«Көкжалдардағы» ұлттық бояу
13.07.2018
2232
0

Қазақ киносының қоржыны жыл сайын бірнеше фильммен толығатыны анық. Бірақ олардың кейбірі қазақ киносы деген аттан алыс болса, енді бірі «Сиситай» тәрізді дүбәра күйде көрермен назарына ұсынылып жүр. Соңғы уақытта жарыққа шыққан «Көкжалдар» фильмі қазақ көрерменінің басым көпшілігінің рухын көтерді десек артық болмас.

– Біз көк бөріден тарағанымызды ұмытып, жоғалтқанымызды таба алмай, адасқан халықпыз. «Көкжалдар» фильмінің кейіпкерінің аузынан шыққан бұл сөздер бір жағынан ескі тарихты қозғаса, енді бір тұста қазіргі қазақтың рухани күйін аңдатып тұр. Фильмнің сценарийін Рамазан Құрманбаев пен Еркін Рақышев жазған. Қоюшы режиссер – Еркін Рақышев.
Фильмнің тілі қазақша, кейіпкерлер орыс тілін араластырмай қазақ тілінде сөйлейді. Диалект, жаргон деген кинода атымен жоқ.
Екіншіден, қазақ халқының арғы тегі көк бөріден тарағаны жайлы аңызды арқау ете отырып, бүгінгі көрерменін бабалар биігіне талпындыра түседі.
Үшіншіден, кейіпкерлердің толғанысын, көңіл тербелісін көпсөзділікке ұрынбай, өлең шумақтарымен көркемдеп әдіптеген.
Төртіншіден, кинода адалдық, достық, кие, обал-сауап тақырыбы ту етіп көтерілген. Жәмила «Қасқырды киелі аң деуші еді. Бекер атқансың,» – деп ойға батады. Фильмнің соңында «ата-ана мейірімінсіз тағы өскен сенің обалың кімге?» деген ой қозғайды. Ал ұялас қасқыры торға түскенде, Жабайы жігіт еш ойланбастан оған көмекке ұмтылады. Және керісінше Жабайы досы аяғынан жараланып, қорықшылардың қолынан әрең сытылып шыққанда, қасқыр оны арқасына салып алып қайтады.
Бесіншіден, сан түрлі тақырыптарды бір ғана ұлттық тек идеясына тоғыстырған тұлғалар кинотуындының идеясын бүркемелеп, көрерменнің өз шешіміне тастаған. Мына өлең жолдарын кім қалай түсінеді?
Туған жердің қия алмай тау мен тасын,
Біз келеміз тыя алмай көздің жасын,
Не жазып ек, Жасаған, таптатардай,
Көрінгенге көк бөрінің алтын басын? Өлеңде «көк бөрі» мен «көрінген» сөздері астарланып тұр. Көк бөрі – бүгінгі қазақ, ал көрінген… «Көрінген көк бөрінің алтын басын таптамасын» десек, өз тегін, өз тарихын бойына сіңірген ұрпақ қалдыруымыз қажет. Көпшілік көрерменге киноның ұран етіп тастаған идеясы осы.
Биік идеяны аманат етіп арқалаған фильмде Маугли атанған басты кейіпкердің рөлін сомдаған Жандос Исаев. Жас актер жабайы адамның бейнесін нанымды жеткізу үшін талай сыннан өткені бесенеден белгілі. Алайда, қоюшы-суретші Мелан Хайранның қасқыр жігітті Мауглидің кейпінде киіндіргені. Егер бұл Мауглиге таза еліктеуден туған дүние болса, онда қасқыр жігіт бір тері байлап, шашын иығынан төмен жалбыратып-ақ жүре берсін. «Көкжалдар» фильмінің идеясы Мауглиді негізге алмаған.Ол көне түркілердің батыр ұлды қасқыр емізгені жайлы аңызды негізге алады. Сол себепті де қасқыр-жігітке Мауглише түр-пошым бермей, Көкжал жігіттің өзіндік портретін жасаса, фильмнің қазақы бояуы асқақтамаса кемімес еді. Фильмнің қазақылық сипатын қоюлатқан тағы бір «Көкбөрілер» күйі орындалып, «Түлкібасым» әні шырқалады.
Бұл жазбада фильмнің тек тілдік, тақырыптық, идеялық болмысын сөз еттік. Дұшпан күйініп, дос сүйсінетін тұстарын атап-атап жіліктедім. Бағзыбіреулер «Неге кемішілігін жіпке тізбеді?» деп таңырқар. Онда сәл-пәл толмаған тұстарын атай кетейін. Қасқыр жігіт «анамның мейірімді жүзі еміс-еміс есімде…» – деп ой толғайды. Үш айлық нәрестенің анасын есте сақтап қалуы мүмкін емес. Бұл тұста режиссер тым әсірелеп жіберген. Жәмилаға күйеуі «қатын» деп дөрекі тіл қатады. Ол аздай «әкең…» деп боқтайды. Бірақ бұл жайттар киноөнімнің ұлттық нақышына сызат түсіре алмады. «Көкжалдар» фильмінің идеясы жақсы, ұлттық рухты көтеруге деген талпынысы құптарлық. Алайда, фильм өзінің идеясын ақтап ала алатын деңгейге жете алмаған.

Айзат РАҚЫШ,
ҚР Журналистер одағының мүшесі

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір