Домбыра күні – ұлттың үні
Ұлттық домбыра күні туралы
Қоғамды ұлттық мәдениет пен бірегейлікті сақтау мен қайта жаңғыру идеясының төңрегінде одан әрі топтастыру мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Шілденің бірінші жексенбісі Ұлттық домбыра күні болып айқындалсын.
2. Қазақстан Республикасының Үкіметі осы Жарлықты іске асыру жөнінде шаралар қабылдасын.
3. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.
4. Осы Жарлық жарияланған күннен бастап қолданысқа енгізіледі.
Н.НАЗАРБАЕВ,
Қазақстан Республикасының Президенті.
Астана, Ақорда, 2018 жылғы
12 маусым. №699.
Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың қаулысына сәйкес, шілденің бірінші жексенбісі «Ұлттық домбыра» күні болып белгіленді. Осы бір ел үшін елеулі жаңалықтан «Қазақ әдебиеті» газеті де тысқары қалмай, төл аспабымыз жөнінде күйші-домбырашы, фольклортанушы, ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, профессор Айтжан Тоқтағанның мақаласын жариялауды жөн деп тапты.
Елбасының бұл Жарлығы халқымыздың ұлттық өнерін қадірлеу мақсатында жасалған игілікті іс деп білемін. Әуелі мынадай бір аңыз-әңгімені айтып берейін. Баяғыда біздің жақта бір домбырашы жігіт дала жолымен келе жатып, бір төбенің етегіне келіп тоқтайды. Мініп келе жатқан атын шідерлеп, өзі төбе басына шығып, күй тартып отырады. Күйге елтіп біраз кідіріп қалған ғой. Сонда тұсынан өтіп бара жатқан бір жолаушы: «Ау, отағасы, төмен жақта атыңды қасқыр талап жатыр ғой. Соны көрсең де, мына күй тартып отырғаның не?» – деп айқайлайды. Сонда домбырашы: «Ат өліп кетсе, бір тай ғой, ел ішінен табылар. Ал күйдің мына буынын жоғалтып алсам, оны кейін таба алмаймын ғой», – деп сол күйін тартып одан әрі қарай отыра берген екен дейді бізге жеткен аңыз. Міне, күйдің қадір-қасиетін осы бір мысалдан да көруге болады. Бұрын ата-бабаларымыз көздің қарашығындай сақтаған ұлы күй ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, бізге жетті. Ал осы бір киелі мұрамыздың бүгінгі таңдағы жай-күйі, оған деген құрмет бізді қанағаттандыра ма? Күй қазақ халқына тән ерекше музыкалық жанр, басқа халықта жоқ. Сондықтан да біз күй өнерін сақтай білуіміз керек. Қазіргідей ғылым мен техниканың дамыған кезінде күй өнерімізді мүмкіндігінше жан-жақты дамытып, жаңа заманның лебін қосып, келер ұрпаққа табыстауымыз керек. Осы тұрғыдан алғанда, Президенттің аталған Жарлығы жетістікке бастайтын жол деп түсінемін. Осы іске бәріміз де атсалысайық. Домбыра әр қазақтың үйінің төрінде тұруы керек, мемлекетіміздің ұлттық құндылықтарының бірі болуы тиіс. Біз қазір күйдің қадіріне жетіп жүрміз бе? Әй, қайдам?.. Домбырашылар мен күйшілердің ескерусіз қалып келгеніне бір-екі мысал келтірейін. Осы уақытқа дейін домбырашылардың, күйшілердің қоғамдық ұйымы да жоқ! Қаншама рет айтылды да, жазылды да. Бірақ нәтиже болмады. Тіпті ит асыраушылардың қоғамы бар. Бұл да біздің салғырттығымыз-ау деймін. Әйтпесе, мыңдаған күйіміз бар, соны бүкіл дүниежүзіне шалқытып шығаруға болады ғой! Елбасының Жарлығына сәйкес осы мақсатта игі істер қолға алынса, алар асуларымыз биік болмақ. Қазақ халқының болмыс-бітімі, күрескерлік мінезі, тарихы, мәдениеті мен рухани байлығы – бәрі-бірі күй арқылы әлемге танылатын болады. Соңғы жылдары концерттер шоуға айналып барады. Күйді жеке орындаушыларды көп көре бермейміз. Бірнеше домбырашы сахнаға шығады да, әрбір күйдің басын бір шалып, шапқан аттай өте шығады. Нағыз күйшілікті олай дәріптемейді. Ол көрермен үшін қызық көрінетін шығар. Алайда, адам күй тыңдап, оның тереңіне үңіліп, тарихына бойлап, өзі де толғана білуі қажет қой. Күй – адам жанын толқытатын, өзіне баурап алатын құдіретті музыкалық туынды. Бүгінгі таңда өзім Астана қаласындағы «Назарбаев зияткерлік мектебінде» қызмет жасап жүрмін. Жыл сайын осы білім ұясына 7 сыныптан бастап оқуға 144-тей шәкірт қабылданады. Оның ішінде әр ұлттың, яғни, қазақ, орыс, корей, неміс, ұйғыр, Қазақстанда қандай ұлт пен ұлыстар болса, солардың бәрінің де балалары бар. Бәрі де физика мен математика саласы бойынша тереңдетіп білім алуға бағытталған. Осы білім ұясының талабы бойынша барлық шәкірт домбырадан екі жылдық элективтік курстан өтеді. Айталық, бір сыныпта 24 оқушы болса, екі тәлімгер домбырашы 12-ден бөліп аламыз да, топқа бөліп оқытамыз. 144 бала жыл бойы оқып шығады. Сонда нәтижесіне қарасақ, күйді керемет тартып жүрген балалар бар. Әрине, біздің алдымызда олардан бір шебер орындаушы, Қазақстанның халық әртісін дайындап шығару міндеті тұрған жоқ. Өйткені, олардың негізгі мамандығы физика-математика саласы ғой. Ерекше дарынды балаларды көріп жүрміз. Біздің мақсат – ұлттық өнерді, халқымыздың күй өнерін жас кездерінен олардың бойларына сіңіріп, жүректеріне ұялату, қазақ халқының рухани байлығын домбыра арқылы қабылдауға бейімдеу. Ертеңгі күні АҚШ, Канада, Англия сияқты шетелдерге барып, жоғары білім алып келіп, елімізге қызмет жасаған кезде олар домбыраны жатсынбайды. Қайда жүрсе де, домбыраны жандарына серік етсе, ондай жастарымыз биік мақсаттарға қол жеткізеді деп ойлаймын.
Зияткерлік мектеп арнайы тапсырыспен 100 домбыра алдырды! Мұның және бір жақсы жағы балалар домбыраны мектепке тасымайды. Күн суықта, автобуста алып жүру оңайға соқпайтыны анық. Мектепте дайындалумен қатар үйіне барғасын да, тапсырманы қайталағаны жөн. Осы орайда, біз ата-аналармен сөйлесіп: «Домбыра алыңыздар, балалар мектепте үйренгенін үйде пысықтағаны жөн», – деп айттық. Осы курс ашылғалы бері әрбір баланың үйінде домбыра пайда болды. Соның арқасында балалар жақсы дағдыланып қалды. 20 шақты баланы алып, Италияға бардық. Өткен жылы Америкаға жолымыз түсті. Сонда америкалықтар: «мыналар музыканттар ма, физиктер ме?!» – деп таңғалды! Біз физика мамандығына оқып жатқанын айттық. Айталық, Бостонның MIT университеті бар, дүниежүзінің физиктері мен математиктері сол оқу орнына түсуге тырысады екен. Оның бір талабы бар. Мысалы, оқуға қабылдау емтиханында жинаған баллдары шамалас болған кезде, қайсысын өткіземіз деп қиналып жатса, емтихан тапсырушыға «Сіздің қандай өнеріңіз бар? Спортта қандай жетістігіңіз бар?» деп қосымша сұрақ қояды екен. Сонда бойында табиғи дарыны бар балаға көбірек мүмкіндік жасалатынын жеткізді. Осыны естіген біз де олардың өнерге деген көзқарастарының жоғары екендігіне таң-тамаша болдық. Мұндай ерекше көзқарас біздің елде де қалыптасуы қажет деп ойлаймын. Аталған университет біздің балаларды жыл сайын келуге шақырып жүр. Жасы жетпістен асқан бір профессоры: «Өте өнерлі балалар екен», – деді Біздің домбыра үйретуден элективтік курсты ашқанымызға екі жыл болды. Ұжым басшылығы енді осы әдістемені келесі оқу жылынан бастап еліміз бойынша барлық 20 (Астана, Алматы және Шымкент қаласында екі-екіден, өзге өңірлерде бір-бір мектептен бар) зияткерлік мектепте іске асыруды қолға аламыз деп отыр. Содан кейін, Құдай қаласа, жалпы білім беретін мектептердің оқу бағдарламасына енгізу ұсынылмақ. Егер осы іс республика көлемінде қолға алынатын болса, жас ұрпақ тәрбиесіндегі айрықша бастама деп білемін. Алла адамға дарын берсе, бәрін үйіп-төгіп береді ғой, зияткерлік мектептегі балалар да сондай зерек, талабы таудай шәкірттер. Олар болашақ ғалымдар. Оқу жылы аяқталғанда 140 бала мектеп алдына шығып, орындықтарға жайғасып, Құрманғазының «Сарыарқа», «Адай» күйлерін орындайды. Жыл бойы дайындалғандарының есебі тәріздес. Ол жиынға Білім және ғылым министрлігінен өкілдер, мектеп ұжымы және балалардың ата-аналары қатысады. Оқушылардың өнер көрсеткеніне қарап, біз де атқарған жұмысымыздың нәтижесін көріп, көңіліміз марқайып қалады. Өскелең ұрпақтың талабын байқап, разы боласың!
Күйге терең үңілсек, оның сыры мол. Мысалы, Мұқан Төлебаев «Біржан-Сара» операсын жазғанда, Соқыр Есжанның «Соқыр Есжан» күйін алған. Оның ішінде би де, хор да Соқыр Есжанның күйі. Бұл жерде композитор М.Төлебаевтың шеберлігін байқауға болады. Үш минуттық күйді үш сағатқа созып, «Біржан-Сара» операсын алтын қорға енгізіп, ұрпаққа мұра етіп қалдырып кетті. Операны өнердің ең жетілген, ең күрделі түрі деп айтамыз. Ал біздің мыңдаған күйіміз бар. Болашақ композиторларымыздың осындай қаншама опера шығаруына мүмкіндік бар екенін тек болжап қана көруге болады. Қазақтың әні мен күйін зерттеп, қағазға түсіріп кеткен композитор, музыкант-этнограф Александр Затаевич: «Әннің сөзі бар, күйдің сөзі жоқ. Бірақ дала қазағына сөзі бар әннен көрі, «мастерский» шебер ойнаушының қолынан шыққан күй барынша түсінікті» деп жазып кеткен. Міне, ғажап емес пе?! «Қазақтың 1000 әні» туралы ол: «Әй, қазақ достарым, осының бәрін мен жинадым деп айтпаймын. Бұл сендердің өздеріңнің еңбектерің. Әндерді жарыққа шығаруға мен тек себепші болдым. Мен сендер арқылы істеп отырмын. Сендер өз әндеріңді, өз күйлеріңді жинап, халыққа, болашаққа беріп отырыңдар. Әндерің мен күйлеріңді сыйлаңдар» деген екен.
Қадыр Мырза Әлі ағамыз «Нағыз қазақ қазақ емес, Нағыз қазақ – домбыра!» деп тегін айтпаған ғой. Шынын айтқанда, қазақты қазақ етіп отырған да домбыра. Ал сондай ұлттық құндылығымыз – домбырамызды қастерлей алмасақ, кім болғанымыз? Жас ақын Серік Сейтіманның:
Домбыраның пернесінде ән ғажап,
Домбыраның шанағында зарлы азап.
Қазақ болып қалды мәңгі домбыра,
Домбыра боп қалса екен-ау әр қазақ! –
деген ой-түйіні де ұлттық аспабымыздың даңқын асыра түсері сөзсіз. Елбасының Жарлығы шыққан соң, ұлттық өнерге деген шынайы көзқарас оянатын сияқты, сең қозғалды. Бұл қолға алынған шаралардың басы ғана. Домбыра күнінің белгіленуі өнерге және өнерді сүйетін халқымызға жасалған құрмет деп түсінемін.
Жазып алған
Айбатыр СЕЙТАҚ.
Астана.