«XX22» атты ауқымды музыка фестивалі өтеді
14.06.2022
1039
0

Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясы және ҚР мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрі @gaso.kz алғашқы рет «XX22» атты ауқымды музыка фестивалін ұсынады. Әлемде аналогы жоқ бұл фестивальді жыл сайын өткізу жоспарланып отыр.
ХХ ғасырдың және қазіргі заман композиторларының шығармаларын қамти отырып, хронологиялық тәртіпте құрастырылған фестиваль бағдарламасы бұл жобаның негізгі ерекшелігі болып табылады. Биыл фестивальдің “ХХ ғасырға кіріспесі” болатын бірінші бөлігі ұсынылады, онда XIX-XX ғасырлар тоғысында жазылған симфониялық шығармалар орындалады.
Дәл осы уақыт аралығында алдыңғы кезеңдерге ұқсамайтын жаңа музыкалық-тарихи дәуір басталады. Густав Малер, Рихард Штраус сияқты композиторлар өздерінің симфониялық шығармаларында постромантизмнің шекарасын одан сайын кеңіте түсті. Ал Францияда сол уақытта музыкалық импрессионизм дамыды, олардың ең жарқын өкілдері Клод Дебюсси мен Морис Равель болды. Сондай-ақ, дәл осы ғасырлар тоғысында Сергей Прокофьев, Игорь Стравинский, Албан Берг, Бела Барток, Арнольд Шенберг, Антон Веберн музыкалық аренаға нағыз революционерлер, ескіні бұзушылар және жаңаша музыкалық ойлаудың заңды иелері ретінде енді.
Фестиваль өз тыңдармандарына Қазақстанның дарынды музыканттары және әлемдік деңгейде аттары танымал Ержан Кулибаев, Граф Муржа, Михаил Кирхгофф сынды арнайы шақырылған қонақтардың орындаушылық өнері арқылы көрнекті композиторлардың шығармашылық әлеміне енуге мүмкіндік береді.
Алдағы жылдары жеке орындаушылардан бөлек, ірі ұжымдарды да шақыру жоспарға қойылған бұл шара Алматы тұрғындары мен қонақтарын ғана емес, әлемнің түкпір-түкпірінен келген музыканттардың басын біріктіретін маңызды оқиға болмақ.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір