Хан қызындай Ханбибі
02.12.2024
933
0

Ұлысымның ұйытқысы болып саналатын оңтүстік өлкедегі қасиет­ті қара шаңырақ, ұстаздар ұстаханасы, 90 жылға жуық тарихы бар, қазіргі таңдағы Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақ­стан педагогикалық университеті – өзінің түлектерімен де рухы асқақ оқу орны. Қазақ­станның Еңбек Ері, ақын Мұхтар Шаханов, атақты шығыстанушы ғалым, жақында ғана кітапханамызға аты берілген Әбсат­тар Дербісәлі, Кеңес Одағының батыры Бейсен Оңтаев, қоғам қайраткері Сайлаукүл Барақова, Исрайыл Сапарбаев, Әкім Ысқақ т.б. мақтан тұтатын тұлғалар аз емес.

Бүгінгі айтар бас тұлғамыз, мәртебесі биік, мерейлі 75 жасқа толып отырған Хан апа, Ханбибі Есенқарақызы жайын­да. Ақын Есенқарақызының мерейлі жасына орай, Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақ­стан педагогикалық университеті өз оқу орнының 1972 жылғы талант­ты түлегі, ақын, жазушы, Халық­аралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Сарыағаш ауданының Құрмет­ті азаматы, Парасат, 3 дәрежелі Барыс ордендерінің иегері жайында «Ұлт аманатын арқалаған «Ақ жол» және Ханбибі Есенқарақызы» ат­ты тақырыпта халық­аралық ғылыми-теориялық конференция өткізуді жоспарлап отыр.
«Ақын батыр болмаса, несі ақын?» «Менің мінезім – менің қаруым». «Шындықты не ақын айтады, не ажалы жеткен адам айтады», «Ұлт­ты танытатын шын ақынның өлеңі» деп сөз бастайтын Ханбибі апамыз өзінің азамат­тық ұстанымын көрсеткендей.

Ханбибі жырлары өз құрбыларының, қазіргі дар- қан, өжет қыздарымыздың махаббат сырын, еркін сезімін, қиял-арманын батыл меңзейді.

Қалижан БЕКҚОЖИН,
ҚР Мемлекет­тік
сыйлығының лауреаты, Халық жазушысы

Ақынның ақындықтағы бағы мен жолын талант­ты ақындар ашары хақ. Мектеп қабырғасында жүргенде өлең жазып, өлеңдері қабырға газетіне, ке­йіннен аудандық, сосын, облыстық басылымдарда жарияланып жүріпті. Өлең жазып жүрген жас ақын қыз тоғызыншы сыныпта оқып жүрген кезінде, Сарыағаш аудандық редакцияға ақын Төлеген Айбергеновтің келгенін біліп, жүгіріп кез­десуге барады. Қолында өлеңдерін жазып жүрген дәптері бар. Төлеген ақынмен таныса келе қолындағы дәптерін ұсынады. Алғашқыда онша мән бере қоймапты. Ке­йін сол жердегі қызметкер ағалардың бірі: «Төлеген, мынау қарындасың, өлеңдерін қарап бер», – дегеннен ке­йін ғана дәптерін ақтара бастапты. Кейбір бет­теріне үңіліп қарап, кейбірінен парақтап өтіп кетіп, біткен соң сол дәптерінің шетіне қолтаңбасын қалдырған екен. Онда:
«Аққудай көкке самғаған,
Ұшуға қанат қомдаған.
Құралай көзді ақын қыз,
Ақұштап жолын жалғаған.
Сен шыққан биік жоқ әлі,
Сен шықпақ биік жоғары.
Қайралмай жатқан жас талант,
Қиып түссем деп соғады» – деп астына қолын қойып: «Түбі сен бала бір қараға жетіп жығыласың» деген екен.
Ақын қыз есейе келе тарихи сабақты, тарихи сананы қалт жібермейтін сезімін өлеңдеріне арқау етуді әдетке айналдырады. Айталық,
Тұранымды ұмыт­тым,
Ұранымды ұмыт­тым.
Құранымды ұмыт­тым,
Сонда нені ұғыппын –
деп, түбіміз бір түркі жұртын Тұран туы астында бірігіп, басқосуын армандайды. Бүгін Түркістан қаласы түркі тектінің рухани астанасына айналған уақыт­та ақынның осыдан жиырма екі жыл бұрын асқақ арманмен жазылған өлеңінің ақиқатқа айналып келе жатқанына таңғаласың.

…Мен Ханбибіні азамат ретінде де, ақын ретінде де жақсы көремін. Өйткені Ханбибінің өрі-қыры бірдей. Ақындығы қандай болса, азамат­тығы да сондай.

Сафуан ШАЙМЕРДЕНОВ,
ҚР Мемлекет­тік
сыйлығының лауреаты

Ханбибі Есенқарақызының шығармашылығы, ақындық тұлғасы жөнінде Әбіш Кекілбаев ағамыздан бастап, қаншама ақын-жазушы, әдебиет­танушы ғалымдар жүрекжарды пікірлерін айтып, халық танымына ұсынды. Солардың бірі Дулат Исабеков ағамыз: «Ханбибі – ақын, Ханбибі – батыр, Ханбибі – журналист, Ханбибі – тарихшы. Бір өзіне бірнеше қасиет­ті жинаған ақын… кейбір күшеншек ақындар бар «елім, жерім» деп уайым қылады, бірақ шын уайым емес. Ішінде баласы жоқ әйелдің толғатқаны сияқты. Ал Ханбибі шын қайғырады, шын айта біледі», – деп дәл баға берген.
Сонымен қатар ақын Темірхан Медетбек: «…Бүкіл өлеңін алып қарасаңыз, арбасып жатқан, бірін-бірі ала алмай, алаға­й да бұлаға­й, аласапыран тұстардың барлығын жүрегінен өткізіп, соның ішінде арпалысып өзі де жүретін, сондай құдірет­ті, қарулы, қайрат­ты, жігерлі, намысты ақын», – дейді. Мысалы, мына өлең шумағын алайық:
Қасиетін мойныма ілген тұмардың,
Қасіретін туған елдің ұғармын.
Өз ұлты үшін құрбандыққа бас тіккен
Сәкендерден әулие емес шығармын, – дейді.
Фариза ақыннан соң, әйел ақындардың ішінде Ханбибі апамыздың 10 томдығы көп тиражбен жарыққа шықты. Мінезді ақынның шығармаларын оқырмандары алыстан іздемей-ақ кітапханалардан таба алады. Бұл ақын үшін ғана емес, тұтас ұлт үшін зор мәртебе екені сөзсіз.

Сен шыққан биік жоқ әлі,
Сен шықпақ биік жоғары.
Алқынып туған жас жүрек,
Қиып түссем деп соғады.

Төлеген АЙБЕРГЕНОВ,
ақын

Поэзиямен қатар повесть, әңгіме, эссе жазумен де танымал апамыз Б.Момышұлы, Қ.Қайсенов, Ә.Нұрша­йықов, Ә.Кекілбаев, С.Шаймерденов, Ф.Оңғарсыновамен қатар, Ресейдің Кемеров облысының губернаторы болған А.Төлеев, әйгілі өзбек қаламгері Саид Ахмад, халық ақыны Ә.Қалыбекова жайлы естелік эсселері арқылы аталған тұлғалардың келбетін одан әрі жарқырата көрсетеді. Осы бағыт­тағы ең басты еңбегі – Алаш ардақтыларына, тарихтың тасасында қалып қойған қайраткер тұлғалардың мұрасын жарыққа шығаруға бағыт­талған еңбектері. Ханбибі апамыз «Алаш тағылымы және Тәуелсіздік» ой- толғауында Ахмет Байтұрсыновтың
«Тән көмілер, көмілмес еткен ісім,
Ойлайтының мен емес, бір күнгісін.
Жұрт ұқпаса ұқпасын, жабықпаймын,
Ел – бүгіншіл, менікі – ертеңгі үшін!» – дейтін өлеңіне тарихи-танымдық талдау жасай отырып, кәдуілгі тарихшы ғалымдай ой білдіреді. «Ертеңін ойлайтын жастар қажет» дейтін қанат­ты сөзін дамытып әкетеді.
Ханбибi Есенқарақызының Оңтүстiк Қазақ­стан облыстық қуғын-сүргiн құрбандары мұражайының директоры болып қызмет істеп жүрген уақытында бітірген көптеген игі істерін өз көзімізбен көргенбіз, білеміз, алаш аманатын арқалаған ақын қыздың ерлік ісін халық еш уақыт­та ұмытпайды. Мұражайдың аты облыстық деңгейде болғанымен, қайраткер Хан­бибі апамыз республикалық, халық­аралық деңгейде кең ауқымды игі істер тындырды. Ең алдымен, музей қорына «Шолпан» журналының түпнұсқасы 2008 жылы көршi Өзбекстанның астанасы Ташкент қаласындағы мемлекет­тiк мұрағат­тарынан әкелiнді. Журналдың мәтiндерi сол кез­де қолданыста болған төте араб жазуынан бүгiнгi қолданыстағы кириллицаға аударылды. Бұл – үлкен жұмыс. Үшкүлтай Суханбердина апамыз алғашқылардың бірі болып «Дала уалаяты», «Түркiстан уалаяты» газет­терін туған халқына қайта табыс етсе, біздің өлкеміздегі Хан­бибi апамыз «Шолпан» журналы мен «Ақ жол» газетін халқына қайта табыстырды. Рухани бағыт­тағы бір ерлік еді бұл. Тарихқа көз жүгіртсек, «Шолпан» журналы 1922–1923 жылдары Түркiстан АКСР-i Орталық Атқару Комитетінің бiлiм, әдебиет, шаруа­шылық, саяси журналы болғаны тарихқа мәлім. «Ғасыр таңында туған –«Шолпан» ат­ты зерт­теу еңбегінде Ханбибі Есенқарақызы «Шолпан» журналының мазмұнына кеңінен талдау жасаған. Зерт­теуші Қазақ­стан Ұлт­тық энциклопедиясының 4-томында: «…жеке мақалаларында буржуазияшыл-ұлтшылдық қате тұжырымдарға жол берiлген деп есептелiп, осыған байланысты «Шолпан» журналының 8 саны шыққаннан кейiн 1923 жылдың мамыр айында жабылды» деп көрсетiлген. Журналдың бас редакторы болған Иса Тоқтыбаев «Шолпан» журналын сақтап қалуға бар күш-жігерін салып, түрлi жолдар қарастырған. Бірақ сол кез­дегi саяси ахуалға байланысты басылымның ғұмыры қысқа болды. «Шолпан» журналының бүгiнгi көзi ашық, көкiрегi ояу, тарихқа құштар қауымға берерi көп. Журнал бет­терiн парақтап шыққан оқырман ХХ ғасыр басында ғұмыр кешкен зиялы қауыммен рухани тұрғыда жан-жақты қауышады. Сонымен қатар басылым бет­терiнен сол кез­де қазақтардың қандай сөз қолданғанынан хабардар бола алады. Мысалы: Кiндiк комитет – Орталық комитет; әпжету – қысқарту; басқыш – сынып т.б. «Шолпан» журналы – XX ғасыр басындағы зиялы қауыммен қауыштыратын тарихи жәдігер. Ханбибі Есенқарақызының тікелей басшылығымен 2010 жылы «Ан-Арыс» баспасынан «Шолпан» журналы қайта дүниеге келді.
Ханбибі Есенқарақызы «Шолпан» журналынан соң, «Ақ жол» газетін қайта тірілтуге бар күш-жігерін аямай салды. Бұл газет­тің де тарихи мәні зор басылым болғаны анық. «Ақ жол» газеті 1920 жылдың 7 желтоқсанынан аптасына үш мәрте үзбей шығып тұрған Түркістан Орталық Комитетінің саяси органы болды. Хан апамыз: «Алаш ардақтыларының аманат сөзін мойнымдағы парызымдай көріп, 2008 жылдың соңына қарай Ташкент мұрағатынан «Шолпан» (1922–1923) журналымен қатар, «Ақ жол» газетінің ондағы бар санын алып келдім», – деп газет­тің ұзын саны 613 номерін тауып, оның 38 санының басын қосып 2011 жылы «Ақ жол» деген атаумен екі том кітап етіп баспадан шығарды және кітаптың тұсаукесері де жоғары деңгейде өт­ті. «Алаш аманатын арқалаған «Ақ жол» ат­ты алғы сөзінде Ханбибі Есенқарақызы былай деп пікір білдіреді: «Қараға­й басын шортан шалған» қилы ғасырдың толғағында туған жанкешті тұлғаларымыздың осынау бір еңбегінен өз іздегеніңізді тауып жатсаңыз, біздің де айналайын Алаш жұртының алдындағы бір парызымыздың өтелгені деп білеміз». Кітаптың кіріспе бөлімінде, Ханбибі Есенқарақызы «Ақ жол» газетінің ұйымдастырушылары, газет­тің тиражы, көтерілген мәселелер туралы терең талдау, салиқалы сараптама жасаған. «Ақ жол» газетінің алғашқы редакторы – С.Қожанұлы, уақытша шығарушысы – Қ.Құлетов. Ке­йінгі сандарға С.Оспанов, С.Аспандияров, С.Сәдуақасов, И.Тоқтыбаев, Н.Төреқұлов, Т.Байқасқаұлы, М.Қайыпназар сынды белгілі тұлғалар қатысқан. Газет­тің №271–305 сандары Түркістандағы жазушылар ұйымы атынан шығарылған. Бұлар Түркістандық белсенді, көзі ашық қазақ зиялылары болатын. И.В.Сталин «Ақ жол, ақтардың мүддесі ме?» деп газет­тің атына шүйліккен хатынан ке­йін әде­биет пен мәдениет­тің қайнаған ортасы, Алаш зиялыларының топтасқан жері Ташкент­тен алыстатылып, редакция Шымкентке көшіріледі. Аз ғана жыл ішінде «Ақ жол» газетінің таралымы 12 мың данаға де­йін ұлғайған. Газет­тің таралуы, негізінен Түркістан Республикасының аумағын қамтығанымен, ол ішінара Қазақ Автономиялық Республикасына да таралған. Тіпті оның астыртын жолдармен шетелге де таралғанын М.Шоқайдың еңбектері арқылы білуге болады. «Ақ жолдың» 1923 жылғы 15 желтоқсан күнгі саны 21 690 данамен тарапты. Қаржылық, техникалық, ұйымдық себептерге байланысты газет­тің тиражы құлдыраған кез­дер де болған. Айталық, 1925 жылдың күзінде «Ақ жол» газетінің тиражы 3 мың данаға де­йін төмендеген.

Ханбибі – ерекше дарын иесі. Не айтса да жүрегімен айтады. Өзін туған халықтың жайсаң, жомарт, қайсар табиғатын бойына жинамаған адамнан үлкен ақын шықпайды. Ханбибіде халық байлығын игеруге деген іңкәрлік бар. Осы іңкәрлігі суымаса, бұл қыз өте алысқа баруы тиіс.

Мұхтар ШАХАНОВ,
Халық жазушысы, Халықаралық
Түркі әлемі сыйлығының лауреаты

Тарихқа құштар Ханбибі Есенқарақызы өзге облыстардың мұрағат­тарын ақтарып, қуғын-сүргінге ұшырағандар жөнінде материалдар жинақтап, олардың ұрпақтарына іздеу салды. Ақын апам жазықсыз жапа шеккендердің ұрпақтарын Шымкентке жинады. Алғашқы жылы жиынға небәрі елу адам қатысқан болса, ке­йіннен мыңдаған адам қатысатын дәстүрлі іс-шараға айналып кет­ті. Алматы, Астана, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресеймен қатар, еліміздің батысы мен шығысынан, түстігі мен арқасынан келген ұрпақтары қатысқан кәдімгі республикалық деңгейдегі рухани жүздесуге айналды. Осындай жиынға келгендердің кейбіреулерін айта кетейік: көрнекті ақын Ілияс Жансүгіровтің ұлы Саят аға, алматылық Кәбира Құлымбетова-Қарабалина, ол – КазЦИК-тің төрағасы болған Ұзақбай Құлымбетовтің қызы. Тағы бір алматылық Клара Асылбекқызы Сейітова, әкесі Асылбек Сейітов – Алматыдағы тұңғыш емхананы ашқан қайраткер. Клара апайдың түп нағашысы Мұса Шорманов болыпты. Мұсаның ұлы Сәдуақастың Нафия есімді жалғыз қызы болған екен, 16 жасында Асылбек Сейітовке ұзатылыпты. Мұсаның немересі Нафия – Клараның анасы, т.б.
Ханбибі апамыздың қазақтың біртуар азаматы, ұлт­тық өнердің дамуына зор үлес қосқан Жұмат Шаниннің есімін ерекше құрмет­теуі де көпке үлгі боларлықтай. Атақты өнер иесінің 1992 жылы 100 жыл толуына орай өткен салтанат­ты жиында жасалған баяндамасы аса ыждағат­тылықпен, зор әсерде жазылған баяндама болды. Тұңғыш кәсіби режиссер, драматург Жұмат Шаниннің 1972 жылы Шымкент­те драма театрға атының берілуі бекер емес екеніне көз жеткізесің.

Ханбибі «Найзаға­йлы түн» деген өлеңін:
«Дірілдетіп, дүбірлетіп көк белді, 
Нөсер алып келе жат­ты көктемді. 
Ару аспан асығыстау көктейді,
Алтын жіппен жыртық қара шекпенді» –
деп бастапты. Адал шыным, мен осы өлеңді өзім жазбағаныма өкіндім.
Бір шумақ өлеңде қанша эпикалық қуат, көркем сурет бар. Алтын жіппен жыртық бұлт­тарды көктеу – табиғат құдіретінің, табиғаты қуат­ты ақынның ғана қолынан келеді…
Әбділда ТӘЖІБАЕВ,
ҚР Мемлекет­тік сыйлығының
лауреаты, Халық жазушысы

Петропавлдан арнайы келген, «халық жауы» Байзақов Мәуленқұлұлы, тегі татар болып жазылып кеткен Пархат Вахитов туралы да айталық. Ол – Оңтүстік Қазақ­станның тумасы. Шымкент­тегі Гоголь көшесі, 41-үйде тұрған. Ол үй әлі де тұр екен. Анасы Махинур Вахидова татар ұлтының қызы болыпты. Оның құжатына әкесі ұсталып кеткен соң сақтықпен «Вахидов Фархат, ұлты – татар» деп жазылып кеткен. Ес білген шағында Қазақ­станның Қызылжар өңіріне келеді. Әкесі Байзақов Мәуленқұл 1930 жылдары Павлодарда прокурор қызметін атқарған. Пархат Вахитов Шымкент­тегі мұрағат­та әкесі туралы құжат­тар бар екенін біліп, өз фамилиясын қайта алуды ойлап, Ханбибі апамызға «қолыңнан келсе көмектес» деп келген екен. Өйткені «ол мен қазақтың баласы – қазақ болып өлсем деймін…» деп айтыпты. Сонымен, Ханбибі апамыз басқаратын Мұражайдың қор сақтау бөліміндегі құжат­тар сөйлей жөнелген: «Байзақов Мәуленқұл Исламқұлович 1900 жылы туған. Ұлты – қазақ. Әйелі – Вахитова Маһигур 1911 жылы туған. Ұлты – татар. Қызы – Байзақова Лайля 1933 жылы туған. Ұлты – қазақ. Ұлы – Байзақов Пархат 1936 жылы туған. Ұлты – қазақ. Байзақов Мәуленқұл 1938 жылы 20 қаңтарда НКВД тапсырысымен ұсталған. Кеңес Одағына қарсы насихат жүргізгені үшін 58-статьяның 2,8,9 және 11 тармақтары бойынша, Үштіктің қаулысымен 1938 жылдың 8 ақпан күні атылған. 1989 жылы ақталған. Қазақ­стан Республикасының 1993 жылдың 14 сәуіріндегі «Жаппай саяси репрессияның құрбандарын реабилитациялауға байланысты Байзақов Мәуленқұл саяси қуғын-сүргін құрбаны болып табылады…»

Ханбибі – Оңтүстік өңірінің ғана ақыны емес, түркі тілді ұлт­тарға белгілі, әсіресе өзбек, қырғыз бауырларға танымал, тонның ішкі бауындай жақын тартатын ақын.

Дулат ИСАБЕКОВ,
ҚР Мемлекет­тік
сыйлығының лауреаты

Осы деректі көрген соң Пархат Вахитов ақсақал қуанып қалады. Әкесі тіріліп келгендей бір отырып, бір тұрып, қайта-қайта рақметін жаудырып жатады. Құжат беретін мекемеге қажет­ті құжат­тарды Мұражай қызметкерлері Ханбибі апамыздың нұсқауымен әзірлеп береді. Алты айдан соң, «Ұлты – қазақ» деген төлқұжатын алады. Ақсақалдың ендігі арманы әкесі тұрған үйге ескерткіш тақта орнатуды айтады. Ханбибі апамыз «жақында, 31 мамыр күні бейбіт митингі өткіземіз. Сол митингіден ке­йін өзіңіздің тағдырлас әріптестеріңіздің, өзге де ұрпақтардың, жалпы халықтың қатысуымен ескерткіш тақтаны салтанат­ты түрде ашатын боламыз», – дегенінде, Пархат Мәуленқұлұлының қуанышында шек болмапты.
Айта кетер жайт, Ханбибі Есенқарақызы «Қызыл қырғында» құрбандыққа шалынған, яғни шейіт кеткен 25 мың адамның, оның ішінде, 2,5 мыңы оңтүстіктік жерлесіміз екенін үнемі айтады.
Ақын Ханбибі Есенқарақызының Астанадағы «Фолиант» баспасынан жарыққа шыққан 10 томдық шығармалар жинағының VІІ томы «Алаш және репрессия» деп аталады. Екі бөлімнен тұратын бұл кітаптың бірінші бөлімінде Алаш қайраткерлері мен сая­си қуғын-сүргін құрбандары жайында жазылған мақала, сұхбат­тарымен қатар, 1922–1923 жылдары жарық көрген «Шолпан» журналы мен 1920–1926 жылдары шыққан «Ақ жол» газетінің кітап болып басылып шығуы және осы басылымдар туралы деректер, мәлімет­тер берілген. Екінші бөлімінде, Ханбибі апамыздың ұйытқы болуымен, құрастыруымен жарық көрген «Қан жүректі қайғылым» ат­ты кітаптағы саяси қуғын-сүргінге ұшыраған құрбандардың ұл-қыздарының естеліктері баяндалған.
Белгілі тарихшы, Қазақ­стан Республикасы Ғылым академиясының академигі Мәмбет Қойгелді жазған алғы сөзінде «Маған әсіресе ұнағаны, Хан­бибі ақынның тарих шындығына деген құштарлығы, Алаш зиялыларына деген құрметі болды. Ол бұл ұстанымын атақты «Ақ жол»газетін көптомдық кітап түрінде шығару арқылы білдірді» деп әділ баға берген болатын.
Еңбекте репрессияға ұшыраған асылдарымыздың ұл-қыздарының пікірлерін де хат­тап тарихта қалдырды. «Алаш қайраткерлерінің ұрпақтары, олар жайлы ақынның көзқарасы, сұхбат­тары жарық көрген. Бұл кітаптан Міржақып Дулатовтың қызы Гүлнәр апайдың, Жүсіпбек Аймауытовтың ұлы Бектұрдың, Мұстафа Шоқайдың ағасы Нұртазаның қыздарының жан тебірентерлік естеліктері берілген. Алаш құндылықтарын ұрпаққа жеткізуді парыз санадым», – дейді ақын апамыз.
«Алаш және репрессия» ат­ты VІІ томға белгілі қаламгер М.Байғұт, журналистер Ө.Ақжігіт, А.Сапарбаева, Ү.Алтаевалардың Ханбибі Есенқарақызымен жасалған тамаша сұхбат­тары да еніпті. Қайраткер тұлғаны осы сұхбат­тары арқылы кеңінен танып, білуге болады.
«Ақ жол» газеті Қазақ­стан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің басшылығымен С.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлт­тық университеті, «Алаш» ғылыми-зерт­теу институты бірлесе отырып арада бір ғасыр өткенде, яғни 2020 жылдан бастап газет­тің 25 том болатын көптомдығын қайта шығарды. «Ақ жол» газеті көптомдығының құрастырушысы белгілі ақын, қайраткер тұлға, ірі ұйымдастырушы, ұлт­тың рухани мұрасының, шын мәніндегі, жанашыры – Ханбибі Есенқарақызы.
Тарихшы ретінде айтайын алаштықтардың аманатын арқалап «Ақ жол» ат­ты 25 томдықты жарыққа шығаруы Ханбибі Есенқарақызының халық алдындағы перзент­тік парызын орындаудағы қайраткерлігі, ерлігі деп айтар едім. Алдымен 2011 жылы «Ақ жол» деген атаумен екі кітап етіп баспадан шығарды және кітаптың тұсаукесеріне де қатысқанмын, ке­йін шығарылған 10 томының да куәсі болғанмын. «Ақ жол» туралы шәкірт­теріме дипломдық, докторлық ғылыми-зерт­теу жұмысын жаздырғанда, бұл еңбектердің өте құнды дерек болғанын атап өткім келеді.
Бүгінгі күні 100 жылдық тарихын тойлап отырған «Оңтүстік Қазақ­стан» газетінің қайнар бұлағы, бастау көзі болған «Ақ жол» жайында да аз-кем тоқтала кеткенді дұрыс деп санадық. 25 томдық «Ақ жолдың» кіріспесінде кітап құрастырушысы, ақын әрі өткен тарих тағылымының шынайы қамқоршысы Ханбибі Есенқарақызы былай деп қалың оқырманмен ой бөліседі: «Әр парақты ашқан сайын түрлі бүркеншік атпен жазылған Алаш зиялыларының, ұлт­тың рухани көсемдерінің қолтаңбасымен қауышасыз. «Қараңғы қазақ көгіне, өрмелеп шығып күн болам» дейтін жауынгер сезім иелерінің жан айқайымен, бүгінде өз құнын жоймаған, қадірін жоғалтпаған ойларымен бөлісіп, өткен ғасырдың басындағы Алаш тарихының кейбір ақтаңдақ тұстарымен танысасыз».
Осы аталған көптомдықтың шығуына үлес қосқан, алаштанушы ғалымдардың бірегейі академик Дихан Қамзабекұлы «Ақ жолға» қашан да ақ жол!» – деп баға береді. Ендігі кезекте ғалым пікіріне ден қояйық: «Газет­те басылымның басы-қасындағылардың стилі, бағдары көрініс табады. 1920 жылдардың бүгінге еміс-еміс жеткен аңыз-әңгімесінен білетініміз: тұстастары «Жаһаншаны сөйлеудің шешені, Міржақыпты жазудың шешені» дейді екен. Сондай-ақ Сұлтанбектің шешендігі мен турашылдығы туралы деректер жеткілікті. «Ақ жол» ұстанымы Алаш жүгін артқан арбаның қос арысындай Сұлтанбек пен Міржақып табандылығымен айқындала түседі…«Ақ жол» әрқашан ұлтқа олжа салған басылым болып қала бермек».
Аталған «Ақ жол» газетінің бет­терінде Алаш қозғалысының қайраткерлері қазақ халқының мүддесіне қатысты тақырыптарды тереңнен қозғап, құнды-құнды мақалаларын жариялап отырды. «Халықтың көзі, құлағы һәм тілі» (Ахмет Байтұрсынов) болып қызмет еткен газет­тің саяси-идеялық бағыты құрылтайшыларына тіпті ұнамады, сол себепті де газет жұмысына көп кедергілер жасалды. Ең қорқыныштысы, билік басына бекем отырған коммунистер «қызыл» деген сөзі бар атауды қаламай, газет­тің «Ақ жол» атануының өзінен саяси мән, дәлірек айт­қанда кінәрат іздеді. Сол себепті де газет редакторы, ұлтын сүйген ұлы тұлға, биылғы жылы туғанына 130 жыл толып отырған Сұлтанбек Қожанов: «Қазақ тілінде «Ақ жол» деген сөздегі «Ақ» та «білгіштер» күстаналағандай жаман саяси мағынасы жоқ. «Ақ жол» біздің ақ батамыз, ақ жүрегіміз, ақ көңіліміз екенін қазақ-қырғыз жұрты ақылымен біліп, жүрегімен сезеді», – деп жауап жазуға мәжбүр болды, уақытша болса да тойтарыс берді.
29 қарашада Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақ­стан педагогикалық университетінде «Ұлт аманатын арқалаған «Ақ жол» және Хан­бибі Есенқарақызы» ат­ты халықаралақ ғылыми-теориялық конференция өткізгелі жатырмыз. Конференция жинағына баяндамалар мынадай төрт секция
бойынша қабылдануда:
Х.Есенқарақызының шығармашылық әлемі;
Х. Есенқарақызы және қуғын-сүргінге ұшыраған ұлт зиялылары тағдыры;
«Ақ жол» газеті және Х.Есенқарақызы;
Ұлт­тық таным және тарих.
Қорыта келгенде, Ханбибі Есенқарақызы Алаш аманатына адалдық жасап, олардың саяси қызметі мен ғылыми мұраларын жас ұрпаққа насихат­тап, қолынан қаламы түспей, өнегелі, үлгілі еңбек етіп келеді. «Алаш аманатына адалдық» жолынан айнымайтын Хан апа туған халқымен бірге мәңгі жасайды.

Баршагүл Исабек,
Өзбекәлі Жәнібеков атындағы
Оңтүстік Қазақ­стан педагогикалық
университетінің проректоры

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір