«ҚАЗІРГІ ЗАМАНҒЫ ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ» АНТОЛОГИЯСЫ АҒЫЛШЫН ТІЛІНДЕ
Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Ұлттық комиссия мен Кембридж университеті баспасы ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойды. Кембридж университетінде жасалған келісім-шарт бойынша жергілікті баспа «Қазіргі заманғы қазақ әдебиетінің» ағылшын тіліндегі антологиясын аудару әрі тарату жұмысын қолға алды.
Аталмыш антологияны тәржімалау «Жаһандық әлемдегі қазіргі қазақстандық мәдениет» жобасы негізінде жүзеге асуда. Бұл жоба – «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының бір бөлігі саналады. «Жаһандық әлемдегі қазіргі қазақстандық мәдениет» жобасының мақсат-мұраты – Тәуелсіздіктен бергі әдебиет, музыка, бейнелеу өнері, би, кино мен театр саласындағы жетістіктерді әлемге таныту. «Жобамыз антологияның тек Ұлыбританияда ғана емес, сондай-ақ, ағылшынтілді ортаға таралуына мүмкіндік береді деп ойлаймыз. Мұнымен шектелмей, болашақта испан, француз, орыс, қытай және араб тілдеріне аударылған антология шығару турасындағы келіссөздер жүргізіліп жатыр», – деді меморандумға Қазақстан тарапынан қол қойған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру жөніндегі Ұлттық комиссияның хатшысы Аида Балаева. Ал, «Сambridge University Press» ұйымының Реформа және білім жөніндегі директоры Дж.Манн Қазақстанмен мәдени жоба бағытындағы ынтымақтастыққа дән риза екенін айта келе: «Қазақстандық авторлардың прозасы мен поэзиясын ағылшынтілді әлем оқырмандарына таныстыру үшін барлық күшімізді саламыз», – деді. Сонымен қатар, қазір «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы «Жаһандық әлемдегі қазіргі қазақстандық мәдениет» жобасы бойынша «Қазақстанның қазіргі поэзиясының антологиясы» мен «Қазақстанның қазіргі прозасының антологиясы» әзірленуде. 30 қаламгердің басын қосқан әр антология 500 беттен тұрады. Олардың құрылымы мен мазмұны Қазақстан Жазушылар одағының арнайы отырысында бекітілген-ді.