Жайықты жалдап өткен ер
13.07.2018
2219
0

Исатай мен Махамбет бастаған көтеріліс тарихы сөз болғанда Құрақ Маябасовтың есімін атамай кетуге болмайды. Құрақ Беріштің Күлкеш атасынан. Құрақтан Әжмағамбет, одан Аухат, Аухаттан Рақым, Сыдық, Дайыр, Қаныком, ал Қаныкомнан Қырым, Нұрым, Сырым, Гүлзада туады. Қырым мен Нұрымнан тараған ұрпақ бүгінгі күндері Махамбет ауданы Ақтоғай ауылында тұрады. Кезінде марқұм Қырым Қаныкомов Таңдай ауылында біздерге химия пәнінен сабақ берген, сонау 90-жылдары мектепте бірге жұмыс жасауға тағдыр жазған болатын. Мектеп директоры қызметін атқарып 55 жасында қайтыс болды. Қырақаң 70-жылдардың аяғында махамбеттанушы, жазушы Берқайыр Аманшиннің іздеп келіп, Қымбат анасының айтуы бойынша деректер жинастырғандығын, анасының Махамбеттің кейбір өлеңдерін басқаша айтатындығын, соны жазып алмағандығына өкініш білдіріп отырушы еді. Қырым Қанымкомұлы Рахым қарттың жары Қымбаттың бауырында өскен. Ол кісі батырлар жырын жатқа соғатын, мықты шежіреші кісі.


Өлкеміздегі талай тарихи оқи­­ғалар Ақжайықпен бай­ла­ныс­ты өрбиді. Алуан-алуан ше­жірені түбіне тұндырып жатқан Ақ­жайық Атырау өңірінің мақ­танышы, құт-берекесі, тіршілік өзе­гі. Осы жөнінде Асанқайғы мен Сыпыра жыраудан бері та­лай­лар ән шығарып, күй тол­ға­ған. Ақындар өлең арнаған. Ма­хам­бет Өтемісұлы хан жасағынан қу­ғын көріп, тарығып жүргенде:
Айналайын Ақжайық,
Ат салмай өтер күн қайда?
Еңсесі биік Ақорда,
Еңкеймей кірер күн қайда? – деп аңсайтын Жайық өзені.
Бұны казак-орыстар алып, қа­зақты ата қонысынан қуып шық­қанда Мұрат ақын Мөң­ке­ұлы:
Еділді келіп алғаны,
Етекке қолды салғаны,
Жайықты келіп алғаны.
Жағаға қолды салғаны, – деп зар төкті.
Ығылман Шөрекұлының Иса­тай-Махамбет дастанында:
Түн ортасы болғанда,
Жаманқала аузынан
Қаптаған қолға қарсы өтті
Жаудан қайтар ер ме еді?!
Алды-артында қамаудан
Аман-есен өткізіп,
Сапарын Алла жөндеді, –
деп жыр­ланады (Х.Дос­мұхамед­ұлы, Исатай-Махамбет – Алматы, 1991, 125-б.). Исатай мен Махам­бет бастаған көтеріліс хан мен пат­шаның біріккен жасағынан жеңіл­геннен кейін, жан сақтап ығыс­қан олардың шағын тобы 1837 жылдың 13 желтоқсанында осы жаңа қатып жатқан өзеннен ат ­пен түйелердің аяқтарын буып бай­лап, мұзға киіз төсеп өткен екен. Кезінде Исатай-Махам­бет­тің «көпірі жоқ Ақ Жайық, атын жал­дап өткен жеріне» (Мұрат Мөң­кеұлы) ескерткіш белгі қойыл­ған.
Оларды Жайықтан өткізген Құрақ өте жершіл, із кескіш адам бол­ған. Оның жершілдігі сондай, түн­де жол жөнекей кетіп бара жа­тып түсіп қалған тұсауын қай­тып келе жатып аттан түспей ең­кейіп алып жүре беретін деседі. Құ­рақ Маябасұлы 1837 жылы ша­мамен 34-35 жаста болса керек. Оған дәлел ел ауызынан жеткен Махамбеттің «Бала күннен бірге ой­наған құрдас едің, сыйласып өт­кен сырлас едің, арнайы саған ат басын тіредім, жолды білесің, ебін тауып Жайықтан өткізіп жібер», – деп қолқа салуы. Сөзге тоқ­таған қазақ баласы емес пе, ба­тырдың сөзін жерге тастай ал­ма­ған жершіл Құрақ 12 жел­тоқ­санның көз түрткісіз қарасуық ала боран түнінде Бақсай бекінісі мен Жаманқала арасындағы Са­ры­то­ғай жырасын бойлай оты­рып, Жайық өзенінің тік жар қа­­бағы ар­қылы, киіз, төсеніштер тө­сеп Иса­тай бастаған топты өт­кізіп жі­бе­реді. Бұл туралы Орал ка­зак әс­керінің атаманы В.О.Пока­­тиловтың Орын­бор әс­кери губернаторы В.А.Перовс­кийге 18 желтоқсан күні жазған рапортында «Қарақ­шы Тайманов 12 желтоқсаннан 13-ші желтоқсанға қараған түні сағат 4-те 30 шақты еркек-әйелі бар топпен Жайықтан өтіп, қа­шып кетті. Жауыздарға қатты са­қылдаған суық пен ақ боран да жәр­демдесті», – деп жазды (ҚР ОММ, 4 қор, 1 тізім,1963 іс, 550 п.). Рапорт батырлар Жайықтан өт­кен­нен бес күн кейін жазылға­ны­мен, оларды өткізуші Құрақ Мая­басұлы туралы бірауыз сөз жоқ. Ал төменгі Орал линиясы­ның басшысы ротмистр Акутин қолға түскен Нұрмағамбет Сүйінұлының айтқанына сүйеніп «Исатай тобын Жаманқала бекі­ні­­сінен сәл жоғарылау тұстан Бе­ріш руының азаматы Құрақ Мая­басов өткізген. Ол осыған қар­сы бетте 80 шақырымдай жер­де орналасқан» – деп мәлімдеді. Исатай-Махамбетті Жайықтың Бұқар бетіне өткізген Құрақтың да, батырлардың да бірін-бірі соңғы рет көруі болатын. Патша үкіметі көтіріліс барысында қолға түсірген, кінәлі деп танылған адам­дарды екі топқа жатқызды. Бі­рінші топтағыларға, яғни қол­дарына қару алып көтеріліске бел­сене қатынасқандарға әскери сот­тың шешімі бойынша 1000 дүре соғылып, Сібірге жер аудару, солдатқа айдау, қамал салу жұ­мысына жіберу жазалары қол­данылды. Екінші топтағыларға, Исатай тобына қатысы бола тұр­са да, кінәлары онша емес­тер­ге дойыр қамшымен 25-тен 50-ге дейін дүре соғу белгіленген. Құ­рақ Маябасовты дүние-мүлкін кәм­пескелеп, итжеккенге айда­уы­­на қарағанда бірінші топқа жат­қызылғандығын аңғаруға болады. Қым­бат анамыздың айтуы бойын­ша, Құрақ батыр­ларды өзен­нен өткізе салып үйіне келіп, атын суытып қойып, таңғы шәйін ішіп бола бергенде соңы­нан қуғыншылар да жеткен екен дейді.
Жазушы Әнес Сарай «Екі тар­лан» Исатай-Махамбет тарихи зерт­теу еңбегінде Құрақты хорун­жий Жигин мен Қойыс Қалды­бай­ұлы ұстап, Орал қаласына ай­да­тады. Ісі әскери сотқа бері­ліп, итжеккенге айдалып сонда өлді делінеді. Атырау газетінің қо­сымшасы «Ата мекен» газе­тінің 1997 жылғы №12 санында «Аухат ақын» атты мақаласында балықшы Дауылбай Сар­ма­нов Құрақты старшина Қойыс Қал­дыбаев деген итаршы сот үкі­мімен Сібірге айдатты деген пі­кір білдіреді. Алайда авторлар бұл деректі қайдан алғаны туралы жаз­баған. 2008 жылы «Сахара» га­зетінің 24 қаңтар күнгі санында Қазақстан Журналистер ода­ғы­ның мүшесі Мұрат Аташұлы «Аухат ақын туралы ақиқат» де­ген мақаласында «Құрақты Қал­дыбаев Қойыс деген итаршы Сі­бірге айдатады» деп жазады. Біз бі­летін Қойыс – белгілі ақын Ха­мит Ерғалиевтің арғы атасы. Оның басына кейін Хамаң тас қойған. Ол кісінің бейіті Бақсай се­лолық округінің «Тасоба» деген же­рінде, білмейтін адам таба ал­майтын тасалау жерде. Ол да орыс­тармен онша болмай, өле­рінде: «Молам «Тасобада» бол­сын, өзім тасада болайын» депті де­ген сөз бар. Қойыс бай, әрі стар­шина болған деседі, қолы ұзын, патша жендеттері Құрақты Қойыссыз да айдатпай ма?!
…Азаттық үшін арыстандай ар­палысып өткен қос арысқа ту­ған жердің топырағы бұйырса, ба­сын бәйгіге тіккен есіл ер, ит­жеккенге айдалған Құрақ Мая­ба­совтың сүйегінің қайда қалғаны да белгісіз.
Елі үшін еңбек еткен тұлға­лар­ды келешек ұрпақтың есінде мәң­гі қалдыру ісі бүгінінің ісі. Құрақтың құрдасы Махамбет ақынның:
Еске алсаңдар біздерді,
Мың рахмет сіздерге, –
деген­де осыны айтпап па еді?!

Аққали АХМЕТ,
Х.Дос­мұха­медов атындағы Атырау мем­лекеттік университетінің про­фес­соры

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір