Ұйғыр әдебиетінің бүгінгі тынысы
29.06.2018
1423
0

Пәтигүл МАХСАТОВА,
ақын


Өткен жылы заманауи ұйғыр поэзия­сының намысын әрқашан жақсы шығар­маларымен қорғап келе жатқан, белгілі ақын Жамшит Ро­захунов­тың «Үмүт билән яшай­мән» /«Үміт­пен өмір сүремін» атты жыр жинағы жарық көрді. Жи­нақтан ақынның кейінгі жылдары жазған, та­қырыбы халық тағдырымен тығыз байла­ныс­ты өлең, ғазал, сонет, рубаи, балладалары орын алған. Ұлы Генрих Гейне: «Дүние жары­лып кетсе, ол ақынның жүрегі арқылы өтеді» деп айтқанындай, адамның абыржуы мен әлем­нің абыржуы ақын жүрегін тебірентпей қой­майды. Заман ағымымен үндес ақын өлең­деріне қоғам дамуының қилы мәселелерін өзек етіп, ел дамуының елеулі шақтарын жырға қо­сып, өзіндік үнімен жырласа, рубаи және сон­неттеріне рухани-адамгершілік құн­ды­лықтар туралы терең философиялық ой-тол­ғамдары, бүгінгі заман шындығы мен өмір шын­дығы туралы толғаныстары негіз болған. Хал­қымен бірге жасап, халқының мұңын мұңдаған ақын өз ғазалдарында да осындай ой-толғаныстарымен бөліседі.
Шығармашылықтың қиын жолынан адас­пай, заманауи поэзиямызда жемісті қалам тер­беп, артында өлмейтұғын сөз қалдырып, өмір­ден беймезгіл кеткен ақиық ақын Мөмүн Хамраевтің өткен жылы жарық көрген «Өмүргә тәшналиқ» / «Өмірге шөліркеу» атты кітабы да ұйғыр поэзиясының қоржынына келіп түскен үлкен еңбек болды. Тірі кезінде әдебиет атаулы көне және киелі қорғанды рубаиларымен бағындырып, заманауи ұйғыр әдебиетінде ру­баи жанрын жандандырған ақынның бұл кіта­бынан Отан, халқымыз тағдыры, ана тіл, өмір шындығы, адамдар арасындағы күннен-күнге күрделеніп жатқан адамгершілік қасиеттер туралы таңдамалы рубаилары мен ғазалдары орын алған.
Сондай шығармалардың бірі поэзия мен про­заның дамуына бірдей үлес қосып келе жат­қан ақын әрі жазушы Тельман Нұраху­нов­тың «Көркем» баспасынан шыққан «Бейиш­ти­ки дозақ»/ «Бейіштегі тозақ» атты романы. Ро­манда социалистік құрылыстың құлауы ал­дындағы соңғы сәттері, ескі құрылыс қал­дық­тарының жаңа дәуірге, жаңалыққа болған қар­­сылықтары нәтижесінде адам тағдырының қан­шалықты өзгеріске душар болып жат­қан­дығы, адамдар арасындағы қарым-қатынастағы қарама-қайшылықтар, адамгер­шілік құнды­лықтар кейіпкерлердің тағдыры, тұрмыс-тіршілігі, арман-мұраттары арқылы өз шешімін та­бады. Бас кейіпкер Руқийәмдің өмірдегі қиын­шылықтарды рухани жағынан да жеңуді біл­гендігі жан-жақты бейнеленеді.
Тағы бір – сатирик жазушы Шавкет Назаровтың «Қарғиш тәккән тәғдир»/ «Қар­ғыс­қа ұшыраған тағдыр» романы. Ұйғыр әде­биетінде сирек кездесетін детектив жанрында жа­зылған бұл романға кеңес дәуірінің соңғы жыл­дары мен жаңадан құрылып жатқан Тәуел­сіз Қазақстанның ең алғашқы жылда­рында әлеу­меттік өміріміздегі шиеленіскен оқиғалар өзек болады. Романда сол жылдары мемле­кет­тік меншікті жеке­шелендіру компа­ния­ларының қаулап кетуі, жаңадан дамып келе жаткан жас мем­лекеттің қалыптасу үдерісінде рекеттік әрекет­тер, нашақорлық, жезөкшелік, жемқор­лық сияқты жағымсыз құбылыстар кеңінен баяндалады. Шытырман сюжетті бұл романды заманауи ұйғыр про­засындағы бір жаңалық деп айтуға болады.
Проза жанрында өнімді қалам тербеп келе жатқан жазушы Гүлбәһрәм Хошаеваның өткен жы­лы «Мир» баспасында жарық көрген «Жү­рәк­тин чиққан бир тамчә яш…»/ «Жүректен шық­қан бір тамшы жас» атты кітабынан бір қа­тар әңгімелері мен новеллалары орын алған. Достық, адалдық, махаббат сезімдеріне толы, қы­зықты оқиғаларға, жарқын образдарға бай, көр­кемдік тілмен безендірілген, әсері зор бұл шы­ғармалар оқырманның көңілін бірден ау­лайды. Шығармалар кейіпкерлерінің бейнесі ту­ған жердің қадір-қасиеті, ата-ананың мейірі, дос-бауырлардың адалдығы, өмірдің ащы-тұщы­сы бүгінгі күн шындығымен тығыз бай­ланыста ашылады.
Қазақстандағы ұйғыр драматургиясы ту­ра­лы сөз қозғағанда, кәсіби драматургтар жоқ­тың қасы болса да, жазушыларымыз мүмкіншіліктің ба­рын­ша бұл жанрдағы бостықты толтыру үшін әрекет жасап келе жатқанын айтуымыз ке­рек. 2017 жыл бұл сала үшін жемісті болды деп айтуға әбден болады.
Драма жанрының дамуына зор үлес қосып келе жатқан жазушы-драматург, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Ахметжан Ашири өт­кен жылды табысты аяқтады. Оның «Шар­бақ» драмасы Түркияның Анкара қаласында Еу­ра­зия Жазушылар қауымдастығы драма­тур­гия саласы бойынша ұйымдастырылған Қор­қыт ата атындағы Халықаралық байқауда 1-орын­ға ие болып, бүкіл Қазақстанның на­мы­сын қорғады. Драматург пьесаның бас кейіп­кері – бір кездері «келешегі жоқ ауыл­дардан» жұрт үдіре көшкенде, ешқайда кетпей, бір ауыл­дың шырақшысы болып, түтінін түтетіп қал­ған жалғыз кемпір Нұрананың образы ар­қылы адамзат үшін кіндік қаны тамған ата жұр­тының қаншалықты қымбат екенін көр­сетіп, туған ауыл, өскен жерді қадірлеуге, көр­кей­туге шақырады.
Өткен жылы Ұйғыр театрының жаңа мау­сы­мының жазушы Әкрәм Ахметовтың «Мах­мут Қашқари» тарихи драмасымен ашылуы бұл саладағы үлкен жаңалық болды. Түркі әлемінің ғұ­лама ғалымы Махмұт Қашқариға бағыш­тал­ған «Махмұт Қашқари» тарихи драмасының не­­гізгі тақырыбы — түркітілдес халықтар тіл­дерінің, мәдениетінің және менталитетінің бір­лігі. Осы тақырыптан достық пен бірлік бас­ты орында тұрған үйде тыныштық орнайды де­ген идея келіп шығады.
Жазушы Дүрнәм Машурованың Ұйғыр теат­рының киелі сахнасында қойылған «Тағ­дыр талқысы» атты мелодрамасының тақы­ры­бы және негізгі идеясы біздің дәуіріміздегі ең маңызды мәселердің бірі – қарттар үйіндегі өмір­ге және ата-ана мен перзент арасындағы қа­рым-қатынасқа қаратылған болып, оның же­лісі шығарма атынан дүмпу тапқандай. Дра­мада өмір бойы балалары үшін тағдырдың тау­қыметін тартқан, қартайғанда өз балаларына да керексіз болып қалған бас кейіпкерлер – қа­зақ Асылхан, өзбек Хавиза, орыс Полина, ұй­ғыр Алийәм аналардың басынан кешкен, бір-біріне ұқсамайтын ащы күйіктері көр­се­ті­ле­ді.
Балалар жазушысы Авут Масимовтың өт­кен жылы сахналандырылған «Өмүр ширни­си»/ «Өмір шырыны» атты ертегі-спектаклі кіш­кентай көрермендерімізді қуанышқа бө­леді. Бас идеясы бірлік, достық, сүйіспеншілік, ру­хани-адамгершілікке негізделген бұл шы­ғарма кейіпкерлері өмірде бір-біріне дұшпан бол­са да, басына ауыр күн туғанда бірлесіп, қиын­шылықты жеңіп, көмекке мұқтаж адам­дарға жәрдем беру арқылы жас көрермендерді мейірімді болуға, жақсылық жасауға тәр­бие­легенімен маңызды.
Тәржіме туралы айтсақ, өткен жылы Гүл­бәһрәм Хошаеваның «Сәнсиз атқан таңли­рим»/ «Сенсіз атқан таңдарым» атты жинағы түрк тілінде, А.Аширидің әңгімелері, Г.Аву­то­ва, П.Махсатовалардың бір қатар өлеңдері орыс тілінде «Қазақстан-Ресей» альманахында, Д.Машурованың әңгімесі «Жұлдыз» жур­на­лын­да жарық көрді.
Осы жерде ұйғыр ақын-жазушыларының шы­ғармаларын қазақ оқырмандарына таныс­тыруда Дәулетбек Байтұрсынұлының еңбегінің зор екенін айтып өткен орынды.
Қорыта айтқанда, бұдан кейін де ұй­ғыр ақын-жазушылары әдебиеттегі достықтың ал­тын көпірін құлатпай, «Рухани жаңғыру» ая­сында Қазақстан әдебиетінің гүлденуіне үлес қо­сады!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір