Данышпанның көз нұры: Мен Шыңғыс Айтматовқа қалай бардым?
13.07.2018
1533
0

Жанат АХМАДИ,
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Алматы облысының Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері


Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Келінтөбе совхозына 15 жылға жер ауда­ры­лып барған жылдарым. 1972 жылы мамыр айы­ның бас кезінде, қазіргі Кербұлақ ауда­нының Қаспан деген совхозының № 1 бө­лім­шесінде тұратын жекжатымыз Нұрәділ ақсақалдың үйінде қонып жатқанмын. Ең алғашқы шығармам «Зар-Зарауха» аталатын хикаятымды аяқтап, машинкалық нұсқасын қайда барсам сөмкемде өзіммен бірге алып жүретінмін. Белгілі үйім болмағандықтан әр жерде кезіп жүретін жылдарым. Ол кезде Қытай мен СССР бір-бірін атарға оғы бол­май, екі ара өртеніп тұрған уақыт. Кеңес өкі­­­меті Қытайдан келгендерге сенімсіз адам ре­тінде күмәнмен қарайтын. Бір кезде кеңес өкіметіне сатқындық көрсетіп қашып кеткен опасыздардың тұқымы ретінде бәрін бір шыбықпен айдайтын.
Сонымен әр жердегі таныстарды сағалап аталған пове­сімді кезіп жүріп жазғанмын. Бір жылдай еш жерде жұмыс істемеген едім. Сөйтсем, соңыма түсіп, бақылап жүрген жасырын орынның қызметкерлері бар екен. Жаңағы аталған үйде қонған күннің таңертеңгі шай үстінде мені ұстайтын екі адам ізімнен жетіпті. Оның бірі КГБ-нің, екіншісі Ішкі істер бөлімінің үлкен шенді адамдары екен. Оны сол күні тұтқын­далғаннан айлар бойы тергеген тергеушім – қазір осы Алматы қа­ласы Марков көше­сінде тұратын Ар­ғынбаев Да­ниярдан соңғы жылдары естідім. Бірақ «ұмытып қалдым» деп, қазірге дейін аттарын айтпай қойды. Әлгі сөмкемде ауыстыратын көйлек-көншегіммен бірге салынған повесімнің жалғыз дана машин­калық нұсқасын өзімді Талдықорғанға апарып қамаған соң, сыпырып алып қойды. Қайран еңбегім еш болды. Өйткені, жарық көруге жақын қал­ған. Осының алдында ғана бұл шығар­мамды алғаш рет Жазушылар одағына апарға­нымның өзі бір әңгіме.
Одақ үйіне сыртқы есіктен тартын­шақтай кірген бойда әркімге бір жалтақтап қарап, состиып тұрып қал­ғанмын. Әріректе үш жігіт сөй­ле­сіп тұр екен. Біреуі Жұмекен Нәжімеденов еке­нін әдеби газет-журнал­дарда жарияланып жүрген суреті бойынша таныдым. Жақсы адам­ды айтсаңшы, Жұме­кен маған ара-тұра бір қарап қойып, сырт­тан келген біреу еке­німді айтпай біліп тұрды да, сәлден соң ма­ған қарай жақындап келіп:
– Інішек, біреуге келіп тұр ма едің? – деп сұрады.
– Қапалдан келіп едім… Жазған шығар­мам бар еді… Соны кімге көрсетерімді біл­мей тұрмын, – дедім.
– Онда жүрші, – деп (оған Алла риза бол­сын) екінші қабатқа ілестіріп шығып, тақау тұрған бір бөлмеге алып кірді. Жа­са­нып киінген көзілдірікті, ақ сазандай әдемі кісі отыр екен. Жұмекен мені оған жағысты­рып:
– Мына бір інішек елден келген екен. Жазған бірдемесі бар көрінеді. Соны кімге көрсетерін білмей тұрмын деген соң… – деп, енді оны маған таныстыра:
– Мына ағаң Жайсаңбек Молдағалиев деген қара сөздің майын тамызатын зергер жазушы. Өзің сияқты жас қаламгерлерден кө­мегін аямайтын, кең азамат, – деп табыс­тыра сөйледі. Мен де қарап тұрмай, кітап дүкеннен көргенім бойынша:
– Е, иә, «Торғай толғауы» деген кітабы бар, – деп едім. Жайсекең іші жылығандай ма­ған үміттене көз салып, бірдеме айтқысы кел­ді. Зайыры оқыған, оқымағанымды сұ­рағысы бар-ау. Қарап өлейін бе, соған орай сәл өтірік араластырып алдын-ала:
– Сатып алып қойғамын, енді оқығалы жүргенмін, жақсы болды, – деп қиыстырып жі­бердім. Кітап авторы соның өзіне де қа­нағаттанып қалғандай болды. Жұмекен:
– Ал, онда жақсы, інішек. Осы кісі тала­бың­ды жерде қалдырмайды, – деп шығып кет­ті. Мен өз ойымша, біз сияқты жаңа жаз­­­­ғандарға ақыл-кеңес беретін арнайы адам болатын шығар деп келгенмін. Егер Жұ­мекен болмағанда далаға келгендей бо­лады екенмін. Істің беті бері қарайын деген соң, мен ауылдан үйренген әдетіммен:
– Түс боп қалды ғой, бір жерге барып, әңгі­мелесіп отырсақ қалай болады? – деген едім. Жаңа туыс ағамыз бетіме қарап ойланыңқырап қалып:
– Онда… Осында Бекен Әбдіразақов де­ген жақсы жазушы жігіт бар. Кейін өзіңе көмегі де тиеді, соны ертіп алайық. Мен қазір оны алып келейін. Ал­ды­мен екеумізге шығармаңнан біраз оқып бер, – деп көңілімді аулап тастады. Құдайдан сұра­ғаным осы, бір кездесудің өзі асқақ ар­ман болған. Білдей жазушылармен дас­тар­қан­дас болудан артық не бар!.. Әбдіразақов жылы жүзді адам екен. Есіктен енген бойда маған бұрыннан таныс кісідей амандасып қол алысты. (Әлгі КГБ тәркілеп алып қалған «Зар-Зарауханың» сол сілеммен қайта жа­зылған нұсқасы арада 29 жыл өткенде 2001 жы­лы Тәуелсіздіктің 10 жылдығына Иман­ғали Тасмағанбетов «100 автордың» кітабын шы­ғарғанда, Мереке Құлкенов басқарған «Өл­ке» баспасынан жарық көрді).
Жайсекең мен Бекен Әбдіразақовқа араб әрпіндегі қолжазбамды (машинкалық нұс­қаны бөгеліп, кідіріп оқимын) су­ды­ратып оқи жөнелдім. Екі-үш бет тоқтамай оқы­ғанымда екеуі кезектесіп:
– Інішек, тілің жақсы екен, оқу мәнерің де жаман емес.
