Бар әлем – қоңырау үн, бір ағын
Омар ХАЙЯМ
***
Жақсы менен жаманды саралай біл,
Жаудың көбін достарың тарамай біл.
Қолыңнан келгенінше бұл жалғанда,
Ертелі-кеш өзіңді бағалай біл.
***
Мен келгеннен дүниеге қані пайда?
Кетсем дүние кеңи ме, тарылмай ма?
Келу-кету себебін білмейтұғын,
Қай пенде бар, айтшы осы, қані пайда?
***
Тағдырдың тілін алман сен де, мен де,
Сырларын біліп алман сен де, мен де.
Сияқты перде тұтқан, өмір бүркеу,
Пердең не, тірі қалман сен де, мен де.
Аударған Тіней ОРАЗАЙДЫҢ
МҰРТАЗАСЫНЫҢ ФАЙЗОЛЛАСЫ.
***
Марина ЦВЕТАЕВА
Бәрі орнында.
Тамсанумен жүремін,
Алыстаудың кәусарына еш қанбай.
Сүйем сізді, солай өмір сүремін –
Қашықтықтың қатысы жоқ ешқандай.
Ұлы өнердің сізге құшақ ашты өрі,
Мойындаумен үнім де алғаш сүрінді.
Державиндей қылшылдаған жас пері
Не қылады менің асау жырымды!
– Қош бол енді, қорқынышты сапары –
Жас қыранмын, шырқа талмай көгіңде!
Күйдірумен шыққан ыстық атағы –
Күннен көзі қауіптірек дедің бе?
Соңыңыздан сусай қарап, үзіле,
Мендей кім бар –
ғұмыр бойы тосқандай.
Сүйем сені,
жан теңгермей ізіңе,
Уақыттың қатысы жоқ ешқандай.
Аударған
Гүлнәр САЛЫҚБАЕВА.
Әбу Әли Ибн СИНА
Ей, мейірім…
Ей, мейірім, сенен асқан кең бар ма екен ғаламда?!
Бақ іздеген жолаушымын. Жол көрсет бұл наданға.
Кімді көрдің менен байғұс – сезім жолын іздеген?!
Көзімде мұң, көңілде зар… Үміт қана санамда.
Сия сауыт айнымайды жұлдыз Зұхал* кейіптен,
Қиындықтың жеңдім бәрін, өмір бойы кейіткен.
Сан мыңдаған кісен шештім – азған қиял кісенін,
Жиғаным көп, қалар бірақ топырағым бейітте.
Қысқа ғұмыр жолдарында қызу еңбек етпей шын,
Құдайыңның құзырына армансыз боп жетпейсің.
Қандай істі ойласаң да бүгін жаса бауырым,
Ертең десең, өмір-бақи солай қалып кеткейсің!
Жалған өмір бақтарында жүрді армансыз бұл көңіл,
Қалағанын қылды, байғұс, көрді қызық мың небір.
Тек рахатпен күндей жарық қылып жүрді ішімді
Ең соңында ешнәрсеге жетпегенін түсінді…
*– Сатурн планетасын парсылар осылай атаған.
Аударған Садық ШЕРІМБЕК.
Вислава ШИМБОРСКАЯ
Күтпеген кездесу
Кездестік біз күндерден соң көптеген,
Сөйлесеміз дәл былайша еппенен:
Сүт ішеді ылғи біздің жолбарыс.
Қаршығамыз жаяу жүр ғой, сол намыс.
Акуламыз суға батты, тұншығып,
Қасқырымыз қамаусыз, ұйықтай берер ырсиып.
Біздің анау айдаһар моп-момын боп басылды,
Маймыл – селсоқ, тауыстың қауырсыны
шашылды.
Шашымыздан жарқанаттар ұшып
шығып жатты.
Осы тұста үнсіз қалдық, кілт үзілді
әңгіменің сапары.
Риясыз жымиыс жүректерді жалғайды.
Осы біздің адамдар сөйлесе де алмайды.
Аударған
Әбубәкір ҚАЙРАН.
Хусто Хорхе ПАДРОН
Қайда, қайда барамыз?
Естеліктердің, жадымызда сақтаудың
түкке тұрмайтынын түсіндік.
Себебі, бізді қоршаған барлық әлем өз мағынасын,
өз болмысын сақтап қала алмайды екен.
Себебі, өмір бізді сыртқа лақтырып тастайды.
Өмірдің өзі бізді өлтіреді.
Ұзақ уақыт кеудені сыздатқан жан жарасы –
махабаттың ғұмырының қаншалықты қысқа екенін үйретеді.
Сұлулықтың жап-жарық нәзік дірілі мен
аңғал армандар ғана әлемді біріктіріп тұра алады.
Біз бүкіл әлемнің жел мұңайып желпіген
қиыршық құмға айналатынын көрдік.
Біз – қорғауға да, жұбатуға да дәрменсіз үнсіздіктің –
жалғыздық екенін түсіндік.
Өлеңдегі үлкен сөздердің
бізге баспана бола алмайтынын
олар келмей жатып-ақ түсіндік.
Біз оның – көздерде аласұрған жан айқайы ғана екенін түсіндік.
Хоштасудың да мағынасы қалмады
Енді қайда барамыз?
Айтшы, қайда?
Аударған
Танакөз ТОЛҚЫНҚЫЗЫ.
КАТУЛЛ
Ғұмыр кешеміз, Лесбия, бір-бірімізге ынтығып,
Күншіл шалдар күндей берсін – құлаққа ілме күңкілін.
Күбірі үшін көк тиын да бермейді оған айт, – ешкім!
Буаз түннің толғағы кеп, жұлдыз тусын, қайта өшсін, –
Есіңде ұста: көкжиектен еңкейген соң кәрі іңір,
Ессіз түндер екеуміздің еркімізде бәрібір.
Мың бір сүйіс сыйламаған, тағы да мың, тағы жүз,
Шексіз-шексіз сүйісейік, таусылғанша әліміз.
Сүйші мені қалғанымша есебімнен жаңылып,
Біздің қанша сүйіскенімізді білгеннен соң, кетсінші
Қызғаншақтар қызғанышынан жарылып.
Уолт УИТМЕН
Құдайлар
Құдіретті Досым менің, қошым менің пәк көңіл,
Көрмесем де, бірақ бар деп құлай сеніп көп күткен, –
Болшы менің Құдайым.
Сен, сен, Кемел-Адам,
Әділ әрі ақылды,
Сырбаз әрі сүйікті,
Тәніңменен және шексіз рухыңменен, –
Болшы менің Құдайым.
О, Өлім! (Өмірімнен алар ақым жоқ енді),
Сен, аспандық салтанатты сарайларға апарар,
Болшы менің Құдайым.
Мен білетін, мен көретін, елестеткен құдіреттің барлығы,
(жаным, сендегі шектеуліктің үзу үшін шылбырын), –
Болшы менің Құдайым.
Барлық ұлы ойларменен халықтардың жігері,
Асқақ рухты істер мен ерліктердің барлығы, –
Менің Құдайларым болыңдаршы.
Және Кеңістік пен Уақыт,
Және Жердің құдіретті де ғажайып пішіні,
Және барлық әсем пішіндер, бас июге лайықты,
Және Күннің жарқыраған нұрлы шеңбері,
Және түннің қалтыраған жұлдыздары, –
Менің Құдайларым болыңдаршы.
Аударған Еламан ТӨЛЕУТАЙ.
Эмили ДИКИНСОН
Кешігетін болсаң ғасыр өткенше
Оралатын болсаң күзге туралап,
Лақтырар ем жазды мынау бірақ ап.
Күліп, тіліп жүрер едім, семья,
Әйеліндей жүрген шыбын қуалап.
Келер болсаң бір жалдан соң бұйырып,
Сен келгенше күнді кейін сиырып –
Суырмаға берер едім сүңгіте,
Айларыңды ұршықпенен иіріп.
Кешігетін болсаң ғасыр өткенше,
Ғасыр ғой тек…
Түк қиындық жоқ менше.
Саусағымды санап күнде бүгер ем,
Құрғыр өлім өлкесіне жеткенше.
Егер рас, шиырлап боп жер үстін,
Екеумізде өлер шақта кезіктің –
Мәңгі әлемге кетем онда, өмірді,
Лақтырам да қабығындай жемістің.
Бұл уақыт жайлы, сірә, не білем,
Қашан ғана бір боламын сенімен?!
Осы ой мені шағады улы жыланша,
Және еш белгі қалмайд шаққан жерінен!
Сезіндім бір жерлеу салтын мен
Сезіндім бір жерлеу салтын мен,
Адамдар мұңданған қалпымен –
Cабырсыз сабылған-сабылған,
Ал менің сезімім шағылған!
Отырған шағында бар адам,
Әлде не секілді барабан –
Үстімнен қағылған-қағылған,
Мен қалғам жырақтап жанымнан!
Естимін: көтеріп қорапты,
Кеудемді қақ жарып баратты,
Қайталай алынған қадамдар,
Ауаны жаңғыртқан адамдар!
Бар әлем-қоңырау үн, бір ағын,
Өлгемін, ашық тек құлағым.
Тек қана тыныштықпен бірге мен,
Тебермін жат жерге ірге мен.
Бәрін де жібердім ұшырып,
Барады төменге түсіріп…
Табытым бір түпке соғылды,
Онан соң, Өмірден босаттым қолымды!
Ағылшын тілінен аударған
Қалау
СӘЛЕМЕТБАЙҰЛЫ.
Гогольге осыншама бай тілін қай жерден алатыны туралы сауал қойғанда: «Түтіннен. Жазамын, сосын жазғандарымды өртеймін. Және қайтадан жазамын», – деген екен.
Я.ПАРАНДОВСКИЙ.
Саясатта бір ғана анық сөз, өткірлік әдетте бүкіл демосфендік тілге қатты әсер ететініндей, әдебиетте де кішігірім миниатюралар қалың романдарға қарағанда ұзағырақ өмір сүреді.
С.ЦВЕЙГ.