Түсіну және түсінбеу
Жарас СӘРСЕК,
ақын
Жаңа кітаптарға қарық боп, қолымыз жылынып қала ма деген едік. Одақ тарапынан 2017 жылға тиесілі санаулы ғана жинақ ұсынылды. Себебін білмедік.
«Арда» баспасынан жарық көрген Бақытжан Тобаяқовтың «Метоморфоза» жыр жинағы Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына арналған екен. Ондағы өлеңдер мен толғаулардың сол ыңғайда топтастырылғаны байқалады.
«Тоғанай Т» баспасына тиесілі Оразбай Байбақұлының «Парасат» жинағын парақтай отырып, авторды мазалаған сан мың ойдың дәрменсіз қалыпта, оқырманына мұң шағып, еріксіз күрсіндірер жыр керуеніне кез боласың. Кейде күйіндіреді, бірде сүйіндіреді. Үнемі шабыт үстіндегі Оразбай ақынның бұл отыз бірінші жинағы екен. Қаламы мұқалмасын.
Толыбай Абылаев «Қыран шайыр» жинағына ақын Зейнолла Шүкіров туралы дастаны мен лирикалық шумақтарын топтастырған екен. «Қыран шайыр» – Зейнолла Шүкіров. Азғантай ғана жалғанның жарығын төсек пен арбаның арасынан сығалатқан тағдырлы ақынға дастан арнау, әрине – құрмет қой. Алайда, автор қыр асып кеткен қыран шайырдың ақындық болмысын тым қарабайырландырып жіберген. Оның өмір жолын жалаң баяндаумен шектеген. Көркемдігі жайлы сөз айту да қолайсыз. Мысал келтірейік:
Жаныңда жақсы ағалар, асыл іні,
Жырына Қасымдардың ғашық ұлы
…Жақында тырнақалды берді жырын,
Аудандық «Соц.Аралдай» басылымы.
Немесе:
Бір сәттік бұл тіршілік…
болар ғайып
Тақпаңдар тірілерге сонан да айып.
Бұрынғы обл. газет қызметкері,
Ағасы Әбдікәрім Оңалбаев.
Бұған енді не деуге болады? Өлеңнің тілі ме бұл? Өкпешіл қазақтың ошағындағы отын көсегендей болмай, осы жерден тоқтай қалайық.
Осыдан он шақты жыл бұрын әдеби ортаға әуені, әуезі бөлек айшықты жырларымен танылып, өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан әлдебір әріптесімнің дін жолына бет бұрғаны бар. Сол-ақ екен, бұрынғы жазғандарына мүлдем көңілі толмайтындығын кездескен сайын қайталап, басқа да ақын әріптестерінің адасып жүргендігін көлденең тарта беретін. Бір сөзбен айтқанда, сөз патшалығына деген көзқарасы алақұйындай аспанға көтеріліп кеткен болатын. Сөйтіп, ақ қағазды Алла жолындағы мінәжат жырларға біржола меншіктеп тынды. Бұл да керек, әрине. Алайда, әдебиеттің еркін ойдың өрісі екендігін ұмыту қалай болмақ. Әсілі көркем дүниеде имани тақырыптағы туындылар өзінше бір бағыт есебінде ғана қабылданса керек. Құдайға құлшылық жасайық, бірақ әдебиетті намазға жығуға бола ма?
Белгілі ақын Дәулетбек Байтұрсынұлының «Ясин-нұр» жинағын парақтай отырып, автордың қанша жерден мінәжат жырлар жазып жүргеніне қарамастан, өлең деген сиқырды өзгенің дүниетанымына мін тағушы емес, сырлас, дос, бауыр ретінде өрнектей білетініне ішім жылыды.
Итен Қарымсақұлының «Жаса, жарық күн»-і жайлы жинаққа алғысөз жазған Төреғали Тәшенов былай депті: «Бір қызығы, Итен ақын басқан ізіне қайтып қайырылмайды, қисық басса да, кері басса да, түзетуге әуреленбейді. Бояу, сырлау мен қырлау, әрлеу мен зерлеуді әу бастан жат көреді. Жылтыр сөз іздеп тыраштанбайды. Нені таңбаласа да, кемшілігіне қарамай табиғи болғанын қалайды. Сондықтан да, поэзия пырағы – асау арғымағы жорғалап келе жатып, ойда жоқ жерден аяңға түсіп кетеді, кейде шоқырақтап желе жөнеледі, ара-арасында ағыза шауып та алады». Осыдан артық жанымыздан алып-қосарымыз жоқ.
«Тау мен өзен жырлары». Талантты әріптесіміз Ерлан Жүністің құрастыруымен жарыққа шыққан Жетісу ақындарының антологиясы осылай аталыпты. Он сегіз бен қырық бес жас аралығындағы ақындар шығармаларын қамтыған бұл жинақ шын мәнінде сапалы шыққан. Жинаққа енген Жетісу шайырларының есімі әдеби ортаға жақсы таныс. Олардың қатарында Бақыт Беделхан, Жанарбек Әшімжан, Алмат Исәділ, Танакөз Толқынқызы, Ақсұңқар Ақынбаба, Мағиза Құнапияқызы, Роза Сейілхан, Есей Жеңісұлы, Жангелді Немеребай, Ырысбек Дәбейұлы, Ерлан Жүніс, Мақпал Мыса, Әсел Оспан, Тоқтарәлі Таңжарық, т.б. бас-аяғы тоқсанға жуық ақын бар. Арасынан өзіндік үні, өлеңдерінің бояуы бөлек жаңа есімге тап болдым. Ол:
Ол өзін қояды анда да, мұнда да,
Ішінен ызыңдап келеді мұңдана.
Е, жоқ ол өлеңмен дұға оқып келеді,
Сырласы – Түн, Дала.
Ол мына өліара өмірге өкпелі,
Қайтпады құстары.
Әттеңі – келмеді көктемі.
Бағдаршам – қызыл түс,
Шамданып тұр қазір сол ақын
Өтпелі кезеңнен өткелі… –
деп елең еткізген Нұргелді Әбдіғаниұлы дейтін ініміз. Үміт күтеміз осы баладан.
Жалпы, осындай іріктелген әдемі жырларды топтастырып, жинақ боп жарыққа шығуына мұрындық болған Алматы облысының әкімі Амандық Баталовқа Тәңір жарылқасын айтамыз. Әттең тиражы аз. Бес жүз-ақ дана.
Болат Шарахымбайдың «Ауылға жазған арзулар» атты жыр жинағы қолымызға кеш тигендіктен оқып үлгермедік. Сондықтан бұл жинақ жайлы айтылар пікір алдағы күннің еншісінде.
Енді жеке кітапханамыздан орын тепкен бір-екілі авторға да тоқтала кетейік.
Әбіш Кекілбаевша айтсақ, «Біртүрлі ақын» – Тыныштықбек Әбдікәкімұлының «Атамұра» баспасынан жарық көрген жыр жинағы «Бесінші маусым» деп аталады.
Қаламымның арқасында мен не көрмедім,
Қаламым не көрмеді менің арқамда, –
деп өзі жырлағандай осы уақытқа дейін түрлі пікірлердің ашық алаңына айналған Тыныштықбек шығармашылығының қуаты бұл жинақта да артпаса, бәсеңсімеген. Қарапайым оқырман былай тұрсын, жазу үстелінің басында самайы ағарып, сақалы қоюланған сақа ақындардың өзі қабылдауы қиын поэтикалық-философиялық «қиын» дүниелер мұнда да бар. Алайда осы бір «қиын» дүниелеріне деген қызығушылық – ақын оқырманының қатарын молайтып, уақыт озған сайын өзіне ынтықтырумен келеді. Оған куә боп та жүрміз. Ашығын айтсақ, автор өз шығармасын түсіндіруге міндетті емес. Түсіну, түсінбеу – оқырман талғамына байланысты. Сондай-ақ, уақыт дейтін төрешінің алдына әлі ешкім шығып көрген жоқ.
«Бесінші маусым» – ақынды оқырманмен жақынырақ таныстырды. Алматының қақтөрінде, нақтылай айтсақ, «Алатау» өнер орталығында көкек айының екінші онкүндігінде «Көкек айы – Гүлстан» атты Тыныштықбек ақынның сипаты бөлек шығармашылық кеші дүрілдеп өткен болатын. Сипаты бөлек дейтініміз – бұл басқосуда Исраил Сапарбаев, Жәркен Бөдеш, Темірхан Медетбек, Әбубәкір Қайран, Темірғали Көпбай, Қасымхан Бегманов, Бауыржан Жақып сияқты аға, орта буын өкілдерімен қоса, кейінгі жас перілер де Тыныштықбек өлеңдерін жатқа оқып, бір үйдің баласындай әдемі әсермен тарқасқанын көзіміз көрді. Жалпы, ақындарға кеш өткізудің осындай тәсілдеріне бет бұрғаны дұрыс па деп қалдық. Тыныштықбектің шығармашылық кеші Алматымен біткен жоқ. Эстафетаны Семей, Өскемен қалалары жалғастыруда. Жыр керуені тоқтамаса игі.
Өлең – тауар емес, әрине. Әйтсе де, оны оқырманға жеткізу автордың өз мойнына жүктелген мына заманда белсенділік қажет-ақ. Мардымсыз тиражбен жарық көрген жинақтың кейде ағайын-туыстан артылмайтыны тағы бар. Қалың оқырманың болмайынша миллиондап қаржы салып шығарған дүниеңнің тұтынушысы кім болмақ сонда? Сол үшін оқырман туысыңдай болуы шарт. Ол үшін, яғни оқырманнан туыс жасауға қарекет керек қашанда. Уақыт соны талап етіп отыр.
Қолымыздағы талантты ақын Мақпал Жұмабайдың «Мақпал шер» атты өзгеше жинағы уақыт талабының жемісі іспетті. Арнайы қораппен басылып шыққан бұл жинақта Мақпалдың үнтаспасы да бар. Мақамды жырларымен оқырманды еріксіз өзіне ынтықтырған ақынның бұл бастамасы құптауға лайық. Ақындығы, сазгерлігі, орындаушылығы қатар өрілген Мақпал ақынға тың ізденіс жолында сәттілік тілейміз.
Аймақтардағы оқырманға қаламгерлердің кітаптары жете қоюы неғайбыл. Бұл олқылықтың орнын бұл күнде баспасөз бен әлеуметтік желілер толтырып отыр. «Қазақ әдебиеті», «Жас Алаш», «Ана тілі» сияқты апталық газеттер, «Жұлдыз», «Үркер», «Адырна», «Жамбыл», «Таңшолпан» сияқты журналдар әдеби шығармаларды үздіксіз жариялаумен руханиятқа қалтқысыз қызмет жасап келеді. Бұл басылымдарға алғысымыз шексіз.
Шыға бастағанына биыл 10 жыл толып отырған «Үркер» журналы жыл сайын қырыққа жуық автор шығармаларын жариялайды екен. Өткен жылы жарық көрген Пакиза Арыстан, Жангелді Немеребай, Жұлдыз Бейсек, Айдана Қайсарбекқызы, Әсел Оспан, Айгүл Жұмаділ, Тоқтарбек Тауұлы, Мұратхан Орынтайұлы, Нұртас Тұрғанбекұлы, Мағиза Құнапияқызы, Жазира Бақаева, т.б. талантты ақындардың топтамалары көпке рухани азық.
Мойындайық, мойындамайық, қазір интернеттің заманы. Ол бір әлем. Жастар үшін ол бір жайлау. Топ-тобымен, лек-легімен сапырылысып жатқан өзінше бір әлем. Пайдалана білген адамға бұл да бір мінбе. Біздің аға, орта буын ақындарымыздың біразы осы әлемде өз аудиториясын қалыптастырып үлгірген десек те болғандай. Жаңа туындылардың жыршысы іспетті бұл әлемде қаламгерлеріміз пәтуалы сөз қозғап, кейінгілерге үлгі боларлықтай ойларымен де бөлісіп отырады. Олардың қатарында Тыныштықбек Әбдікәкімұлы, Аманхан Әлім, Серік Ақсұңқар, Байбота Қошым-Ноғай, Шәмшия Жұбатова, Дәулетбек Байтұрсынұлы, Құл-Керім Елемес, Жанат Әскербекқызы, Бауыржан Бабажанұлы, Маралтай Райымбекұлы, Қуат Қайранбай, Дәурен Қуат, Сәкен Сыбанбай, Қазбек Иса, Қазбек Құттымұратұлы, Бақыт Беделхан, Бақытжан Алдияр, Жанарбек Әшімжан, Есей Жеңісұлы, Алмат Исәділ, Қалқаман Сарин, т.б. ақындарымыз бар. Бұлардың әрқайсысында бес мыңның үстінде өз оқырманы бар. Арыз да, хат та, қызу пікірталас та осы авторлардың жазбаларына қатысты өрбіп отырады. Осы тұста қаламгер қауымға наз ретінде жуырда әлеуметтік желіге жолданған ақын Құл- Керім Елеместің мына бір хатына аз-кем тоқтала кеткенді жөн көрдік. Ол бүй дейді:
«Қазақ қаламгерлерінің – менің әріптестерімнің тілдерін біреу тартып тастаған ба? Әлде ділдері өшкен бе? Әлде біреулерге сатылып кеткен бе? Әлде бүккен бір құпия-сырлары бар ма? Әлде оларға ұлтының керегі болмай қалған ба? Өздерін зиялы санамаушы ма еді олар. Зиялы болса, өздерінен халқына түсірер жарықтары, сәулелері, қызметтері қайда?! Шығыста Қытай 2-3 миллион қандасының ерін (аталығын) қор, әйелін (аналығын) қатын, қартын ғапыл, жасын отын, жігерін құм, намысын күл қылуда. Бірақ олар ләмсіз. Неге? Қаламгерлер-ау, Сіздер халықтың тілі едіңіздер ғой, неге үндемейсіздер?».
Барша қаламгерлер атынан жауап беруге менде құқық жоқ. Алайда, бірауыз пікір айту парыз. Әрине, қаламгердің ағайыншыл емес, алашшыл болуын әркім қалайды. Автордың ортаға сауал тастауын қолдаймын. Кешегі Ахмет, Міржақып, Жүсіпбек, Мағжан сияқты арыстардың ұлтшылдық мінезін бойына дарытқан қаламгерлер жоқ емес, бар арамызда. Арқамызға аяздай батқан түрлі мәселелер төңірегінде ойын ашық айтып, билікке сұқ саусағын көрсетіп те жүрген әріптестер жетерлік. Мәселе айтуда болса, бұғып қалып жатқан ешкім жоқ. Жау мен жақыныңның кім екенін, ақ пен қараның арасалмағын ажыратып барып арағайындық сөзін салмақтайтын қалам иелеріне оқыс қимыл тағы да жараспас еді. Піспеген пікір – шалшық сумен пара-пар. Онымен шөл қандыра алмайсың. Осы жерден тоқтадық.