Қуғын-сүргін құрбандары еске алынды
Кеше Алматыдағы ашаршылық және қуғын-сүргін ескерткіші жанында тоталитарлық жүйенің нақақ жаласынан құрбан болған Алаш арыстарына арналған жиын өтті.
Жиында қала әкімі Бауыржан Байбек сөз сөйлеп, Елбасы нұсқауымен сол қуғын-сүргін құрбандарын мәңгілік есте қалдыру тұрғысында атқарылып жатқан іс-шараларды айтты. Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет қасірет шеккендер әлі де дұрыс зерттеліп, тиісті бағасы берілмей жатқанын тіліне тиек ете келіп, сөз түйінін өлеңмен өрнектеді. Қалалық қуғын-сүргіндер комитетінің төрағасы Жұмабек Ашуұлы тозақ отына өртенгендей күй кешкендер аруағын құрметтеуге арналған мұражай ашуға кедергі болып жатқан мәселелер туралы сөз қозғады. Тағзым етушілер жиын соңында ескерткішке гүл шоқтарын қойып, Орталық мешітте арнайы құран бағышталды.