Мағжанның мәңгілік мұрасы
01.06.2018
2465
0

Үстіміздегі жылы қазақ ақыны Мағжан Жұмабаевтың, әзербайжан сазгері Қара Қараевтың, қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматовтың мерейтойлары мен ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының 25 жылдығы халықаралық деңгейде аталып өтуде. Бішкекте өткен шарада қырғыз бауырларымыздың Мағжан ақынға деген айрықша ілтипатына куә болдық. Мағжан Жұмабаев есімін мәңгілік есімізде сақтау мақсатында қырғыз бауырлардың айтқан ұсыныстарынан ақын жырларына деген ерекше құрмет пен махаббат лебі есіп тұрғанына тәнті болдық.


Қырғыз ақыны, аудармашы Нұр­лан Қалыбеков Мағжан шығар-ма­ларын қырғыз тіліне аударып, өз бетінше шығарған кітабын көрсетіп, жылдың соңына дейін ақынның бір­шама өлеңдерін тәржімалай­ты­нын айтып, Мағжанның дра­ма­тизм­ге толы өмірі сахнаға сұранып тұр­ғанын, қазақ пен қырғыз халқы бір­лесіп ол туралы көркем фильм тү­сіру керегіне назар аударды.
Филология ғылымының кан­дидаты Асқар Тұрғанбаев: «Мағ­жан басына қанша қиындық түссе де, өз мақсатынан, Алаш идеясынан бас тартпаған, өле өлгенше ұста­ны­мына берік, ұлтына адал болған ақын. Оның ұлтшыл рухы мен қай­рат­керлік тұлғасы бүгінгі ұрпаққа үлгі болуға тиіс», – деген пікірін біл­дірді. Филология ғылымының док­торы, ақын Бауыржан Жақып Мағ­жан Жұмабаевтың 1917-1923 жыл­дары «Бостандық туы», «Ақ­жол», «Шолпан» сынды газет-жур­налдарды шығаруға белсене ара­лас­қаны, 1923-1926 жылдары Мәс­­­кеудегі Жоғары көр­кем-әде­биет институтында оқып, білімін те­реңдеткені жөнінде сөз қозғады.
Сонымен бірге өз баяндама­мыз­да Мағжанның қазақ халқына сіңір­ген еңбегін бірнеше тұрғыда сөз ет­тік. Оның негізгісі – ұлттық поэ­зия­ны жаңа биікке көтергені. Ақын шы­ғармаларынан үлкен орын ала­тын – махаббат тақырыбындағы өлең­дері. Мағжанға дейінгі Шығыс пен қазақ поэзиясында қыздарға ар­налған өлеңдер болды, бірақ олар­да адамның жан дүниесіндегі тыл­сым күш иірімдері ашық жыр­ланбайтын. Батыс поэзиясынан нәр алған ақын қазақ поэзиясына ма­хаббат ләззатын жыр еткен жаңа леп алып келді. Мағжанның «Тө­гіл­ген шашы» өлеңіндегі:
Төгілген шашы,
Қиылған қасы,
Керілген маңдай да.
Тістері меруерт,
Бейне қар – мамық ет
Кез келсең мұндайға… –
деген сықылды қыз бойындағы мін­сіз сұлулықты ең жақсы заттарға теңеу Абай поэзиясында болса, Мағ­жан осы қалыптасқан дәстүрді жаңа қырынан байытты. Ендігі жерде ол сырт келбетті ғана өлеңге қо­судың үстіне адамның жан дү­ниесіндегі табиғи құбылыстарға үңі­ліп, оның сырын ашуға тырысты.
Сүй, жан сәулем, тағы да сүй, тағы да!
Жылы, тәтті у тарады қаныма.
Бұл ләзатттың бір минутын бермеймін,
Патша тағы, бүкіл дүние малына… –
деп жырлаған ақын махаббат әле­мін­дегі күйініш пен сүйініш, қуа­ны­ш пен қайғы, құштарлық пен ын­тызарлық, бақыт пен бақытсыз­дық сынды кереғар сезімдердің та­биғи заңдылықтарын ашық та шы­найы бейнелей білді. Адам бойын­дағы ішкі иірімдерге үңілу, оның көңіл-күй сезіміне ерекше мән беру – Мағжанның қазақ поэ­зиясына алып келген жаңалығы.
Мағжанды философ ретінде та­нуға негіз бар. «Алдамшы өмір», «Өмір», «Мені де, өлім, әлдиле» өлең­дерінде өмір мен өлім туралы тол­ғанған ақын олардың екеуін де та­биғи қалпында қабылдайды.
1988 жылы ақын мұрасы ресми ақталған соң ғана оны насихаттауға мүм­кіндік туды. Осы тұрғыда мағ­жан­тануға көп еңбек сіңірген бір топ ғалымдардың есімдерін атаған жөн. Олар – М.Базараев, Т.Кәкі­шев, Ш.Елеукенов, Б.Дәрім­бе­тов­тер. Мағжан Жұмабаевтың мұрасын көп­шілік оқырманға тұңғыш ұсын­ған М.О.Әуезов атындағы Әдебиет жә­не өнер институтының қазіргі қа­зақ әдебиеті бөлімінің қыз­мет­кер­лері болатын.
Соңғы жылдары М.О.Әуезов атын­дағы Әдебиет және өнер инс­титуты жүзеге асырған «Ғылыми қазына» мақсатты бағдарламасы­ның «Классикалық зерттеулер» ат­ты көптомдығының 20-томына М.Базарбаев пен Т.Кәкішевтің Мағ­жан туралы зерттеулері енді.
Ғалымдар ақын мұрасын зерт­теумен айналысса, қаламгерлер Мағ­жанның көркем бейнесін сом­дауда. Бұл қатарда Д.Исабекұлы­ның «Әлдиле өмір, әлдиле», Е.Тө­леу­бай­дың «Мағжан», М.Қожах­­ме­тованың «Азат алаш – даңқты алаш» пьеса­л­арын айтсақ та жеткілікті. Осы­лар­дың барлығы – ақын мұрасы­ның мәңгілік екендігінің мысалы.
Бір ғасыр бұрын бүгінгі тәуе­л­сіз­дігімізді мұрат етіп, сол жолда жан­кеш­ті еңбек еткен ақын мұра­сына түр­кі халықтарының түгелдей көз ті­гіп отырғаны қуантты. Мағжан Жұ­мабаевты планеталық ақын ре­тінде таныған қазақ, түрік, қырғыз бауырлардың ойлары бір арнада то­ғысып жатқаны – ақын өлеңде­рі­не бас иіп, сөз құдіретін түсінгені.

Г.ЖҰМАБЕРДІҚЫЗЫ,
филология ғылымының докторы.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір