Елорда – білім ордасы
Ғалымқайыр МҰТАНОВ,
әл-Фараби атындағы
ҚазҰУ-дың ректоры,
Қазақстан Республикасы
Ұлттық Ғылым Академиясының академигі
Әлемдегі кез келген мемлекеттердің үш тірегі – білім-ғылымы, экономикасы, әдебиет-өнері екені әлімсақтан-ақ дәлелденген. Ел көк туын көтеріп, еңсесін тіктегеннен кейінгі жүзеге асырар мәселелер осы екенін әу бастан бағамдаған Елбасымыз білім-ғылымды ұлттық негізде қайта түпнұсқалауды қолға алғызды. Әрине ол қаншама оқымыстыларымыздың да қиыннан қиюластыра қызмет атқаруларына жөн сілтеген бағыт болды. Өйткені, балабақша тәрбиелеушісінен бастап, мектеп бағдарламаларын, жоғары оқу орындары оқулықтары ғылыми педагогикалық әрі ұлттық тағылымдық нұсқада қайта жасалуы тәуелсіз ел талабы еді. Бұл жұмыс республикамыздың түкпір-түкпірлеріндегі ғалымдар мен оқу, оқыту ісінің ардагерлерінің араласуымен жүзеге асырылып жатқанымен, шындығында да басты шешімін, ел жүрегі Астанада тауып жатты. Астанадағы Назарбаев университеті, Назарбаев Зияткерлік мектептері – зор серпіліс көрінісі.
Кім де болса өз мемлекетін мадақтап, елінің астанасын үлгі тұтқысы келетіні табиғи заңдылық. Осы тұрғыдан келгенде, Астана – Қазақстанның білім мен ғылымдағы зор әлеуетін қалыптастырды. Расында да, бұрын қазақстандықтардың қайсыбіреулері шетелден білім алуды армандайтын, соған ұмтылатын. Ал қазір шет мемлекеттік қаншама жастар Қазақстаннан, соның ішінде Астана оқу орындарынан білім алуға ат басын тіреуде. Әрі сол талапкерлердің Қазақстан ғалымдарының беріп жатқан дәрістеріне ықыластана ынта қойып, сіздердегі ғылым көш ілгері, – дейтіндерін де естіп қаламыз.
Бүгінгі таңда Қазақстан сан-салалы ғылыммен әлемге айғақталып, өз көшін өзі түзеп отыр. Толассыз ізденістердің көздері де осында. Жапондық, ағылшындық, француздық, американдық, германиялық, басқа да көптеген ел ғалымдарының бәсекелестік барысында қазақстандық ғалымдарды да, ғылымды да мойындайтындарын уақыт өзі көрсетіп отыр. Сырт жұрттан алатынымыз бар болса да, олардың бізден де үйренері мол екенін ұмытпағанымыз жөн.
Астана барлық саладағы үлгі қабылдар ғана емес, тағылым, үлгі таратар орталығымыз болып отыр. Әсіресе білім мен ғылымның нағыз ордасына айналды.
Астананың 20 жылдығы – бүкіл елдігіміздің торқалы тойы. Елбасы Н.Назарбаевтың төл перзенті, Қазақ мемлекеттігінің басты символы – Астанамыздың мерейлі тойы құтты болсын!