– Иә, жалпы Қытайдан келгендердің тілі жақсы. Ана Қабдеш Жұмаділовті көр­мей­сің бе, – десті.Үшеуміз сол кездегі Ком­му­нист көшесімен аяңдап «Алматы» деген мей­рамханаға бардық. Аспен бірге бұйы­рылған «Ром» деген мойны буылтақ мөлдір кү­рең түсті ішімдік бөтелкесімен әкелінді. Жай­секеңнің:
– Бұған өзің қалай едің? – дегені маған онша ұнамады. Ішімнен қызарақтап:
– …Сіздермен бірге кішкене… – дей бе­ріп едім, ар жағын өздері жөндеп, аздан соң ортада көңілділік пайда болды. Соған сай «Ромның» екіншісі келген. Бір қызығы, мені былай қойып, екеуі әлдебір қызғын әңгімеге кірісіп кеткен. Ішім­нен жазушы да осындай бола ма деп отыр­мын. Аздан соң менің бір далада қал­ғанымды ескерген меймандарым бағанағы шы­ғармама қайта ойысып, Жайсекең:
– Мына Бекен ағаң да жақсы жазушы. Повесіңнен газет-журналдардың біріне үзінді бастыруға көмегі тиеді, – деп көңілім­ді бір көтеріп тастап, содан ары қарай:
– Тек бір нәрсеге көңіл бөлсең болады; орыс­ша ойлап, қазақша жазатын көрінесің, – дегені! Мен ол кезде орысшаңыздан нөл­дің маңайындамын. Ішімнен сасқалақтап қалдым. Сенімді түрде айтып отырғанына ақылым жетпегендей. Бағанағы араб әр­пінен оқығаным және Қытайдан келгенім белгілі болғаны есінде қалмағаны ма? Аз отырып қалдым да:
– Ойбай-ау, мен орысша «іздірәсти» де­ген­нен басқа құқ етпеймін. Сонда қалай орыс­ша ойлай аламын?! – деп таңырқадым. Әб­діразақов қолайсызданып қалды. Ың­ғайсыз жымиып, бетін ары бұрды. Мол­да­ға­лиев не дерін білмей, бөгеле дағдарып қал­ды. Ол кезде жазушы да пенде екенін біл­мейтінмін. Жас кезімізден «Абай» ро­манын арабшасынан оқып, тіпті кей тұсын жат­тап алып жүрген біз сияқтыларға жазу­шы десе жердегі періште көрінетін. Екеуінің соң­ғы білдірген ақылы шығармамның таң­даулы бір жерін машинкаға 6-7 беттей үзінді бастырып әкелуімді айтқандары болды. Ал мен сол қайтқаннан жасым 30-ға жетпей, 15 жыл­ға жер аударылып кетіп (1972-1987), қай­та оралғанымда Жайсекең бұл өмірде жоқ екен. Реті келгенде Бекен Әбдіразақов­тың есіне түсіріп, екеуміз бір күлісіп алдық. Бұл менің «Дүрбелең» романым жарық кө­ріп, ел қатарына қосылған кезім еді.

***

Сонымен 1976 жылдың қысында «Дүр­бе­лең» романымның ең алғашқы нұсқасын жа­зып бітірген едім. Қазақстан Жазушылар одағы мені білмейтіндіктен төте жол іздеп Шың­ғыс Айтматовқа баруды ойладым. Ауыл­дағы бөлімшелік милицияға қолхат жа­зып беріп, 3 күнге рұқсат алдым. Жаңа­қор­ғаннан пойызға отырып, ертеңінде таң ата Фрунзе шаһарына жеттім. «Дом кино» деп аталатын кино үйінің басшысы екенін ұзын­құлақтан білетінмін. Вокзалдан төте «Дзер­жинский бульвар» деген көшемен діт­теген жеріме жеттім-ау. Бірақ Шыхаң Ала­таудың бір қойнауындағы «Орто сай» деген жер­дегі демалыс үйінде жатқанын естідім. Қа­ладан автобус баратын жер екен. Біздің Ме­деу сияқты ұзақ сайдың басы, әдемі кең қой­нау. Демалыс үйлерінен тай шапты­рым­дай жердегі дарбазада милиция тұрады екен. Ол жолатпай:
– Шыңғыс байекем кітап жазу үстінде… Шаһардың милиция басшысы бізге бірде-бір адамды кіргізбе деп бұйрық берген, – де­ді. Алыстан келгенімді айтып, зарлап тұр­мын. Өзі жастау; сықсиған жапсар көз, кер­­жік мұрын лейтенант сөз ұғатын адам сияқ­ты емес. Айтқанымды естімегендей, сөз­ге келмей сіресіп тұрып алды. Қалтама қо­лымды салып:
– Ей, айналайын, – деп, 10 рубль қызыл ақ­ша шығарып. – Мына сыйлығымды (сый­лық емес, пәре ғой) ал да, өткізіп жіберші, – деп қақсап тұрмын. Ол бөгеліп қалып қо­лы­ма көзінің қиығын салды да:
– Болбойд дедім ғо… Болбойд! – дей беріп, алдындағы телефон құлақшасын алып ішкі жақтағы біреуге:
– Ошондо Қазақстаннан келген бір адам турад… Шыхаңа келіптір. Өзү жаман адам көрүн­бейд. Қандай қыламыз? – деп сұрады. Жүзі жіби бастағанын көріп, бүктеулі ақ­шаны қолына ұстатып та үлгердім. Арғы жа­ғы телефонды үзіп тастап, біраз кешігіп ба­рып қоңырауды қайта жалғап бірдеме деп жат­ты. Екі көзім қайыршы, диуананың тілем­сек жанарындай қадалып тұр. Тұтқаны ор­нына қойған лейтенант:
– Жардамшысына айтқан элем, Шыхаң дүйшенбі күні жұмыста болатұрғанын ай­тып­­тыр. Қолұмдон келгені ошұ, – деді. Бұ­ны естігеніме де шүкіршілік етіп, жолға түс­тім. Қазақта «қайыршыға жел қарсы» де­ген сөз бар. Менің пойыздан түскенім жұ­ма күні еді. Үш күнге дейін жататын қо­нақ үйлерді кезе бастаған едім, сырттай оқи­тындардың қысқы сессия кезі екен, бірде-бір мейманханада бос орын жоқ. Со­нымен вокзалға қайта барып, дүйсенбіге дейін тік отыруыма тура келді. Түнде орын­дықта жантайып, ұйықтап кетсең мили­ция­лар түртіп оятатын заңы бар екен. Осы вок­залдың әжетханасында беті-қол жуып, осын­да қырынып, үш күнді өткіздім. Дом ки­ноға сағат 9-дан өте барсам, Шыхаң кел­ген екен. Бірақ енді мұндағы күзетші кір­гізсеші! Жолхат сұрайды. «Командиров­каңыз­ды көрсетіңіз» дейді. Сөмкемде қыр­ғыз тілінде шыққан «Жамила» повесі бар еді.
– …Осыған қолтаңба алуға ғана келдім, – деп жыларман боп тұрып алдым. Үйрен­шікті тәсіліммен қалтамнан бүктеулі 5 рубль шығарып, шетін жылтыңдатып ұстап тұр­мын. Өтірік тартыншақтағанына қарамай қолына қыстыра салдым. Ғимарат екіқабат қана екен, күзетші:
– Мен келгенше біреу кіріп кетпесін, – деп орнына өзімді «күзетші» ғып қойып, жо­ғары көтеріліп кетті. Аздан соң онымен бір­ге біреу түсіп:
– Мен Айтматовтың жардамшы орын­ба­сары Борбыев деген болам. Жұма күні Орто сайға келген сіз боласыз ба? – деді.
– Иә, менмін, – дедім құрақ ұшып.
– Қандай ішменен келдіңіз?
– Мына «Жамила» кітабының көп жерін жат­қа оқи аламын. Соған қол қойдырып алайын деп едім, – деп басқа шаруаны біл­дір­­мей жасырып қойдым. Борбыев таңыр­қап:
– О-обба, қоқи-ой! Қазақстаннан ұшұ үчін келдіңіз бе?
– Иә, сол үшін көріп қайтуға келгенмін. Борбыев күзетші екеуі «осындай да болады екен-ау» дегендей бір-біріне қарап күліп алды да, мені жоғары қарай бастай жөнелді. Көмекшісі есіктен күле кіріп, Шыхаңа:
– Сіздің шығармашылығыңызды аябай жақтайтын адам тауып келдім, – деді. Бор­быев өзі түрегеп тұрған бойында мені орын­дық­қа отырғызды. Кең бөлменің төрі – тө­бесінде патшадай болып еңгезердей алпамса де­нелі Шыхаң жарықтық отыр! Дана жүзіне сай келіп, ұш жағы доғалдау әдемі біткен кесек мұрынды, шонжар бейнелі кісі екен. Қа­лың биік, толқынды шашы бүкіл басына сый­мағандай тұтасып, көрік бере қобырап тұр. Бар бейнесі Шыхаңды патша кел­бет­тендіріп, даңқты адамның айбынын асыр­ғандай. Алғашқы сөзі:
– Е, інім, маған қалай кеп қалдың? – де­ге­ні еді. Дауысы, түрі бәрі Шыхаңды-Шыхаң дегізгендей, сабыр­лы, маңғаз. Хан тұқымындай, сөз есесі тисе ар­ғысы қиын емес:
– Сізге келгенім «данышпанның көзі зын­данға түссе, зынданның түбіне күн сәу­лесі түседі» деген. Мұхтар Әуезовтің «Абай» ро­маны мен Сіздің «Жамила» повесіңізден жат­қа үзінділер оқи аламын. Осы кіта­быңыз­ға Өзіңізден қолтаңба алайын деп Қы­зылорданың Жаңақорған деген ауда­ны­нан келдім, – деп едім, іші жылыған Шыхаң мені сүйеп сөйлегісі келгендей:
– Жаңақорғанды пойызбен өтіп жүрген­нен білем, – деп қойды да:
– Қане, андай болса Әуезовтен жатқа ай­тып жіберші, – деді. «Абайдың» 3-ші то­мы­ның басында: «Күз аспаны күңгірт, бұ­лың­ғыр. Ауада дымқыл сыз бар. Маңайда ұза­рып солған қурайлар көп көрінеді. Жа­пырағынан айырылған тобылғы да қуқыл реңді. Боз көде, шағыр жусан бәрі де жел ле­бінен қалтырайды, бас шұлғып елбек қа­ға­ды. Қара жел қуған қаңбақ та кең жазықта көп бұлаңдап, тынымсыз кезіп жосып өтеді» деп басталатын тарау бар. Соның бір-екі бе­тін зулатып бара жатқанымда, Шыхаң әлі тоқ­тай қоймайтынымды аңғарып, құлаққа жағымды мәнерлі үнімен:
– Ал, енді «Жамиланы» оқып көрші, – де­ді. «Әрдайым жолға шығарда…» деп баста­ла­тын алғашқы бетінен түсіп кеттім. Ара­сын­да Шыхаңа көз салып қоям, мейірленіп тың­дағаны, айналаға жарық шашқандай отты көздерінен айқындалып отыр. Сәлден соң:
– Қане, енді орта тұсынан да білетін бол­саң, бір жерін оқышы, – дегені сол еді. Батып бара жатқан күнді суреттейтін тұста керемет көркем беттер бар. «Нарқы өйөзде, қазақтың боз-адыр белесінде от жағылған тан­дырдың аузындай олоулонұп; жерге көугүм чақырып, асмандағы борпоң бұлт­ша­ларды қызыл сұр түшке бояп; талықшып албырған күнді Жамила алақанын маңдайы­на қалқалап; ошол жақта қандайдыр бір сонун көрүк ашылып келе жатқандай мұ­ңа­йым күлімсіреп тұрдұ. Баятан қушырылған қашы азыр жазыла беріп, жүзү жарық тартып жұм­шарды» деп басталатын жерден түскенмін. Қара жаяу еместігіме Шыхаңның көзі жетті.
– Қырғыз тілін қайдан білесің? – деп сұрады. Шыхаңа келгенге дейінгі аралықта «Жамиланы» бастан-аяқ араб әрпімен бір дәп­терге толтырып көшіріп алғам. Содан көп жерін жаттап жүргенімді айтып, сөм­кем­нен дәптерді алып көрсеттім. Қолына алып парақтап көріп, таңырқап-ақ қалды. «Жамилаға» төмендегі қолтаңбаны түсіріп: «Ада­биятқа чын пейілімен емгек етіп жүр­гөн иним Жанат Ахмадиевке» деп қолыма ұстатты. (Содан кейін 1982 жылы бір барға­нымда өзі бас редактор болған «Манас» кіта­бының бетіне: «Жанат Ахмадиев иниме, ке­лечегиң кең болсун деген тилек менен» деп қолтаңба берді). Шыхаң маған риза бол­ғаны байқалып:
– Тағы қандай әңгіме бар? – деді. Біраз жыл бұрын Қытайдан келген жалқы, жетім жігіт екенімді, «Дүрбелең» деген ро­ман жазып аяқтағанымды, Қазақстан Жазу­шылар одағында бірде-бір адамды таны­майтынымды, соған көмектесуін сұрап кел­генімді айтып шықтым. Бағанағы «да­ныш­панның көзі зынданға түссе, зындан­ның түбіне күн сәулесі түседі» дегенді қай­талап шегелей түскендей болдым. Шыхаң «Дүрбелең» романында баяндалатын көтері­лісті естігенде елең етіп:
– Әлгі айтқаның Ысқақбек деген гене­рал қатысқан көтеріліс пе? – деп сұрай кетті.
– Иә, ол кісі осы жақта Ош қаласында сә­бет өкіметінен тәлім-тәрбие алып қайт­қан, ұлты қырғыз Ысқақбек Мүнинұлы де­ген генерал. Менің мына жазған ро­ма­ным­ның үлкен кейіпкерлерінің бірі, – дедім. Шыхаң іші жыли түсіп:
– Қане, бір-екі бетін оқып жіберші, – де­ді.
– Жатқа оқысам бола ма? – деген едім.
– Қара сөзді қандай жатқа оқисың? – де­ді.
– Жалпылама емес, ішіндегі қазы-би­лер­дің шешендік сөздері, – дедім.
Шыхаң асықпай жайланып тыңдағысы кел­генін байқатқан еді, Борбыев осы кезде ға­на менің қатарыма отыра кетті. Басты кейіп­керлердің шешен сөйлеу үлгісімен қоз­ғай бастадым. Әр сөйлемді қырандай бағып отырған Шыхаң кей жерінде тоқта деп қалып:
– Осы жерден қайта айтшы, – деп тос­қауыл­дап отырды. Ол басты кейіпкер Керімбек қазының аузынан шыққан мына сөй­лемдер еді. «Бір сүріндіріп, екі сүйіндіріп ке­лін өсір, екі сүріндіріп, бір ұғындырып қыз өсір». «Әр ақсағы өзінше ақсап, әр мыр­засы өзінше шіренген көшпенді қазақ еді». «Таралғысын алты қабат тағынып, бөркін ше­кеге киіп, үзеңгісін шіренген мырзасы бар, байтал мініп құлыннан дәме қылмаған ке­дейі бар». «Шөмелені шөп еткен, қашқан сиырдың уызынан дәметкен жарлысы бар». «Шықпаған жаннан үміт, бітпеген малдан үміт жалшысы бар». «Әр ауыл есті басшыға ба­ғынып; бай-кедейі білінбеген ымыралы ел жайлауға қарай жарыса көшіп; мың­ғырған малмен ыңыранып; маңғыстап жыл­жып, мамырлап қонушы еді» деген сияқты бі­раз тіркестер еді. Борбыевтің қаншалық тың­дай алғанын білмеймін, Шыхаңның қа­нағаттанып қалғаны белгілі еді. Соңынан мен ол кісіге үш күн бойы вокзалда отыр­ға­нымды, ұйқыдан шаршағанымды, ертең қайт­қанымша бір қонатын қонақ үй болар ма екен деген тілегімді білдірдім. Шыхаң бір­ден Борбыевқа табыстап еді, ол ең атақты «Қырғызстан» қонақ үйіне телефондап орын әперді. (Сондағы квитанция күні бүгін сақ­таулы).
Шыхаңның жасаған жақсылығы – Қал­тай Мұхамеджановқа хат жазып берді. Қа­ле­кең Сайлаубек Жұмабеков деген сыншыға та­быстап еді, ол машинкамен 19 бет рецен­зия жазды. Роман әлі тарау, тарау­ша­ларға бөлінбеген тұтас жазба еді. Сайлаубек жаз­ған рецензиясында соны дұрыстап жік­теп, шығарманы бастан-аяқ тағы бір «қыр­нап» (өз сөзі) әкелуімді көрсетті. Бірақ тағ­дыр тәлкегімен мен көп уақыт жоғалтып, ара­да 10 жыл өткенде, 1986 жылы қазақтың көр­некті ақыны Есенғали Раушанов мені заңғар жазушы Қабдеш Жұмаділовпен та­ныстырды. Бұған дейінгі аралықта «Дүр­белең» романының иі әбден қанып болған. Со­ған орай Қабдекең де көз нұрының шы­найы ең асылын сарп ете отырып, тез арада оқып шықты. Қол-аяғын жерге тигізбей «Жазу­шы» баспасының Бас редакторы Мұхтар Ма­ғауин мен директоры Сайын Мұрат­бе­ковке айтып, баспа қоржынына өткізіп қой­ған. Соңынан Жазушылар одағы проза кеңе­сінің арнайы мәжілісінде талқылатты. Сөй­тіп Қабдекеңнің күшімен роман бі­рауыз­дан жоғары бағаға ие болған. Жиынды басқарған төраға Мұхтар Мағауин қазақ әде­биеті керуеніне жақсы роман келіп қо­сылды деп құттықтап қорытты.
Сөйтіп, менің қыл үстіндегі тағдырым бір қырғыз, бір қазақ, екі классик жазушы: Шы­хаң мен Қабдекеңнің көз нұрларының қуа­тымен бері қараған. Қазекең «ке­мең­гердің мейірімі – бақыт кілті» дегенді осын­дай­дан айтқан. Ал, аспанның кеңдігін құ­дық түбіндегі бақаның көзімен өлшейтін, жақ­сылығы өз басынан аспайтын құрғақ мыр­за, жеке би лауазымдылардан кімге жұ­ғып қалмақ. Олар сенің жақсы жүргеніңнің өзін артықсынып, көпсінеді. Бұқаның мүйі­зі аман болса, мұрны аман жүретініндей; өз­ге жаққа көз салғысы келмейтін талайлар жүр…

***

Кейінгі жақын бір жылдары Шыхаң Ал­ма­тыға, біздің Ұлттық кітапханамызда өте­тін бір жиынға келгенінде, мен өзімді та­ныс­тырып: «Мен өзіңізден бата алған әлгі Жанат Ах­ма­димін. Сонау жылы Бішкектегі Кино үйінде өзіңізге үзінді оқыған, «Дүрбелең» рома­ным­нан бастап біраз романдар шығардым», – де­дім. Өзі тоқтап тұрып сөйлескісі келді. Мен: «Сіздің «Жамилаңыздан» тағы бір үзінді оқиын», – деп едім мақұл бола кетті. Бастай жө­нелдім, риза болғаны сонша, қолын кеу­десіне қойып алғыс білдірді.
Қорыта айтқанда, дүниені дүбірлеткен ұлы адамның келе жатқаны Шыңғыс Айтма­тов­тың ең алғаш Мұхтар Әуезовке оқытып, жо­лын ашқан тырнақ алды туындысы «Жа­мила» повесінен-ақ білінген. Қазір Орта Азия, бүкіл түрік халқы «Шың­ғыс Айт­ма­тов­тың жылын» өткізіп жатқан­дықтан, сол ке­меңгер тұлғаның атына байланысты бас­тан кешкен бір кезеңді жұрт білсе артық бол­мас демекпін.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір