Абай тұлғасы: сирек басылым беттерінен
25.08.2015
2488
0

18Кітапхананы «даналық үйі» атап, кітапқа құрметпен қарау ежелгі Шығыс мәдениетінде қалыптасқан дәстүр. Сол даналар айтып кеткен ғасырлар қойнауынан сыр шертетін кітап – қазына біз куәсі болып отырған үшінші мыңжылдықта да маңызын жойған жоқ. Абай, Шәкәрім, Мұхтарға, Алаш арыстары мен ұлт зиялыларына рухани нәр беріп, ғасырдан ғасырға жеткен қоғамдық кітапхананың қазына қоры әлемдік мәдениет тарихында, Қазақстан және өлке тарихында алатын орны ерекше құнды басылымдар топтамасын құрап, мәдени мұра ретінде сақталуда.

Жаңылгүл Әділбекқызы,
Семей қаласындағы Шығыс Қазақстан облыстық
Абай атындағы әмбебап кітапхананың негізгі қорды сақтау бөлімінің меңгерушісі

Кітапхананың алтын қорындағы сирек өлкетану басылымдары ғасырдан ұзақ уақыт бұрын кемеңгер ойшылдың ел игілігі үшін атқарған қоғамдық қызметтерімен таныстырады. Абайдың қайраткерлік тұлғасын сомдайтын бұл сирек түпнұсқалар Абайтану ғылымының құнды дереккөздері болып табылады.
Семей тарихының жарқын беттері қала­ның мәдени-рухани өміріне тың өзгерістер әкелген орыс демократтарының есімдерімен тығыз байланысты. Ғасырлар тоғысында, яғни 1878 жылы Семей жерінде Е.П.Михаэлис­тің басшылығымен далалы өлкені ғылымның сан-саласынан зерттеудің негізін қалаған ең алғашқы қоғамдық мекеме – Облыстық Санақ комитеті ірге көтерген. Санақ комитеті­нің жанында өзінің шағын кітапханасы болған.

Сол аталған «1878 жылдың қысында Абайдың үстінен 12 тергеу ісі қозғалған. Ұлық Абайды болыстықтан босатты. Тергеу жеті жыл жүрді», – деп жасы отыздың ішіндегі Абай үшін Семейде 4-5 ай үйқамаққа алынуымен өмірінің басты арманы – білім мұхи­тына еркін сүңгіткен барша сәттіліктің басталуын ғалым А.Омаров осылай сипаттайды. Автор сиясы кеппеген «Абай: ашылмай келген қырлары» монографиясында Абайдың өмірлік досы Е.П.Михаэлиспен алғашқы кездесуі осы Санақ комитетінің кітапханасында болғанын жазады.
Қалай десек те, Абай ғылым-білімге құ­мар­лығы, кітапқа деген ерекше ықыласы арқылы Е.П.Михаэлистей өмірлік досын тап­қаны аян. Ақын Михаэлистей досының кеңесі­мен енді әдебиеттерді таңдап, талғап оқитын болған. Михаэлис арқылы Абай С.С.Гросс, А.Л.Леонтьев, Н.И.Долгополовтармен танысады. Олар Абайдың 40-тан асып, кемеліне келген, Шығыс, Батыс әдебиеті мен ойшылдарын жақсы білген, қоғамдық қызметке қызу араласып, толысқан шағында таныс болып, оның біліміне, парасатына тәнті болған. Олар Семейде жазасын өтеп қана қоймай, далалы өлкені зерттеу ісімен кең көлемде айналысып, қазақ тарихын, этнографиясын, құқығын, салт-дәстүрін зерттеу жұ­мыс­тарына Абайдың ақыл-кеңесін басшы­лық­қа алған.

Ғұлама ақынның қоғамдық кітапхананың оқырманы болғанын тарихта қалдырып, әлем­ге әйгілеген, Сібір мен Алтайға саяхат жасаған американ публицисі Дж.Кеннан еді. 1885 жылдың жазында Дж.Кеннан суретші Фрост екеуі Семейге келіп, қала ортасында ша­ғын ағаш үйде орналасқан кітапхана қо­рынан Спенсер, Бокль, Льюис, Милль, Тэйлор, Уоллэс шығармалары мен әлемдік көркем әдебиеттің тамаша үлгілерін көргенін, сот мекемесінде қызмет ететін А.А­.Леон­тьев­пен әңгімелесіп, кітапхананы жергілікті қазақтар да пайдаланатынын естиді.

А.Леонтьев «…Мен осындағы Бокльді, Милльді, Дреперді оқыған бір қырғызды білемін. Бірінші кездескенде ол менен индукция мен дедукция арасындағы айырмасын түсіндіруді сұрады. Ол батыс ойшылдары шығармаларын зерттеп жүр екен», – деп Дж.Кеннанды қайран қалдырады. Өзін таң­дант­қан Ибрагим Кононбай (Ибрагим Құнан­баев) жайлы ол «Сібір және сүргін» кітабында жазады. Американдық журналистің Абаймен кездескісі келгенімен оның сәті түспеген.

Семейдің қоғамдық кітапханасының қазына қорлары Абайдың ой-өрісін кеңейтіп, дүниеге көзқарасын өзгерткен ғылым-білім университеті, таным баспалдақтары болды.

Қ.Мұхамедхановтың сөзімен айтсақ: «Абай Михаэлиспен бірге Статистика коми­теті­нің жұмысына белсене араласады. Әсі­ресе, Семей облыстық өлкетану музейін ашу және қоғамдық кітапхана ашу жұмысын ұйымдастыру мәселесіне ат салысып, іс жүзін­де көмек көрсетеді.

Мысалы, музейге жасау-жабдығымен қа­зақ үйі бастатқан елуден астам зат тапсырады. «Қазақтың тұрмыс-салтын, әдет-ғұр­пын, мәдениетін көрнекті түрде бейнелейтін, Абайдың сый ретінде тапсырған заттары негізінде музейдің этнография бөлімі құ­ры­лады», – деп ғалым оған дәлел ретінде 1886 жылғы «Семипалатинские областные ведомости» газетінің 10,19 мамырдағы облыстық мұражай мен қоғамдық кітапхананың 1883-1886 жж. жұмыс есебіне сілтеме жасайды.

Өлкеде болып жатқан жаңа, көңіл қуантар істер қашанда халқының мұң-мұқтажы жанына жақын Абайды бей-жай қалдырмаған. Орыс достары атқарып жатқан өлке үшін де, жалпы Қазақстан үшін де аса маңызды мұндай игілікті іс-шараларға Абай да туған халқының тарихын, мәдениетін, әдет- ғұрпын терең білетіндігімен ақыл-кеңес беріп, баға жетпес көмек көрсетіп отырған. Абайдың қоғам қайраткері ретінде тұлғасы сомдалуына өзін терең толғандырған сол кездегі туған қазақ халқының саяси-әлеуметтік жағ­дайы­ның әсері аз болмаса керек.

Өлкені бірқалыпты, мамыражай тіршілі­гінен селт еткізіп, ерекше бір серпіліс әкелген, қоңырқай өмірге жарық сәуле түсіріп, ерекше әр берген маңызды оқиға 1883 жылдың қыркүйегінде Семейде қоғамдық кітапхана­ның ашылуына Е.П.Михаэлис, Н.И.Долгополов, Н.Я.Коншин сынды пікірлестерімен бірге өзі де ұйытқы болған Абай алғашқы кезеңнен бастап-ақ тұрақты оқырмандар санатында болған.

Санақ комитетінің өлкеде ұйымдастырып отырған ғылыми-зерттеу және қоғамдық жұмыстарына тығыз араласқан Абай қайрат­керлік қызметімен және Михаэлистің ұсынуы­мен 1886 жылы Санақ Комитетінің толық мүшелігіне ресми түрде қабылданған. Ол туралы кітапханамыздың сирек басылымдар қорындағы Семей облыстық Санақ Комитеті­нің 1897 және 1900 жылғы «Памятная книж­кала­рындағы» деректі мәліметтер сөйлейді. Кітаптың «Адрес-календарь Семипалатинской области» атты 3-ші бөлімінде Облыстық Санақ комитетінің толық мүшелері жайлы деректер тізімінде: «Е.П.Михаэлистен кейін кітапхананы ұйымдастыруға қаржылай көмек көрсеткен Павлодарлық көпес А.И.Деров пен Ибрагим Кунанбаев, яғни, Абай екеуі бір күні – 1886 жылдың 4 мамырынан қабылданған» деген мәлімет берілген.
Әдебиеттерді таңдап, талғап оқитын Абай қалаға келген сайын кітапханаға ат басын тіреп, қажетті кітап, газет-журналдарын алып, қыста өзіне арнап бір бөлмесін даярлап қоятын Әнияр Молдабаевтың үйінде жатып, ұзақ кештерді достарымен кездесіп, пікірле­сіп, асықпай оқыған. Ал жазда қоржын толы кітаптарын Шыңғысты жайлаған ауылына алып қайтып, үзбей оқыған. Абай өзі қалаға келе алмаған жағдайда ғажап ертегіші, елгезек, сырға берік атқосшысы Баймағамбет арқылы Е.П.Михаэлис пен Н.Я.Коншиннің жіберген хаттарын, кітаптарын, қоғамдық кітапханадан өзіне керекті шығармаларды ауылға алдырып, өзі оқығанын місе тұтпай, ауылдастарына әңгімелеп беруді әдетке айналдырған.

Сонау Шыңғыстағы ауылынан салт атпен келіп, қоржын толы кітаптарды теңдеп алып қайтатын Баймағамбеттен басқа Абайдың іні-балалары Абдрахман, Мағауия, Ақылбай, Кәкітайлар да Семейдің қоғамдық кітап­хана­сымен байланыстарын үзбегенін Кәмен Оразалин еске алады.
Көпестер мен шенеуніктердің, жеке адамдардың сыйға тартуымен біршама толығып қалған кітапхана қорынан Абай тек көркем әдебиеттің озық үлгілерін ғана емес, философия, жаратылыстану, тарих ғылымда­рынан кітаптар және әртүрлі ғылым салаларынан энциклопедия, сөздіктер, анықта­ма­лық­тар алатын. Абай назарынан өз бала­лары мен ауылдастарының сауатын ашуға қажет «Азбука» және басқа да оқулықтар тыс қал­ма­ған. 1884 жылы әскери губернатор рұқ­сатымен жаз айында Абай ауылында болып, А.Л.Блекпен бірлесіп дайындап жатқан «Материалы для изучения юридических обычаев киргиз» зерттеуіне мәлімет жинаған С.С.Грос­с­ты ақын өзі ертіп жүріп, тобықты елінің сал­тын көрсетіп, түсіндіргенін, ерекшелігі бар көршілес рулардың салт-дәстүрімен таныс­тырғанын оның інісі Кәкітай еске алады.
П.Д.Лобановский Абайдың көзі тірісінде қарындашпен суретін салып, тарихта қалдырған. Портретке ол: «Семей уезі Шыңғыс болы­сы­ның қазағы. Қазақ даласына ер­ек­ше белгілі Құнанбай Өс­кен­­баевтың (ол 1886 жылы өлген) баласы. Өзі де жергілікті мөлшерде әйгілі адам, өз халқының әдет-ғұрпының білгірі, қазақтар ортасында үлкен ықпал иесі, 45 жаста», – деп түсініктеме жазған. 1887 жылы бұл пор­трет Сібір-Орал ғы­лыми-өндірістік көр­ме­сіне қатысады.
1885 жылдың жазында Абай Шар өзені бойын­дағы Қарамола деген жерде Павлодар, Семей, Өс­ке­мен уездерімен Зайсан приставасынан жиналған Орта жүздің әр руының өкілдері – 100-ден аса билері қатынасқан төтенше съезде «төбе» би болып сайланған Абай қазақтың дәстүрлі әдет-ғұрып заңдары негізінде үш күн, үш түнде жа­ңа заң жобасын жасап ұсынған. Көпшілік талқысына салынған бұл заң жобасы еш өзгеріссіз бір ауыздан қабылданған. Дана ақынның қазақтың құқық заңдарына қосқан үлесін Н.Я.Коншин 1927 жылғы «Запискиде» жариялаған: «Что могут дать Семипалатинские архивы для краеведения» мақаласымен растайды. Абай (Ибраһим) Құнанбаевтың дайындауымен өмірге келген қазақтың жаңа әдет-ғұрып заңы 73 баптан тұрып, тарихқа «Қарамола ережесі» деген атпен енген, бүгінгі күнге түпнұсқасының қазақ, орыс тіліндегі мәтіні жеткен құнды мұра.
Аталған басылымдағы келесі мақала Семей, Шығыс Қазақстан өлкесін зерттеуші ретінде тарихта аты қалған Семей Геог­ра­фия­лық бөлімшесінің ұйымдастырушы­сы, ғалым-педагог, шіркеу қызметкері Б.Герасимовтың «Поездка в Южный Алтай» жолжазбасы 1920 жылы өлке жайлы мәліметтер мен мұражайға коллекция жинау мақсатында оңтүстік Алтайға жасаған саяхатының нәтижесі.

Жолжазбаны оқи отырып Өскеменді алтын өндіру орталығына айналдырған кенді Қалба жоталарынан бастап, Айыртау, Бұқ­тырма, Зайсан, Сауыр-Мұзтау, Ұранхай, Боран, Теректі мен Алтайдың тамаша таби­ғатының орталығы Марқакөлде автормен сапарлас болғандай әсер аласың. Б.Герасимов өлке тарихындағы саяси жер ауда­рыл­ғандар жайлы айта келе, Өскемен қаласының гүлденуіне мәдени ықпалы зор болған О.Ф.Костюрин, А.Н.Федоров сияқты есімі өлке шежіресінен лайықты орын алатын тұлғаларға тоқталып, қазақ ақыны Абай Құнанбаевтың тұлға ретін­де қалыптасуына игі ықпалын тигізген деп Е.П.Михаэлисті атайды.

Қаламызда 1887 жылдың 21 қараша­сында «Бастауыш білім беру қоғамы» ашылып, Санкт-Петербор, Омбы, Том сияқты Ресейдің ірі қалалары мен Семейдегі оқу орындарында білім іздеген жастарға демеушілік қолдау жасаған. Қоғам сонымен қатар Орыс Геогра­фия­­лық қоғамының Семей бөлімшесіне және қоғамдық кітапханаға қажетті қаржылай көмек көрсетіп отырған. Гоголь атындағы кітапханада ақысыз оқу залын ашып, мерзімді басылымдарға жазылуды ұйымдастырған. Қоғамның аймақта атқарған қайырымдылық игі істеріне Абай өзінің азаматтық үлесін қосқан. Сирек қордағы «Бастауыш білім беру қоғамының 1893-94 жылдарғы жұмыс есе­бінде» Абай мен оның ұлдары Ақылбай және Мағауия Құнанбаевтардың аталған қоғамға мүше болып, жарна төлегендігі туралы тарихи құнды дерек бар.
Сирек басылымдар қорындағы облыстық мерзімді басылым 1894 жылғы «Семипалатинские Областные ведомости» газетінің 8 қаңтардағы №2 санында «1893 жылдың 29 желтоқсанында Семейдің Қоғамдық Мәжіліс үйінде болған Бастауыш білім беру қоғамының маскарад шарасының есебі» жарияланған. Маскарад шарасынан түскен қаржыларға жүргізген санағының «Кірістер» бөлімінде жарна төлеген Абай Құнанбаев пен ұлы Мағауияның аттары тізімде келтірілген.

Ғылымның әр саласына көңіл қойып, өзінің ақыл-ой зердесін кемелдендіруде, шығармашылық ізденісте болған Абай қазақ­тың шығу тегі, тарихына терең үңіліп, 1890 жылы «Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шық­қа­ны туралы» ғылыми мақаласын жазады. Н.Я.Коншиннің өтінуімен жазылған «Заметка о происхождении родов Средней Киргизской Орды» мақаласының авторлығы Абайға тиісті екенін архив құжаттарына сүйеніп, ғалым-абайтанушы Қ. Мұхамедханов дәлелдеген.

Сирек қорымызда электронды нұсқасы бар Семенов Тянь-Шанскийдің редакторлы­ғы­мен С-Петерборда жария көрген «Россія. Полное географическое описаніе нашего Отечества» кітабының 18 томының А.Н.Се­де­ль­ников авторлығымен дайындалған «Население» бөлімінде қазақ әдебиетіне шолу жасалып, Абайдың ақындығына баспа бетін­де жоғары баға берілген.
Семей бөлімшесі ғылыми-зерттеу еңбек­терін «Запискилерінде…» жариялап отырған. Сирек қордағы құнды қазынаның бірі – 1907 жылғы «Запискидің…» 3-ші басылымында Ә.Бөкейхановтың Абай Құнанбаевқа ар­наған, бұрын қазақ үрдісінде болмаған қаза­намасы жарияланып, орыс тілді оқырманды қазақтың ұлы ақынының өмірі және шығар­машылы­ғы­мен таныстырған.
Көпес Плещеев баспасынан 1915 жылы шық­қан “Сельско-хозяйственный Обзоръ Се­ми­палатинской области За 1914 годъ” – Статистикалық ғылыми зерттеу XIX ғасырдағы қазақ ауылы тұрмысының әлеуметтік хал-ахуалы нақты деректерінің ақпарат көзі. Кітапта Шыңғыс болысының №1 әкімшілік ауылының тұрғыны Абай Құнанбаевтың, жеке отау иелері балалары – Ақылбай, Мағауияның, Тұрағұлдың, №2 әкімшілік ауыл тұр­ғыны Шәкәрім Құдайбердиевтің, №8 әкім­ші­лік ауыл тұрғыны, Бөріліні мекендеген Мұх­тар Омарханұлының атасы Бердіқожаұлы Әуездің шаруашылығы жайлы деректер кестеде бар. Бұл мағлұматтар Абай өмір сүрген замандағы қазақ ауылының әлеуметтік-эко­но­­микалық жағдайынан, тыныс-тіршілігінен нақты деректер береді.

Ұлы ақын Абайға деген ел ықыласының ол дүниеден өткеннен кейін де толастамаған іс-шараларынан көреміз. Кітапхананың сирек өлкетану басылымдарында Семей Гео­графиялық Қоғамының кемеңгер ақынның дүниеден өткеніне 10 жыл және 20 жыл толу құрметіне өткізген салтанатты шаралары жайлы құнды деректер сақталған.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір