда жоқта ұшырасып, тілек білдірген газет тілшісінің өтінішін аттап кете алмай, ізеттілік тұрғысынан сәл асығыстау әңгімелепті.
Сөз арасында (сұраққа орай) ептеп жеке басы жайлы, өзге де азын-аулақ жан сырын да қыстыра кетіпті. Олары да табиғи, ашық, әділ, қонымды, орынды. Мысалы, тілшінің Алматыда тұрмағаныңызға өкінбейсіз бе деген тұрғыдан қойған сұрағына «бұрын өкінуші ем, қазір өкінбеймін, себебі, ақын-жазушылардан көңілім қалды, олардың, біріншіден, бір-бірін оқымайтыны, екіншіден, өсек-аяңға жақын, бір-бірін жек көретіні, жалған сыйластық, алауыздығы, үшіншіден, көлгірлікке шеберлігі ұнамайды» дегендей етіп ақ жарылыпты. Оның азаматтық ұстанымнан айнымай, ашық сөйлейтінін бұрын да білуші едік, бұл жолы одан сайын көзіміз жетті.
Шындық айтылмайды, ақиқатты айтқан ұнамайды, айтсаң жау боласың дейтінге саятын сөздерден құлақ сарсылып біткелі қашан?! Соны біле тұрып Ханбибі тайсалмапты, қанында бар жаужүректігін көрсетіпті.
Бір оқиға еске түседі. Соны айтайық та, сөзімізді тамамдайық. Сонау бір жылы Шымкентке барғанда Ханбибінің жұмысына телефон соғып, сәлем бердім. Ол: «Аға, осы қазір облыстық әкімшіліктен келдім. Бір жайсыз жағдайдан қан қысымым көтеріліп, ауырып отырмын»,– деді. «Ол не?» – деймін ғой жаным ашып. «Сізге ғана айтайын, басқаға айтуға болмайды, айтсаң бәлеге қаласың. Алматыдан келген біреулер Әбіш Кекілбаевтың жаңа шыққан кітаптарын әкеліп, әкімшілік арқылы пәлен доллардан сатқызып жатыр. Осы дұрыс па?» – деді даусы қобалжи шығып. Сәл ойландым да: «Дұрыс емесін өзің де біліп отырсың ғой, әрине, дұрыс емес»,– дедім кітап сатып жүргендердің кім екенін сұрамай…
Сол шақтарда «Социалистік Қазақстанның» бірінші бетінде осындай нәрселер туралы «бір ауыз сөз» деген айдармен жедел хабар басылушы еді. Соны меңзеп: «Қан қысымыңды көтеріп неғыласың. Осы қазір газетке телеграмма сал», – дедім. Ол: «Әбіш ағадан ұят болмай ма?» – деді. «Гәп сонда, ұят болмайды. Себебі, Әбіш ешкімге кітабымды әкімшілік арқылы сатыңдар деп айтпайды, айтуы мүмкін емес», – дедім. Әбіш ол кезде – қашанғыдай – үлкен лауазымда болатын. Әлгі сөзім – сөз. Әбіш біреулер арқылы кітабын сатқызатын адам емес. Ондай жетесіздікке бармайды.
Ханбибі күмілжіді. Жеделхат газеттен көрінбеді. Көрінуі керек-ақ еді.
Бірде осы жайлы Ханбибінің Алматыда өткен мерейтойында көптің көзінше айтуға тура келді. Ханбибіге де, өзіме де сенгендіктен. Жиында Шымкентке барып Әбіштің кітабын сатқандар да отырған-ды. Ешкім тырс еткен жоқ. Ханбибінің шашбауын көтеріп келген облыстық әкімшіліктің бөлім бастығы маған күлімсірей бұрыла қарады…
Ханбибі содан бері бұртиыңқырап, құлықсыздау амандасады. Кейде көрмегенсіп, сәлемін көпсінетіндей көрінетіні аңғарылмай тұрмайды. Қателессем, кешірім менен. Тек тектұрмастардың лаң сөзіне ермей, қалыптан айнымауға не жетсін. Анда-санда жолыққанда күдікті көзбен сүзіле қарайды…
Алайда, мен қайсар ақын Ханбибіге тәнтімін. Ол қоғамдағы кереғарлық, сұрқайлыққа жаны ауырып, үнемі мазасыз күй кешеді. Оны кез келген өлеңінен аңғару қиын емес. «Көмбе» деген очеркі неткен ғажап. Кейде ақындық алапат-құйын сезім нәзік лиризмге жол бермей, алға шығып кететіндей көрінеді. Не екеуі қатар самғап, ғарышқа өрлейді. Мына бір шумақ сол сөзімізге дәлел іспетті:
Болмай басқа амалым,
Жалғыздықты қаладым.
Жоғары ұстап жүректі,
Суға батып барамын.
Халықтың қамқоршысы, қорғаны бола бергейсің дейміз оған. Ақиқатты айтатындардан алыстама, өйткені, өзің де әрдайым ақиқатты жырлайсың деп те қойғымыз келеді…
Зәкір АСАБАЕВ