Абайлаңыз, алаяқтар қоңырау шалады!..
23.02.2023
224
0

Өзгенің мүлкін иеленудің түрлі тәсілін меңгерген интернет алаяқтар жыл сайын көбейіп келеді.
Биылғы қаңтар айында елімізде «Алаяқтық» бабы бойынша 3,6 мың құқық бұзушылық тіркеліп үлгерген. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен екі есе көп. Осы алаяқтықтың тең жартысына жуығын, яғни 45 пайызын интернет алаяқтар құрап отыр. 2023 жылдың алғашқы айында алаяқтар келтірген шығын 59,9 млрд теңгені құраған. Интернет алаяқтық соңғы 6 жылда 60 пайызға артқаны хабарланды. Олар интернет дүкендерден сауда жасау, өзгенің банк картасындағы ақшаға қол сұғу, интернет арқылы жалған тауар сату, өтірік бухгалтерлік есепшот жасау, т.б. сияқты түрлі амал-шарғы арқылы айлаларын іске асырып келеді.

Соңғы кезде есеп шотындағы ақшасынан айырылып қалғандар туралы жиі еститін болдық. Қарапайым тұрғындарға әлдебіреу белгілі бір банк атынан қоңырау шалып, «Сіз кредит алуға өтініш бердіңіз бе?» деп сұрайды. «Жоқ!» деген жауап алса, онда: «Сіздің атыңыздан несие рәсімдеуге өтініш түсті. Бұл алаяқтар болуы мүмкін. Сондықтан біз сақтық шараларын істеуіміз керек. Сізге арнайы SMS хат келеді. Соны айтып беріңіз», – деп сеніміне кіріп, банк картасының түрлі деректерін сұрап, ішіндегі ақшаны үптеп үлгереді. Былайша айтқанда, алаяқтардан сақтандыруды алға тартып, алаяқтың өзі хабарласады. Осыған ұқсас мысалдар өте көп. Сіздің ақшаңызды шетелде тұрып та, үптеп алу оңай. Хакерлер мен интернетті жақсы меңгергендер үшін ол оңай шаруа болып қалды.
Мамандар мен банк иелері интернет алаяқтардан сақтанудың бірнеше жолын ұсынып отыр.
Бірінші. Егер сізге кімде-кім банк атынан қоңырау шалса, оған банктің карта нөмірін, аты-жөніңізді, құпия сөз бен цифрды ешқашан айтпаңыз.
Екінші. Хабарласқан адамға «Мен банкпен сөйлесіп көрейін» деңіз. Сонда олар тұтқаны қоя салады.
Үшінші. Оларға мүмкіндігінше қазақша сөйлеңіз. Мұндай алаяқтардың дені орыстілді шетелдік азаматтар болуы мүмкін. Олар қазақша білмейді. Егер сіз қазақша сөйлесеңіз, қайтадан қоңырау шалып мазаламайды.
Сондай-ақ, алда-жалда банк картаңызды жоғалтып алсаңыз, телефон қосымшасы арқылы дереу бұғаттағаныңыз дұрыс. Өзгенің банк картасын пайдаланудың түрлі жолы бар. Осы қағидаларды сақтасаңыз, алаяқтар сізге зиян келтіре алмайды.

Айнаш ӘЛДИБЕК

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір