Менің Алма апайым
Алма ҚЫРАУБАЕВА.
– Молдабек, болашақ туралы не жоспарың, не ойың бар?- деді Алма апай сабақтан соң мені оңаша алып қалып. Күтпеген жерден аңтарылып қалдым да, жатсам-тұрсам ойлайтыным оқуға түсу екендігін айттым. Апай әдеттегідей сабырлы, салмақты қалпымен бет-жүзіме ойлана қарап:
– Құда қаласа, оқуға да түсесің ғой. Сонан соң, алда З. Қабдолов, Т.Кәкішев, Р.Бердібаев, Р.Нұрғалиевтер сынды үлкен ағаларың дәріс береді. Сол кездерде өкінбеймін десең, мен саған бір ұсыныс айтпақпын… Меніңше, сенің әдебиет тарихын зерттеп, зерделеуге икемің бар сияқты. Көріп жүрміз, көп студенттер әлі ерте деп, 5-курсқа дейін бос жүріп, уақыттан ұтылып, үлкен ғылымға кешігіп барады. Солай болмас үшін, сен мақұл көрсең, екеуіміз бұл шаруаға ертерек, осы күннен бастап кіріссек қалай қарайсың?..
Бұл – 1978 жылдың алғашқы айлары, ҚазМУ-дің Дайындық бөлімінде дәріс алып жүргенімізге, небары 4-5 ай шамасы өткен тұс еді. Алма апай әдебиет пәнін оқытатын. Мұндағылардың алды 5-10 жыл еңбек етіп келген естияр, сақа жастар. Мен де 2-3 жыл құрылыста жұмысшы болып, әскери борышымды өтеп, біршама өмір өткелектерін артқа салғам.
Әсіресе, әскер қатарында көрген «құқайларым» тәуір-ақ ысылуға мәжбүр етті. «Түһ!» деген түкірігің жерге мұз болып түсетін Сібірдің аязды түндерінде бүрсеңдеп қару асынып күзетте жүріп, сыныптас досым әрі туысым Қабылдың пошта жәшігімен жіберген көп кітабының ішінен Абайдың 1961 жылы жарық көрген академиялық таңдамалысын, Т.Әлімқұловтың «Жұмбақ жан» атты зерттеу кітабы мен социолог-психолог ғалым Виктор Пекелистің «Адам қабілетінің қайнары» еңбектерін үтір-нүктесіне дейін ежіктеп оқып, жалғыз дауыстап жатқа айтып, жүрек түбінде бұғып-бұлқынып жатқан арман-қиялыма қол созатынмын, әрі десе, ауыл-елге деген сағыныш-шерімді солай басатынмын. Соның «жағымды» салдары шығар, сол жылдары мен айнала-ортама абыз Абайдың бүкіл өлеңдері мен Қара сөздерінің өн бойында тұнып жатқан тұңғиық қайғы-мұңға оранған пәлсапамен қарап, бөлекшелеу болмыспен жүріп-тұрғандаймын.
Менің осынау «дертті рәпәтім», алдындағы әрбір шәкіртінің жан-дүниесін қалт жібермей бақылап, әрқайсысының мінез-құлқына сай бейім-қабілетіне жол аша білетін, дара дарынды Ұстаздың сұңғыла назарынан тыс қалмаған сыңайлы. Бұл менің арада жылдар өткен соң барып көз жеткізген байламым…
Сонымен, «егер де Сіз солай деп маған сенсеңіз, мен қуана келісемін!» деген жауабымды алған бойда, қолымнан жетелеп отырып, үйінде төсек тартып жатқан атақты ғалым Б.Кенжебаевқа, Қазақстан Ғылым Академиясы М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының әдебиетші-ғалымдары: М.Бөжеевке, Н.Сағындықоваға, Ш.Сәтбаеваларға апарып таныстырды. Бәрі де үлкен басымен кішіпейілдік танытып: «Келіп тұр, айналайын. Алманың үміт күтер шәкірті болып, әдебиет тарихына үңілемін десең, бағыт-бағдар сілтеп, көмектесуге біз даярмыз» десті…
Өзгелердің, асқанда алты ай, немесе екі-үш ай ізденіп жазатын диплом жұмысын, мен осылайша, Алма апайымның тікелей жетекшілігімен бес жылға жуық ізденіс үстінде жүріп жаздым. Рецензентім ретінде, Бейсекең үйіне ай аралатып болса да барып, ақыл-кеңесін алып жүрдім. Көзі нашар көретіндіктен, «бір абзац жазсаң да, соныңды маған оқып бер» деп, дауыстатып оқытып, ерінбей тыңдайтын. Қорғайтын күн жеткенде, пікірін өзі айтып отырып «бұл диплом жұмысы айрықша деп бағалауға лайық» деп жаздырды да, соңына төсекте жатқан күйі иректетіп қолын қойды.
Мені Аспирантураға қалдыру туралы Алма апайымның Мемлекеттік Комиссия алқасы алдындағы ұсынысын өзге де ғалым-ұстаздардың қолдауына қарамай, тағы да сол «қиял жетегіне» ерік беріп: «Мен үлкен өмірді көргім келеді. Осында алған білім-білігімді, ең алдымен, ауыл оқушыларына сіңіруден бастасам деймін. Ғылымға сосын келемін!» деп «бұлданып», еркін жолдамамен елге кеттім. Әуелде, «осының бекер болмағай, тым қызулық еттің бе?» деп өкініш еткенімен, Алма апайым артынан өзіне тән айнымас ұстамдылығымен «мүмкін, сенікі де дұрыс шығар» деп ақжол тілеп қала берді.
Оңтүстік облыстың Өзбекстанмен шекаралас ең қиыр шетінде – жолсыз, сусыз, иен құм даланың ортасында жатқан Әлімтау қаракөл қой совхозында мектепте мұғалім болып еңбек еттім. Қазақ радио-теледидары көрсетпейді. Газет-журналдар некен-саяқ жетеді… Аудан орталығынан 80-90 шақырым қашықта, ұмыт қалған осы ауылда Шықаңның «Алғашқы мұғалімінің» күйін кешіп, кәдімгідей қиналып жүрген күндерімде, қайран Алма апайым ай сайын дерлік үзбей хат жазып, жігерімді жанып, ақыл-кеңесін айтып, Алматыдағы әдеби-мәдени жаңалықтардан құлағдар етіп жүрді…
Екі жыл өткенде, «факультет деканы болып Тұрсекең (Т.Кәкішев) сайланды. Сен туралы пікірі жақсы. «Келсін, өзімізге қызметке қабылдаймыз» деді. Енді қарайып қаласың, қайт» деп апайым Алматыға шақырды. Өзім де намысқа тырысып әзер жүргем, қайтып келдім…
* * *
Үнемі қарапайым, жарасымды киініп, бір қалыпты жүріп-тұратын Алма апайдың дәріс үстіндегі биязы үні, ұғынықты да тиянақты сөз саптауы – аудиториядағы барша шәкіртін айрықша баурап алатын. Оны сүймейтін бірде-бір студент көрмедім. Бәріміз апайдың сабағын тағатсыздана күтетінбіз.
Аяқастынан қызықты бір тақырыпқа шығарма жаздырады. «Ақындар» өлең шумақтарымен кестелеуіне болады. Жазбаларымызды алмастырып, бір-бірімізге пікір, сын айтқызады. Қызу пікірталас өрбиді. Бір ғажабы, ешкім де апайдың назарынан қалыс қалмайды. Өзгелерімізді де соған жұмылдыра отырып, әркімнің өз ойын ашық, еркін жеткізуіне көңіл қояды. Тауып айтылған жалғыз ауыз сөзге мән береді, бағалайды, көңілімізді марқайтады… Осы бір өнеге келе-келе бәрімізге сіңе бастағандай, бір-бірімізді құрметтеуге үйрене бастадық. Алма апайдың дәрісінде жақсы оқитын, нашар оқитын студент деген шек-шекара, бөлекше қарым-қатынас ұмыт болады. Әрбір шәкірті өзін «бірінші» сезінеді… Мұндай ғажайып сиқыр иесі бола білген Ұстазды мен өз басым оған дейін де, кейін де көре алмадым… Ал ән салғандағы көмейінен бұлықсып, тербеліп, үзілдіріп шығатын ерекше әуезді дауыс иірімдері ше?!..
Бірде Алма апай мені үйіне ертіп апарды. Ол кезде мен Ғылым Академиясының және Орталық кітапхананың Сирек қолжазбалар қорындағы төте жазу үлгісіндегі жәдігерлерді өздігіммен оқып-үйреніп, өз бетімше жұмыс істеп жүргем. Содан ба, аллергия болып, саусақтарымның арасын экзема деген қышыма жара басып, көп азап шектім…
Апайымның шаңырағының табалдырығын алғаш аттау оңай болған жоқ. Жүрегім дүрсіл қағып, именіп, әзер кірдім. Қуықтай екі бөлмеде мен күткендей сән-салтанатты жиһаздан дәнеме жоқ. Есесіне, өзіміз ауылда көретін жұпыны құрақ көрпе, көпшіктер мен сырмақ, тоқыма кілем сияқты қолөнер бұйымдары көзіме оттай басылды. Кітаптары, жұмыс столы… Ол кезде апайдың екі ұлы бар екен: Ұлар мен Бұлан. Байқаймын, бастарындағы қоян терісінен тігілген құлақшын-малақай, аяқтарындағы жүнін ішіне қаратып тіккен жылы байпақтары мен қолғаптарына шейін қолдан пішіп тігілген. Бала кезімізде өзіміз де киіп өскен тәберік дүниелер. Үш-төрт жас шамасындағы екеуін де ұқыптап киіндіріп жатып апай:
– Апайыңның аздап ине-жіп ұстайтын жаман өнері бар. Дүкендікінен осы тәуір ме деймін, – деп қояды. Балаларын есік алдына шығарып келген соң, төсеніш салып, дастархан жайып, шай берді. Мені қысылмасын деген болуы керек, емін-еркін әңгімеге көшті:
– Анау қолыңдағы жара мазаңды алып жүр ме? Ескі кітаптардың шаң-тозаңында сондай микробтар болатын құсайды. Дәрігерлер не дейді? Тіпті болмаса, қазақша ем-дом жасатып көрсең қайтеді? Ауылда үлкен кісілер бар ма еді?..
Осылайша, суыртпақтап сыр тарта отырып, алдағы уақытта қолжазбаларды ақтарғанда, аузы-мұрнымды қосып жұқа дәкемен байлап отыруды тапсырды.
* * *
Алма апай 1993-жылы Жандосов аулынан Қазақ гуманитарлық мәдениет лицейін ашқанда, біздің үлкен қызымыз Маралды өзі сұрап қолына алды. Үш жыл бойы өз үйі-өз төсегінде жатқызып, өз қызындай мәпелеп тәрбиелеп, лицейде оқытып, ас-суына шейін көтерді. Ең болмаса, оқу ақысын төлейін дегендей бір сөз айтқанымда:
– Біздің лицей – ақылы оқу орны емес. Жағдайларыңды білем ғой, Марал да менің өз қызым. Көрпе-төсегімді аяймын ба, қайта Мөлдірге серік болады (інісінің қызы, сол кезде ол да қолында). Біздің балаларға да жақсы, бәрі сабаққа бірге дайындалады, – деп, ондай әңгімеге орын жоқ екенін аңғартты.
Еліміз тәуелсіздігін алысымен, зор ынта-жігермен кірісіп, бар салмақ-жүгін жалғыз сүйрелеген Алма апайдың осы бір жаңа мектеп үлгісі, өкінішке қарай, құзырлы тараптардан түсінік-қолдау таппай, үш жыл өмір сүріп, жабылып қалды. Ол туралы 1997 жылғы телехабарда берген сұхбатында:
– Бұл бір толғағы жетпей дүниеге келген дүние болды. Алайда, мен өкінбеймін. Осындай, Мағжандар арман еткен халық педагогикасына негізделген, әлемдік өркениетті нысана тұтатын ұлттық оқу жүйесін құруға толық мүмкіндік бар екенін біз дәлелдедік. Біздің бұл бастамамыз келешекте қандай да бір формада болмасын іске асатынына күмәнім жоқ, — деген еді ұлы Ұстаз… Тағдыр менің нәсібімді де әдебиет тарихы ғылымынан емес, тележурналист кәсібінен бұйыртты. Үлкен үміт еткен ұстаз үшін бұл да бір өкініш болды. Десе де, көзі тірісінде өзім түсіріп эфирге шығарған, бүгінде «Қазақстан» Ұлттық телеарнасының мұрағатында сақталынып отырған ұлы Ұстазым туралы бірнеше бейнетуындыларды есіме алып, іштей ақталғандай да боламын…
* * *
Алма апай ғылым саласында ежелгі түркілердің ерлік шежіресін жасады. Орта ғасырлардағы иісі түркі жұртына ортақ жәдігер жауһарларын алғаш зерттеушінің бірі болды. Сол замандағы жазба әдебиеттің 19-ғасыр соңында қайта жаңғырып, 20-ғасыр басына дейін күшті дамыған үлгісі – қазақ қисса-дастандарын сабақтастыра зерттеген еңбектері әдебиет тарихына қосылған сүбелі үлес болып қалды. Жоғарғы оқу орындарына арналған құнды оқулықтары бір төбе. Жамбылдың ірі жыршылық-жыраулық, ақындық дәстүрі туралы тың ойлар айтты. «Он алты қызбен айтысын» жеке кітап етіп шығарды. Әсіресе, Алма апай өзінің талғампаз әншілік өнері арқасында, жыр алыбының ұмытылуға айналған тамаша ән-әуендерін тірнектеп жинап, өз орындауымен өмірге қайта әкелді. Осындай қыруар ғылыми-шығармашылық қызметтерді абыроймен атқара жүріп, өз әкесі, атақты Сыр сүлейлерінің сынығындай Халық ақыны Мүтәлліп Қыраубайұлы мен балаларының ұлы атасы Жамбыл Жабаевтың рухына лайық тәлімді ұрпақ тәрбиелеп қалдыруға да уақыт тапты.
Ауыр сырқаттан көз жұмғанына көп жыл өтсе де Алма апайымның асыл бейнесін көп елестетемін. Әсіресе, әуезді үні құлағымнан кетпейді…
Көзсіз тәуекел мен алып-ұшқан арманнан басқа Алматыда таяныш-тірегі жоқ, белгісіз бір ауылдың баласы – мына маған соншама қайтарымсыз қамқорлық жасағандай Алма апайдың маған туыстығы жоқ еді. Жерлес те емес-ті. Кісіге еткен түйірдей қайырымның өзі саудаға салынатын бүгінгі нарық заманының ұрпақтарын аяймын. Әйтсе де, ең болмағанда, «орамал тон болмайды – жол болады» деген ата салтымен, сол асыл апайымның иығына бір ақ жібек орамал жауып болса да ілтипат көрсетуге жарамағаным өзегімді өртейді… Әрқашан, мен сияқты мың-сан шәкірттеріңіздің дұғасындасыз әруағыңнан айналайын, қадірлі Алма апай!
Молдабек ӘЖІБЕКҰЛЫ,
тележурналист,
мәдениет қайраткері.
ПІКІРЛЕР1