«Айтматов – империяның соңғы жазушысы»
Бішкектегі Қырғыз Ұлттық ғылым академиясында Қырғызстанның қоғам қайраткері, қарымды қаламгер О.Ибраимовтың орыс тіліндегі «Айтматов – империяның соңғы жазушысы» атты кітабының тұсаукесері өтті. «Жәмила», «Алғашқы ұстаз», «Қош бол, Гүлсары», «Жанпида», «Боранды бекет», «Көктөбедегі кездесу» (Қ.Мұхамеджановпен бірге жазған) секілді әңгіме, повесть, роман, пьесаларымен әлемді мойындатқан Ш.Айтматовтың шығармашылығы мен өмірінен сыр шертер бұл еңбек Халықаралық Түркі академиясының қолдауымен жарыққа шықты.
Қырғыз елі Ш.Төреқұлұлының туғанына 90 жыл толуына орайластырылған мерейтойды кең көлемде атап өтпек. Бұл кітапты сол айтулы күнге тарту деп түсінген жөн. Аталмыш еңбекте Ш.Айтматовтың өскелең ұрпаққа қалдырар өнегесі, көпшілікке беймәлімдеу қырлары жатық тілмен әсерлі әңгімеленген. Түркі академиясының президенті Д.Қыдырәлі жазушы мұрасын зерттеу бауырлас халықтардың арасындағы әдеби-мәдени байланысты одан әрі нығайта түсетіні туралы айтып, О.Ибраимовтың осы еңбегі үлкен үдеден шыға алатынын ескертіп: «Түркі академиясы Айтматовтың аманатын ұмытпай, осынау бағытта іргелі жұмыстар бастап кетті. Адамзаттық мәселелерді көтерген заңғар жазушының туындылары түбі бір түркі жұртын биік мақсаттар маңына топтасуға қызмет етеді деп сенеміз», – деді. Жиын барысында жазушының інісі, мұқым Қырғыз еліне мәшһүр геолог И.Айтматов пен қарындасы Р.Айтматова ойларын ортаға салса, С.Раев, А.Акматалиев, Ж.Тентиев, А.Эркебаев, Ж.Сааданбеков, т.б. ғалымдар мен қаламгерлер баяндама жасады. Ал, «Айтматов – империяның соңғы жазушысы» атты кітаптың авторы О.Ибраимов: «Ұлы жазушының болмыс-бітімін, шығармашылық күш-қуаты турасында көзі тірісінде онымен етене араласқан адам ретінде көрген-түйгенімді жазуға тырыстым. Еңбегімді елеп, оның көзіқарақты оқырманға жол тартуына себепкер болған Түркі академиясына алғыс айтамын», – деді. Ол шараға Қазақ елінің атынан Б.Ыбырайым, Ж.Шаштайұлы, Н.Ораз сияқты жазушылар қатысты. Қырғыз ғылым академиясының президенті, академик М.Жұматаев бастаған Қырғызстанның зиялылары игі бастаманы қолдағаны үшін қазақ ұлты мен Халықаралық Түркі академиясына ризашылығын білдірді.