Қалт еткен қаламымның ұшында – өмір
22.06.2018
1402
0

Сәнді
АҚЫЛАЙ


Сәнді Ақылайдың өлеңдерін алғаш әлеуметтік желіден көріп, таныстым. Қазір интернет заманы. Онда өз шығармашылығын насихаттап, оқырманмен ашық ой бөлісіп жүрген қаламгерлер бар. Солардың бірі – осы Сәнді. Жетісу жас ақындарының «Тау мен өзен жырлары» антологиясына өлеңдері енгізілген. Үш жыр кітабының авторы. Қазіргі орыс поэзиясының өкілдерін қазақ тіліне тәп-тәуір тәржімалап жүр. Әйтеуір қашан да ізденіс үстінде. Қазір Ақмола облысы, Целиноград ауданы, Жалғызқұдық орта мектебінде мұғалім болып қызмет атқарады.
Сәндінің өлеңдері нәзік лиризммен ерекшеленеді.
«Мен күздің жанарындағы тамшымын, тамып түсетін өлең боп» деп сөйлейтін ақын қыздың «Лирикалық мені» мөлдіреген жыр жолдарын туғызады. Ақын өзінің өлең өрнегін қалыптастыру үшін өзгеше бөлек иірімді ізденістерге барады. Бұл ретте, жеткен жетістіктері де аз емес. Ар тазалығы мен адамгершілік ұстанымын қай шығармасында да биікке қояды.
Сәнді Ақылайдың бір топ өлеңдерін ұсына отырып, оның болашағынан көп үміт күтеміз.

Бауыржан ЖАҚЫП.


***

Мен – түннің беті күндізбін,
Күн мен Ай қарып өтеді.
Жарығы жеті жұлдыздың,
Жанымды жарық етеді.

Мен – сөнбес мәңгі жарықпын,
Бойыма сіңген дарып күн.
Жеті шырағым тұрғанда,
Түгелмін, айқын, анықпын.

Таңымды күліп атырдым,
Кеш батып, мейлі келсе мұң.
Анамын, бәлкім ақынмын…
Өмірдің таптым өлшемін.

Үрлесе сөнбес шырақпын,
Ажалдың серті бір ақ күн.
Соңымда ізім қалса деп,
Ұрпақ пен сөзге жүк арттым.

Мен мәңгі жарық сәулемін,
Маған дос, дұшпан, жау да бір.
Мен Күнмін, енді сөнбеймін,
Өлеңмен ғана әуремін.

НҰРАДАН ӨТІП БАРАМЫН

Арқаның жазық төсінде,
Етектеп қондым Есілге.
Нұрадан өтіп барамын,
Нарыным – елес, есімде.

Есілім жайың… ал… қандай?
Өтейін қалай толғанбай?
Іленің асау толқынды,
Ашуы тарқап қалғандай.

Нарында туған нартайлақ,
Тағдырым кеткен Арқа айдап.
Есімнен сірә, кетер ме?!
Балқаштан татқан балқаймақ.

Еспені кешкем ол күні,
Естеліктердің бар құны.
Көктемде ғана толқитын,
Тоқырауынның толқыны.

Толқын да толқын ішкі сыр,
Шолайын әрбір тұс-тұсын.
Нұраны бойлап өтті ме?
Балқаштың ащы-тұщысы.

Есіл – сыр, Есіл, Есіл – мұң.
Жағаңа жетіп көсілдім.
Ағысыңдағы сабырмен,
Өткенді енді кешірдім.

ТӨЛЕГЕН-ӨЛЕҢ

(ақынның «Сағыныш» атты өлеңіне жазған Гүлмира Саринаның орындауындағы ғажап әнді тыңдап отырмын).

Төлеген – ақын, Төлеген – өлең,
Жанымды жырға бөлеген өлең.
«Сағынышыңмен» жұбанып жүрмін,
Босағам – ән-күй, керегем – өлең.

Жетелер менің ойымды шыңға,
Өмірім – өлең, жайым да осында.
Төлеген ақын, Төлеген – ғасыр!
Менімен бірге мойындасын да!

Мұңайсам мені жебеген де өлең,
«Сағынышына» бөлеген де өлең!
Өмірдің сөзі, өлеңнің-өзі,
Ұлы ақын өткен Төлеген деген.

Төлеген – өлең, Төлеген – әлем,
Төлеген – дәптер, Төлеген – қалам!
Өлең деп соққан жүректер болса,
Ашылар әркез Төлеген – қамал!

Төлеген – ақын, Төлеген өлең,
Дәл сендей ақын келе бермеген.
Найзағай сынды жарқ етіп жанып,
Жасындай шіркін сөне бермеген.

Төлеген – ақын, Төлеген – өлең,
Жанымды жырға бөлеген өлең,
«Сағынышыңмен» жұбанып жүрмін.
Босағам – ән-күй, керегем – өлең,
Төлеген – өлең!

ТАМЫЗ ТАҢЫ

Тамыз ғой бұл,
тамылжыған шақ қандай?
Түн де ғажап, көкте сырын
ақтарды Ай.
Таңсәріде шығыс жақтан бір бақыт,
Көкжиектен атып келе жатқандай.

Көк майсаға тоқты тояр жақ талмай.
Жарқын көңіл жақын түгіл
жатты айнал!
Тамыз маған бір сый берген әуелден,
Арманымнан адасып кеп ат байлар…

Тамыз таңы тоқтай тұршы,
жоқ па айлаң?
Талайлардың бармағынан бақ тайған.
Ақша бұлтың тамбай өтіп барады,
Атам саған тамызатын ат қойған.

Тамыз таңы жауын қайда?
Жау жаңбыр!
Сенен соңғы сұратылған сауғам бұл.
Сары күзге судай батып сіңермін,
Тебірентіп тамыз соңы ауған күн.

АСТАНА!

Қайтейін ұмытыңыз сіз де мені,
Далада – жаз, есіме күз келеді.
Тек сол жүрек қалпында қатып қалды,
Үмітін үзбегелі.

Қайтейін ұмытамын мен де сізді,
Көресіз, жиып алам енді есімді.
Тек сол жүрек аңсайды тіршілікте,
Бір сәтке кездесуді.

Қайтейін мазалайды анда-санда ой,
Кетпедің бе сезімге таңба салмай?
Тек сол жүрек сол жүрек сені сүйген,
Дәл менде болмаса ғой?!

***

Жусанды, адыраспанды,
Өлеңді жерден нәр алдым.
Өлеңмен жамырасқанда,
Тұңғиық ойға қамалдым.

Тіршілік – қуат, жанға – мән,
Күндерім бұлттай көшеді.
Бүр шығып тұрып арбаған,
Арманның жолы неше мың.

Жалғыздықтан тыңайдым,
Жалғыздықтарға мұңайдым.
Жалғыздығымнан бір Алла,
Алдыңа бір күн құлаймын.

Өзекті бойлап жарып шық,
Көңілдеріндей көршімнің.
Өлең боп келіп алып шық,
Жалғыздық жаным, қалсын бір.

Жетеле ойды жетеле,
Бүгінге, ертең, кешеге.
Сүрініп кетсем болмайды,
Қайнатып миды еселе.

Жақсылық көрсем жинаймын,
Жамандық көрсем қираймын.
Аяқтан шалған дұшпанға,
Қасіретімді қимаймын.

Өлеңді жерден өрілген,
Өлеңнен болар хабарым.
Өлең боп келіп өмірден
Өлең боп кетіп қаламын.

Бақыт, саған күмәнім бар,
Қиялымның қанатының астында.
Уақыт менен ұялыңдар!
Сені үмітсіз сабырсыздау тостым ба?

Сені күттім қаншама жыл ай, апта,
Қалғып кетсем енді мені оятпа!
Мына менің бақытсыздау күніме,
Бақыттылау дұшпандарым тояттар.

Бақыт, саған өтінішім жоқ менің,
Сәл-ақ қана өкінішім болмаса.
Оқып жүрген бақыт, сенің мектебің,
Бітірген соң болар бәлкім далбаса.

Бақыт деген осы емес пе іздеп
жүрген күндерім,
Қуаныш пен шаттығыма
қосарланған бірге мұң.
Білінбейді өзім түгіл, өзгеге де құпия,
Себебі, себебі мен бақытыммен біргемін!

***

Күз-ау сенің қабағыңа қараумен,
Қыркүйекті тауыстым.
Енді қазан, сенің қандай бар әурең?
Қарашаға ауыстыр.

Күз-ау сенің келбетіңде сағыныш,
Қанатындай құстардың.
Әрбір күннің қабағынан бақ-ырыс,
Табатындай құштармын.

Күз-ау бүгін қар ұшқының керемет!
Түсіндірші ал, мұны?!
Маған қуат, жігер күшін себе кет!
Күздің соңғы жаңбыры.

Әне қонды сауысқаның бәз-бөсер,
Ақ сөйлемей кетпесін.
Қарғалардың қарқылынан өзгеше,
Айтатыны жоқ па, осы?

Күз-ау, күз-ау, маған енді бәрі бір,
Жаңа ғана таныдым.
Жәй әншейін сәтсіздіктер жолығып…
Сөнбесе екен жарығым.

***

Мен күздің жанарындағы тамшымын,
Тамып түсетін өлең боп.
Айта беріңіз, айтарыңыз да бар шығар,
Айтып едім ғой көнем деп.

Мен күздің жапырағындағы бояумын,
Сағыныш тектес сары өңді.
Мен күндей санаммен мәңгі ояумын,
Жаулап алатын әлемді.

Мен күзде құстарға біткен қанатпын,
Қоштаса алатын уақытша.
Мен сізге жапырақ сәлем тараттым,
Жібергем желден бағыштап.

Мен күзбен салыстырсаңыз сыңармын,
Жасыра алмайтын мұңымды.
Мен күзден айнымайтын да шығармын,
Ар жағын айтсам бұлыңғыр…

***

Басталады жүректе дүрсіл неден?
Өз жүрегім болмаса кімсің дер ем!
Сені ұмытып тірлікпен кеткенімде,
Есік қағып кіре алмай жүрсің бе Өлең?

Басталады сезімде алаң, көкем!
Бұл күндері ой дара санам бөтен.
Аралына жете алмай қиялымның,
Жағасында мұңайып қалам ба екен?

Басталады неліктен сезім бөтен?
Қозғаушысы-ей өлең өзің бе екен?
Менің жаным жабырқау сен болмасаң,
Сенің жаның шынымен төзімді екен!

«Жыртық үйдің Құдайы» қайда кеттің?
Түндігімнен төгіліп ай қарап тұр.
Қиялымда құшсам да жұлдыз-айды,
Тақыр жерде табаным тайғанап тұр.

Қайда кеткен жымыңдап
жұлдыз біткен,
Сығалайды жыртықтан үнсіздіктер.
Отырайын оңаша қоса шаппай,
Дүниені кернеген құнсыздықпен.

Білемін әлі талай ай туарын,
Жан сырымды үлгерем айтып әлі.
Өлең-муза сырласым жалғандағы,
Жалқы біткен жанымның бойтұмары.

Сұрайын мен бір демеу Тәңір-Хақтан,
Жан дүниемді өлеңге жамыратқан.
Үзілмесе екен деп әзірге осы,
Құйылған күннің нұры шаңырақтан.

Енді қайтем мендегі осы-ақ амал,
Қайда соқсаң қиялмен қоса барам.
Түндігімді ашайын таңсәріде,
Күттірмей кіріп келші босағадан.

Не десең де дегейсің, көне берем,
Тақыр тасқа жатсам да өнеді өлең.
Түндік бауын күрмеулеп қойсам-дағы,
Сыбырлайсың, құдірет, керегеден.

Маңайым тынып, тегіс ұйықтады,
Атуға мына әлемнің жуық таңы.
Жүректің бір пернесін шертіп кетті,
Шаншылған шаңыраққа уықтары.
Өлең! Өлең!

АҚ ПЕН ҚАРА

Ақ жауын, қара бұлт, қара түн,
Ал кеттік өлеңім жаратыл!
Ақ қағаз бетінде қалықтап,
Қақтырам қаламның қанатын.

Ақ жауын, ақ қағаз, ақ төсек,
Ояумын маңайым ұйқыда.
Қара түн, қара бұлт, бақ-нәсіп.
Ақ-қара арбасқан сиқыр ә.

Сырымды бөліскен, келіскен,
Мен түнді ерекше ұнатам.
Ақ жауын, өлеңім періштем,
Өзімді өзіңмен жұбатам.

Ақ қағаз, айналам тып-тыныш,
Тоқтаусыз ақ жауын, жұқты үміт.
Қара түн қойнауы барады,
Ертеңгі ақ таңды ұқтырып.

Ақ жауын мөлдірін қарашы,
Мендегі сезімдей тұп тұнық.
Қара түн ақ таңда тарасын,
Оянсын ел аман жұрт тыныш
ұйықтап алайын.

***

Жарқ еткен
жанарымның ішінде – өмір,
Қалт еткен қаламымның
ұшында – өмір.
Төріңді қимай қалап жүргенімде,
Тәрк еткен амалыңды түсінбедім.

Өзіңе айқара ашық, ғашық көңіл,
Қаншама тайталасып,
жасытты – өмір.
Сырыңды сақтап, сарқып жүргенменен,
Өлеңге айта аласың тасып-төгіп.

Өмір-ай өмір-өмір, өмір-өмір,
Қалады төріңде кім, көңілде кім?
Осынау дүниеңнен түйгендігім
Мәңгілік өмір – өлең, өлең де өмір.
Мен өлеңдемін!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір