Ораза айт құтты, берекелі болсын!
15.06.2018
1246
0

 

 

Серікбай қажы ОРАЗ,
Қазақстан Мұсылмандары Діни
басқармасының төрағасы, Бас мүфти

Қадірменді қауым!
Баршаңызды мұсылман үмбеті­нің ұлық мейрамы – Ораза айтпен шын жүректен құттықтаймын. Қаси­етті жұма күнімен қатар келген айт мейрамы құтты, берекелі болғай!
Біздің халқымыз рамазан айын ежелден ерекше қастерлеп: «Он екі айдың сұлтаны», – деп қадірлеген. Ал мереке күндері ағайын-жұрт бір-біріне «айт қабыл болсын» айтып, жылы лебіздері мен ізгі тілектерін ар­наған. Ағайын-туысқа айттап бару, балалар мен қадірлі қонақтарға айттық беру – сан ғасырдан бері жалғасып келе жатқан игі дәстүр.
Ораза айт – қонақжайлылық пен мейірбандықтың, достық пен тату­лық­тың мерекесі. Ізеттілік пен ізгі­лік­ке, бірлік пен игілікке үндейтін бұл мейрам елімізде тұратын түрлі ұлттар мен ұлыстарды да ынтымаққа ұйыстыра түседі.
«Айт» – «мерекелеу», «хал сұ­ра­су», «бір-бірін қуанту», «қуанышқа кенелу» деген сөз. Демек, бұл күн­де­рі отбасын, ағайын-туыс, көр­ші­лер мен көмекке мұқтаж жандарды қуанышқа бөлеп, алғысын алудың сауабы үлкен. Жабыққан жанның көңілін жадыратып, шаңырақты шат-шадыман күйге бөлеп, сыйлық үлестіру де – мерекенің сәнін кел­тіре түсетін ізгі амалдың бірі.
Ұлық мейрамында толық жуы­нып, жұпар иіс сеуіп, жамағатпен айт намазына қатысудың сауабы ерек­ше. Айт намазына барудан бұрын құр­ма­дан дәм тату – пайғамбарымыз Мұ­хам­медтің (оған Алланың са­лауаты мен сәлемі болсын) сүннет амалы.
Ораза айт – бір ай бойы төзім­ді­лік танытып, ауыз бекіткен, ықылас­пен қайырымдылық жасаған пен­денің құрмет пен марапатқа, қуа­ныш пен сауапқа кенелетін сәт.
Алла Тағала: «Мен парыз еткен ора­заны пенделерiм өтеп, ақысын алуға (айт намазын өтеуге) мешiтке бет алды. Олар Мен үшiн ораза ұс­та­ды, Менiң пәрменiммен ауыз аш­ты, ендi қуанышқа кенелсiн…», – деген.
Құрметті бауырлар!
Мұсылман қауымның осынау шуақты мейрамында әрбір шаңы­рақ­қа баянды бақыт, Алланың аман­ды­ғы мен берекетін тілеймін.
Қасиетті рамазан айында ұстаған ора­замыз, жасаған әрбір қайырлы амалдарымыз, дұға-тілектеріміз қа­был болсын!
Еліміз аман, жұртымыз тыныш, Алланың сыйы – Тәуелсіздігіміз баянды болғай! Әмин!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір