Астана – арманға қанат бітіретін қала
«Бағаналы ордам – басты ордам» деп жырлап өткен кешегі бабаларымыздың аңсары – азаттық еді. Қараөткелге аялдап, анталаған қалың жаудан Ақмола бекінісін алған ер Кененің арманы – қазақтың еркіндігі еді. Қиян-кескі шақта: «Алаш!» – деп атой салған арыстар да Қараөткелге қала салып, университеті болса, Абай ілімін жастарға үлгі етсек деген-ді. Міне, сол Бозоқ, Қараөткел, Ақмола болған бұл жер – бүгінде тұтас әлемді тамсандырып, таңдандырған қазағымыздың Тәуелсіздігіндей қадірлі, қасиетті Астанаға айналды. Астана – еліміздің жүрегі, Тәуелсіздігіміздің тірегі ғана емес, әлемдік саяси аренаның үлкен платформасы болды. Небәрі 20 жылдың ішінде… Бүгінде Бас қаладан бақ тауып, баспаналы болған талантты жастар өте көп. Астанамыздың 20 жылдық мерейтойы аясында Астана жастарына сөз беріп отырмыз.
Нұржан ЖОЛДЫБАЛИНОВ, кітапханашы, ҚР Ұлттық академиялық кітапхана басшысының міндетін атқарушы, «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы:
– Мен Астанаға 2007 жылдың қазан айында келгенмін. Ол кезде қаланың 10 жылдығына қызу дайындық басталған болатын. Жаңа қалаға Семейден арман қуып, бақыт іздеп келген ем. Расымен, Астана – бақыт мекені! 2007 жылдың 10 қазанында осы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасына жұмысқа қабылдандым. Бастапқыда «оқырманға қызмет көрсету» залында кітапханашы болып тәжірибе жинақтадым. Сол уақытты әлі ұмыта алар емеспін. Үнемі бір реңді оқырман қызды көремін. Сабағына дайындалып, том-том кітаптарды ақтарады да отырады. Күн өткен сайын сол қызға деген сезімім артты. Бір күні кітап сөрелерін жинастырып жүріп, әлгі қызбен байқаусызда соғылып қалдым. Тура кинодағыдай көрініс болды. Оның қолындағы заттары жерге шашылған. Екеуіміз де шашылған заттарды жинап отырып, бір-бірімізге көз қиығымызбен қарап, жымиып қоямыз. Содан соң жақын танысып, достық қарым-қатынасқа түстік. Ақырында екеуіміздің жүрегіміз жарасып, келер жылы отбасын құрдық. Қазіргі таңда екі баламыз бар. Екеуі де осы қалада дүниеге келгендіктен, нағыз астаналық деуге болатын шығар.
Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханадан болашақ жарымды таптым, қызметімде ақырындап өсті. Қарапайым кітапханашы қызметінен директордың орынбасарына дейінгі аралықтағы барлық қызмет сатысынан өттім. «Кітапхана саласының үздігі» төсбелгісін иелендім. Былтырғы жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы атанып, Елбасы Н.Назарбаевпен кездестім. Қарап отырсам, осының бәрі мамандығыма деген сүйіспеншілігім екен. Кітапханашы – қоғамдық-саяси, әдеби-мәдени өміріміздің үлкен бір тетігін ұстап отырған маман. Қоғам үшін мұғалім, дәрігер мамандығы қалай қажет болса, рухани-мәдени дамуымыз үшін кітапханашы маманның да қажеті соншалықты зор болып табылады.
Біздің бас қаламыз – Астана шаһары күннен-күнге, айдан-айға ажарланып, абаты артып, көркейіп келеді. Кітапханамызда жиі халықаралық дәрежедегі жиындар өтіп тұрады. Жиынға қатысушы шетелдік қонақтар әлемдегі жаңа қаланың салтанатына, көз тартар сұлулығына таңданып, маған: «Нұржан, сіз – бақытты жансыз! Сіздің қызмет орныңыз сұлу қаланың нағыз төрінде орналасқан екен. Күнде «Бәйтерекке» қарауға болады екен» деп әзілдеп те қояды.
Асылы, біздің Астанамыз – армандаған жастың үмітіне қанат бітіретін, мақсатын орындап, дегеніне жеткізетін ғажайып қала! Сонау Семейден Астанаға таудай арман арқалап келген едім, Аллаға шүкір, соның тең жартысы орындалды десем артық айтпаған болар едім. Бұл қала – менің жастығымның, албырт шағымның куәсі болмақ. Сүйікті Астанамның қуанышы ұзағынан болсын, ел іргесі аман болсын деп тілеймін!
Алма САЙЛАУҚЫЗЫ, журналист, ғалым, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың докторанты:
– Мен Астанаға алғаш рет 2003 жылы келдім. Ол кезде 2-курс студенті едім. Алматыда оқып жүрген кезім. Өндірістік тәжірибеден өту үшін бұқаралық ақпарат құралының бірін таңдап, келісімшарт жасауымыз керек болатын. Астанаға жәй келмей, жаздың жайма-шуақ күнінде, маңызды шаруамен келуге бұдан артық себеп табылмас еді. Содан ол кезде Парламент қабырғасында ілеспе аударма жасаудың ең алғашқы маманы болып қызмет атқарып жүрген білікті филолог Камал Әлпейісова тәтеме қоңырау шалдым. «Қазақстан» телеарнасынан өндірістік тәжірибеден өтуі үшін қажет келісімшарт үлгісін факспен Астанаға жібердім. Сосын ол кісі телеарна басшылығының келісімін алып берген соң, жолдамамды алып, жолға шықтым. Келгенше көңілім алабұртып, жүрегім дүрсілдеп, алғаш рет танысуға келе жатқан бойжеткеннің күйін кештім десем болатын шығар. Әкемнің інісі Сансызбай ағам бес-алты жыл бұрын отбасымен көшіп келіп, жаңа баспаналы болып, біздің әулеттің ішінен алғашқы болып «астаналық» мәртебесін иеленген азамат еді. Алып-ұшып үйіне апарды. Қазіргі әскери музей, ол кездегі Президент мұражайының жанындағы жаңа үйде тұрады екен. Сол маңайдың өзі маған ерекше әдемі, гүл-гүл жайнап жатқандай көрінетін. Ол кезде сол жағалау енді-енді салынып жатқан. Бәйтеректің құрылысы жүріп жатыр екен: айналасы батпақ, ал ол жаққа бара жатқан жолдың бойында ескі үйлер мен саяжайлар тұрды. «Жаңадан салынып жатқан қала – міне» деп көрсеткенде, шынында да сол жерден керемет зәулім ғимараттар көтеріліп, соның бірінде отбасыммен мен де тұратын болармын деп ойламадым да… Араға үш жыл ғана уақыт өткенде, Бурабайдың келіні атанып, сол кездегі Астананың ең әдемі Салтанат сарайында заңды некеміз қиылатынын, тіпті, елестеткен де жоқпын.
…Астанаға біз отбасымызбен 2012 жылы көшіп келдік. Нұр-Астана мешітінің жанынан үй алдық. Иә, тура алты жыл бұрын некеміз қиылған Нұр-Астана мешітінің жанында енді ұл-қызымызбен күнде кешке серуендейтін болдық. «Армандар орындалады» деген сөз бар ғой. Арада бір жыл өткенде біздің жанұяда Астананың төл тұрғыны жарық дүние есігін ашты. Ол қызымызға Астананың ең үздік дәрігерінің бірі, атақты акушер-гинеколог Талшын Мұқадесқызының есімін бердік. Астанада туған төртінші перзентіміз бізге «көпбалалы отбасы» деген жаңа мәртебе сыйлады. Бәйтеректің саясындағы жаңа мектепте ұл-қыздарымыз тәлім алып жүр. Сол жағалаудан бой көтерген медиаорталықта өзімнің сүйікті кәсібімді атқарып келемін. Осының бәріне Аллаға мың қайтара шүкір дейміз. Астананы біз қатқыл ауа-райымен қоса жақсы көреміз. Мүмкіндік болса, қыста да, жазда да Сарыарқаның самалын тыныстап, жаяу серуендегенді ұнатамыз.
Бір сөзбен айтқанда, Астана – біздің балаларымыздың қаласы, болашағымыздың мекені.
Ержан ЕҢСЕБАЙ,
Астана қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының бас маманы:
– Шынымды айтсам, елордада еңбек етіп, Астананың тұрақты тұрғынына айналамын деген ой үш ұйықтасам түсіме кірмепті. Ата-анам да болашағым Астана қаласымен байланысады деп ойламаған еді. Дегенмен, Астана әрине кез келгеніміздің арманымызда болған-ды.
2009 жылы Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетін тәмамдап, жастық жалынмен алып-ұшып тұрған шағым болатын. Сол жылдың маусымында, Ертістің жағасында «Конгресс» ұйымы біріктірген бір топ достар, бүгінде елімізге белгілі журналист болып танылып үлгерген, ақын Жанжігіт Омархан досымызды Астанаға шығарып салып тұрмыз. Оның алдында қатарымыздан алғашқы болып елорданың білікті геодезист маманы Нұрдін жұмыс іздеп осында кеткен болатын.
Сөйтіп, досымызды шығарып салып, үйге бара жатқанымда қатты ойға баттым, көз алдыма тек теледидардан көріп жүрген келбетті қала – Астананы елестеттім, елдік істің бастауында жүрген жауапты қызметтерді санамда бір қиялдап өттім. Семейде туған ағам Ерлан мен жеңгем Жанэттаның қолында тұратынмын. Үйге кіре сала, ағама бір айттым да кіндік қаным тамған қасиетті жерім – Абыралыма, қарашаңырағыма әкем мен анама телефон соқтым да, «Мен Астанаға кетемін! Жұмыс іздеп, сол жақты көремін. Бәлкім, жұлдызым сонда жарқырап, жетістіктерге қол жеткізермін», – деп ойда жоқ та сарт еткіздім. Менің әкем – Еңсебаев Серікбол, анам – Абылғазова Бақытгүл. Ата-анам ойланып қалды. Сөздері мен ойларында күмән тұрды. Білмейтін жер, көрмеген жер. Дайын тұрған үй жоқ, дайын тұрған жұмыс жоқ, қысқасы аға да жоқ, көке де жоқ. Бала кезден анам маған зор сенім артатын, үнемі қолдап отыратын, жығылғанымда жігерлендіріп, жеңіске жеткенімде шүкір етіп отыратын. Содан не керек, тәуекелге бел буып, жан-жақты ақылдаса келе мен кететін болдым. Жалғыз өзім, қолымда бір қара сөмке, қалтамда елордаға барасың байланыста бол, ешкімнен кем жүрме деп анам несиеге әперген ұялы телефон, ойымда сан сұрақ, арман қуып Астанаға кеттім…
Астанаға келдім. Теледидардан көрген қалаға ұқсамайды, жан-жақтың бәрі құрылыс, қайнаған тіршілік, жәйбарақат жерде ондайды көрмеген менің есім шығып кетті. Біраз ағайындарға шаңырақ болған Ертай деген жездем мен Тома деген апайымның үйіне тұрақтадым. Алғаш жұмыс іздегенім қызық болды. Қолымда 30 дана түйіндеме, жаяу жүріп қай ғимараттың төбесінде ту бар, бәріне кіріп жұмыс сұрап, түйіндеме қалдырып кетемін. Ешқайсында бос орын жоқ, сонда да босап қалса келуге дайынмын деп түйіндемемді ұсынып кетемін. Тәуелсіздік даңғылы 3 деген мекен-жайда орналасқан «Нұр Отан» партиясының Астана қалалық филиалы деген жазуы бар ғимаратқа кірдім. Бүгінде жақын досыма айналған Болатбек Айткей деген азаматтың нұсқауымен, «Жастар тәжірибесі» мемлекеттік бағдарламасы бойынша идеологиялық жұмыстар бөліміне орналастым, жалақым 13700 теңге, бұл менің алғашқы жалақым, ешқашан ұмытпаспын. Алты ай осы бағдарлама бойынша және бір ай бос орын болып қалар деп жалақысыз жұмыс жасай бердім. Содан, қызмет жолымның алғашқы баспалдағы – «Нұр Отан» партиясының Астана қалалық филиалына іс-қағаздарды жүргізу жөніндегі кеңесші-ісжүргізуші болып ресми қызметке орналастым, қосымша мемлекеттік тілдің қолданылуын қадағалаушы, мемлекеттік тілдегі мәтіндерді тексеруші, қазақ тілі курстарын ұйымдастырушы болдым. Бұл жерде 2010-2012 жылдар аралығында қызмет атқардым. Астанамен байланыстырған қызметтік жолымның жөні бір бөлек, өмірлік жолымның жөні бір басқа. Астанада Астананың қызымен тағдыр табыстырып, 2011 жылы отбасын құрдық. Жарымның есімі – Айғаным. Алла берген екі баламыз бар, тұңғышым – Мағжан 5 жаста, қызым – Айзере 2 жаста. Астана менің өміріме түбегейлі серпілік әкелді деуге болады.
Партияда қызмет атқару барысында қоғам қайраткері, тіл жанашыры Оразкүл Асанғазы апаймен, алаштанушы, ғалым Ербол Тілешов ағамен таныстым, бастамаларына атсалыстым. Соның нәтижесінде келесі қызметім тікелей тілмен сабақтасып, 2012 жылы Астана қаласының Тілдерді дамыту басқармасына бас маман болып жаңа қызметке, жауапкершілігі мол мемлекеттік қызметке орналастым. Бүгінгі күнге дейін осы мекемеде қызмет атқарып, азды-көпті іс жасап жүрген жайымыз бар. Ұлт руханияты жолында іс жасап жүріп, еліміздің зиялыларымен таныстым, көп ортамен араластым, тәжірибе алдым. Бүгінгі күні Астананың тұрақты тұрғынына айналып, елорданың 20 жылдық мерейтойына өз септігімді тигізіп, үлес қосудамын. Бүгінде Астана әлем таныған дәулеті мен сәулеті жарасқан қалаға айналды. Әлихан айтқан Қараөткелдің қақ төрінен орын тапқан Астана – Алаш армандаған Астанаға айналды. Ендігі мақсатым – осы елорда даласында елдік іс атқарып, елге қызмет жасау, ұрпағымды өсіріп, ұлағатты ғұмыр кешу. Ең бастысы, қазақ елі аман болсын, Ұлы Даламызда тыныштық пен береке салтанат құрсын, азаттығымыз баянды болсын деп тілеймін!
Айдана СЫДЫҚБАЙ,
«Фолиант» баспасының көркем әдебиет бөлімі редакторы:
– Астана, сені алғаш түсімде көрдім. Әлі күнге дейін көз алдымда… Қызығы сол, оған дейін табаным тимек түгіл, бейнеңді «көк жәшіктен» көрмеген кез… Ауданнан шалғай жатқан қазақ ауылдарына «Қазақстан» мен «Хабардың» жеткені бертінде ғой. Әйтеуір «Қазақстан көрген» ауыл адамдарының солтүстік аймақтарды да жатсынбай, астана асып жатқан тұсы.
…Жылдар жылжып, тұрмыс құрып, Астанаға қоныс аудардық. Кербез қаланы алғаш көргенде түсімдегі сурет көз алдымда көлбеп қоя берді. Жазық дала. Қаптаған құрылыс. Төбесі көк тіреген өңкей зәулім сарай… Неше жыл бұрынғы түсімде ұшақтан көрген көрініс дәл сол қалпында… Нендей байланыс болуы мүмкін? Әйтеуір болашағымды өзіңе байлаған болмыста бір тылсымның бары ақиқат.
Астана – армандар, құр арман емес, мақсатты, мұқалмайтын армандар ақиқатқа айналар аймаңдай қала. Астана – жігері бекем, жалындаған жастар қаласы. Астана – ұлттық ұстын, ұлттық мүдделердің тоғысқан түйіні, діңгекті тірегі.
Астана, сен жиырмаға толғанда, біздің қадамын қаз басқан жас отбасымыз беске келді. Саған алғаш көшіп келгенде туыс түгіл, танысы жоқ жолдасым күйі келмесе де, «Менің де межем – төбеңе сенің бір туды тігу» деп жырына қосқан екен. Тәңірге тәубе, бүгінде алып шаһарға орнықтық, жұмысқа тұрдық. Алдағы уақытта да салқар көшіңнен қалмауға жазсын, еңселі елорда!
Жақында баспамыздан Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен «Астана: жыр құшағында, ән қанатында» жинағы жарық көрді. Кітап-альбомға ақын-композиторлардың Астана-аруға арнаған өлеңдері мен әндері нотасымен енді. Ойлы өлең, отты жырлардан елордамыздың келбет-көркін, тыныс-тіршілігін аңғарсақ, асқақ рухты әндер қазақтығымызды қастерлеп, елді сүюге, отаншылдық сезімге жетелейді. Жиырма жылдық мерейлі мерекеге әркім хал-қадерінше еңбек сіңіруде. Топырағын басып, ауасымен тыныстап жүрген ару қалама бір мысқал болсын менің де қосқан перзенттік үлесім, тартқан тартуым – осы жинақты құрастырып, баспаға дайындауым.
Астана! Сен – маған, болашағым – саған аманат! Себебі, қазығымды сенде қаққам, ер қазақтың елордасы!
Айбол АРҒЫНҒАЗИНОВ, экономика ғылымдарының магистрі, «Қазмедиа орталығы» басқарушы компаниясының бөлім басшысы:
– Егемендік алғалы еліміздің тариxындағы елеулі оқиғаның ең бедерлісі – бағаналы да басты орда Астананы Арқа төсіне орнықтырып, жиырма жылдың жүзінде сәулет-сұңғаты келіскен, әлеуеті ауқымды, дамуы орнықты қалаға айналдыра білгеніміз.
Бала кезімде мектеп оқулықтарынан танып-білген Астананың менің өмірімдегі сәулелі сәттердің куәсі, жастығымның қаласы боларын кім білген?!
2011 жылы қазақ гимназиясын «Алтын белгіге» тәмамдап, бас қаланың білім саласындағы флагманы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің экономика факультетіне түскелі бері Астана тұрғыны болып келемін. Осы қалада жоғары оқу орнын бітірдім, магистратураны аяқтадым. Еңбек жолындағы алғашқы қадамымды жасадым.
Иә, Астана – жастық жігердің, қарышты қадамның қаласы. Жастық қуатымен болашаққа сенімді қадам басып келеді. Астана – орындалған ойдың жемісі, ел тілегі мен ер білегінің жеңісі, елін сүйген Елбасының төл перзенті. Жиырма жылдық ел тойы құтты болсын!
Өркениет көшіндегі қадамың қарышты, толайым табысты бол, ардақты Астанам!
ПІКІРЛЕР1