Бұлт қалай күннің көзін тасаламақ
Сәбит ОРАЗБАЕВ,
Қазақстанның Халық әртісі,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты
70 жылдай орыстардың қол астында болдық. Алғашында Орынбор астана болды. Сол Еділге дейін қазақтың, Алтын Орданың жері ғой, Орынборды қазақтардың астанасына рұқсат етейік дегендері рас. Содан көп кешіктірмей астананы Ақмешітке – Қызылордаға көшірейік деді. Көшірді. Одан Алматыға «аударды». Бөрібаев дейтін қайраткер: «Алматы деген астананы Іле жағасынан салайық, үлкен өзен, халыққа да, елге де жайлы болады», – дегенде орыстар оған көнбеген.
Ол жақты орыстың генералдары басқарып отыр, мұнда жолатпау керек деп қызғанып жіберместен Алматыда қалдырды. Қазір Астана жөнінде өте көп айтылып жатыр. Қандай қалай? Неге астана Астанаға көшірілді дейді. Шындығында сырт көз сыншы ғой. Ал Қазақстан егеменді ел болды, (әсіресе орыстар) бұлар енді не істер екен, (өз валюталары) ақшалары да жоқ, экономикасы анау, өздерінің басы бірікпейтін халық деп, бізге күліп қарап отырды. Ел болған соң өзінің жаңа бір бастамасы, жаңа бір құрылымы болуы керек қой. Міне, осындай тығырыққа тірелген тұста Президентіміздің дана саясаты бойынша Астананы Арқаға көшіретін болдық дегенде, жай ғана халық емес, бүкіл зиялылардың көбісінде бұл енді қалай болды екен? Өзіміз қалт-құлт етіп, енді ғана ел болайық деп отырғанымызда астананы ауыстырудың керегі бар ма екен деген пікірлер болды. Елбасымыз нартәуекелге бел буып, өзінің даналық саясатын іске асырды. Енді міне, Астана деген қала қазір адамның қиялына сыймайтын керемет бір қасиетті орда болды. Астана – өнердің де, ғылымның да ордасы болды. Астана татулықтың, бірліктің ордасы болды. Үлкен ғимараттар салынып, тарихта болмаған дін басшыларының басын қосып, бірлікке, татулыққа шақырды. Ол саясат та өз жеңісін берді. Кеше қырылып жатқан Сирияның өзі де бізді паналап келіп, осы жерден қамқорлық көріп отыр. Түркия мен орыстар арасындағы үлкен апат, араздасу болған кезде де оларды біздің Елбасымыз татуластырды. Міне, осылайша бұл Астана дейтін шаһарымыз қазіргі кезеңде бүкіл дүниежүзінің назарында тұрған қала. Келген шетелдіктер де, мейлі дос немесе дұшпан болсын таңқалады. Американың Даниэле дейтін көріпкелі: «Дүние-жүзіндегі саясаты, істеген ісі, тапқан жаңалығы Назарбаевтай болатын болса, елдің, халықтың арақатынасы, тыныштығы соншалықты жақсы болған болар еді», – деп баға берген.
Целиноград қала болып тұрғанда, «Жаяу Мұса» деген спектакльді сахналап барғанбыз. Онда «Целинный» деген зал болатын. Сол залдың өзіне – бізде де осындай ғимарат салынған екен деп, құрметтей қарап, таңданатынбыз. З.Ақышевтің пьесасын сахналап, алып бардық. Ел ғой, жұрт қой деп. Сөйтсек, мұнда көп пайызы басқа ұлттар, қазақтар тым аз тұрады екен. Сонда залдың жартысының жартысын жүгіріп жүріп, әрең толтырдық. Қазақтар жоқ. Ал қазір қарасаңыз, қаптап жүрген қарагөздеріміз, қаптап жүрген студенттеріміз, ұл-қыздарымыз жүздерінде күндей жылулық бар, беттерінде айдай сұлулық бар – бәрі риза. Оқу орындарында оқып жатқан студенттеріміз де, жалпы Астанаға көшіп келіп, сол жақта тұрақтап, ел қатарлы еңбек етіп жатқан қаншама отбасыларымыз да риза. Олардың барлығы да жаңғыру аясында болып жатқан жағдайларды дүниеге дүр сілкіндіре жариялап жатыр. Жаңғыру аясында қаншалықты жақсылықтар жүзеге асырылуда. Ұлттық домбыра күнінде қанша мыңнан астам домбырашылар тартқан күйлер космостан да асып, басқа планеталарға жеткендей қуанышқа бөлендік. Өйткені, өнерді сүйген патша – халық байлығы дейді. Елбасымыздың өнерге деген көзқарасы өте жоғары. Керемет опера балет театрын салғызып берді. Қаншама театр, концерттік залдар жұртты өнерге, сол өнер арқылы қуанышқа кенелтуде. Спектакльдерді кез келген залдарда қоя беруге болады. Бәрі де соңғы техника жабдықтарымен жабдықталған. Бұл кезінде біздің түсімізге де кірмеген әлеми жетістіктер ғой. Кезінде көздеріміз мөлдіреп, Мәскеуге қарап отыратынбыз. Театрларға жөндеу жұмысын жасау керек болса да, Мәскеуге қарап қол жаятынбыз. Дүниежүзінде жыл сайын өзгеріп жататын жарық беретін аппаратуралар бізге еш бұйырған емес. Біз соны армандаушы едік. Қазіргі Қазақстандағы елуден астам театрдың барлығы Елбасының назарында. Астанамызға ең алғаш көшіп барған академиялық театрдың құрылғанына 20 жыл толу мерекесіне қатыстық. Ең ғажабы Елбасымыздың өзі домбырамен ән айтады. Ол кісімен жақындас, пікірлеспін. Оның өнерге деген құштарлығы шексіз, бірақ уақыты жете бермейді ғой. Иманжүсіптің өлеңін айтуға тыйым салынған кездің өзінде де Нұрекең соны нәшіне келтіре шырқап жүрді. Өте батыл, іскер әрі батыр адам. Болашағымыз үшін жаңа мемлекеттің, жаңа астанасы жүрек сияқты еліміздің бел ортасынан орын алу керек деді де, соны жүзеге асырды. Сөйтті де, ел-жұрттың бетін бері қаратты. Мінеки, бұл әр елдегідей қала, керемет, ғажайып, сұлу қала болды. Бұрын талай барғанымызда, әсіресе қыста адасып кетпеңдер деп, әр вагонға жіп байлап қоятын. Қазір айналасының бәрі орман. Орманның іші толған қасиетті құстар, бәрі де өсіп-өніп жатыр. Қырғауыл – өте қасиетті құс. Әрі бейбітшіл құстардың бірі – сол. Оның балапандарымен бірге жүгіргенін көрсеткенде, жүрегіңіз қандай жылулық енеді. Табиғаттың тамаша, көркем, әсем құбылыстары біздің Астанамыздың айналасын қоршап келе жатыр. Аэропорты да, вокзалы да, жол құрылыстары да – барлығы Астана атына сайма-сай. Астана театрына былтырдан бастап дүниежүзі мемлекеттерінің театрлары келіп, спектакльдерін қойып жатыр. Дүниежүзіндегі мықты киногерлер фестивальдерін осында өткізуде. Осы сияқты өте өнегелі, парасатты, қасиетті іс-шараларды көргенде, Құдайға шүкір дейміз. Осы күнімізбен жарқырай берейік, бейбітшілік болсын! Ел арасында тыныштық болсын дейміз.
«Адамды сүй. Махаббаттан жаратқан перзентті сүй. Одан артық Алланы сүй. Одан артық Алланың хақ жолы – адалдықты сүй». Осының барлығы тәрбиелік мәні бар бабалардан қалған тағылым, асыл мұра.
Отырсаң өзге жайттан аша қарап,
Қонғаны бақ пен дәулет қоса қабат.
Еңбегі Елбасының жарқырап тұр,
Бұлт қалай күннің көзін тасаламақ, –
деп көз алдағыны барлай айтуымыз керек. Болып жатқан жақсылықтарды мақтан тұтуымыз керек. Ол өзіміздің кейінгі ұрпағымызға өнеге, үлгі болады. Өркениетті ел екен, мәдениеті жоғары екен, тәртібі дұрыс екен, өсіп келе жатқан жастары ақылды екен деп, басқа халықтар тамсанатын болсын. Жалпы, мемлекеттің қандай дәрежеде екенін Астанасынан-ақ тануға болады. Тіпті, жүріп келе жатқан көшелеріңнің өзі-ақ сыр шертеді ғой. Тәртібі мен мәдениетінің өзі-ақ көп нәрсені аңғартады. Бұдан жақсы болуды да армандаймыз ғой, әрине. Ендеше, соны жасап жатқан адамды қолдайық.
Көркейсін Астанам, жарқырасын Астанам! Бейбітшілік ордасы, дүниежүзіне үлгі болсын, Астанам. Білім ордасы, ғылым ордасы, татулық ордасы гүлдене берсін! Керек десеңіз, өзге елге үлгі-өнеге болсын!