Ойлы дала арыңды кім арлайды…
Таңатар ДӘРЕЛҰЛЫ
Ой бөктерген далада
Неге біздер ой-жұмбағын шешпейік,
Танымасқа танытпаймыз кеш кейіп.
Туғаннан соң ой бөктерген далада,
Қызыл құмын неге ойдың кешпейік.
Күні шығар ару қыздай ашаң бет,
Құмар дүние іңкәріңді басам деп.
Қызғыш қиқу салса алдыңда ойқастап,
Батыр баба түсер ойға Махамбет.
Қойнауына толтырған мал семіріп,
Ойлы толқын жағажайды кеміріп.
Аппақ Қиғаш баяғыша ұзайды,
Сылаң қағып, сырлы ойға беріліп.
Сайын дала салтанат та құрған мұң,
Қызыл шоқы байлығындай бір ханның.
Ой іздесең бұл даладан той емес,
Қанатымен бірге самға сұңқардың.
Құм бетінде жатыр басқан ізің қап.
Дегендей бір: бітік жыңғыл – біздің бақ.
Ойыңды алып ұзартардай алысқа,
Телеграф бағандары ызыңдап.
Қорқау заман бәрін-бәрін шақтайды,
Құндылықтан табар пайда, ақша әйгі!
Баяғыша алтын сауыр киіктер,
Көз алдыңда толқынданып қашпайды.
Дала сүйсең, осы мен дер, құт көріп,
Қызыл жалды биігіме шық келіп.
Қыран қалқыр керіп баяу қанатын,
Аяқт асты түлкі кетер зып беріп.
Ойлы дала арыңды кім арлайды,
Шыдатпастай басындағы бар қайғы.
Боталы інген мөлт-мөлт төгіп көз жасын,
Жан дүниеңді қозғап түгел зарлайды.
Ой іздесең құмар болмай жылтырға,
Келе қалшы, баба-мекен, бұл қырға.
Мұң кешесің, ой мүжиді, өйткені,
Кескен тұяқ, қанаттар бар қырқылған.
Жақсылар бар
Кей сәттерде жүрегіңде күйсін мұң,
Желпінуге табар едің қисынды.
Арасында жақсылары жарқ етсе,
Сол үшін де бұл тірлікке сүйсіндің.
Несі артық десе дағы басқадан,
Бар ғой шүкір, жағалай жұрт мақтаған.
Қара күйе мейлі қанша жағылсын,
Жаман болып кетпейді екен жақсы адам.
Жоғарыға қондырғанмен ісі іліп,
Ондай жанда өзгермейді түсінік.
Тегінде бар жақсылардан о бастан,
Арылмайды кісілік пен кішілік.
Ұлытады тірлік бір аш қасқырдай,
Бұлттай көшер кейде басқа бақ тұрмай.
Достың көбі көрінбесе, бір жақсы,
Іздер болсаң қалмасы анық таптырмай.
Түзейді кім, кері кеткен қиясты,
Ондайларға жол береді ұятты.
Пенделердің екі түрлі болмысы,
Таразының екі басы сияқты.
Жалған күннің ақыры да басы бар,
Жан қаласа, кейбір сәтте тасып ал.
Бұлжымайтын ақиқатқа не дауа,
Түбінде бір тұтам жерге жасырар.
Құлазысаң жапан дала түздей бір,
Елеусіздеу шиырлаған іздей кіл.
Жақсылар бар, көтеретін еңсеңді,
Сен оларды көз жұмғанша іздей жүр.
Көбелек – күн
Көк өзектің жағасы шалғын еді,
Шағы келді еске алар шалдың енді.
Сыбырласа толқыған құрағындай,
Онда мына шалыңыз балғын еді.
Өзек, өзек, көк өзек салқындайтын,
Жіңішкеріп арнасы сарқылмайтын.
Жүз-жүз баулап күніне құрақ орса,
Мына шалың ол кезде алқынбайтын.
Тастөбеде шақшиып күн тұратын,
Шаршау білмей желбіреп жұлқынатын.
Каникулдың үш айын бос өткізбей,
Пайдалы іске сол бала тырбынатын.
Жалғыз ол ма, көп бала қара күшпен,
Қара жұмыс істейтін, талап үстем.
Пішен теңдеп арқаға тартқан жіптен,
Таңбасы бар иыққа жара түскен.
Қайран сол кез дамылды білмейтұғын,
Қас қараймай там үйге кірмейтұғын.
Құлша жүрген кезіңді қыздар көрсе,
Мың болғырлар мазақтап күлмейтұғын.
Каникулда есейген жандай едік,
Су сімірдік шөлдесек таңдай еріп.
Көк өзектің көлкіген жағасында,
Іржәнктің иісі қандай еді?
Көк өзектің жағасы көркем еді,
Құндырағы баспаған жол кем еді.
Қанаттары құлпырған көбелек – күн,
Сағыныштан жүрегім өртенеді.
Басымыздан күн өтті айта қалған,
Желіктірер құшағын жайған арман.
Біздер едік үш ай жаз тыным көрмей,
Мектебіне күз түсе қайта барған.
Боз жусан
Көрсетті орманды алқап, көк реңін жер,
Уақытша алдарқатты осы керімдер.
Бірақ та жусан өскен бозаң дала,
Жұпарын сақтайды әлі көкірегімде.
Жаздарда көн табан сол киер кебіс.
Аунаса төсек еді, кей еркеміз,
Боз жусан иісіне сөз жетпейтін,
Жібектей үлбірейтін желмен тегіс.
Көрінер киесіндей қырдың бозаң,
Белгісі балаң шақтың біздің болған.
Біреуі менікі деп еншілейін,
Жусанды беткейдегі іздің толған.
Иісіне бұрқыраған аймақ тояр,
Даланың кең құшағын бозбен бояр.
Бір уысын тұмар ғып, белден буып,
Әкеміз төрге биік байлап қояр.
Шөп те көп, шөңге де көп мақтайтындай,
Көк сандық мақтар бәрін жатпай-тұрмай.
Меніңше боз даланың боз жусаны,
Қазақты бар пәледен сақтайтындай.
Кезікпес қай пендеге тар бөгеттер,
Күндер көп бұлыңғырлау шаң боп өшкен.
Мысырдың мысын басқан Бейбарыс та,
Шерленіп бір талына зар боп өткен!
Анамнан енді қайта көктей тусам,
Белімді бұл дүниеге бектей бусам.
Саналыға сағыныш сыйлар ем-ау,
Жұпары қайталанбас шөптей жусан.
Жер – Анаң!
Табанымен жат басып табысы өнген,
Иесінен қымсынбай жағы семген.
Жер-Ананы үңгиді жаттың қолы,
Болғаннан соң ұрпағы намысы өлген.
Кіріскен жай алуға білек түріп,
Керек емес, ол үшін жүректілік.
Карта сынды қолдағы, өзіміз ғой,
Дәм еткенге жатырған үлестіріп.
Дегің келер: Жас ұрпақ, мұны ұқ-киең!
Түбінде бір басыңа сырық тиер.
Төбе сайын ерлер бар шейт кеткен,
Ата күлдік жер үшін сынық сүйем.
Атамекен кеңіп сан, тарылыпты-ау,
Бас біріккен жеткенде жабылып жау.
Қылыш кескен бастар бар әр биікте,
Жер дауына жетпеген барлық дау!
Баба-намыс демейсің шағылыпты-ау,
Талай-талай жеткенде ағылып жау.
Батырлары баһадүр қол бастаумен,
Дұшпан-бастар кеудеден қағылыпты-ау!
Қызықпаған өзгенің мекеніне,
Ілесумен намыстың жетегіне.
Ат басындай алтынды тең көрмеген,
Туған жердің бір түйір кесегіне.
Жебе ұштары құрайды көл тұнбасын,
Ерлік-рух боп қалғиды өрдің басы.
Сырлы өзендер ағады қосып алып,
Сорғалаған талайғы көздің жасын.
Алыс кетсең мейірім шашып тұрған,
Тағатыңды тауысып, асықтырған.
Дүниенің жетпейтін бар байлығы,
Туған жер бұл табаның басып тұрған.
Елге ырыс, ерен бақ, құтты қойнау,
Құдіретіне жетпей тұр терең бойлау.
Айғай салып айтамын кең дүниеге,
«Анаң ғой ол, жарамас жермен ойнау!».
Сары құм
Біздің жақта жал-жал биік сары құм,
Ірі түйір дәндеріндей тарының.
Табаныңды басқызбайтын аптапта,
Сауып алып ыстық күннің жарығын.
Сүрлеу салып жегілетін жұмысқа,
Мұндай сәтте жоламайтын құмырсқа.
Рас шығар, үлкендердің айтуы,
Осы құмға піседі екен жұмыртқа.
Сары құмның қасиеті қандай ұқ!
Даламыздың сияқты ғой, маңдайы.
Тобығымыз түгел батып кететін,
Төсек еді аунай кетсек шалқайып.
Ақсақалдар таза десер құм үсті,
Кеңдік табар жүрген болса құнысып.
Киіміңнен кірді жұлып алар, дер,
Артық демен, нені айтса да мұнысы.
Қимайтұғын кеткен қанша жан байып,
Алдан шықпас жүрген бала мал жайып.
Көп төзімдер тапқанымен ақырын,
От сезімдей жатыр әлі сарғайып.
Бала күн ол, жасырайық несін де,
Табысушы ек әр күнгі ауыл кешінде.
Жел тұрғанда намыс болып қайралып,
Құм боранға орағаны есімде.
Сары құмым, саулаған сыр құятын,
Сағынышымды өзің болшы тыятын.
Сары белден асып кеткен сары қыз,
Осы жерде болған еді ұятың!
Азды-көпті жетелесін дарыным,
Тойған жерде қалғаным жоқ қарыным.
Жел боп тисе желп- желп етіп төгілер,
Менде өзіңдей сыр боп саулар сары құм.
Бір кездегі елеңдеген елік түр,
Асты талай арманына еріп қыр.
Жылдар мүжіп, жоғалтқаны көп болсын,
Жоғалмаған намысымен келіп тұр.
Тері төзім
Өлмей қалып ілескенде көшке жұрт,
Не көрмеген осы күнде өскен ұлт?
Біз туыппыз, соғыс-түтін тарамай,
Аспан төрден тепсінгенде өкпе-бұлт.
Көп нәрселер бізге дағы жетпеді,
Жетпеген соң, ындынды да шектедік.
Жоқтан барды қылатұғын сол кезгі,
Ауылдағы ана біткен епті еді.
Сол ептінің біреуі еді жан анам,
Айнала маң мықты әйелге санаған.
Шәуіш бұзып, құрма керіп өзекке,
Қол домбығып, аяқтары қанаған.
Тірлік қамы оған уайым жегізген,
«Сонда сенің әкең қайда»,-деңіз де.
Балықшы ауыл ерлерімен бірлесіп,
Алты ай бойы жүреді екен, теңізде.
Сол кездегі барлық ана жігерлі,
Сол жігерге бізді қайрап жіберді.
Талып келсін, шам жарығы отырар,
Жамап-жасқап, біздер үске ілерді.
Ол да адам ғой, азаматын сағынды,
Күндер бастан өтсе бейғам ағынды.
Сөйткен ана, тірлігінен түңілмей,
Тағдырына айтпаған жан шағымды.
Біздер өстік бағуменен есікті,
Ана кетсе түзден іздеп несіпті.
Емізікпен бауырымызға сүт беріп,
Шиқылдатып тербейтінбіз бесікті.
Біздер өстік көп нәрсеге қол жетпей,
Намыс қайрап, көздің жасын көлдетпей.
Сол кезден ақ тез өсуге талпындық,
Болмайтынын ұлы арманмен жол шекпей.
Қалмағанмен анам ерте ерінен,
Бейнет шекті, бұршақтаған терімен.
Менің анам, аналардың сол кезгі,
Неткен мықты, төзімдері – теріден.