Шындық пен «Шынайылық» – екі түрлі әлпет болмаса екен
22.06.2018
2058
0

 

 

 

 

Сайлаубай ЖҰБАТЫРҰЛЫ,
жазушы, «Парасат» орденінің иегері

 

– Оқырман қауым Сізді эколог-жазушы ретінде біледі. Оған Сіз­дің Арал тақырыбын үздіксіз қауза­ғаныңыз себеп болғаны анық. Арал тағдыры Сізге нені ұқтырды? Адам баласының қауқары қай кезде күшті? Қай кезде әлсіз?
– Дүние ұғымында «баталист жазушы», «маринист жазушы» дегендер бар. «Эколог жазушы» деген сол жосыннан-ау?.. Маған салса, өзім жай ғана қаламгермін. Сөздерде табиғат (Арал) сарыны басым тұрғанымен, гәп адам, адам болмысы жайында ғой. Ал ғарыш іспетті адам болмысының сарашы­сы әр сәтте эколог, әлде, психолог, әлде, тарихшы, баталист… Жазу­шы табиғаты – әмбебап құбылыс… Дегенмен, мына біз-пендені, бір мазаңдау тірліктерінде «көсемсөз­ші эколог» десе, сол жобаға келе­тін сияқты…
Ал Аралға келсек… Әлемде про­б­лема аз емес, бірақ Арал халі­нің жөні мен сыры тым бөлек. Қа­сіреті Кеңес қарымынан баста­лып, салдары жаңа тарихта да шешімін таппаған сонау үлкен су жайы – жылансырғақ жүрісімен, есепке түсуі қиын латентті құрбан­дық­тарымен «баяулатылған бом­ба» сияқты. Арал әлі де шын көңіл­дер шетінде жатыр. Мен білерде, ол – күлкісі кемел дүние­нің көзіндегі шор-сүйел. Ақылды әлемнің тым сорақы көкірек-көңі­лі бүгінгі табиғат жүзінде бақырая таңбаланып тұр. Онда тіл жоқ, бірақ бұл – оның сұрауы жоқ деген сөз емес. Бүгінгі мылтықсыз май­дан осы және мұндағы бүткіл
ада­мзаттың жеңіліс ауылы тым тақау. «Қызғыш құстың» мезі шы­ры­лын­да бір мән бар екенін ал­қын-жұл­қын дүние ұғынудан қал­ды… Ән-жыр, мереке-қызық­тар – оба үстіндегі тойға ұқсамасын…
Пенде өзін аса күшті санай бас­тағаннан, шын мәнінде, нағыз әлсіздік жолына түседі. (Мен тіршіліктің физиологиялық даму градациясын айтып отырғаным жоқ). Қоғам да сол тақылетті: өмір ақиқатына табан тіремеген әсіре дабыралы өрекпу ұрандар арты – жарға маңдай ұрған дағдарыс, құлдырау боп келеді. Мыңжыл­дық­тар осыны дәлелдеумен кел­ген. Күштіліктің табан тірері – парасат, иманилықтың ақиқат тұғыры. Парасаттың теңдік нүктесі пышақ жүзіндей – таптырмайды, ұстатпайды. Оны тауып, ұстана білу – даналық тұғыры.
– Жалпы, қаламгердің белгілі бір тақырыпты қаузағаны оны бір шеңберге шектей ме, әлде сол тақы­рыпты терең тануына жол аша ма?
– Шектейді де, ашады да… Бұл құбылыстар тізгінін үйлесімде тең ұстау адам фақторы, шығармашы әлеуетінде… Және намысты ұста­ным­да дейміз бе… Мәселені көп қаузататын, тіпті, сол мақсат жо­лына «қол тапсырған» адамды өлермен, ақ иық ететін – сол мәселенің (өзі үшін, қоғам үшін) мәнділігі, қордалылығы және соған деген қоғамдағы көзқарас­тың сәйкессіздігі мен кемшіндігі.
Мен сонау 70-жылдар роман­тик­терінің тобы басында әдебиет есігін серпіп аштым (М.Әлімбаев, Ф.Оңғарсынова, Ш.Мұртаза пікірлерінен). Біршама сөз өнерін меңгергесін, барымды қорғансыз­дың күнін кешкен Арал-әкеге арнау керек деп ұйғардым. Абы­ройы аз, пайдасынан зияны көп, көк бейнеттің жолы еді бұл. Ақыл­ды, есепті адам баратын жол емес. Соған саналы түрде бардым, әдебиет үшін солай «жоғалдым», өнер думандары бізден алыс қалды. Сонау өзгеше майданда сөзім негізді болу үшін, сушы, инженер ілімін игеруім керек болды. Тыйымды, қатерлі тақы­рып жолында еш қолдаушы жоқ, көбінесе жалғыз шырылдап, отқа түстім. Бұл арысы – 50, берісі – 30 жыл ғұмырымды, өмірімнің ең тегеуірінді әлеуетін алды. Мен әде­биетті ұмытқам жоқ, әдебиет мені ұмытқан болуы мүмкін… Автор ретіндегі бүгінгі біраз пенде проблемасы осыдан ба деп те ойлаймын. «Жазушының спорт формасынан» да шығып қалғандай едім. «Абыржыға» солай, шаршап, шөлдеп жеткенім рас…
Менің өмір-тәжірибем біреуге шікірә емес. Сезген-білгенді айт­пасқа тағы болмас. Өмірге кепілді мекен, терезе жақтауынан қарау – бір басқа да, шаңыт жол, сортаң ұлтандарда жүріп көру – бір басқа… Өткен ғасыр соңына қарай КСРО-да әбден шегесі бекіп, ұлы ел саясаты қолдаған Сібір суларын бермен әкелу мәселесіне қарсы Ресей интеллигенциясы (жазушы­лары) дүрк үн көтерді. Мен бұл ауызбіршілікке қызыға, қайран боп, әрі алғыссыз, іші де, пайымы да тар, сөз жүзінде ғана ағайынгер орыс зиялыларына түңіле ренжіп жүрдім. 1921 жылы аштан қатқан Ресей жұртына аузынан жырып, барын берген балықшы әкелердің иман ерлігі де ойымда еді… Эколог ретінде айтайын, әлгі, бері бұ­рыла­тын судан тозақ кешкендей Тұранға да, батпаққа малшынған Сібірге де пайда дегенің шаш-етектен болатын. Орыстардың кейбірі, тіпті, осыны ұқпастан топ көбейтті. Ал саясат десе, саясат қолдап тұрған, зілдей Арал қасіреті тағы бар – біздің зиялылар сол тұс ләм-мим деместен қала бергеніне таңмын. Мәскеу шаһарында (сол кездегі «Огонек» журналы қызмет­кері Майра Кәкімбекқызы Салы­қова қарындасыма осы жолдағы көмегі үшін көп рахмет!) сонау топ серкелері С. Залыгин, В.Распутин, Ю.Чередниченконы іздедім, оларды ЦТ-ге сөзсайысқа шақыр­дым. Академик С.Залыгинді «Мосфильм» киностудиясында ұстап, көпсағаттық қаржас сөз құрдық. Құдай куә, сол шалды мойындаттым да. «Да, вы правы, молодой человек!» болды ака­де­мик­тің соңғы айтқаны. Бірақ бұл ресми кесім емес еді… КСРО дәуір­леп тұрған…
…Кейін ғой Арал жолындағы ерлердің бізде тым көбейгені… Көбейсін! Тек бүгін «мен өйттім-бүйттім!» деп өрекпіген «көлеңке­ден шыққан ерлерді» көріп, жа­ғамды ұстаймын кейде. Аралды, бір есептен, «ар-ұят-иман» тара­зысы дейтінім де осыдан.
Ал азат Орталық Азия тари­хын­дағы жалпы Аралдың халі ке­шегіден де қиындау болды. Кеше үміт бар еді, енді парадокс: азат Орталық Азия қызыл империя «жоспарынан» да асыра сілтеп, Аралды оңбастай, біратола жоқ етіп тынды. «Балапан – басына, тұрымтай – тұсына» көзқарастар қайшыласқан майдан, көлгір имандылық сөзі төгілген ойын алабы болды бұл… Осы бедерде Солтүстік Аралды құтқару үшін Қазақстан қолға алып жатқан іс-әрекет – Жалутқа (Голиафқа) қарсы тұрған Дәуіт пайғамбар ерлігін еске салады.
Біз ғалами да, ғасырлар қасіре­ті­мен бір өзіміз бетпе-бет қалдық.
– Орталықтан елге ұзаған жазу­шы ретінде замандас-әріптесте­рі­ңіз­ге, жалпы, бүгінгі қазақ зиялыла­рына көзқарасыңыз қандай?
– Ел жақтан көзқарас дейміз бе: «зиялы» дегенде, астаналардағы жігіттер мен олардың әрекет-пайымдары бірден ойға оралады. Тарихымыздың талай тағдырлы сәттерінде олар атқарып жатқан тірліктер, айтқан-жазған сөздер, принципті тұғырлар – ұлыс, қоғам өмірі үшін аса мәнді де, құнды дер едім. Шығармашылығы да, қоғамдық-көпшілік ой-пайым­дары да, ел назарында, халық аузында жүретіні сонан.
Дегенмен, сонау Арал мысалы­нан қалған жоғарыдағы бір пікір әлі де көңілде. Бізде пайымды ой, парасатты тұғырлар баршылық. Тек солар көп нәрсені көре, сезе жүре, бір «старт берер жасыл раке­таны» күтіп жүретіндей көрінеді. (Бұл не: жалтақтық, қорқақтық, әлде, немкеттілік?..). Сосын ба­рып сөйлейді. Қазып сөйлейді. Ал көзге көрініп тұрған ізгі ниет, ділгір талап-талпыныстарды «дон­кихоттық, өлермендік» деп, іштей күлуден аса алмайды. Өзі бастап, бір жаңа, батыл идея айту қайда!.. Апыр-ай, ізгі ниет, ауызбірлікте қауымдаса қимылдауды өмір нормасы, тірлік әдетіне айнал­дырса ғой, мына біздің қоғам әл­пе­ті баяғыдан көп ізгілене түсер ме еді дейсің. Мына жұртшылық ойлы адамдарға даңғыл бойындағы бағдаршамдай сеніммен қараудан танған емес.
Біздің зиялы «қол»… Олар бү­гін де бас-басына бір-бір «Аме­рика» – талай «қаны сорғалаған» идеялар жолында үн қосып, бастары бірігуі аз, жоғарыдан нұсқау (қаражат көзі) ашыла қалғандай болса, жорға-жүрдек… Біздің ең ізгі бастамаларымыз сәнді сөз, есепті науқандар ас­тында жүдеп өле ме деп, осы эндемик аурудан жаман қорқам. Иман, рухтылық, ізгілік ниеттерін ақшаға байлаған, мансап пен пайда көкей тескен мына уақытта зиялы, саясаткер, кәсіпкер, жауап­ты тұлғалардан арлы, аза­мат­­тық ерліктер талап етіліп тұр­ғаны анық ақиқат.
Әлеуметтік белсенділік бақай есеппен сиыспайды.
Шындық пен «шынайылық» – екі түрлі әлпет болмаса екен.
– «Абыржы» романыңызда Арал тағ­дырымен параллель өтпелі кезең­дегі адам тағдырын сурет­тей­сіз. Бүгінгі күні «Абыржыдағы» кейіп­керлерлеріңіз­дің хал-ахуалы қандай?
– Қай тарих, қай кезеңде де адам, адам жанынан артық не зер­де кеніші бар! Дәуірлер «абыржы­сын­дағы» да – сол адам. «Өтпелі кезеңдегі адам тағдыры» дегенде талай томдарға жүк болар жайттар жатыр. Өкінішке қарай, бізде уақыт шындығы сол уақыттың соңында ғана, «қауіпсіз» қашық­тыққа ұзағасын барып мойындала бастайды. Әйгілі «Тынық Дон­дағы» Григорий Мелеховтың сергелдеңін сол, өз уақытында шо­шынбай, үрікпей қабылдаған кешегі оқырман қайда-а!.. Немесе Шыңғыстың «Жәмиләсі»… Бізге бүгін ажарсыздау шындықтан гөрі, тегістеу жағымды (науқандық) геройлар, жалт еткен жақсы ойлар керек. Керек!.. Мұндайда шындық байғұс мұңдана жүріп, бетін әрлеп жылтыратқан сахнадағы «сұлу­дың» жасанды кебін киюге мәжбүр көрінеді маған. Осыны енді қай реализмге жатқызарды білмей­мін…
Жабықтың сансыз шұрық те­сік­теріне ұқсай бастаған төріміз­дегі, қолымыздағы экрандардан жындылық, көргенсіздік, зұлым­дық­тың небір үлгілері саулап құйы­лып жатыр. Ай дейтін ажа, қой дейтін қожа жоқтай… Арзан күлкі, батыс-шығысқа талғамсыз еліктеп-солықтап, іш-ділімізді алдыра бастаған экшн, триллер­лер, авторлары өздері де түсінбей­тін түрлі «измдер» шалығы – бір жағы; заманауи тақырыпқа дендеп ену мақсатты, мерез-жарақаттарды аяусыз ашсам деген шыншыл дүниелердің қорғаншақ аздығы, болса да, оларды (сол «ащылы­ғына» бола, сірә) босаға жаққа ығыстыра беретін «құндақтаулы» саясат – мәселенің екінші жағы – діл-өрісіміздің тосындау ахуалы көзге ұрып-ақ тұр… Сол роман­дағы кейіпкерім айтпақшы, бұл кітаптың «өз ортасындағы тағды­ры талайлы» бола ма деп ойлай­мын. Ал менің бұл кітаптағы ұста­ны­мым: бүгінгі мәселелерге тұс­пал сөз, тарих хикаяттары ар­қы­лы жанаспай, төтеден тура жол тарту. Бұл тәуекелді тірлік екені рас, әрине… «Абыржының» Еуро­па мен әлем өрісінде жолы ашы­лады-ау деу де асылық ой болар… Көреміз!.. Бірер нәрсеге сенімді­мін: өткен тарихта саяси ойыншық болып келген Аралдың аймандай шындығын (тіпті, өзім де кейде білмей келген шындықтарды) аш­тым деп ойлаймын. Аралдың қатал да ғажап панорамасын салу үшін көп жылдар сол сор ұлтанды кештім. Бар қасиет, қасіретімен қазақ жері дүниеауи адамзат өрісінің бір құрамдас бөлігі екені, мұнда да асқақ арман, қайғы-мұң, қуаныш-күмәнінде әлеммен кіндіктес адамдар өмір сүріп жат­қа­нын жалтақсыз айттым. Расын­да да, «өз жұртың туралы шын­дықты Акутагаваша айта алсаң, сол дегдар шындықта ағайынның жаны тазарып, рухы биіктер еді-ау…» (романннан).
Роман кейіпкерлері бұл күн­дері біреуден ілгері, біреуден кейін дегендей, осы ел қатарлы өмір сүріп жатқан болар…
– Қаламгердің көпшілігі әдеби орта іздейді соның әсерінен үлкен қалаларға тұрақтап қалуға пейіл. Сіз 1990 жылдары Алматыны тас­тап елге кеттіңіз. Қазір бұл ісіңізге өкі­ніш жоқ па?
– «Центробежный процесс» деген үдеріс бізде біраздан бар. Мен білсем, заңды, қисынды құбылыс сияқты. Түбі, әркімнің өз өмір-тұғыры – өзіне мәнді… Ал енді, сабақты себебі болмаса, әріптестер бұған ренжи қоймас – мен астаналардағы «прописканы», кейде, Қожанасырдың біркиер кәделі шапаны деймін. «Провин­циал» ағайынға ол сондай мәнді… Ал, анығында, қала да, дала да бүгін бір иірімге түскен жайы бар. Әр сарбаз – өз міндет, өз майда­нында…
Себептердің үлкені – Арал мә­селесімен кеттім елге. Бірер жылда үлкен қалаға қайта оралам ғой деп едім, елдің тұзы татымды ма, жі­бер­меді. Бұл жылдар қасіретті теңіз сөзін сонау БҰҰ деңгейінен бастап, айдай әлемге паш ету кезеңі болды. Экологиялық апат өңірі тұрғындарының қамқорына арналған заң қабылдау жолында көп жұмыс істелді. 1989 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінің екі бір­дей номерінде көтереген «Кіші Арал» идеясы, көптеген сүркіл ізденістерден соң, халықтың табанды сұранысымен, САРАТС кешені түрінде, үкімет саясатына енді. Және ол 2005 жылы жүзеге асты да. Жартыкеш нұсқада… Осы күні сол САРАТС кешенінің шоқтықты тұсы – Солтүстік Арал теңізінің тағдыры шешілу үстінде.
Елдік мүдде, ұпыс ісі, ұлт намысы – сән сөзі емес, тәуекелді тірлік, зілдей бейнет десем, бұл бір жаңалық ашқандық болмас.
Ел-жер жолында біреуге анық, біреуге танық – біраз жұмыс атқарылды. Ал жеке тірлік, әсі­ресе, жазушылық талапта… көп мүмкіндіктер қолдан сусып, далаға кеткен сияқты. Әлгі, «өмірзая» деген бе осы?.. Жоқ! Әрине, көп уақыттар мен мүмкіндіктер кел­мес­ке кетті. Әйтсе де, кей ойсыз бағамдаудың көрсоқырлы­ғынан жоғарырақ, ел алғысы деген кие бар. Ел-жер жолындағы сүркіл тірліктер өтеуі Құдайдан қайтар деген бір үміт – Жаратушы құзіретінде.
Пенде ретінде кейде өкініш болады, әрине, ал қаламгер ре­тінде – жоқ.
– Түркістан апталығына берген сұхбатыңызда «Рухани өрістің ең­бек адамы (ол да осы қоғамның еңбеккері ғой!) әлеуметтік жағынан әлі де әлсіз дер едім», – деген екен­сіз. Әлеуметтік жағынан әлсіз адам қоғамға сөзін өткізе ала ма?
– Өткізе алады. Тұғыры бекем болса… Жүдеулікте жаны қи­на­лыс­та жүріп, В.Белинский өз сөзін Россияға ғана емес әлемге жет­кізді, ғасырлардан өткізді. До­с­тоевскийдің де шекесі шылқығаны шамалы, бірақ ол Достоевский бола алды ғой!.. Әрине, бәрі айтуға жақсы. Не күлтектейтіні бар, қа­лам­гердің, өнер адамының әлеуметтік жағдайы, қай-қай бір пенде үшін сияқты, аса мәнді мәселе. «Жортар аттың тоғы жақ­сы»…
Үлкен саясат бетін бері бұра бастады. Құдайшылығын айтайық: өнер, сөз өнері адамына бүгін рухани тынысты өріс ашылып жатыр, елеулі әлеуметтік қол­дау­лар жолға қойылып келеді. Асылы, арлы тұғыр үшін «маған не берд­і­ден?» гөрі, «мен не бердім?» мән­ді­рек дейміз ғой. Шын шығар­машы қандай жағдайда да жазбай, толғап жазбай шыдап отыра алмас. «Битке өкпелеп, тонды отқа тастау» – өкпешіл, әлсіз тірлігі.
