Болашаққа үнсіз қарап тұрмын мен…
30.07.2018
1108
0

Жас ақын Әлімжан Әлішердің «Мені құшақта» кітабының жарық көргеніне көп уақыт өте қойған жоқ. Тақырыбының өзінен жастық максимализмнің лебі есіп тұр емес пе?!


«Мені құшақта!» – мұнда арсалаңдаған ашық достық көңіл бар. Ішкі болмысымен егіз күй кешіп, ортадан оқшауланып, бара-бара жалғыздыққа оңбай шырмалатын ХХІ ғасыр адамын осы креативті көрінетін әре­кеттің өзі таң қалдыратыны анық.
Кітаптың ішкі сырына үңілмей тұрып, ал­дымен безендірілу ерекшелігіне тоқталсақ, одан да жастыққа тән жаңашылдыққа құш­тарлықты аңғаруға болады. Бұл кітаптың бір-ақ «әттеген-айы» бар – таралымы өте мар­­­дымсыз, бар болғаны – 500 дана.
Бұл күні жас таланттың кітабы шыққанда қуанамыз, «жастар не жазып жүр екен, жаһан­дық өзгерістердің біздің қазақы ортаға, қазақы мінез бен болмысқа жағып жатқан бояуын дәл аңғарып, бере алды ма? Қазіргі за­мандас жанын дөп басып танып жүр ме?» де­ген сұрақтардың айналасында, ойымыз қоз­дап, қызығушылығымыз лапылдап-ақ ке­тетіні рас.
Себебі, дүние он төңкерілсе де өзгер­мей­тін концептуалды поэзияға беріктігіміз кей­де, шынында да, өкінішке жетелейді.
Алдыңғы идеялардан ажырауы қиын кон­цептуалды өнерді – соның ішінде поэ­зия­­ны «ұнатам» дейтіндерді мен «имита­тор­лар» деп атар едім.
Сонымен, Әлімжан Әлішер қандай ақын?
Жас таланттың тырнақалды кітабында біз із­деген жаңалық бар ма?
«Жаратылыс» өлеңінен:
Мен аспанға қол созамын,
Қол созады аспан маған, – деген жолдарды кезіктірдім. Күллі тіршіліктің өзара тылсым бай­ланысы бар екенін сәтті көрсеткен, мұ­ны­сы дұрыс, сонысымен өлеңнің негізгі өзе­гін тануға деген қызығушылығыңды оята­ды.
Алайда, бұдан әрі ақын:
Тек жақсылық аңса, жаным,
Өмірім бар басталмаған, – деген солқыл­дақ, әлсіз жолдарды алға тартады. Жас өркен жа­пырағын жайнатып, көкке саусақ созса, ас­пан жылы жауынын да, шуағын да аямай мейірленсе, «жақсылық аңсап» қана бір кү­нін өткізу адамзат баласына лайық па? Ер­тең­ді жоспарлау, мақсатқа ұмтылу, мұзды жа­рып, тау қопару сынды жасқа тән бойдағы бұла күшті қайда қоясың? Сондай-ақ, жас өр­кеннің өмірі дәнегі жерге түскенде-ақ бас­талып кететінін айтқым келеді. Жас ақындар заман тынысына сай, уақыттың қысқалығын һәм қымбаттығын бағаласа, терең сезінсе деген тілек бар.
Бұл айтып жатқан болмашы сынымыз Әлім­жан ақынның жаман ақын екенін біл­дір­мейді. Оның жырларында дионистік көңіл-күй бар, бірыңғай мұңға салыну көп байқалмайды. Сонысы қуантады. «Экстаз» өлеңінде:
Жоқшылыққа өкінбей, барға сынбай,
Көрінбейтін ұстаған қолға сырнай.
Жауын жауса қызыққан әр тамшыға,
Жәндік көрсе, сырласқан жолдасындай, – деп, өнер адамының болмыс-мінезін дөп ба­сып суреттеп береді. Шынайы өмірді экс­таз күйіне түскен адам, шынында, қабыл­дай қоймайтыны анық, жабайы тайпалардың шаман-бақсыларынан Буддаға дейін, одан кейінгі діни мистиктердің психологиялық күйінен діни экстаз халі байқалса, бұл ерек­шеліктің бұдан басқа да түрлері бар еке­нін білеміз, соның ішіндегі шығармашылық ада­­мына тән ерекшелігі туралы:
Сіз олай қарамаңыз, есім дұрыс,
Қаңтардың тоқсаныншы күні бүгін, – деп ой өрген Әлімжан Әлішер ақындық өнер –жан мен Құдайдың өзара тылсым байланысы дегенді жеткізгісі келгені анық.
Жас ақын өлеңдерінде өзіндік ой айтуға тырысады, бұл – анық. Сөйтсе де қазақ поэ­зия­­сындағы концептуалды бағыттан яки дәс­түр жалғастығынан ірге ажыратып, бөлек кете алмайды. «Туған күн» өлеңінде ол өз ту­ған күнінің белгілі ақындармен қатар еке­нін айтып, сол үшін қаңтар айына мадақ ай­тыпты.
Осы өлең:
Болашаққа үнсіз қарап тұрмын мен, Ор­тасында Қадыр менен Қасымның, – деп түйін­деледі.
Қазіргі қайнап тұрған кезеңнің шумақ бо­лып қаланғысы келетін сәттері мен ме­зеттері жеткілікті. Қазіргі адам мен жиырма жыл бұрынғы адамның арасы жер мен көк­тей. Бүгінгі адам жаны ақыннан өзін пси­хо­логиялық тұрғыдан жітірек зерттеуді күтеді. Жалт-жұлт сезім, әсіре көңіл, үнсіз түсінісу формалары қазір мүлдем басқа болса, күту, сағыну, кездесу, қоштасу жағдайы да мүлдем басқаша. Бүгінгі адам – ғарыштың бөлшегі, белгілі бір шеңбердегі жүйенің емес…
Әлімжанның «Жандауыс» дейтін диалог-өлеңі бар. Сонда ол бір нәрсені мойындайды:
– Неге көктем демейсің атқан күнді?
– Бұзу оңай болмады таптаурынды! – дей­ді ол.
Демек, жас ақын поэзиядағы таптаурын­ды бұзуға тырысады. Бұл көңілге үміт ұяла­тауы мүмкін бе?
Әлімжан Әлішер өлеңдері туралы шық­қан бір сын мақалада оны «ақын емес» деп уәж айтқан замандас, қатарластары болды. Алайда, талантты жастың ақын екенін айғақ­тайтын мына бір өлеңін алға тартқым келеді:
Көз алдым тұрса дағы бұлдыр болып,
Есте қалар ештеме бүлдірмедік.
Мен бір түні үйімнен қашып шықтым,
Қайыққа мінгім келіп.
Құдай, мені сол сәтте бақытты еттің,
Жұлдызына таң қалып бақыт көктің.
Қапияда қайығым аударылып,
Батып кеттім.
Аңғарып бүгінімді, өткенімді,
Білмедім,
Қайда?
Қашан?
Шектелуді.
Ешкім әлі білмейді содан бері,
Менің батып кеткенімді.
Әлімжан Әлішер – сыршыл лирик, та­лант­ты ақын. Ол әлі де ізденіс һәм даму үс­тін­дегі қалам иесі. Әлімжанның алдағы шы­ғармашылығынан заман тынысын дөп бас­қан, жаңа заман адамының болмыс-тал­ға­мымен әдемі үндесетін әсерлі лирика кү­теміз.

Анар ҚАБЫЛҚАҚ,
сыншы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір