Түркістан жұртының лебізі
Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ,
Түркістан облысының әкімі
Ұлы Дала елінің, Қазақстанның әрбір патриот азаматы келбетті Астанамыздың, бәйтеректі бас қаламыздың 20 жылдық мерекесіне жан жүрегімен қуанып, Тәуелсіздігіміздің қадір-қасиетін терең ұғынуда. Көшбасшымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көрегендігі мен кемеңгерлігінің, болашақты болжай білгендігінің арқасында Елордамыз ерекше еңселеніп, Астанамыздың абыройы асқақтап, бүкіл әлем көз тігетін, қызыға қарайтын, қазақстандықтар шат-шадыман сезімге бөленетін шаттық шаһарына айналды. Тұңғыш Президентіміздің бастамашылдығы, жаңашылдығы нәтижесінде «Әлем қаласы» атанды. Елордамыздың ерекше тойы қарсаңында Елбасымыздың Жарлығымен Шымкент шаһарына республикалық мәртебе беріліп, облыс Түркістан атанды. Өңір орталығы рухани орталыққа, Түркі әлемінің текті төріне ауысты. Бұдан бірер апта бұрын ғана Мақтаралымызда Жетісай, Сарыағашымызда Келес аудандары ашылған, шуақты аймаққа шұғыла шашылған. Алтын құрсақты аймақ жұртшылығы атынан бүкіл байтағымыздың тұрғындарын Астанамыздың жиырма жылдығымен шын жүректен құттықтаймын! Отанымызда бірлік пен ынтымақ нығая берсін, әрбір отбасына бақ-береке, ырыс-құт тілеймін!
Асқақтай бер, АСТАНА!
Елорда төрінде Түркістан облысы өнерпаздарының «Асқақтай бер, Астана!» атты гала-концерті өтті. Астана қаласының 20 жылдығына орай, «Ән мен күй әлдилейді Астананы» атты Түркістан облысының Астанадағы мәдени күндері аясында ұйымдастырылған концерт «Шарықтай бер, Астана» театрландырылған-хореографиялық композициясынан бастау алып, дәстүрлі әндер шеруі, қазақ және классикалық, Ш.Қалдаяқов әндерінен попури, «Дала рухы» композициясымен жалғасты. Концертке облыстан түлеп ұшқан эстрада жұлдызы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Алтынай Жорабаева және ҚР Халық әртісі Нұржамал Үсенбаева, ҚР Мәдениет қайраткерлері Үрәлхан Сейілбекова, Марат Оразметов пен ҚР Еңбек сіңірген әртісі Сәбираш Әбдірайымова және Халықаралық байқаулардың лауреаттары Карина Нажмеддинова, Мөлдір Исаева, Жадыра Абдуллаева, Нұрқанат Тапиев, Аян Төлеген, Нематилло Зкруллаев, Бекзат Тұрғынбек, Ақмарал Биназарова сынды сахна саңлақтарымен қатар, «Тұмар» фольклорлық ансамблі және «Қазына», «Шамсинұр», «Фараб» би топтары қатысты.
«Елордаға сыйлық» жобасы бойынша Түркістан облысы тарапынан Астана қаласына тарту ретінде Есіл өзені бойындағы орталық саябақ пен Министрліктер үйі аралығына дейін 5,173 шақырым веложол салынуда.