Және айтар едім, сөз қасиетін, қаламгердің рухани дәрежесін, дегдар болмысын түсінетін, түсір­мей қадірлейтін салауатты орта мәнді. Шығармашы көңілін көгертіп, көркейтетін сол. Қазақта қай тарихта да пәсін жоғалтпаған керемет дәстүр еді осы. Бүгін енді, байлық пен барлыққа масайған кейбіреу сондай киемен ойнағысы келе ме, өзінің артықшылығын бұлдап, арзан бедел салыстырмақ бола ма… Жосықсыз ойыншыны ашулы ара қатты шағып алса, оған кім кінәлі болмақ?.. Айналып келгенде, мәселе тағы да адами мәдениетте-ау… «Әуре етеді ішіне қулық сақтап…» (Абай) – қапысыз фәни жеңіскерінің барар «пейіші», оның басқа еш опасы жоқ… Олар­ға қарап заманға, ортаңа тон пішу қажет емес.
– Сіздіңше жазушының жетіс­тігі уақытпен үндес шығарма жаз­уында ма, әлде ешқашан ескірмейтін шығарма жазуында ма?
– Өз уақытымен үндес шы­ғарма, егер ол шындықтан туған, автор махаббатынан өнген дүние болса (автор шеберлігі, көркемдік шешімі бәрі мәнді) – ешқашан ескірмейтін дүние. Ал өлмейтін шығарма әманда уақытпен үндес, оның тосабынан таза. Осыдан бір ғасырдан астам бұрын жазылған Майлиннің «Шұғасын…» осы күні көнерген дей аласыз ба?
Әрине, коньюнктура баққан, бақпашыл, ләппай дүниелер болады. Олар ең алдымен, уақыт­пен үндес – «күн тәртібіне» сөзі лайықты, сонан да өтімді-жалтты әсері бетбақтырмастай келеді. Бірақ ол дегенің ертең-ақ уақыт кірі баса беретін «біркүндіктер» ғой. Иә, өмірде «алуан-алуан жүйрік бар…». Жауһар-шедевр дегендерің әр қаламнан, әр күн сайын туа бермес болар. Өзіңді-өз­ің аяусыз қамшылап, сондай мехнаттан туған өз еңбегіңе, тер­геніңе, бергеніңе сенімді болсаң, түбі, опа берер сол деп ойлаймын. Өткір пышақ қын түбінде жат­пайды. Өлмес туындылардың та­бан тірер серпіліс тіректері солар болар.
– Қазақстаннның әр аймағында толған тарих, қатпарлы сыр бар. Ал­маты мен Астанадан жырақ Қызылорда да осындай киелі ме­кеннің бірі. Қазіргі қоғамның, жас ұрпақтың өлкетану тарихына деген ықыласы қандай?
– Бұл сөзімнің ғылыми өлшем­дегі шама-шарқын айта алмаймын, ал, әлем тарихтарының алтын өзектері саналатын «қосөзен» өркениеттерінің атасы да, анасы да – Ұлы Тұран, мынау қос дария – Әму мен Сыр сияқты көріне береді маған! Расында да, Тигр-Евфрат, Хуанхэ-Янцзы, тіпті, Ніл-дария бойындағы кереметтер осы жақтардан бастау алған, тамыр тартқан, «балаң» құбылыстар болса ше?.. Әттең, әсірепраг­матикалық нойыс саясаттар сол киелі «Атажұртты» қор етті, мо­ралдік те, физикалық та тұрғыдан оңдырмастай ойық жаралар салып кетті. Осыны терең ұғынып, жан­ды жүлгелерді қорықпай, шар­шамай-талмай ашып алар өреге әлі жете алмай жүрген сыңайлы­мыз. Бізге «гиперборей», «арий» ұғымдарынан шошынып, қуыс­танбау керек сияқты. Мен білсем, дүние Тарихын аударып тастардай керемет әлеует көзі жатыр мына далада. Біз астына таудай алтын бүккен биіктің басында отырған жұрт сияқтымыз. Соны «жүн етпей», ақыл мен намыс үдесінде ұқсата алсақ!..
Осы күні аңыздар қара жерге аяқ басып, төңірекке қонақтап жатыр. Бала шақтан дарияда қалқыған кілем үстінде сақалы желбіреп қобыз аңыратқан Қор­қыт – аңыз тұлғасы, енді, көрші ауылдың қариясы бейне­сінде; сағымды сары далада Желмаясын желдірткен Асанқайғы Қазақс­тан­ның жағрафик-саяхатшысы әлпетінде. Аңыздар мен романти­калар дем басқан уақыт. Бірақ осыдан киелілеріміздің биік рухы мен асыл қазынасы «жер басқан» жоқ. Асылдарды жанымызға жақын тұтайық, бірақ олардың қасиетті мұрасын аяқ асты, тап­таурын, қор дүние етіп алмасақ екен!
Жасыратыны жоқ, біз өзімізді сонау бір өткен батырлары мен бағыландары керемет, ал бүгіннен айтары аздау жұрт түрінде сезіне бастағандай едік. Кемшін көңіл – рухани құлдық психологиядан қанымызда қалған инерция-кесел еді. Сонан түбегейлі арылатын уақыт болды ғой. Әруақты жерлеріміз, зат байлығынан көп мәнді рухани байлығымыз көзге ұра атойлап тұр. Міне, қала демей, ауыл демей, жапандағы жалғыз үй демей, соларды қапысыз аша, тіршілік-тірліктерімізде арқа сүйей өрістететін мүмкіндіктер келді. Ат төбеліндей ғана Бөген деген ауылды айтайын. Сол, бір ауылдың төңірегінде «Ормамбет би өлген жер», «Алтын басқан құм», «Қан жиде» деген тылсым мағыналы орындар бар. Ендеше, байтақ даланың аңыздары мұнан да кеңге түсіп жатқан ұлы мұхит емес пе?!. Солар біздің өткеніміздің абырой-даңқы, бүгініміздің желеп-жебеушілері.
– Байтақ даланың аңыздарын тану бүгін қолға алынған Рухани жаңғыру үрдісімен астасып жатқан жоқ па… Еліміздің қазіргі даму қарқынын қалай бағалайсыз?
– Қазақстан – бүгін әлем таны­ған, дүние көзінде толымды­лық, көркемдік, бейбітшілік нышанына айнала бастағандай ел. Құр дабыра-дақпыртпен емес, то­л­а­ғай еңбек, сындарлы саясатпен қол жеткізілген жетістіктер ел басшылығының еңбегі.
Соңғы кезеңнің үш ұлық бас­та­масы ел көзінде – конституция­лық реформа, экономикалық серпін және рухани жаңғыру. Бәрі маңызды. Ал, қаламгер ретінде, осы кезеңдік құбылыстардың үшіншісі бізге кең өріс ашқан үдеріс дер едім. Ел мен жер туралы тереңнен толғап сөйлейтін қан­шама мүмкіндіктер ашылып тұр!
Ең алдымен, адам, адам бол­ғанда да, жастар жанының ескексіз қайықтай заман желдері қақпа­қылында кетіп бара жатқан халін келеге келтіру – аса ділгір міндет. Қазақ зиялылары алдында тұрған бір Толағай жұмыс осы. Мағжан­ның «Мен жастарға сенеміні!» аса көкейтесті: заман мен қоғамның табан тірері, ертеңі солар. «Сұм дүние тонап жатыр, ісің бар ма?» (Абай) – көптеген ассоциациялы астарларын айтпағанда, осы жастар жанының халі дер едім. Ата-баба мықтылығын айтып, аузымыздың суы құриды, ал ендігі ұрпаққа сол мықтылық мансұқ етілген бе еді?!.
Жекелеген адамдар мәдени­е-тінен қоғам салауаттылығы то-қылған.
«Рухани жаңғыру» – қаламгер ретінде біздің өрісімізді кеңге салған, тырбыныстарымызды елдік мұрат деңгейіне көтерген зор серпін. Нұсқалы әр бағытта жан берісіп жұмыс істеу қажеттігі айдан анық.
– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен
Назым ДҮТБАЕВА.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір