Беймәлім еңбек
Жақында үй кітапханамдағы материалдарды ақтарып отырғанымда Қобызшы Қорқыттың «Абай (1845-1904)» деген 1944 ж. «Милли Түркістан» (Берлин) журналында жарық көрген көлемді мақаласы көзіме ілікті. «Қобызшы Қорқыт» Мәжит Айтбаев деген ақынның бүркеншік есімі екендігі оқырманға Қазақстанның Тәуелсіздікке қолы жеткеннен кейінгі уақытта ғана белгілі бола бастады.
Мәжит 1914 жылы Қызылорда облысының Қармақшы ауданында туған. Қазақ педагогикалық институтын бітіріп, 1937-1939 жылдары Қызылорда педагогикалық институтында істеген. 1939 жылы әскерге алынып, 1941 жылы немістерге тұтқынға түседі. Осы жылы соғыс тұтқындарының тізімін алуға байланысты құрылған комиссия құрамындағы М.Шоқайдың тікелей ықпалымен мыңдаған түркістандық (қазақ, өзбек, қырғыз, түрікмен, т.б.) соғыс тұтқындары өлім аузынан құтылып, түрлі жұмысқа орналасуға мүмкіндік алады. Біразы Түркістан ұлттық комитеті, Түркістан ұлттық кеңесі және олардың жанындағы «Милли Түркістан», «Милли әдебиет» деген журналдарда жұмыс істейді. Қазақ педагогикалық институтының әдебиет факультетін бітірген Мәжиттің «Милли әдебиет» альманағының бас редакторы болып тағайындалуы өзінен-өзі түсінікті болатын. Өкінішке орай талантты жас 1945 жылы америкалықтардың әуе шабуылы кезінде Дрезденде қаза тапты.
Бізге Мәжит Айтбаевтың есімі «Абылай» дастаны арқылы жетті. Оның «Абылай хан (дастан) және басқа өлеңдер» деген кітабы 1943 жылы латын әрпімен Берлинде жарық көрді. Ол 1971 жылы Мюнхенде қайта басылып шықты.
1998 жылы «Қазақстан» ұлттық энциклопедиясының 1-томында М.Айтбаевтың өмірі мен қызметі туралы У. Қыдырханұлы тұңғыш қысқаша мәлімет берді.
2004 жылы (24 қараша) «Егемен Қазақстанда» М.Айтбаевтың бір топ өлеңдері Сауытбек Абдрахмановтың алғы сөзімен жарияланды.
2005 жылы У.Қыдырханұлының құрастыруымен және көлемді алғы сөзімен «Жазушы» баспасынан М. Айтбаевтың «Шер» деген өлеңдер жинағы жарық көрді.
Алайда, бұлардың бір де бірінде Мәжиттің жоғарыда аталған еңбегі туралы ештеңе айтылмайды. «Абай» энциклопедиясынан (1995 ж.), «Қазақстан» ұлттық энциклопедиясынан, М.Мырзахметовтың «Абайтану» (1988) және басқа да библиографиялық көрсеткіштерден бұл туынды туралы ешбір мәлімет ұшырастыра алмадық.
Әңгіме арқауы болып отырған М.Айтбаевтың «Абай» деген жұмысы ықшамдалып жарияланып отыр. Еңбек ғалымдардың да, оқырмандардың да назарын аударар деп ойлаймын…
Абайдың поэзиясы және
Түркістан түрік халқының әдебиетіне
жасаған реформасы
Өлең сөздің патшасы, сөз сарасы,
Қиыннан қиыстырар ер данасы.
Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп,
Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы, –
дейді. Абай. Міне, осындай «тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетін» әрі «сырты күміс, іші алтын» әдебиет жасауда Абайдың еткен еңбегі – халқымыз үшін және әдебиетіміздің бұл кезі мен болашағы үшін түпсіз теңіз, атқан алтын күн. Сондықтан Түркістан түрік ақын-жазушыларының ішінде Абай бір ұлық кісі. Оның ұлылығы – оның бізге қалдырып кеткен мәңгі өлмейтін шығармалары, оның ұлылығы – оның Түркістан түркінің әдеби стилін сақтай отырып, Еуропадағы әдеби жаңалықтарды пайдалана отырып, туысқан әдебиетіне орасан зор реформа жасап, оны бұрын болып көрмеген дәрежеге жеткізуінде.
Абай өлеңдерінің түрлері. Абайға шейін Түркістан түрік поэзиясында өлеңнің екі түрі болды. Біріншісі – 7-8 буынды жыр өлең, екіншісі – 11 буынды қара өлең. Ауыз әдебиетте (фольклорда) бұл екі түрдің алдыңғысы көп қолдануда болды, өйткені, ақын-жыршылар тойда не айтыста өзінің талантын, тапқырлығын, суырыпсалмалылығын (импровизаторлығын) көп алдында көрсету үшін, оған көпшілікті өзіне тартып алатындай, домбырамен қосып айтатын ән керек. Бұған әрине жыр өлең сәйкес. Жыр өлеңнің екінші бір қасиеттілігі – ұйқасының әрбір жолда келуі шарт емес, бір ұйқас пен екінші ұйқастың арасында бірнеше жол ұйқассыз ашық қалуы мүмкін, ол ашық жолдарда ақын айтайын деген пікірін толық айтып өтеді. Тағы да жыр өлеңнің бір кереметі – оның айтуға жеңілдігі, жаттауға оңайлығы. Ал қара өлең, жыр өлеңнен гөрі, шығармалық жағын алып қарағанда, қиынырақ. Оның ұйқасы да, жолы да заңды, ұйқасын тілеген жеріңе қоя алмайсың, жолын тақ қыла алмайсың. Бірақ бұл қара өлеңнің айтылуы жағынан гөрі байсалды жағы басым, айтайын деген пікіріңді жыр өлеңіндей ұзартпай, аз сөзбен әрі аз өлең жолымен беруге қолайлы. Сондықтан бұл түр соңғы кездегі ақындарымызда көбірек кездеседі. Мұнан қара өлеңнен гөрі жыр өлең «шұбатылыңқы екен» деген мағына тумауы керек. Жыр өлең – жыр түрінде айтылатын өлең де, қара өлең – қарапайым өлең. Екеуі де ән мен тақпақ түрлерінде айтыла алады.
…Абай Алтай түрік поэзиясының алтын мұраларын зерделеді, сол зерделеу арқасында ол өз поэзиясына, поэзиясының формасына (түріне) көп жаңалықтар кіргізді, өлеңнің көптеген түрлерін ашты. Бұл түрлердің біразы Абай дәуірінде Алтай түрік поэзиясы түгіл, мәдениетті Еуропа поэзиясында, не ертедегі шығыс поэзиясында да жоқ түрлер еді. Шынын айту керек, Абай ашқан өлең түрлерінің біразы осы кезге шейін Алтай түрік әдебиетінің бетінде көріне алмай келеді. Мүмкін, Абайдың кейбір өлең түрлері біздің ақындарымызға қиын соғуы, өйткені, Абай өзінің кейбір өлеңдеріне арнап ән шығарған. Қаншама қиын өлең түрлері болғанмен, ол түр ән ырғағына түскенде, әрине, оның қиындығы білінбей, «құлаққа жеңіл, жүреке жылы» тиеді. Ал Абайдың көпшілік өлең түрлері әдебиетімізге алтын мұра болып сіңіп кетті. Бұл мұралар поэзиямызды Абайдың өз дәуірінен бастап бұл дәуірге шейін жаңа бір дәрежеге жеткізді. Абайдың поэзиямыздағы келешек үшін салып берген жолында біздің талай жас ақындарымыз алға қарай жүріп келеді. Абайдың ашып берген жаңалықтары біздің жас ақындарымызды қызықтырып, әдеби зор майданға бастап келеді. Абайдың алмастан өткір пікірі біздің талай жас ақындарымыздың ойын қозғап, кім үшін және не үшін қолға қалам мен қару алу керектігін ашып берді.
…Абайдың жаратылысты, не жәндіктерді адам бейнесінде сөйлетуі (аллегория) шығармаларында өте көп кездеседі. Бұл әдеби жолды ұстаған Абай сол жолмен халыққа өз пікірлерін өте түсінікті түрде тез жайып отырған. Мысалдарын былай қойғанда, шаруаға жағдайсыз қысты «Ақ киімді, денелі, ақ сақалды»… деп, өте қауіпті түрде суреттеп, күні бұрын сақтанудың керек екенін айтады.
Абайдың күлкілі, аянышты өлеңі (эпиграмма).
…Соры Көкбай қор болды-ау,
Осыншадан құр қалып… –
деп, сол дәуірдегі әлі ел ісіне, күреске, таза махаббат мәселесіне түсіне алмаған кісінің образын береді.
Сырмақ қып астына
Байының тоқымын,
Отының басына
Төрінің қоқымын,
Бүксітіп,
Бықсытып,
Қоқсытып,
Келтірді, –
деп, ерімен қатар әйелді де сынайды. Бұл жағдайға өзі де күйінеді. Соның арқасында айналадағы болып жатқан кемшіліктерді ащы тілмен тілдеп, суреттейді.
Абайдың балладасы. Біз Түркістан түрік ақындарын оқысақ, олардың шығармаларынан поэзияның негізінен екі-ақ түрін көреміз. Оның біріншісі – қисса, екіншісі – махаббат, достық, сын өлеңдер. Ал баллада сияқты әдеби түрді тек Абайдан ғана көреміз, бұл да болса Абайдың әдебиеттегі жетістігі еді. Абай балладасы Еуропа балладасынан өзгеше, милли түрде, жаңа мағынада келеді. Егерде Еуропа ақындарының балладалары романтиканың, көбінесе, консервативтік түрінде келсе, Абай балладасы оған керісінше келеді. Абай балладасы балладалық түрді сақтай отырып, мағынасы елді тәрбиелеуге, ескі әдеттен қашуға шақырады.
Бір сұлу қыз тұрыпты хан қолында,
Хан да жанын қияды қыз жолында.
Алтын, күміс кигені қамқа, торғын,
Күтуші қыз-келіншек жүр соңында.
Дегендей, «буға, буға, азбан дуға»,
Хан қарық боп жүргенде айқай-шуға,
«Етімді шал сипаған құрт жесін» деп,
Жартастан қыз құлапты терең суға, –
деп Абай жаңа заман пікірін қолдайды. Көп қатын алушылыққа, шалдың байлығына мастанып жас қызды алуына қарсы шығады. Келешек үй-ішінің мықты болуын, ер мен әйелдің теңдік махаббатын қолдайды. «Қу сүйек» пен қызыл гүлдің тең емес екенін суреттейді. Сонымен бұл екі шумақ өлең, түсіне білген кісіге, бүкіл бір романның фабулы. Бірақ Абай өлеңді баллада түрінде жазып, өте шеберлікпен, сұлу сөзбен әрі аз сөзбен көп мағына берген. Бұл балладаның мағынасын түсінген кісі, оның гуманитарлық көзқарасына, үй-іші – махаббат мәселесіне түсінеді. Абайдың Түркістан түркістан түрік миллетіден шыққан жүрегі қалай соғатынын біледі.
Абайдың мақал-мәтел (афоризм) сөздері Ақын-жазушының атағы ірі-ірі еңбектері арқылы ғана шығуға болады деп түсіну қате, ақын-жазушының атағы талантында, аз сөзбен халық мұңын мұңдап, жоғын жоқтауында. Бұл жөнінде Абайдың даналығын көреміз. Абай көп сөзден аулақ болған кісі, оның өлеңдері – аз сөзді, мақал-мәтелді (афоризмды) өлеңдер. Абайдың заманына лайықтап жазып кеткен мақал-мәтелді сөздерін білмейтін елдің жасы мен кәрісі жоқ.
Абайдың мақал-мәтел (афоризм) сөздері:
Атаның баласы болма, адамның баласы бол.
Сөзіне қарап кісіні ал, кісіге қарап сөз алма.
Сыйынарлық кісінің кім танымас [н]ұсқасын,
Күнде өзімшіл ептінің несін адам ұстасын.
Білімдіден шыққан сөз, талаптыға болсын кез.
Ақыл бітпес дәулетке, дәулет бітпес келбетке.
Майдағы жұрттың ісі қор, бәйшешек қарға өнер ме,
Толғауы тоқсан қызыл тіл, сөйлеймін десең өзің біл.
Бойда қайрат, ойда көз, болмаған соң айтпа сөз.
Еңбек қылған ерінбей, тояды қарның тіленбей.
Ойнасшыл қатын болса қар, аңдыған ерде қала ма ар.
Екі кеме құйрығын, ұста – жетсін бұйрығың.
Ғылым таппай мақтанба, орын таппай баптанба.
Алтын қайда, сөз қайда, қу нәпсіден не пайда.
Азат басың болсын құл, қолдан келмес іске ұмтыл.
«Жаман кісі бейне бір көлеңке, ашық күні қашып құтыла алмайсың, бұлтты
күні іздесең таба алмайсың».
«Атақ деген бір жартас, ышқынып оған қыран да шығады, өрмелеп оған жылан да шығады».
Түсінген кісіге аз да болса, осы да жетер.
Абайдың толық жинағы қолымызда болмаған соң, әсіресе, философиялық әңгімелерінің жоқтығынан, мұндай мақал-мәтелді сөздерін көбірек мысалға келтіре алмадық.
Абайдың аудармасы жөнінде. Абайдың төл өлең мен аудармаға да күшті екенін көреміз. Түркістан түрік жазушыларының ішінде, Түркістан түрік әдебиетінде Абайдан бұрын Батыс Еуропа әдебиетіне қол сұққан, ол әдебиеттің биік классиктерін Түркістан түрік әдебиетіне таныстырған кісінің болмағаны белгілі. Бұл жөнінде Абайдың орасан зор еңбегін бағаламасқа болмайды. Абай орыс тілін ғана білді, ол сол орыс тілі арқылы Еуропа классиктерінің бағалы шығармаларын аударуға кірісті. Бірақ бір ұлық жазушының шығармасын екінші бір халықтың тілі арқылы аудару аудармада көп кемшілік келтіретінін Абай жақсы білді. Абай аударып отырған жазушылардың тілін білмегенге қынжылады, сондықтан ол Батыс Еуропа классиктеріне көбірек көңіл бөле алмады, өзінің жақсы білетін тілі – орыс тілі болғандықтан, орыс әдебиетіне ол көбірек көңіл бөліп, орыс классиктерінің өз өміріне сәйкес, өз халқының тілегіне сәйкес таңдамалы шығалмаларын аударады. Ол шығармаларды, шынын айтқанда, сол шығармалардың авторларынан әлдеқайда көркем әрі мағыналы етіп бере білді.
Біз бұл мақаламызда Абайдың барлық аудармалары жөнінде талдау (анализ) бермекші емеспіз, біздің мақсатымыз – аударма жөнінде бір ғана мысал алып, ол мысалда Герман халқының биік ақыны В.Ф. Гётенің «Üвеr аllen Gipfeln ist Ruh» деген өлеңін Лермонтов орыс тіліне қалай аударғаны жөнінде, Лермонтовтан Абай Түркістан түрік тіліне қалай аударғаны жөнінде, олардың аудармашылық таланттары жөнінде сөйлемекшіміз.
В.Ф.Гёте өз өмірінің соңғы кездерінде сегіз жолды «Üвеr allen Gipfeln ist Ruh» деген элегия өлеңін жазды. Оның бұл өлеңі сол кезден бастап, бүкіл халық аузына жайылып, аз жылдың ішінде бүкіл шет елдер тіліне, яғни батыс пен шығыс тілдеріне аударылды.
Біз бұл өлеңнің әуелі германша нұсқасын келтірейік:
Uber allen Gipfeln ist Ruh,
In allen Wipfeln spÜrest du
Kaum einen Hauch;
Die Vogelein schweigen im Walde,
Warte nur, balde
Ruhest du auch.
Бұл өлеңді Лермонтов былай аударған:
Горные вершины,
Спят во тьме ночной.
Тихие долины,
Полны свежей мглой.
Не пылит дорога,
Не дрожат листы.
Подожди немного,
Отдохнешь и ты.
В.Ф.Гётенің өлеңіне Лермонтовтың аудармасы қаншалық сәйкес, біз сол жөнінде біраз сөз қылайық. В.Ф.Гёте «Барлық шыңдар үстінде тыныштық…» десе, Лермонтов: «Тау шыңдары түн қойнында ұйықтайды…» дейді. Егер В.Ф.Гёте: «Барлық төбелерде, білесің бе сен, зорға ғана тыныс алыс…» десе, Лермонтов: «Жаңа түскен қою түн қойнында тынық төбелер…» дейді. В.Ф.Гёте: «Құстар тынған орманда…» десе, Лермонтов: «Жол шаңдамайды, жапырақтар жайқалмайды…» дейді.
Аударма екі түрлі болады. Біріншісі – өзгертпей аудару, екіншісі – еліктеу. Біздіңше, Лермонтов бұл өлеңді аударған емес. (Мүмкін, аударуға бұл өлең қиын болған болар). Бізше, бұл – еліктеу. Ал, еліктеу – аудармашы аудармақ болған өлеңдердің кемшілігін сезсе ғана қолданатын түр. Олай дейін десек, Лермонтов – В.Ф. Гёте өлеңінен кемшілік тауып, ол өлеңді жөндеп жазбақ түгіл, Ф. Гётеден үйренетін кісі. Әрине, бұл Лермонтовтың аудармаға жетілмегенін көрсетеді. Ал Абай жөнінде сөз қылсақ, Абай – Лермонтовтай емес, аудармаға өте шебер екенін, аудармақ болған өлеңнің мағынасын терең түсінумен қатар, ол өлеңнің мағынасын және түрін сақтай отырып, сол өлеңдегі бір сөзді де тастамай әрі жанынан бір сөз де қоспай, сондай көркем, сондай мағыналы етіп аударудың мастері екенін көрсетеді. Бұған Лермонтов аудармасынан Абайдың аудармасы дәлел.
Қараңғы түнде тау қалғып,
Ұйқыға кетер балбырап.
Даланы жым-жырт дел-сал қып,
Түн басады салбырап.
Шаңдай алмас жол-дағы
Сыбырламас жапырақ.
Тыншығарсың сен-дағы
Сабыр қылсаң азырақ.
Бұл аудармада орысша білген кісі Абайдың қаншалық ұста екенін біледі. Абайдың Лермонтовтан аударған аудармасында көркемдік және мағына жағынан кемшілік бар деп, мұнымен қатар Абайдың Лермонтов сөзінен алып тастаған, не жанынан қосқан сөзі бар деп ешкім де айта алмайды. Шынында аудармаға көркемдік және мағына жағын бере отырып, сөзбе-сөз аударған аударма деген осы. В.Ф.Гётеден аударған Лермонтовтың аудармасы – аударма емес, ал, Абайдың Лермонтовтан аударған аудармасы – нағыз аударма. Кейбіреулер «Пушкиннен, Лермонтовтан, Крыловтан аударған кейбір аудармаларында Абай неге аудармалық жолды ұстамай, өз жанынан пікір, өз жанынан сөз қосқан» деуі мүмкін. Ол рас. Бұл жөнінде Абай, бірінші аударатын өлеңдерінен кемшілік тапты, екіншіден, өз халқының спецификалық жағдайын көздеді. Бұл, әрине, Абайдың өте тура ұстаған жолы еді.
Адам-адам болған соң, жаратушысын тану керек, жаратушысын танымаған дүние жүзінде оқымысты кісі де жоқ. Бұл жөнінде Абайдың Түркістан түрік халқына еткен еңбегі көп. Ол елді ғылымға шақырумен қатар, діни оқуға да шақырады.
«Алла» деген сөз жеңіл,
Аллаға ауыз жол емес.
Ынталы жүрек, шын көңіл,
Өзгесі хаққа қол емес, –
деген өлең Тәңірін қалай тануды үйретеді. «Тәңірі, Тәңірі» деп, Тәңіріні ауызға ала бергеннен гөрі, Тәңірі үшін «ынталы жүрек, шын көңіл» болуы керектінің, сонымен қатар:
Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті, –
деп, Тәңіріні сүюдің, оны құрметтеудің қажет екенін айтады. ХІХ ғасырдың басы және орта кезінде өмір сүрген, дінге регрессивті романтизм көзқарасымен қарап, бірнеше баллада жазған орыстың Жуковский сияқты ақынындай болмай, Абай дін мәселесіне өте прогрессивті түрде қарайды да, ислам дінін прогресшіл дін деп атайды. Шала молдаларды жаратпай, Абай дін жөнінде көп үгіт-насихат өлеңдерін жазады. Сөйтіп халықты тура діни рухта тәрбиелейді. Бірақ Абай өлеңдерін орыстың атақты символист ақыны Пастернак орыс тіліне аударып, ол жинақ 1940 жылы Мәскеудің «Академия» баспасынан басылып шыққанда, жинаққа Абайдың қымбатты діни өлеңдері кірмегені біз үшін өте аянышты жағдай.
Абай сияқты биік әдеби ұстазымызды біздің тануымыз бүгін ғана емес, ол – әлдеқашан өзінің даналығымен Түркістан түрік халқына танылған кісі. Сондықтан Абай туралы біздің бұл мақаламыз – Абай жөніндегі не бірінші, не соңғы мақала емес, бұл Түркістан түрік әдебиетінің биік атасы Абайдың дүниеден қайтысына 40 жыл толған күніне арналған тонға емес, жолға жүретін мақаламыз. Оның келесі жылы туғанына 100 жыл толған мерекесіне алдын ала тартқан сыйымыз.
Абай – ұлық кісі, бірақ Абайдың ұлылығын білдіретін шығармалары – әдеби және философиялық еңбектері біздің қолымызда жоқ. Сондықтан да біз Абайдың дастандары мен философиялық қара сөздері жөнінде сөз қылмадық. Алайда, біздің бұл аз ғана еңбегімізге түсінген кісі Абайдың «Өлсе өлер табиғат, адам өлмес» деген болашақты болжағыш, күрделі, мәңгілік сөзін түсінеді. Абайдың денесі өлгенменен, оның пікірі, ел үшін еткен еңбегі өлген жоқ, қайта, тірілуде, жандануда.
Milli TÜrkistan. Berlin, 1944.
15 ақпан. № 39. 15-37 б.
Латын әліпбиінен аударып, баспаға ұсынған
профессор Көшім Есмағамбетов.
(Мақала ықшамдалып берілді).