Шығармашылығы шыңдалған ақын
ТҮРКСОЙ аясында М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты мен Қазақ Ұлттық аграрлық университет жанындағы «О.Сүлейменов атындағы Әлеуметтік-гуманитарлық білім беру және тәрбие институты» бірлесе отырып, қазақтың көрнекті ақыны, Шыңжаңдағы қазақ әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі Ақыт Үлімжіұлының туғанына 150 жыл толуына орай «Рухани жаңғыру және Ақыт Үлімжіұлының шығармашылық мұрасы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді.
Конференцияға Қазақстанның Халық жазушысы, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қабдеш Жұмаділов, Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма төрағасының орынбасары, ф.ғ.д., профессор Бауыржан Жақып, Қазақ Ұлттық аграрлық университеті жанындағы «О.Сүлейменов атындағы Әлеуметтік-гуманитарлық білім беру және тәрбие институты» «Рухани жаңғыру» гуманитарлық зерттеулер орталығының директоры, т.ғ.д., профессор Ханкелді Әбжанов, ф.ғ.д., профессор Айгүл Ісмақова, ф.ғ.д., профессор Бақытжан Әзібаева, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, ф.ғ.к., Анарбай Бұлдыбай, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ қазақ әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы, ақын Дәулеткерей Кәпұлы т.б., қатысты.
М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, ҚР ҰҒА академигі Уәлихан Қалижан кіріспе сөзінде: «Ақыт Үлімжіұлы Қытайдағы қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі, көрнекті ақын, ағартушы. XIX ғасыр аяғы мен XX ғасыр басында Қытайдың Шыңжаң өңірінде өмір сүрген Ақыт Үлімжіұлы көптеген жылдар бойы өзінің тарихи Отаны – Қазақстанға онша таныла қоймаған тұлға. Еліміз егемендік алғаннан кейін шетелдердегі отандастарымыз арасынан шыққан көрнекті тұлғалардың есімдері елімізге белгілі бола бастады. Солардың арасында Ақыт Үлімжіұлының шығармалары жан-жақты зерделенуде. Ақыт қажының шығармашылық болмысын ең алдымен оның Абаймен рухани сабақтастығынан іздейміз», – деп, ақынның өмірі мен шығармашылығына тоқталып өтті.
Жазушы Қабдеш Жұмаділов: «Ақыт ақын туралы ертеден, бала кезден естігенбіз. Кейінгі кезде оның шығармаларына тереңдей үңіліп, зерттеп жатырмын. Менің қызмет бабым да солай болды. Жазушылар одағында қазір неше түрлі кеңестер ашылған. Проза, поэзия, драматургия, аударма кеңестері. Соның бірі – шетелдегі қазақ әдебиеті кеңесі. «Жасы үлкені сен ғой» деп мені соған төраға сайлап қойған. Сонымен, шетелдегі қазақ әдебиеті біздің қызметіміздің күн тәртібінде бар. Қытайдың Алтай, Тарбағатай, Іле аймақтарындағы қазақтың сол жақтағы әдебиетінің негізін салған үш алып классик бар. Үш ұлы қаламгер бар. Соның біреуі – Ақыт қажы, екіншісі – Таңжарық, үшіншісі – Қажығұмар Шабданұлы. Осы үш қаламгердің мүшелтойларын атап өту, насихаттау біздің кеңеске жүктелген міндеттердің бірі. Биыл Ақыттың туғанына 150 жыл толып отыр. Жазушылар одағында осыған байланысты үлкен бір жиналыс өтпек. Ақыттың таңдамалы жинағын шығару ойымызда бар», – деді.
Ақын Бауыржан Жақып: «Бүгінгі өтіп жатқан шара ерекше шара. Шын мәнінде, Ақыт қажы Үлімжіұлының есімін әлі де Қазақстандағы жалпы қауымға насихаттап, жеткізе алмай келеміз. Шығармашылығының зерттелуін, насихатталу жағын қарайтын болсақ, негізінен Монғолияда, Шыңжаңда, Түркияда шыққан, зерттелген кітаптары бар. Осы уақытқа шейін қазақ жерінде ол кісінің өзінің шығармалары тиісті деңгейде әлі жарық көрмей жатыр. Бұл бізге үлкен сын. Қазір, міне, ТҮРКСОЙ қосылып, бірге өткізіп жатқандығы Ақыт шығармашылығының құндылығын, сонымен бірге, оның сырттағы қазақтардың ішіндегі ең ұлы тұлғалардың бірі болғандығын дәлелдейді», – деп, ақынның шығармашылық, тұлғалық болмысына тоқталды.
Конференция барысында ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының Бас хатшысы Дүйсен Қасейіновтің арнайы құттықтау хаты оқылды.
Сондай-ақ, т.ғ.д., профессор Ханкелді Әбжанов Ақыт Үлімжіұлының ақындығының бүгінгі күнмен тарихи сабақтастығын сөз етсе, профессор Айгүл Ісмақова алаш ақынының шығармашылығына жан-жақты тоқталды. Ал М.О.Әуезов атындағы Театр және кино бөлімінің меңгерушісі Аманкелді Мұқан Ақыт Үлімжіұлы шығармашылығы негізінде жазылған «Шолақ қол келіншек» пьесасының тағылымдық мәнін айтса, философия ғылымының докторы Бақытжан Сатершинов Ақыт өлеңдеріндегі діни мәселелер төңірегінде сөз өрбітті. Белгілі аудармашы Уақап Қыдырханұлы да Ақыт шығармаларына тоқталып, ақынның Абаймен байланысын сөз етті.
Сонымен қатар, конференция барысында Ақыт қажы шығармашылығына байланысты еліміздегі және шетелдегі басқа да бірқатар ғалымдар баяндамалар және бейнебаяндамалар жасады.