Балалар әлемі: кітаптан өмірлік мұратқа
15.06.2018
5799
0

Биылғы жылдың 7-8 маусымында Астана қаласында Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі, Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасы мен Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының ұйымдастыруымен «Балалар әлемі: кітаптан өмірлік мұратқа» атты Елорданың 20 жылдығына орайластырылған Халықаралық балалар жазушыларының форумы өтті.


Астанаға Алматыдан 8 адам бардық: жазу­шы, филология ғылымының докторы, Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының Балалар әдебиеті секциясының жетекшісі Нұрдәулет Ақыш, ақын, балалар жазушысы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Байбота Қошым-Ноғай, балалар жазушысы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Нұржан Мұратәлі, жазушы, ақын, Халықара­лық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Қа­зақстан Жазушылар одағы Басқармасының хатшысы Ғалым Қалибекұлы, әдебиеттанушы, Абай атындағы ҚазҰПУ-нің Филология және көптілді білім беру институты директорының орынбасары Жаңагүл Сәметова, ақын, «Дарабоз» және «Алтын тобылғы» әдеби сый­лықтарының лауреаты, «Айқын» газеті Бас редакторының орынбасары Серікбол Хасан, жас ақын, «Ақ желкен» журналы Бас ре­дак­торының орынбасары Асылан Тілеген және мен. «Оқу әлеміндегі оқырман ұлт» атты Ха­лықаралық Симпозиумінің қатысушылары жастар арасында кітап оқу мен насихаттау мақсатында 2018 жылды еліміздегі «Балалар және жасөспірімдер әдебиеті жылы» деп жариялауды ұсынған-ды. «Балалар әлемі: кі­тап­тан өмірлік мұратқа» атты Халықа­ралық форумының негізгі мұраты – қазақ жә­не әлем балалар әдебиетінің көкейкесті мәселелерін талқылау, балаларды кітап оқуға ынталандыру, отбасылық оқуды насихаттауға бағытталған ұлттық бағдарламаларды әзірлеу, қазіргі балалар әдебиетіне ден қоя отыра, әлемдік оқу үдерісіне ілесу, халықаралық әдеби, мәдени байланысты күшейтіп, ақ­п­а­раттық әрі шығармашылық кеңістікті кеңейту.
«Думан» қонақүйінің «Қызыл залында» өткен шараның модераторлары: әдебиет­тану­шы, филология ғылымының докторы
Н.Ақыш, М.В.Ломоносов атындағы ММУ Қазақстандағы филиалының профессоры, Қазақстан халқы Ассамблеясы Ғылыми-сараптамалық кеңесінің мүшесі Н.Шаймер­денова, ҚР Мәдениет және спорт министр­лігінің әкімшілік департаменті Баспа ісі басқармасының басшысы Н.Тоғызбаев пен ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы басшысы­ның міндетін атқарушы, «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы Н.Жолды­балинов. Форум шымылдығын Қазақ­стан Респу­б­ликасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Бақытбек Смағұл ашты да: «Мемлекет бас­шысы «Еліңнің ұлы болсаң, еліңе жаның ашы­са, бойыңда азаматтық намысың болса, қа­зақтың жалғыз ұлттық мемлекетінің көр­кейіп, нығаю жолында жан теріңді сығып жүріп қызмет ет. Елдің де, жердің де иесі өзің екенің­ді ұмытпа», – дейді. Балалар жазушысы – болашақ ұрпақтың ұстазы. Балалар әдебиеті – ұрпақ тәрбиесінің талбесігі, тағылым, тәлім ордасы!..» – десе, балалар жазушы Толымбек Әбдірайым: «Кітапханада балаларға арналған кітап көп болса, жақсы болар еді. Біріншіден, ол баланың көркем, қазақтың шұрайлы тілін білуіне, үйренуіне мүмкіндік береді. Екін­шіден, мәнді-мағыналы баланың рухын көтеретін, тәрбие мен тағылым беретін, ой­ландыратын, жүрегіне сәуле құятын шығар­малар көбейсе деп тілейміз», – деп ойын түйіндеді. Ал ақын Ғалым Қалибекұлы Қазақ­стан Жазушылар одағы Басқармасының төрағасы Ұлықбек Есдәулеттің құттықтау ха­тын оқып берді. Жиынның ең кішкентай қонағы, «Балапан» телеарна­сының жүргізу­шісі, Қазақстан Респу­бли­ка­сы Ұлттық Академиялық кітапхана­сы­ның жас оқырманы Ақылбек Медеу осы шараға қатысқанына қуанышты екенін айтты. Еркін форматта өткізілген атал­мыш шарада «Бүгінгі қазақ балалар әдебиеті шығармаларын басып шы­ғару мәселесі» (алқалы жиын), «Детс­кая литература в современном мире: автор, переводчик, читатель» (дөң­ге­лек үстел), «Жыраулық, жыршылық өнер – бабадан қалған асыл мұра» (жыр­шы, манасшы, балалар жазу­шы­сы Баянғали Әлімжановтің авторлық кеші), балаларға арналған сайттарды құру (шеберлік сыныбы), Дария Джумагельдинованың шығар­ма­шы­лығына арналған авторлық әдеби кеш, «Жазушы құпиялары, ертегіні бір­­ге жазамыз» атты балалар жазу­шысы, педагог-журналист, Владислав Крапивин атындағы Халықаралық әдеби сыйлықтың лауреаты, «Сог­ласование времен» атты Халық­ара­лық әдеби байқауының лауреаты, Ре­сей Жазушылар одағының мүшесі, фи­лология ғылымдарының кан­ди­да­ты Ирина Краевамен (Мәскеу қа­ла­сы, Ресей) интерактивті кездесу өтті. Және Астанаға арнайы ат басын бұр­ған Ұлыбританияның зерт­теушісі Джил Браун «Балалардың қауіп­сіз­дігін қамтамасыз ету» атты ше­берлік сағатын өткізді. Ол бүгін­дері бала­ларға зорлық-зомбылық жасаудың және оның алдын алу үрдісі Әлемде өзекті мәселеге айналғанын Ұлыб­ри­танияда қалай жүріп жатқандығы жөнінде баяндап берді. Дж.Браун – 16 жасынан бастап балаларды қор­ғауға ден қойып жүрген психолог-ға­лым. «Мұндай дүниеге Біз үлкен жауап­кершілікпен қарауымыз қажет. Себе­бі, бүгінгі бүлдіршін – жарқын бо­ла­шақ кепілі», – дейді, ол. Форумда секция 2 бағыт бойынша жұмыс іс­те­ді. Біріншісі, «Балалар әдебиеті қа­зіргі әлемде: ав­тор, аудар­машы, оқыр­ман», ал, екін­шісі, «Жазу­шы. Бас­па. Кітапхана: өзара ic-қимыл мен ынты­мақтастық ба­сым­дықта­ры» тақырып­тарына арналды.
«Балалар әлемі: кітаптан өмірлік мұ­ратқа» атты Халықаралық фору­мына Беларусия Жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары Елена Стельмах (Минск қаласы), жазу­шы, «Қырғызстанның жаңа әде­биеті» электронды кітапханасының Бас редакторы Олег Бондаренко (Біш­кек қаласы), Вена Уни­верситеті­нің аудармашысы Эрик Хавранек (Австрия), Астана қаласы Орталық­танды­ры­лған кітапханалар жүйесінің Балалармен жұмыс жасау жөніндегі директорының орынбасары Гүл­мира Айдарбекқызы, ақын, жазу­шы Жанат Елшібек, Қазақстан Жазу­шылар одағының мүшесі, ақын Бақытжан Тобаяқов, жазушы Толымбек Әбдіра­йым, ақын, жазушы, жыршы, ма­насшы, драматург, балалар жазу­шысы Баянғали Әлімжанов, «Детс­кий сайт Оранжевый верблюд» жоба­сының жетекшісі Лев Бондарев (РФ, Сим­фе­ро­поль), жазушы, баспагер, фило­со­фия ғылымдарының докторы, педаго­ги­ка ғылымының канди­да­ты Рай­хан Мәженқызы, «Фолиант» бас­пасының директоры Нұрлан Иса­беков, филология ғылымы­ның кан­дидаты, Еуразия гуманитарлық инс­титутының доценті Джемма Бо­лат­қызы, «Балалар әдебиеті» бас­па­сының директоры Шайзада Мұха­мед­жанқызы, жазушы, Қазақстан Жазу­­­шылар одағы мен Еуразия Жазу­шылар одағының мүшесі Жәди Шәкен­ұлы, Н.Байғанин атындағы Ақтөбе об­лыстық балалар кітапхана­сының ди­ректоры Сұлушаш Максим­қызы, Х.Есенжанов атындағы Батыс Қазақстан облыстық балалар және жасөс­пірімдер кітапханасының ди­рек­торы Зүбайра Бейсенқызы, ақын, публицист Нұрлан Қалқа, ақын, Қазақстан жазушылар ода­ғының Астана қалалық филиалы­ның төра­ғасы Бауыржан Қарағызұлы және т.б. бүгінгі балалар әдебиетінің бағыт-бағдары, беталысы, дамуы жөніндегі ойларын ортаға салып, түрлі сипат­тағы баяндамалар жасады. Енді, сол баяндамалардан үзінді беруді жөн көрдік.


Нұрдәулет АҚЫШ

Тәуелсіздік жылдарындағы балалар әдебиетінің көркемдік деңгейі

Еліміз тәуеліздік алғаннан кейін де қазақ балалар әдебиеті тоқырап, дағдарып қалды деуге болмайды. Көркемдік талаптардың жекелеген параметрлері бойынша ілгерілеу нышандары сезіледі. Солай бола тұр­ғаны­мен, ауыз толтырып айтар­лық­тай тұщымды шығармалардың ұсы­нылуы сирек. Балалар әдебиетін дамыту бағытында қолға алынған ша­ра­лардың бірі – республикалық «Дарабоз» бәйгесі. Бәйге алған проза­лық шығармалардың алдыңғы қатарында аталуға лайықтысы – Тұр­дақын Жексенбайдың «Бала бүркіт» хикаясы. Автор өзінің шығарма­шы­лық сапарының көркемдік кредосы болып табылатын басты тақырыбы адам мен табиғат арақатынасын тағы бір қырынан алып, одан әрмен індете түскен. Бұлардың ішінде поэзиялық кітаптардан атап өтуге лайықтылары – Оразақын Асқардың «Ақша туралы ақиқат», Сұлтан Қалиевтың «Біз шады­ман баламыз», Өтепберген Ақып­бекұлының «Мен таңдайтын мамандық», «Әр кәсіптің өз нәсібі бар», Арасанбай Естеновтың «Біздің батыр бабалар», Бағдат Айтмұқае­ваның «Біз бақытты баламыз» тәрізді кітаптары. С.Қалиевтың «Біз шады­ман баламыз» өлеңдер жинағы ересек ақынымыздың өз бабында екендігін байқатты. Кітапта замана ағымына ілесу үрдісі айқын. «Аруна» баспасы шығарған Әлібек Файзуллаевтың «Мінез-құлық әліппесі» атты суретті кітапшасы. Оқырманды адами жақсы қасиеттерге баулуды мақсат еткен, ең кіші жастағы оқырмандарға арналған кітапшада адамның мінез-құлқын­дағы әрбір жақсы қасиетке бір-бір әңгіме арналыпты. Сөз жоқ, фор­ма­сы жақсы табылған. Жас оқырман­ға керегі оқиға болса, Т.Әбдірайым­ның әр әңгімесі сюжетті, қызықты штрих­тармен оны қоюлатып отыруды да ұмытпайды. Қанша бәйге жария­ланып жатқанымен, бүгінгі таңдағы балалар әдебиетін көркейте алатын, төрт аяғы тең жорға, маңдайы жар­қы­­рап тұрған туындылар қатары бәрі­бір аз. Ал бәйге алды деген туын­дылар­дың кейбіреулері әдебиетке қойыла­тын басты шарттарға толы­ғымен жауап бере алмайды. Ерекше алаң­дата­тын жағдай – бүгінгі балалар әдебиетін жасаушылардың жас құра­мының қартайып бара жатқан­ды­ғы. Авторларымыздың орта жасы алпыс­ты алқымдап қалғандар екен. Бұл –осында отырған қай-қайсы­мызды да қатты ойландыра­тын дағдарысты жағдай. Әдебиеттің осы саласының белді өкілдері М.Әлімбай, Т.Жек­сенбай, Қ.Баянбаев, Е.Елубаев,
С.Қалиев және басқалары жастары мейлінше ұлғайғандар қатарында. Бір сөзбен айтқанда, қазіргі балалар әдебиетінде жас кадрларымыздың жетекші рөлге ие болғанды былай қойып, дұрыстап көріне алмай отырғандығы. Бұл олқылықты қалай түзеп, қалайша толықтыруға болады, Одақтың балалар әдебиеті кеңесі мүшелерінің, басқа да жанашыр жандардың бас қатыратын үлкен шаруасының бірі – осы.


Байбота ҚОШЫМ-НОҒАЙ

БАЛА БӘРІН ДЕ
БІЛГІСІ КЕЛЕДІ…

Балалар әдебиеті – әдебиеттің өзгеше бір құнды саласы. Қазақ бала­лар әдебиетінің бастауы да тереңнен нәр алады. Ауыз әдебиетінің тұнық тұма­сынан шөл қандырған кім-кім де бала күнінде жаттап өскен тақпақ­тар­ды, санамақтарды, мазақтамаларды, жұмбақтар мен жаңылтпаштарды есей­ген егде шағында да еске алып оты­рады. Тіпті, балалы-шағалы, не­ме­релі-шөберелі болған тұстарында есте қалған шағын жанрдағы шы­ғармалардың аяқ астынан кәдеге жа­рап жататыны болады. Өйткені, ба­ла тәрбиесіне бейтарап қарай ал­майтын ата-аналардың бәрі де пер­зентінің тілі шыға бастағаннан-ақ қай­тадан «тіл үйреніп», баламен бала болуына тура келеді. Шүкір, қазақ ба­лалар әдебиеті де әлем әдебиетінің алдыңғы сапынан орын алатын көр­кем­дік деңгейі жоғары, жанрлық әралуандығымен көзге түсетін, тәлімдік, танымдық маңызы зор дү­ниелерімен мақтана алады. Ауыз әде­биетінің қыруар қазынасын еске ал­масақ, бір жарым ғасырлық тарихы бар қазақ балалар әдебиетінің Спан­дияр Көбеев, Сапарғали Бегалин, Өте­бай Тұрманжанов, Мағзұм Тие­сов, Бәдел Тұрсынбаев, Сейтжан Ома­ров, Мұзафар Әлімбай, Бердібек Соқ­пақбаев, Сансызбай Сарғасқаев, Маш­қар Гумеров, Мүбәрак Жа­ман­балинов, Мәдіхат Төрежанов, Бүркіт Ысқақов, Әдібай Табылды, Жақан Смақов, Әнуарбек Дүйсенбиев, Тілеген Шопашев, Қабдікәрім Ыды­рысов, Танаш Дәуренбеков, Нұрсұл­тан Әлімқұлов, Жәнібек Кәрбозин, Оспанхан Әубәкіров, Мұхтар Құр­манәлин, Құрманбай Толыбай, Саид Баязитов, Нәсіреддин Сералиев, Қабыш Жәркенов, Қадыр Мырза-Әлі, Тұманбай Молдағалиев, Қастек Баян­бай, Оразақын Асқар, Мұхамед­жан Етекбаев, Тұрдыбек Алшынбаев, Ермек Өтетілеуов, Адырбек Со­пы­беков, Қайрат Жұмағалиев, Абд­рахман Асылбеков, Нұрхан Жа­наев, Совет Әлімқұлов, Сұлтан Қалиев, Ескен Елубай, Есентай Ерботин, Жеңіс Қашқынов, Таупық Рымжанов, Тұрдақын Жексенбай, Әлдихан Қал­дыбаев, Роза Әбілқадырова, Әб­діраш­тың Жарасқаны, Ғалым Оралбаев, Бердалы Рысбеков, Молдахмет Қаназ, Несіпбек Айтов, Әбді Шынбатыров, Өтепберген Ақып­бекұлы, Асқаржан Сәрсек, Шә­кен Күмісбайұлы, Пернебек Дүйсенбин, Әлсейіт Ақпанбетұлы, Тынымбай Нұрмағамбетов, Қар­жаубай Омарұлы, Сайлаубай Жұба­тырұлы, Марат Қабанбай, Балтабай Әділ, Нұрдәулет Ақыш, Нұржан Мұратәлі, Сейітқұл Оспанов, Бей­себай Кірісбайұлы, Бақыт Досымов секілді авторлары балалар әдебиетіне хал-қадірінше өлшеусіз үлес қосты. Қазір Серікбай Оспанов, Тілеуғазы Бейсембек, Оразбай Байбақ, Ертай Ашықбаев, Болат Үсенбаев, Қанат Қайым, Арасанбай Естенов, Нұрғали Қадырбаев, Бейсенбай Сүлейменов, Әлібек Файзуллаұлы, Толымбек Әбдірайым, Жолтай Әлмашұлы, Ділдар Мамырбаева, Әбубәкір Қайран, Сәбит Дүйсенбиев, Райхан Мәженқызы, Гүлбаршын Әзімбаева, Бауыржан Ғұбайдуллин тәрізді ақын-жазушылар белсенділік көрсетіп келеді. Бұл тізім Қалмаханбет Мұха­метқали, Серік Үсенұлы, Гүлзат Шой­бекова, Алмат Исаділ, Қуат Ахетов, Ернұр Сейдахмет, Мұрат Байділдаұлы, Марат Құлибайұлы, Бағдат Мәжитов, Есей Жеңісұлы, Серікбол Хасан, Әдина Жүсіп, Нұрлан Құмар, Еділбек Дүйсенов т.б. жас ақын-жазушылармен толықты. Бірақ біздің тоқмейілсуге хақымыз жоқ. Өйткені, біздің әдебиетіміздің озық туындылары өзге тілдерде сөйлейтін әлем халықтарының балалары түгіл, қазақ оқырмандары­ның өзіне жеткілікті таралыммен жетпей жатыр. Оның себептері өте көп. Сондықтан ертеңгі күнге үміт арта қарауымызға тура келеді.


Ғалым ҚАЛИБЕКҰЛЫ

БАЛАЛАР ӘДЕБИЕТІ – БАРША ӘДЕБИЕТТІҢ БАСПАЛДАҒЫ

Балалар әдебиетінің қайнар көзі фольклордан бастау алатыны дәлел­деу­ді қажет етпейтін ақиқат. Фольк­лор­дың негізгі жанрларының бірі де бірегейі ол – ертегі. Біз айтпасақ та біз­ге дейін ертегі жанрына «халық про­засының дамыған, көркемделген түрі» деп анықтама берілген. Қазақ ер­те­гілеріндегі «Ер Төстік», «Керқұла атты Кендебай», « Алтын сақа», «Таз­шаның қырық өтірігі», «Қаңбақ шал», «Аю, қасқыр, түлкі, бөдене» се­кілді мыңдаған ертегілер ұлы жазу­шымыз Мұхтар Әуезовтің пайы­мы­мен «Қиял-ғажайып ертегілері, хайуа­наттар туралы ертегілер, шын­шыл ертегілер» деген тармақтарға жіктеліп, халқымызбен бірге жасап ке­леді. Сол ертегілердегі алты айлық жер­ді алты күнде аттайтын тұлпар, ұша­тын кілем, мыстан кемпір, жез­тырнақ, жалғыз көзді дию, саққұлақ, желаяқ, таусоғар қатарлы ұмы­тыл­мас жанды-жансыз кейіпкерлер біздің балаң санамыздан өшпестей орын алғанын айтпасқа болмас. Әне сондықтан жағымды кейіпкерлердің жақсы қасиеттерін балалардың бойы­на сіңіріп, ұнамсыз кейіп­кер­лерінің жасаған зұлымдығынан аулақ болуға үйрететін «ауызекі оқулықтың» ор­нын тек ертегі айырбастайды. Кіші­пейіл­ділік, қайырымдылық, адам­гер­шілік, адалдық, батылдық, батырлық қа­тарлы әртүрлі қасиеттер газет, кі­тап, радио-телевидение жоқ заман­дарда балалардың бойына осы «ауы­зе­кі оқулық» арқылы дарыған. Ата-әженің құлақ құрышын қанды­ратын, жантебірентерлік ертегілері мектеп жасына дейінгі балаларды тәрбие­леуде ұстаздар мен тәрбие­шілердің орнын басып келді. Бала­ларға әуелі бай тілімізді үйретті, бала қиялын дамытты, баланың ынтасын, арман-мұратын оятты. Тұтас бір ертегіні тыңдап, түнде тәтті ұйқыға кеткен бала тәңертең бірден есейіп кеткен­дей, өзін шаңырақтың иесін­дей, елдің панасындай, жердің жан­қияр қорғаушысындай күй кешетін. Біздің бала күніміз дәл осындай еді. Ертегі туралы әңгімені қысқартып, мектеп табалдырығын аттаған бала­лардың тәрбиесіне бір сәт тоқталып көрелік. Қазақ балалар әдебиетінің атасы Ыбырай Алтынсарин десек, ол ғұ­ламадан кейін де, бүгін де балалар әдебиетіне қалам тартпаған қаламгер кем де кем. Бәрі де бұл жанрды оңай да жеңіл деп санайды. Түптеп кел­генде, уақыт оза бұл саладан көбі өз беттерімен шеттеп кетеді. Көтерер жүктің салмағы ауыр екенін біртіндеп түсінеді. Ал енді балаларды баулу жа­ғы мынадай: мектепте, мысал үшін, бір сыныптағы отыз баланың тең жар­тысының қанында жоқ қасиетін біле тұра өлең, жаңылтпаш жаттата­ды. Қазақ балаларының қосалқы оқу құралдары өлеңмен жазылады. «Бір дегенім – білеу, екі дегенім – егеу, үш дегенім – үскі…» деп қырық жылғы тап­таурын тақпақты тықпалаймыз. Балалар ақыны жоқ емес, жыртылып айырылады, сол ақындардың өлең-жырларының тым құрыса бір шумағы бала­ның есінде қалмайды, санасына сіңбейді, неге?! Қорыта келгенде, ай­тар ойым мынадай: тіл шұбарлығы балалар көркем әдебиетіне залалын тигізсе, ауылды, қазақы өмірді біл­мейтін, асфальтта өскен қаламгерлер легі өсіп келеді. Әрине, мұнан тек ауыл туралы жазылсын деген ұғым тумайды, керісінше ұрпақ тәр­бие­лейтіндей туынды күткендіктен күйін­генде айтылған ой. Сондықтан, жазу­шыларымыздың өзі қазақ ерте­гісін әу бастан оқыса екен, жоғарыда айтқанымыздай халық прозасының дамыған, көркемделген нұсқасына зер салса екен дегім келеді. Ертегі­лер­ден үлгі алып, жаңаша үлгіде, жаңа кейіп­керлерді өмірге әкелсе, бала­лардың нені қалайтынын, оларға қан­дай әдебиеттің қызық болатынын аз­ да болса зерттесе деген тілектен ту­ған дүние, біздікі. Ендеше, қабыл­дау жағын қаламгерлердің өз еншісіне қалдырдық. Тақырыпқа орай бала­лар әдебиетін барша әдебиетке баспал­дақ, тұғыр болатындығын шамалап болса да жеткіздік. Балалар әдебие­тінің арқауы үзілмесін, бала­ларымыз аман болсын!


Жаңагүл САМЕТОВА

ЖОҒАРЫ ОҚУ ОРЫНДАРЫНДА «БАЛАЛАР ӘДЕБИЕТІ» ПӘНІН ОҚЫТУ МӘСЕЛЕЛЕРІ

Қазіргі таңда балалар әдебиетіне қа­лам тербеп жүрген ақын-жазу­шы­лар кемде-кем. Иә, бірлі-жарым жазу­­­шылар балаларға арнап шығарма жазып та жүр. Бірақ олардың жазған дүниесі қазіргі замандағы балалардың дүниетанымымен үйлеспейтіні жа­сы­рын емес. Сондықтан балалары­мыз орыс тіліндегі кітаптарды оқып, бөгде тілдегі мультфильмдерді көруге мәж­бүр деген пікірлерді көп естіп жатамыз. Ал оның себебі неде? Бұл орайда бірден мұғалімді немесе ақын-жазушыны кінәлай жө­нел­мей, мәселені басынан қара­ғаны­мыз дұрыс-ау. Бұлақтың басында тұр­ған, болашақ педагогтерді, мектеп мұ­ғалімдерін даярлайтын педа­гоги­калық жоғары оқу орындары. ЖОО-да арнайы «Балалар әдебиеті» пәні оқы­тылады. Ол пән 5В01010 – Мек­теп­ке дейінгі оқыту және тәрбиелеу. 5В010200 – Бастауыш білім берудің педагогикасы мен әдістемесі маман­дықтарында және 5В011700-қазақ тілі мен әдебиеті, 5В012100-қазақ ті­лінде оқытпайтын мектептердегі қазақ тілі мен әдебиеті, 5В020500-фи­лология мамандықтарында, яғни ЖОО-ның 5 мамандығына оқытыла­ды. Өте жақсы, бұл мамандық­тар­ға бұл пән бірінші кезекте керек. Бірақ, пәнді оқыту бағдарламасына кел­генде мәселенің шеті ашылады: бірін­шіден, бұл пән Қазақстан Болон Дек­ларациясына 2010 жылы қол қой­ғаннан кейін, элективті, яғни таңдау пәндер қатарына түсіп қалды. Белгілі бір пән таңдау пәндер қатарына түсу үшін оған альтернатив пән болуы қажет. Ал «Балалар әдебиеті» пәнінің альтернативі бар ма? Екіншіден, пән элективті пәндер қатарына түскеннен кейін, оған міндетті типтік бағдар­ла­ма жасалмайды. Қазіргі ЖОО-да оқы­тылып жатқан «Балалар әдебиеті» 2003 жылы Күлтай Әбілқасымова құ­рас­тырған (Балалар әдебиеті пәні­нің типтік бағдарламасы. Типтік бағ­дарлама. (Жоғары кәсіптік білім), Ал­­маты, 2003, 16-36-б.) типтік бағ­дар­­ламамен оқытылып жатыр. Оның маз­мұны, әрине, ескірген. Үшін­ші­ден, бұл тақырыптағы шығармалар қазіргі мектеп бағдарламасында бар ма, жоқ па деген мәселе, тағы бар. Яғни ЖОО мен мектеп оқулықтары автор­лары­ның арасында сабақтас­тықтың жоқ­ты­ғы. Біз теорияны оқығанда Балалар әде­биетінде опти­мизм басым. Сары уайым, қайғы, шер атымен кездес­пей­ді. Бала біздің болашағымыз, өмі­рі­міздің жалғасы болғандықтан, олар егеменді ел құ­рылысына қажырлы күш жұм­сайды. Балалар әдебиетіндегі басты қа­сиеттердің бірі оларды осын­дай ер жүрек, өз Отанының пат­риоты болуға жетелейтін, өнеге беретін ба­тыр, адал адамдардың образын жасау дегенді оқыдық. Ал практикада нені көріп отырмыз… М.Әуезовтің «Көк­се­рек» повесін бала сүйіп оқитын шы­ғар, ал бірақ «Жетім» әңгімесін 4-сыныптың оқушысына оқыту қан­шалықты орынды? Төртіншіден, ба­лалар әдебиеті деген ол – қазақ әде­биеті деген сөз. Дегенмен, бағдар­ла­маға қарап отырсаңыздар «қазіргі қазақ әдебиеті» (Қазіргі «Қазақ әде­биеті» пәніндегі ахуал да дәл осын­дай), «қазіргі балалар әдебиеті» деген тақырып жоқ. Біз әлі күнге соғыс кезінде өткен балалық шақ туралы жазылған «Жусан иісі» се­кілді шы­ғармаларды оқимыз. Де­мек біздің әдеби санамыз 60-70 жыл­дарда қалып қойған. Біздің ба­ла­ла­рымыздың ой-қиялы, фантазиясы, өздеріңіз білесіздер, смартфоннан да алдыға дамып кеткен. Осыдан кейін қазіргі балалар кітап оқымайтындығын кімнен көреміз? Бесіншіден, жоға­ры­да атап өткеніміздей, «Балалар әде­бие­ті» пәні 5 мамандықта бес түрлі оқы­тылуы керек. 5В01010 – Мектеп­ке дейінгі оқыту және тәрбиелеу, 5В010200 – Бастауыш білім берудің пе­дагогикасы мен әдістемесі маман­дық­тарында бұл пәнді әдебиет сала­сының ғалым-педагогтары емес, осы саланың мамандары жүргізеді. Оны айтпағанның өзінде әдебиетшілер жүргізетін «5В011700 – қазақ тілі мен әдебиеті», «5В012100 – қазақ тілінде оқытпайтын мектептердегі қазақ тілі мен әдебиеті», «5В020500 – филоло­гия» мамандықтарында «Балалар әде­бие­ті» пәні бір оқу бағдарламасы­мен оқытылып жүргендігіне куәміз. Ал қазақ мектебі мен қазақ тілінде оқыт­пайтын мектептердегі әдебиет пәнінің мазмұны бір емес қой. Ал «филология» мамандығына ғылыми бағытта оқыту керектігі, тағы бар. Балалар әдебиетімен шұғылдану бар­лық жазушының қолынан келе бер­мейді. Бұл – әрі қиын, әрі жауап­ты міндет. Балалар әдебиетімен шұғыл­данған жазушының өмірлік тәжіри­бесі мол, балалар арасында көбірек қызмет еткен, балалардың психо­ло­гиясын жақсы білетін, педагогика ғы­лымынан мәліметі бар ірі талант бо­луы тиіс дейміз. Ал оны оқытатын ма­мандарға талап аз. Сондықтан да бізге дайындап берген өнімді (ақын-жазушылар шығармаларын) тұтыну­шыға (балаларға) дұрыс жеткізу тікелей біздің, яғни ЖОО-ның, бо­лашақ педагогтардың міндеті екенін ұмыт­пайық.


«БАЛАЛАР ӘЛЕМІ:
КІТАПТАН ӨМІРЛІК МҰРАТҚА» АТТЫ
Астана қаласының 20 жылдығына арналған Халықаралық балалар жазушылары форумының

ҚАРАРЫ
1. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында қойылған негізгі талаптарға сәйкес бүлдір­шіндерге арналған шығармаларға басымдық беру;
2. Балалар әдебиетінің шығармаларын бұқара арасына кеңінен тарату үшін оларды насихаттауды заманауи талаптарға сай жаңа форматтарды ұтымдылықпен кеңінен қолданысқа енгізу;
3. Балаларға арналған барлық шығармаларға қойылатын талаптардың ішінара төмендеу тенденциясы байқалғандықтан, олардың көркемдік-эстетикалық сапасына жете көңіл бөлу;
4. Өнімді де нәтижелі жұмыстар жасауы үшін балалар жазушыларына әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлар туғыза білу, қаламақы саясатын дұрыстау;
5. Балалар кітаптарын таратудың ұтымды тетіктерін одан әрі жетілдіріп, барлық мүмкіндіктерді пайдалана білу;
6. Балалар мен жеткіншіктерге, әсіресе кіші жастағы балаларға арналған кітаптардың мазмұны мен сапасына қойылатын талаптарды түсіріп алмау, керісінше жақсарта түсу жолдарын қарастыру;
7. Қазақ балалар әдебиетінің таңдаулы өнімдерін басқа тілдерге аударып, алыс және таяу шетелдерге насихаттауды қолға алу. Осы бағыттағы әдеби байланыстарды ұлғайта беру;
8. Балалар жазушылары мен баспалардың арасындағы қарым-қатынасты нығайту үшін Жазушылар одағына ұсыныс білдіру;
9. ҚР Ұлттық академиялық кітапхана базасында проза жанрындағы қазақстандық балалар кітаптарын ағылшын және неміс тіліне аударудан байқау өткізу. Соның жалғасы ретінде жеңімпаз аудармашылармен шеберлік сыныбын өткізу;
10. Халықаралық балалар жазушылары форумын екі жылда бір рет өткізуді ұсыну;


Әзірлеген Әлібек БАЙБОЛ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір