Теріскейдегі театр
22.06.2018
1394
0

Жиырма бірінші ғасырдың алғашқы жылынан бастап шаңырақ көтерген теріскейдегі театр қазақ әдебиетінің алып тұлғаларының бірі – Сәбит Мұқановтың атымен аталады.


Ол әбден заңдылық та бо­лар. Қарт Қызылжар қаласы Сә­беңнің өсіп өнген өңірі мен қа­тар өмір жолына бағыт берген мә­дени ортасы. Жазушының сан алуан шығармаларына кейіп­кер болған жандар да осы өл­кенің адамдары. Сондықтан ұлы қаламгер 100 жасқа толған 2000 жылы Қызылжарда тұң­ғыш рет қазақ сазды-драма теат­ры ашылып, жерлесіміздің есі­мі берілді.
Бұл күнде аталмыш өнер ор­дасы облыс тұрғындарының құр­метіне бөленген мәдениет оша­ғы. Осы жылдар ішінде ұжым мүшелері бірнеше дүркін рес­публикалық байқаулардың жүл­дегері, әлемдік фестиваль­дер­­дің лауреаты атанып та үл­гер­ді. Театрдың шымылдығын аш­қан алғашқы режиссері Ора­залы Ақжарқын-Сәрсенбек қа­зақ өнері әлеміне есімі кеңі­нен таныс тұлға. Сонау жаңа ға­сыр басында өзінің бір топ шә­кірттерін соңынан ертіп кел­ген Оразалы солтүстікте сахна өне­рінің дәнін сеуіп, бұл күнде та­нымал болған қыз-жігіттерге қа­нат байлап ұшыра білді. Атап айт­қанда Руслан Сеңкібаев, Нұр­гүл Мағауина, Кенже Ақжо­лова, Анар Алтыбаева, Ербол Шүкіров, Мұрат Құсайынав сын­ды өнерпаз жастар респуб­ли­калық дәрежедегі театр, ки­но, тележобаларда жемісті ең­бек етіп жүр.
Ал өзінің оқу, еңбек жолын осы ұжымда бастаған Оразалы Ақ­жарқын-Сәрсенбектің төл шә­кірті Самал Есләмова болса, жа­қында ғана Францияда өткен Дүниежүзілік 71-Канн кино фес­тивалінде «Ең үздік әйел бей­несі» үшін бас бәйге – «Ал­тын пальма бұтағын» жеңіп ал­ға­ны баршаға аян. Қазақ қы­зы­ның бұл атағы тек жерлестері үшін ғана емес, бүкіл қазақ елі үшін үлкен мақтанышпен айту­ға тұрарлық оқиға екенінде дау жоқ.
Самал тұңғыш рет осы Сә­бит Мұқанов театрында сахнаға шық­ты. Ұстазынан тәлім-тәр­бие алды. Белгілі бір дәрежеде тә­жірибе жинақтаған соң ілгері ізденіп, Москваға оқуға барды. Міне, сол ізденіс пен еңбектің же­місі өз нәтижесін бергені сөз­сіз. Солтүстік Қазақстан облы­сы­ның Аққайың ауданына қа­рас­ты Аралағаш ауылының ту­масы Самал Есләмова кино­ре­жиссер Сергей Дворцевойдың «Айка» фильміндегі басты ролі үшін әлемдік аренадағы өнер жұл­дызына айналды. Сөйтіп, те­рістіктегі театрдың түлегі ай­ды аспанға бірақ шығарды.
Театр репертуары жылдан-жыл­ға жаңа қойылымдармен то­лысуда. Әсіресе, Сәбит Мұқа­нов, Ғабит Мүсірепов, Сафуан Шәймерденов, Сәкен Жүнісов сия­ты қазақ прозасының клас­сик­терінің туындылары сахна төрінен орын алған. Ұжым бас­шы­сы Біржан Жалғасбаев­тың айтуынша осы жылдар ішінде елуге тарта шығарма сахнала­нып­ты. Ал соңғы маусымның ен­шісіне Мұхтар Әуезовтің «Қа­ра­гөзі» мен Исраил Сапарбай­дың «Сыған серенадасы» тиген екен.
«Қарагөз» – классикалық үл­гі­де жазылған тарихи драма-тра­гедия. Ғасырға жуық уақыт бойы қазақ сахнасынан түспей келе жатқан шығарма. Сан та­лай режиссерлер мен актер­лер­дің өнер жолындағы бағын аш­қан туынды екені де сөзсіз. Соны біле тұра теріскейлік театр ұжымы бұл шығармаға мүлдем жаңаша нәр берген. Театрдың бас режиссері Фархад Молда­ға­ли көрермен қауымға жаңа үл­гідегі сахналық қойылым ұсын­ған. «Қарагөз» бүгінгі талғам биі­­­гінен алғанда – саундрама үлгісімен ойналады. Спектакль бастан-аяқ музыкалық сүйемел­деу­мен жүреді. Жергілікті ком­позитор және музыкант Марат Жа­қыповтың шағын оркестрі актерлердің көңіл-күйін дөп ба­сып, спектакльдің әсерін арт­тыра түседі. Ал әртістердің іс-қимылы балеттік би өнерімен астасып, тіпті тамаша сезімге бөлейді. Шығарма қаншалықты трагедиялық сипатта жазылған­мен, көрермен қауым сахналық көрініс сәттерінен ләззат алып оты­рады. Сөз жоқ, басты тұлға – актерлер. Қарагөз ролін сом­да­ған жас актриса Мадина Өсер­баева алғашқы сәттен бас­тап өзінің нәзіктігімен, сезімтал жүре­гімен, көркем кескінімен көп­шілік көңілінен шыға білді. Әсі­ресе, ғашығы Сырыммен (ак­тер Айбол Қасым) кездесу сәт­теріндегі жан толғантарлық сахналық көріністер көрермен жүрегін селт еткізбей қоймайды. Кейіпкерлердің ішкі арпалысын аңғарған сайын өнер құдіретіне бе­ріле түсесің. Жастыққа тән ма­хаббат пен ыстық сезім алауы екі жастың іс-әрекеті арқылы ке­ремет шешім тапқан.
Шығармадағы келесі басты кейіп­кер – Нарша образы. Та­лант­ты актер Нұржан Асылхан­ның Наршасы спектакльден елеулі орын алған. О бастан Қа­­ра­гөзбен дәм-тұзы жараспа­ған Нарша бейнесі өте аянышты ойналады. Жолы болмаған жі­гіт­тің жан күйзелісі көрерменді қи­налтады. Тіпті, қол ұшын бер­гің келеді. Тура өмірде болып жатқандай әсер қалдырады. Қа­рагөзге айтылатын ауыр сөздер жүй­кеңді жұқартады. Дегенмен махаббат жолында жан беруге бар жігіттің бойындағы қайғы-қасіретті түсінген кезде ғана Нар­шаға кешіріммен қарайсың. Актер образ жасауда көп ізден­ге­нін байқатады.
С.Мұқанов атындағы Сол­түс­тік Қазақстан облыстық саз­ды-драма театры бүгінгі таңда ұлттық өнер ұжым­дарының ара­сында дараланып көзге тү­се­тін киелі шаңыраққа айналып ке­леді. Театр директоры Біржан Жал­ғасбаев Оразалы Ақжар­қын­­ға еріп келген алғашқы лек­тің өкілі. Т.Жүргенов атын­да­ғы өнер академиясының түле­гі. Өзі жақсы актер, режиссерлік қабілеті және бар, әнші, тер­ме­ші, сегіз қырлы бір сырлы жігіт. Бе­делді басшы қатарына да жат­қызуға әбден лайықты. Ал бас режиссер Фархад Молдағали бол­са, жаңа буын өкілі. Өзіндік көзқарасы, пайым, парасаты бар өнер иесі. Осындай аза­мат­тардың қолдауымен теріскейдегі қазақ театрының өміршеңдігі оңы­нан тұрып, көрермен қауы­мы­ның патша көңілін таба бе­ре­ді деген сенім мол.

Шашубай МАЛДЫБАЕВ,
ҚР Журналистер
одағының мүшесі.

Қызылжар-Алматы.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір