Дүниежүзілік театр фестивалі: Жаңалыққа құштарлық
Заманауи театрдың жетістіктері мен мүмкіндіктерін байқататын, бағыт-бағдарын айқындайтын Халықаралық театр фестивалі – бүгінгі өмір талабы. Ақпараттық инфрақұрылымда ерекше орын алатын мұндай фестивальдер қоғамның мәдени, әлеуметтік және экономикалық дамуына, танымал режиссерлердің жаңалықтарына, театрлардың даму тенденциясына сараптама жасауға жол ашады.
Астанада екінші рет өткізіліп отырған дүниежүзілік театр фестивалі әлемдік спектакльдерді шақырумен бірге, отандық қойылымдарды да шетелдік қонақтарға ұсынды. Он екі күнге созылған мейрамда 13 ел 18 қойылымын паш етті. М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының «Таңсұлу» (Ғ.Есім, реж. А.Кәкішева), Қ.Қуанышбаев атындағы академиялық музыкалық-драма театрының «Отелло» (Шекспир, реж. Т.Теменов), Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық Балалар мен жасөспірімдер театрының «Қара шекпен» (Г.Хугаев, реж. А.Маемиров), Астана-мюзикл театрының «Қыз Жібек» (Ғ.Мүсірепов, реж.
А.Маемиров) қойылымдары фестивальдің лауреаттары атанды. Бұл қойылымдар баспасөз беттері мен блогерлердің парақшаларында бір емес, бірнеше рет талқыланып, рецензиялар жазылғандықтан оларға тоқталмай, шетелден келген қонақтардың қойылымдарына шолу жасағанды жөн көріп отырмыз.
ХХ ғасырдағы аңыз қойылымға айналған дүниелердің бірі – Пиколо театро ди Миланоның «Екі қожайынға бір қызметші» спектаклі 1947 жылы қойылып, әлі күнге дейін жер шарын аралап, жұртты тамсандырып жүрген жауһар туынды. Әлемге әйгілі режиссер Джорджо Стреллер Карло Гольдонидің шығармасының басты кейіпкері Труфальдиноны – Арлекин деп атын өзгертіп, итальяндық Дель арте комедиясы негізінде қойған. «Театрдағы театр» тәсілін қолданған спектакль бізді бірден ортағасырлық өмір алаңына жетелейді. Тақтайдан тұрғызылған сахнаға шыққан актерлер ойын көрсетіп, одан түсіп өз өмірлерін жалғастырып, шүйіркелесіп, әңгімелесіп, ұрсысып жатады. Дель артенің негізін бұзбаған режиссер қойылымға қылжақбас маскалардың жарқын импровизациясын, түрлі трюктер мен итальяндық шапшаң сөйлеу мәнерін, фарстық ойын-сауықты тамаша өре білген. Жетпіс жыл бойы сахнадан түспей келе жатқан Стреллердің бұл қойылымы қазақ көрермендеріне сөз бен өлеңнің, би мен музыканың, әрекет пен ойынның, сценографияның көркемдік тұтастыққа жеткен зор үлгісін көрсетті.
Фестивальдің тағы бір үлкен жаңалығы Ұлыбританиядан келген «1927» театры болды. Еврейлердің балшықтан жасалған Голем атты дәу туралы аңызына негізделген спектакль бүгінгі озық технологияларды сахнада қолданудың үздік үлгісін көрсетті. Режиссер Сюзанна Андраде визуалды өнердің тамаша өнімін шығарып, актерлік техниканың шеберлігін паш етті.
Қарапайым Роберт атты жігіттің өзіне көмекші ретінде сатып алған балшық адамы ақырында Робертті басқарып, оны адам келбетінен, ойлау қабілетінен айырады. Күрделі анимация мен физикалық театр, ерекше музыкаға құрылған бұл қойылымның айтары көп. Сахнадағы бес актер түрлі бейнелерге лезде еніп, мультфильмнің кейіпкерлеріндей тамаша ойнау тәсілін көрсетеді.
Қойылым өз ойын өсиеттік үнмен жеткізбесе де, заманауи қоғамды қатаң сынға алып, адамдардың технологиялық құралдарға тәуелді болу салдарынан тұлғалық қасиеттерінен айыры-
луын ойнақы да күлкілі анимациямен жеткізеді. Режиссердің шеберлігі 90 минуттың өтіп кеткенін байқатқан жоқ.
Литвалық режиссер Эймунтас Някрошюстің әр спектаклі театр әлеміне үлкен жаңалық болып енеді. 1988 жылы Вильнюсте ашылған «Мено Фортас» театры бүгінгі таңда әлемдік театрлардың тізіміне ілікті. Фестивальге режиссердің Франц Кафканың әңгімесі бойынша қойылған «Аштық шебері» спектаклі ұсынылды. Қойылым аштықты өз кәсібіне ғана емес, сонымен қатар өнеріне, өміріне айналдырған адамның тәубе етуі арқылы өрбіп, ақыры оның өлімімен аяқталады. Темір торға қамалған, тамақтан бас тартқан Аштық шеберінің өмірі де сол тордың аумағыменен шектелгенін өзі де түсінбейді. Басты кейіпкер (Виктория Куодите) сахнаға шығып, қара плащы мен туфлиін шешкеннен кейін бірден бейнеті мен зейнеті мол тағдырын баяндай бастайды. Әңгімелеп қана қоймай, айтылған әр сөзін әрекетпен дәлелдеп, гротеск пен ырғаққа толы пантомималық суреттеулерді дәл қолданған.
Әлемдік театрлар рейтингіне енген Польшадан келген TR Warszawa театры мен танымал заманауи режиссер Гжегож Яжинаның қазіргі танымал неміс драматургі Мариус фон Мейенбургтың «Азап шеккендер» қойылымы да қазақ көрермені үшін таңсық дүниелердің бірі болды. Режиссер діни фанатизмнің механизмдерін зерттей отырып, оның бүгінгі қоғамда қалай дамып жатқанын көрсетуге тырысқан. Басты кейіпкер жоғарғы сынып оқушысы Лидка (Юстина Василевска) өзін іздеп табу үшін, өмірді түсіну үшін Библияны оқи бастайды. Актриса ой-санасын діни фундаментализм билей бастаған жас-
өспірім бейнесін нанымды шығара алған. Ол өзінің енжар әкесінен, саяси түзу оқытушыларынан көңілі қалғаннан, өз өмірінің нақты шекарасын білуге бел буады. Актриса бойжеткенді бір жағынан нәзік, әлі балалығы қайтпаған қыз ретінде көрсетсе, екінші жағынан харизмалық діни радикал өкілі ретінде тамаша жеткізе білді.
Ш.Руставелли атындағы мемлекеттік театры Бертольд Брехттің «Заңдастырылған заңсыздық» атты қойылымын дүниежүзіне танымал Роберт Стуруаның режиссурасымен ұсынды. Бұл шығарма өмірдің қатаң шындығы мен өзекті мәселелерін көрсетеді. Құмды шөлдің ортасында мұнай кен орны табылғанын естіген Карл Лангман екі көмекшісімен сол жаққа аттанады. Жол үстінде көмекшісінен күдіктеніп, өлтіреді. Жігіттің жесір әйелі Лангманды сотқа бергенімен де, мұнайшы ақталып шығады. Стуруа қойылымда сот бейнесінде Будданы шығарған. Жігіттің қарапайым су ұсынғанына ашынған Будда оны тозаққа жіберуді ұйғарады. Өйткені, адамгершілік, рақымшылық сынды қасиеттер бүгінгі өмірде жындылықтың белгісіндей… Р.Стуруа қойылымда абсурд пен гротескті шексіз пайдаланып, бүгінгі саяси жағдайды ашық көрсете отырып, мысқыл мен өткір сатираға толы, саяси батылдық пен театрлық шоуды шеберлікпен үйлестірген.
Санкт-Петербургтен келген Ленсовет театры режиссер Юрий Бутусов қойған «Ваня ағай» спектаклінен көзге үйреншікті Чеховтың пьесасын табу қиын болды. Мүлдем жаңаша оқылған шығарма көрерменді ерекше сезімге бөлеп, тосын ойға жетелейді. Сахнадағы аппақ қабырғада «Доктор», «Соня», «Ваня», «Маман», т.б. жазулары бар есіктер, шашылып жатқан заттар, қоқысқа толы қаптардың үйіндісі, кейіпкерлер үстіндегі әктастың үгінтісі жөндеу жұмыстары болып жатқан аурухананы суреттейді. Ваняның жүйке ауруына шалдыққан адамдай оң қолының қалтыратуы, Соняның екі қолын құсша қағып сахнада жүгіруі, Телегиннің аяғына тұра алмай жерде домалап жатуы – оқиға орыс зиялы қауымының ортасында емес, жындыханада өтіп жатқанына күмән қалдырмайды. Режиссер осындай шешім арқылы олардың өмірлерінің босқа өткендігін, енді оны қайтадан, жаңа беттен бастауға еш мүмкіндіктің жоқтығын көрсеткендей.
Бутусовтың чеховтық кейіпкерлері мүлдем бір-бірін тыңдамайды, сонымен қатар көрерменде оларды естімесін деп музыканы қатты қойып, ағаш шөркемен төңкеріліп тұрған мескейді ұрғылатады. Чеховтың тексті қысқартылған, орындары ауыстырылған, диалогтар монологқа ауысып кеткен.
Ал Мәскеу Губерниялық театрының Я.Полуновичтің «Шексіз сәуір» қойылымын сахналаған режиссер Анна Голушкина Вениамин атты адамның өмірі арқылы өткен тарихқа көз жүгіртеді. Веня тарихи оқиғаларға араласпағанымен оның ажырамас бөлігі. Актер Александр Амелин гримсіз, костюмдерсіз тек пластика мен дауыс ырғағының көмегімен 98 жасар ақсақалдың өткен өмірін: балалық шағын, ленинградтық блокаданы, алғашқы махаббаты мен отбасылық кикілжіңдерді есіне түсіруі арқылы оқиғаны өрбітеді. 9, 12, 50, 72, 98 жастардың лезде алмасуын актер керемет шеберлікпен жеткізуі таңқалдырады.
Жапония елінен келген Накимора театры «Кабуки ики көрсетеді» атты кабуки театрының элементтерінен құрылған шоу негіздегі қойылымды ұсынды. Спектакльдің сюжетін көне аңызға құра отырып оны бүгінгі Қазақстанмен байланыстыруы жапондықтардың фестивальге дайындықпен келгенін көрсетті. Әдемі костюмдер, ән мен би, сөз бен әрекетке құрылған бұл дүние иллюзионисттік фокустар мен актерлердің көрермен залымен жұмыс істеу тәсілдерін де байқатты. Дегенмен де, сонау алыстан келген жапон театрынан дәстүрлі кабуки өнерін тамашалауға келген көрермен жай ғана ойын-сауыққа толы шоуды көріп, қарны ашқаны да жасырын емес.
Пекиндік халық өнері театрының «Шабдалы гүлін ұнатамын» қойылымы да еліміздің көрерменін ағаш пен шыныдан жасалған күрделі сахналық құрылғысымен және махаббат үшбұрышын әңгімелеумен қызықтырды. «Театрдағы театр» тәсілімен шешілген шығармада үш актердің Цин империясы дәуіріндегі оқиғаны ойната отырып, өз бастарының тағдырын да талқыға салуы драмалық шығарманың шебер ойластырғанын байқатты.
Германиядан келген «11» театрының Жан-Поль Сартрдың пьесасы бойынша «Шығар жол жоқ» атты қойылымы студиялық, студенттік жұмыс дәрежесінде екен. Сартрдың философиялық ойларына терең бойламай, орындаушылардың оны танып-білуіне режиссура тарапынан тиісті талап қойылмаған соң, спектакль жай пьесаның оқылымы ретінде қабылданды.
Ал қырғыз бен өзбек халқының қойылымдары аса сын көтермейді. Өзбек Ұлттық академиялық драма театрының И.Сұлтанның «Ар-ождан» атты драмасында көтерген тақырыбы да, қойылу тәсілі мен актерлердің сахналық әрекеттері де өткен ғасырдың 60-шы жылдарына әкелді. Режиссурасы жұтаң болғанмен, қойылымнан талантты актерлер тобын көрдік. Әсіресе, ұрлық жасаған баласынан бас тартқан Ёдгор Сагдиев пен немерелері үшін шығарда жаны бөлек қарт әже бейнесіндегі Рихсихон Ибрагимованың психологиялық негізге құрылған ойыны көрерменді толғандырды.
Т.Абдуманов атындағы Қырғыз Ұлттық академиялық драма театры ұсынған «Ажалменен күрес» және Ш.Термечиков атындағы Шу облыстық драма театрының «Жанұран» қойылымдары да сын көтермейтін деңгейде солғын шықты. Әрине, қырғыз ағайындарымыздың қазақ драматургиясы мен еліміздің тарихи оқиғаларына қызығуы қуантады. Бірақ бұл қойылымдарда режиссураның әлсіздігі өз алдына, актерлер құрамы да ерекшелене алмады. Бұл екі спектакль де сахналық өнердің бүгінгі даму жаңалықтарынан қол үзіп қалғандай әсер берді.
Фестиваль болашақта жалғасын тауып қана қоймай, әлемнің танымал фестивальдер тізіміне ілігеді деген сенімдеміз. Сонымен қатар, келесі жолы халықаралық бағдарламамен қатар мен қазақстандық Show-case бағдарламасын өткізсе деген ұсыныс тастасақ… Бүгінгі таңда отандық режиссурада тәуекелге бел байлап, сахналық форманың түрлі үлгілерін қолданып жүрген жүректі жас қыз-жігіттер буыны өсіп келеді. Олардың жұмыстарын шетелден келген қонақтарға көрсету арқылы өз еліміздің сахна өнерімен таныстыруға, халықаралық мәдени байланыстарды орнатуға, мемлекет аралық түрлі жобаларды ойластыруға, біздің қойылымдардың шетелдік ірі фестивальдерге шақырылуына, режиссерлеріміздің өзге мемлекеттерде спектакль қоюларына мүмкіндік ашылар еді. Өйткені, бүгінгі таңда өтіп жатқан өнер фестивальдері заманауи мәдениет аясындағы сахна өнерін дамытудың ұшқыр формасы. Әрі коммуникация мен жаһандану үдерісінің талаптарына толық сәйкес келеді.
ІІ дүниежүзілік Астана театр фестивалінен еліміздің түкпір-түкпірінен келген театр мамандары көп мағлұмат алды. Өзге елдер мәдениетінің озық дәстүрлеріне назар аудару, оны өз бойына жатсынбай сіңіру, заманауи дамудың озық үлгісі. Әлемге танымал қойылымдар мен театр брендіне айналған есімдермен танысу отандық сахнагерлерді бір сілкіндіріп, жаңа жұмыстарға, ізденістер мен батыл эксперименттерге жетелейтіні сөзсіз. Ал ол ізденіс, ең алдымен режиссурадан басталуы керек. Мұны Астана фестиваліне қатысқан қойылымдар дәлелдеп берді.
Анар ЕРКЕБАЙ,
театртанушы.